Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің биылғы 8 ақпанда болған кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде: «Қазіргі таңда елімізде 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Қазіргі уақытта менің тапсырмам бойынша Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр», деді. Бұл ретте Үкімет ең төменгі жалақы еліміздің ауыл шаруашылығы саласында екенін ескеріп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру мәселесін жан-жақты қарастырса, құба-құп.
Өйткені ауылдағы мардымсыз жалақыны місе тұтпаған жастар қалаларға үдере көшіп, базар жағалап, кездейсоқ табыспен күнелтіп, бір бөлігі жат діни ағымдардың арбауына түсіп адасып жүргені белгілі. Олардың біразы «Қасіретті қаңтарда» арам пиғылдылардың азғыруына еріп қылмыстық әрекеттерге бой ұрып, арандап қалғаны да анық.
Үкімет тарапынан жете ойластырылмаған жедел урбандалу үдерісі жақсылыққа жетелемейтінін өмір шындығы айқын көрсетіп отыр. Ұлтымыздың алтын бесігі – ауылды сақтап, өркендету ұлан-байтақ жерімізді жат көздің сұғынан қорғау һәм ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін де қажет.
Осы орайда ойланарлық мәселелердің бірі – ауыл тұрғындарының жер үлестерін пайдалану құқығы.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы жаппай жекешелендіру кезінде мемлекет бұрынғы кеңшарлар мен ұжымшарларда талай жыл маңдай терін төгіп, адал еңбек еткен ауылдағылардың қамын ойлап, оларға белгілі мөлшерде жер үлестерін пайдалану құқығын 49 жылға бергені мәлім. Олар осы мүмкіндікті пайдаланып, шаруа қожалықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құрып, өздеріне тиесілі жер үлестерін сенімгерлік басқаруға берді. Ауылдардағы парасатты, іскер азаматтар басқарған шаруашылықтар өз үлескерлеріне жыл сайын қомақты пай төлеп немесе қалауларына қарай ұн, астық, жемшөп, отын әперіп, көмектесіп келеді. Алайда ауыл адамдарына үйіп-төгіп берген уәделерін тез арада «ұмытып», мойындарына алған міндеттемелерін орындамай, жуас жұрттың есебінен оңай жолмен баюды ойлаған пысықайлар да табылды. Ондайлар ауылдағыларға күзде бір-екі қап ұн немесе астық қалдығын беріп, «жарылқап» тастағандай болып жүреді. Талайы ауыл тұрғындарын алдап-сулап, олардың жер үлестерін пайдалану құқығын екінші деңгейлі банктерден мол несие алу үшін кепілге қойғызып, кейін алған қарызын қайтармай, екі жақты да тақырға отырғызып кетті. Сол себепті банктер кепілге қойылған жер үлестерін пайдалану құқығын аукционға шығарып, басқа компанияларға сатып жіберіп, үлескерлерді ешқандай пайсыз қалдырды.
Осындай қауіп төнген Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Қамысақты және Сырымбет ауылдық округтеріне қарасты бес ауылдың тұрғындары былтыр аудандық әкімдік пен жергілікті құқық қорғау органдарынан араша сұраған. Себебі олардың жер үлестерін пайдалану құқығын сенімгерлік басқаруға алған «Жарқын СК» ЖШС 2017 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан 600 млн теңге несие алып, оның кепілдігіне 42 мың гектар егістік жерді заңсыз қойған болып шықты. Кейін серіктестік басшылығы алған несиесін уақтылы төлей алмағандықтан, «Аграрлық несие корпорациясы» оны сотқа беріп, ауылдағылардың егіс алқаптарын пайдалану құқығын өз меншігіне алған. Іле оны аукцион арқылы сатып, қаржысын қайтармақшы болады. Тек ауылдағылардың дер кезінде дабыл қағып, арыздануының арқасында кепілде тұрған жерді пайдалану құқығын аукцион арқылы сатуға сот шешімімен тыйым салынды.
Өкінішке қарай, егіншілік жері көп солтүстік өңірлердегі талай ауыл тұрғындары өздері сенім артқан серіктестіктер басшыларының заңсыз әрекеттерін уақтылы біле алмай, талап-арыз беру мерзімін өткізіп алғандықтан, жер үлестерін пайдалану құқығынан айырылып қалды.
Сондықтан Парламент депутаттары Жер кодексін тағы бір қарап, ауылдағылардың жер үлесін пайдалану құқығын кепілге қоюға, аукцион арқылы сатуға тыйым салу және жер дауларын қарау мерзімін шектеуді алып тастау мәселелерін оң шешкені жөн болар.