Еліміздегі бір жұтым ауасы лас облыстардың қатарында Атырау да бар. Мәселен, Energyprom.kz мониторингтік агенттігінің мәліметіне қарағанда, мұнайлы өңір төртінші орында тұр. Бұл өңірде қоршаған ортаға 11,5 млрд теңге инвестиция салынған.
Алайда облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің мәліметінше, атмосфералық ауаны ластаушылар қатарында мұнай өңдеу зауыты мен мұнай өндіруші кәсіпорындар бар. Сондай-ақ «Сасықсай», «Квадрат» булану алаңдары мен қатты тұрмыстық қалдықтар алаңы қоршаған ортаны ластаушылар қатарына кірген.
– Былтыр жоспардан тыс 52 тексеру жүргізілді. Экология заңнамасының талаптарын бұзған 177 дерек анықталды. Қоршаған ортаға келтірілген залалдың көлемі 1 млрд 15 млн 750 мың теңгені құрап отыр. Сот шешімімен «SAT Trans Service» ЖШС-ның қалдықтарды басқару кешенінің жұмысы тоқтатылды. «Bazis Constructtion» ЖШС-ның суды уақытша деминерализациялау қондырғысын, «KSS» ЖШС-да қондырғыларды пайдалануына тыйым салынды. Сот шешімдері заңды күшіне енді, – деп мәлім етті Әлібек Бекмұхаметов.
Былтыр 23 желтоқсанда зауыттың нормативтік-тазартылған сарқынды су арнасына мұнай қалдықтары төгілгені анықталды. Кәсіпорынның баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқыс оқиға өнеркәсіптік ағындарға суды ағызу шығынының ұлғаюынан болған. Осыған байланысты оқиға салдарын жою үшін қажетті техника мен адам ресурсы жұмылды. «Сасықсай» аталып кеткен булану алаңына қалдықтың төгілуінің алдын алу үшін бөгегіш құрылғылар орнатылды. Сөйтіп бөгегіш құрылғылар арқылы мұнай қалдықтарының булану алаңына қарай ағыны тоқтатылды.
Ал жақында қала тұрғындары мұнай өңдеу зауытында газ алауының жанып тұрғанына алаңдаушылық білдірді. Осыған орай Атырау мұнай өңдеу зауытының эко-омбудсмені Салтанат Рахимова түсінік берді. Оның айтуынша, газ алауының көмегімен мұнайды өңдеу процесі кезінде бірге шығатын ілеспе газ жағылады. Газды бақыланатын түрде жағу кенеттен орын алған қысымның тұрақсыздануы кезінде технологиялық жабдықтар мен құбырлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Алау – қауіпсіздік, сондай-ақ зиянды заттардың атмосфераға тікелей шығырылуына жол бермеу құралы. Егер алаудың жануы тоқтаса, ауаға тікелей шығарылатын зиянды газдың құрамы бірнеше есе жоғары болады.
– Биылғы қаңтарда мұнай өңдеу зауыттың төрт технологиялық қондырғысында диагностикалау және тексеру жүргізілді. Сондай-ақ катализаторлар ауыстырылды. Жөндеуден кейін қондырғыларды іске қосу басталды. Қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосқан кезде құрылғының қысымын түсірмеу үшін артық технологиялық газ факелге жіберіледі. Сондықтан, алау пайда болады. Ағымдағы жөндеу жұмыстары уақытында аяқталды. Барлық қондырғылар белгіленген режімде жұмыс істеп тұр. Экологиялық омбудсмен ретінде зауыттың технологтеріне «Онда неге алау әлі жанып тұр?» деген сұрақ қойдым. Бас технолог Әділет Шошанбасовтың айтуынша, гидрогенизациялау процесіне арналған құрамында сутегі бар газдың артық мөлшері бар. Бұл уақытша факелге жіберіледі. Құрамында 92 пайыз сутегі бар газдың жану процесінде су буы пайда болады. Технологиялық қондырғылар бірден бұрынғы жүктемеге ауыса алмайды. Қондырғылар бұрынғы жүктемеге ауысқаннан кейін құрамында сутегі бар газдың артық мөлшері өндірістік мақсат үшін гидрогнизациялау процесіне жіберіледі, – деп пікір білдірді Салтанат Рахимова.
Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының бірінші орынбасары-бас инженер Рахымжан Жанғабыловтың айтуынша, 2003-2018 жылдары үш кезеңдік жаңғырту жобасы жүргізілді. Соның нәтижесінде К4, К5 экологиялық стандарттына сәйкес келетін жанар-жағармай отынын өндіру басталды. Қазір зауыттың мұнай өңдеу қуатын жылына 5,5 млн тоннаға дейін ұлғайту, сондай-ақ Қазақстанда қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімдерінің шикізаты үшін бензол мен параксилол өндірісі жолға қойылды.
– Бензол мен параксилол өнімдерін шығару отандық мұнай-химия өнеркәсібін дамытып, ұлттық экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді. Зауытты жаңғырту кезінде орнатылған озық технологиялар экологияға теріс әсерді төмендетуге бағытталып отыр. Мәселен, түйіршіктелген күкірт алу үшін отын газы мен күкіртті сутектен сұйытылған көмірсутекті газдың амин абсорберлері қолданылады. Сұйытылған көмірсутекті газды демеркаптанизациялау, бензиннің құрамынан бензол бөлініп алынады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұсынысымен жүргізілген аудит нәтижелерінде барлық қолданбалы технологияның «Еуропалық үздік қолжетімді технологиялар нұсқаулығына» сәйкестігі расталды, – дейді Рахымжан Жанғабылов.
Қазір зауытта TAZALYQ жобасы іске асырылып жатыр. Кәсіпорынның құрылысты ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары Қанат Сағызбаевтың мәліметіне қарағанда, механикалық тазарту құрылыстарын қайта құрудың бірінші кезеңі 62%-ға орындалған. Ал техникалық басқарма басшысының орынбасары Наиль Хакимовтің айтуынша, 2031 жылға дейін энергия мен ресурстарды үнемдеу және атмосфералық ауаға шығарындыларды азайту жоспарланып отыр. Осыған байланысты өңір экологиясын жақсарту үшін 60-қа жуық түрлі жоба мен іс-шара іске асырылады.
Дегенмен, «қара алтынды» өңір тұрғындары бір жұтым ауаның жұпар болғанын қалайды. Бірақ қоршаған орта, терең тыныстар ауа қашан жақсарары белгісіз.
Атырау облысы