• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Пікір 14 Ақпан, 2022

«Қайырымды мемлекетте» өмір сүруге лайықты

292 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономи­калық проблемалар су бетіне шықты. Бүгінде еліміздің беталысы енді бұрынғыдай болмайтынын, мемлекетіміз үлкен өзгерістерді бастан кешіп жатқанын түсініп отырмыз. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі трансформацияны жүзеге асырудағы рөлі мен оның бастамаларын сараптай кетсем деймін.

Жалпы, кез келген саяси оқи­ғаның қозғаушы күші болатыны белгілі. Бүгінгі еліміздегі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші халық. Халықты дүр сілкінт­кен мәселе – тұрмыстың төмен­дігі, қымбатшылық, сот жүйе­сін­дегі әділетсіздік, баспананың жоқ­тығы, оқу орындарындағы былық, білімсіздік және бұдан бө­лек көптеген түйіндер. Нақ­ты­дай айтқанда, бұлардың барлы­ғы тұрғындардың болашаққа деген үмітін жоятын басты факторлар. Бұл туралы 8 ақпанда Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев баса айтты. «Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күн­көріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көр­сеткіш. Қазіргі уақытта менің тап­сырмам бойынша Халықтың табы­сын арттыруға арналған бағ­дар­лама әзірленіп жатыр», деді ол.

Президенттің бұл сөзіне қосы­ла отырып, елімізде табысы өте төмен азаматтардың саны әлдеқайда көп екенін айтқым келеді. Ресми статистикаға енбей қалған, табыс көзі қажетті деңгейден де төмен, отбасын асырау үшін барын салғанымен, бала-шағасын толыққанды асы­рауға мүмкіндігі жоқ жандар өте көп. Мен ауылдан, қара­па­йым халықтың арасынан шық­қан депутат ретінде ауыл тұр­ғын­дарының жағдайын, халін, тұрмыс-тіршілігін, жанайқайын өте жақсы білемін. Ауылдардағы инфра­құрылымның, жұмыстың жоқ­тығы, бар жұмыстағы жалақы­ның аздығы, балалардың дамуы үшін жағдайдың тиісінше жасалмауы, қара жұмыс істейтін азамат­тары­мыздың жұмыс беруші­лер тарапынан әділетсіздік көруі, өз құқықтарын қорғай алмауы, құқықтарының аяққа таптал­уы біздің қоғамымызда жиі кез­десе­ді. Бұған тіпті етіміз үйрен­гені соншалық, мән бермейтін дең­гейге жеткеніміз жасырын емес.

Әлеуметтік проблемалардың өршуі бұл қарапайым халық­тың ғана емес, бүкіл мемлекет­тің тағ­ды­рына әсер етеді. Неге? Мұны түсіну үшін америкалық психо­лог, әлеуметтанушы Абра­хам Маслоудың әйгілі «пирамида­сын» еске алу жеткілікті. Адам­ның қоғамда сапалы өмір сүруі үшін бес қажеттілігі қажет. Оның бі­рін­­шісі тұлғаның фи­зио­ло­гиялық қа­­жет­тілігі болса, ең кемелі, ең шыңы – жеке қажет­тіліктерін өтеу бо­лып саналады. Бұл пирамиданың өлшемдеріне салсақ, қазіргі таңда біз әлі де фи­зиологиялық қажет­ті­лік өтел­меген қоғамда өмір сүріп жат­­қандай әсерде боламыз. Біз білім­ді, саналы, өркениетті елдер қа­тарына әу бастан-ақ мақсат қо­йып, бірақ халықтың әлеуметтік «күй­зеліске» ұшырағанын аңғар­­мауы­мыз – орны толмас қателік­тер­дің бірі деп есептеймін. Сол себеп­ті Президенттің бірінші кезек­­те халықтың жағдайын көтеру­ге деген ұмтылысы әбден орын­­ды деп санаймын. Осы орайда мем­ле­кет басшысының инфляция­ны ауыз­дықтау мәселесін екінші мін­­дет ретінде атағаны да саналы қадам­­д­ардың бірі. Оның «инфля­ция ме­желі деңгейден асып кетті. Бұл көр­сеткіш 8,4 пайыз бол­ды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиға­лары қалыпты өмірімізді түбе­гей­лі өзгертті», деп мәлімдеуі осы жайт­тарға деген көзқарасын айқындайды.

«Біз осындай қиын жағдай­да ел бірлігінің арқасында мем­ле­кеті­міз­дің қауіпсіздігін, тіпті де тұ­тас­тығын сақтап қалдық. Қазір Үкіметтің басты міндеті – халық­тың әл-ауқатын арттыру, азамат­тар­дың табысындағы ал­шақ­тық­ты азайту және еңбек етуге қолай­лы жұмыс орындарын ашу. Бәрі­міз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз», деді Мем­лекет басшысы.

Халықтың тұрмыс жағдайын арттыру ісінде газбен қамту проблемасы өзекті. Қазақстан әлем­дегі мұнай мен газға бай 15 е­лдің қатарына кіретінін білеміз. Десе де, Қарағанды, Балқаш­тағы, тіпті елордамыздың маңындағы елді мекендерге газ тарту мәселесін әлі де түбегейлі шеше алмай отырмыз. Алматы облысында да әлі күнге де­йін газ тартылмаған өңірлер бар. Биыл көптеген өңірлерде кө­мір бағасының қымбаттауы үл­кен проблемаға айналғанын көріп отыр­­­мыз. Шалғай жерлерде кө­мір­­дің бір тоннасы 26 мың тең­ге­ден са­тылғанына куәміз. Мұ­ның бар­лығы халықтың жүйкесіне тиіп кетті.

Біз тез арада еліміздің әр тұр­ғы­ны үшін өмір сүруге қолай­лы «Жаңа Қазақстан» құруға атсалысуымыз қажет. Ол үшін әлбетте биліктің іс-әрекеті дұрыс болуға тиіс. Әл-Фараби бабамыз айтқан «Қайырымды қала» тұрғындары бақытқа жету жолында бірге әрекет етуі керек деп санаймын.

 

Әлия ӘБСЕМЕТОВА,

Мәжіліс депутаты