• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Ақпан, 2022

Көк түтіннен көз ашпай отырмыз

335 рет
көрсетілді

Жиырма күннен бері Өскемен шаһары көк түтіннен көрінбей тұр. Жыл басынан бері 25 рет қолайсыз метео жағдай тіркеліп үлгерген. Былтыр жыл көлемінде 42 ҚМЖ фактісі жарияланған екен. Салыстыра беріңіз. Желсіз күндері өндіріс ошақтары қуатты азайтудың орнына одан сайын үдете түсетіндей. Мұржалардан шыққан будақ түтінге тұншыққан тұрғындардың басы ауырып, тамағы қызарып жүр. Дәрігерге қаралғанымен, диагнозы жоқ.

Зауыттардан зиянды шы­ғарындылардың ауада тұта­сып тұрғанына байланысты қо­лайсыз метеорологиялық жағ­дайдың жарияланып ке­ле жатқанына жарты айдан асты. Тұрғындар да нара­зылық білдіріп отыр. Алай­да шарасыз. Экология депар­таменті бастығының мәлі­ме­тінше, Өскемендегі ауа­ға шы­ғарылатын шығарын­ды­лардың жалпы көлемі 164 369 тоннаны құрайды. Оның ішінде өндіріс ошақтарының, көліктерді, жеке сектордың, кәсіпкерлік нысандардың шығарындылары бар.

Өскемендегі өзекті мәсе­леге қатысты арнайы брифинг өткізген облыстық экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев тұрғындардың шағымы орынды екенін сөз етті.

– Ауаның ластығын айтып, тұрғындар жиі шағымдана­ды. Бірақ дәрігерлер бастың ­ауруына экологиялық жағдай кінәлі деп нақты диагноз қой­мады. Біздің ойымызша, Өс­ке­мендегі газ тұрғындар­­дың денсаулығына кері әсе­рін тигізіп жатқанын ашық айтып, науқастар тізіміне енгізу керек. Газдан тамағы ауырып барғандарға «тұмау» деп жалпылама диагноз қояды. Осы мәселені, яғни қаладағы лас ауа райынан тұрғындардың сырқаттануын аурулар тізімі­не енгізуді біз денсаулық сақ­тау басқармасына ұсындық, – дейді облыстың бас экологі Данияр Әлиев.

Департамент бастығы­ның айтуынша, тұрғындар қолайсыз метео жағдай жа­рияланған күндері денсау­лықтары нашарласа, ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) мен байланыс нөмірлерін көр­сетіп, облыстық экология де­партаментіне хабарласуына ­болады. Департамент маманда­ры тұрғындардың шағымын ресми түрде облыс­тық денсаулық сақтау бас­қармасына жібереді. Алайда бұл қадамдар экологиялық жағдайды жақсарта ма? Нәти­жесі – уақыт еншісінде. Ең дұрысы, алпауыт кәсіпорын – «Қазцинк» ЖШС-да 1950 жылдардан бері жұмыс істеп тұрған ескі күкірт қышқылы цехын жаңалау керек шығар. «Қазцинк» ЖШС-ның бас экологі Қазтай Тәкеевтің айтуынша, ескірген цехты ауыс­тыру жоспарда бар.

– Кәсіпорын «Жасыл Қа­­зақ­стан» бағдарламасы аясын­­да 2025 жылға дейін эмис­сия­ларды 20 пайызға дейін азайтуды көздеп отыр. Біз­дің компанияда төрт күкірт қыш­қылы құрылғысы бар. Оның үшеуі – Өскеменде, бі­реуі – Риддерде. Олардың әрқай­сысына қосымша таза­лау құрылғысын қоямыз. Ал­ды­мен елуінші жылдардан бері жұмыс істеп тұрған ескі күкірт қышқылы цехының құ­рылғысын ауыстырамыз, – деді Қ.Тәкеев.

Қолайсыз метео жағдайға өндіріс ошақтары ғана емес, жылу электр орталықтары­нан шығатын түтіннің де әсері орасан. Өскемен жылу электр орталығының бас экологі Марина Стрельцова зиянды шығарындыларды азайту үшін бірқатар жоспар жа­салған көрінеді. Айтар бол­­­сақ, жаңа қазандық салып, жаңа технологияларды қол­дануды көздеп отыр. Ав­томат­тан­дырылған монито­ринг жү­йесін енгізу үшін Фин­лян­дия мен Германиядан та­зар­ту құрылғыларын сатып алып орнатқанымен, біздің жақ­тың көмірін көтере алмайтын көрінеді. Неге дегенде, Еуро­па елдерінде қазандықтар кө­бінесе газға негізделген екен.

Сонымен қатар эколо­гия­­­­ның нашарлығына Санита­­рия­лық-эпидемиология­­лық ба­­қылау департаменті ­бас­­­шы­­лығы да алаңдаушылық білді­ріп отыр. Өскеменде қо­лай­сыз метео жағдай орын ал­ған күндері «Ұлттық сарап­та­ма орталығы» филиалының са­нитарлық-гигиена­лық зертха­насы облыстық экология департаментінің зертханасымен бірлесіп, селитебті аймақта атмосфералық сы­на­маларды іріктеу жүр­гізуде. Ат­мосфералық ауадан сына­ма көміртегі окси­діне, күкіртсутекке, күкірт диоксидіне, аммиакқа, азот диоксидіне, шаңға, су­тегі хлоридіне алынды. Нәти­жесінде, көрсетілген ластау­шы заттардың ең жоғары бір рет­тік концентрациясы­нан асып кетуі көміртегі оксиді, күкіртсутегі, сутегі хло­ридінен анықталды. Бұл мәліметтер облыстық эко­логия департаментіне жібе­ріліп, бір мақсатта жұмыс жүр­гізу басталды.

– Қолайсыз метео жағдай болғанда атмосфераның бет­кі қабатында ластаушы заттар жиналады. Оның адам денсаулығына теріс әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Осыған байланысты, Санитариялық-эпидемиялогиялық депар­та­менті мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мә­селен, далаға көп шықпаған абзал. Терезелердің жабық тұрғаны жөн. Минералды су көбірек ішіп, ас содасының шамалы ерітіндісімен ауыз қуысын жиі шайыңыздар, – дейді Санитариялық-эпиде­миалогиялық департаменті­нің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанова.

Сондай-ақ дұрыс тамақ­тануға да көңіл бөлу керектігі баса айтылды. Балалардың тамақтану рационында сүт, сүт өнімдерін, ет тұтынуды көбейтуге ұсыныс жасалды. Уытты заттарды шығару және ағзаны тазарту үшін таган-сорбент, индигель, тагангель қолдануға болады.

Дейтұрғанмен, қоғам бел­сенділері экологияны ластап отырған өндіріс ошақтары өске­мендіктерге өтемақы тө­­леуі керек деп есептейді. Се­бебі дәрі-дәрмек қымбат. Дә­рі­герге қаралудың өзі қия­мет-қайым. Ал ауаның лас­ты­ғынан ауруға шалдығып жат­қан тұрғындар аз емес.

– Қыстың күні ауа сапасы орта есеппен 40 пайызға тө­мендейді. Өндіріс ошақта­ры оны да ескеруі керек. «Қаз­цинк» ЖШС қосымша газ тазалаушы қондырғылар орнатуы тиіс. Ал жылу электр стансасы қосымша қазандық қою­ды жоспарлап отырған көріне­ді. Өйтсе шығарындылар­дың көлемі тағы ұлғаяды. Жал­пы, ЖЭС бойынша мәселе көп, – дейді тәуелсіз эколог Дәулет Асанов.

Қалай десек те, будақ-бу­дақ жөңкілген көк түтіннің мәселесі мұнымен шешіле қал­майды. Мемлекет тарапынан на­зар аударылғанда ғана оң нә­тиже болатын шығар. Дәрі­герлер де өз тараптарынан тұр­ғындардың денсаулығына шы­найы ден қойып, аурудың эко­логияға бар-жоғын ашып айтып отыруы керек.

 

ӨСКЕМЕН