• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Ақпан, 2022

Колыма қасіреті

1136 рет
көрсетілді

Сонау Сталин заманындағы жеке басқа табыну, қан­ша­ма қайғы мен қасірет, заң­сыздықтар мен репрессиялар Татарстан республикасындағы Ғ.Тоқай атындағы мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Ибрагим Салаховтың қалам қуатымен көрініс тапқан.

Нақақтан он жылға сотталып, Колы­маның қара түнегінде адам төзгісіз ауыр азапты басынан кешкен, әйтсе де үміт сәулесін үзбеген жанкешті жазушы 1911 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Сексенінші жылдар­дың орта шенінде Краснояр ауылындағы аудандық тұтынушылар қоғамында бух­галтер болып қызмет істейтін жазу­шымен жүздесіп, сұхбат алғаным есте. Шынын айту керек, ол кезде әлде жастық, әлде жете мән бермедік пе, соншалықты әсер ете қойған жоқ еді. Таяуда орыс тілінен көкшетаулық жазушы, марқұм Төлеген Қажыбайдың аудармасымен жарық көрген «Колыма қасіреті» тақы­рыбындағы бір қайғылы тағдырдың хроникасын тағы бір оқып шықтым. Оқыдым да сұмдық сезімге бөлендім. Адам баласы неге болсын, тағдырдың салған ісі қаншалықты ауыр болсын, төзеді екен-ау.

Бәрін басынан бастайыншы. Жазушы тұла бойына табиғат сыйлаған айрықша мәнді қасиеттермен бірге табандылық­ты, еңбексүйгіштікті, алдына қойған мақ­сатына жетпей қоймас жігерлілікті әкесі Низами Ибрагимнен үйренген. Ал анасы Магиджамалдан қарапайымдылық пен ұқыптылықты сүйегіне сіңіріпті.

Көкшетау өңірінде Кеңес Өкіметі ор­ныққан кезде Наджми Каримовтың ұйым­дастыруымен алғашқы татар мек­тебі ашылған. Өзінің кішкентай құр­бы­ларымен бірге болашақ жазушы Ибрагим аға да осы білім ошағының табал­дырығынан аттаған. Алғашқы білім ошағының тыныс-тіршілігін «Жа­сыл үйдің тарихы» деп аталатын шығар­масынан оқып білуге болады. Қараңғы түнекті серпіп тастайтын ұлы күш – білімнің нұры себезгілейтін мектеп­ке баруға кішкентай балалардың қанша­лықты құмар болғандығын сәбидің жүрек лүпіліндей әдемі сипаттайды. Бала­лар, әсіресе мектептегі глобусты көбірек тамашалапты. Жұмыр жердің бейнесі берілген глобус оларға керемет әсер етсе керек. Ұстаздар туралы да орнықты пікірі бар. Мәселен, татар тілі мен әдебиетінен сабақ берген Рахман әби Яхин туралы шәкірттік көңілдің шарапатты шуағы көрініс тапқан. Рахман әби мектепте балғын көңілдерді арбайтын, көркем әдебиеттің қуатын ұғындыратын әдеби үйірме ашқан. Сөз өнеріне өліп-өшіп ғашық болатын кезі де осы тұс. Мектептегі жазуға икемі бар балалардың басын құрап, тырнақалды туындыларын өңдеп, «Жалын» деп аталатын қолжазба журнал шығарған. Болашақ жазушы осы журналға алғашқы өлеңдері мен шағын әңгімелерін жариялаған.

– Қалам ұштадық, қолжазба журнал болса да алғашқы жазған-сызғандары­мыз жария болғанына қуандық, – деп еске алады екен Ибрагим Низамиұлы, – менің өлеңдерім мен шағын әңгімелерім Қазан қаласында шығатын «Жас ленинец» газетінде жариялана бастады. Тіпті Мәскеуде жарық көретін «Октябрь баласы» журналында да жарияланды. Көкшетаудағы мектептен кішкентай кон­вертке салып, іштей сәт-сапар тілеп, жолдап тұрушы едім. Ол тұста «Октябрь баласы» журналында татардың ұлы ақы­ны Мұса Жәлел қызмет істеді. Кейбір жаз­ғандарым қайтып келетін. Сонда да күдер үзбедім. Арагідік жарияланып та тұрды.

Жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Ибрагим Салахов Қазан қаласын­дағы педагогика техникумына оқуға түседі. Жазушы естелігін оқып отырып, жазған дүниелері республиканың көп­теген газет-журналында басылып, қаламы кәдімгідей төселіп қалғанды­ғын аңғаруға болады. Әскери борышын өтеп келген соң Қазандағы мемлекет­тік педагогика институтының әдебиет факультетіне оқуға түседі. Сол тұста өнім­­ді жұмыс істеген. «Махаббат» пьесасы мен «Сақшы» өлеңдер жинағы және «Дуэль» повесі жарияланған. 1937 жылы педагогика институтының үшінші курс студенті Ибрагим аға Ялтада емделеді. Татарстан жазушылар одағының тапсырмасы бойынша белгілі жазушы сол кезде ептеп сырқаттанып жүрген Ғалымжан Ибрагимовпен жолығып, баспадан жариялау үшін оның қолжазбасын ала келеді. Кейін сол қолжазба қырсық болып жабысқан. Бұл саяси қудалаудың, қолына қалам ұстаған ат төбеліндей ағайынды жау көрудің басы болатын. Ғалымжан Ибрагимов та жазықсыз жала жабылып ұсталған. Халық жауымен жүздесіп, қолжазбасын алған Ибрагим Салахов та халық жауы санатында. КСРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясының көшпелі сессиясында 1938 жылдың 12 мамыр күні жазушы жазықсыздан жазықсыз он жылға сотталады. Жазасын өтегеннен кейін бес жыл бойы барлық азаматтық құқықтан айырылсын деген үкім қоса шығарылады.

Ендігісі азапты сапар. Тіпті адам төз­бестей. Жазушының өз басынан кешкен, барынша шынайы, ақиқат сөзінен аңғарғаныңызды түгел айтып шығу тіп­ті де мүмкін еместей. Алдымен Қазан қа­ла­сындағы Плетенев түрмесі, одан соң Тобылдағы изолятор. Әрі қарай мәңгі­лік тоң басқан, топырағы қанмен суарыл­ған, аспанын жазықсыз адамдардың қай­ғы-мұңы торлаған қасіретті Колыма­да­ғы ұзақ-ұзақ он жыл. Он жылың тұ­тас бір ғұмырға татитындай. Жер бетін­дегі тозақ. Ал жазықсыз жапа шегуге, адам айтқысыз азап арқалауға жас жү­рек қалай шыдады десеңізші. Әлдене­ше рет өлім аузынан қалған. «Колыма қасіретін» оқып отырып, аш-жалаңаш, арып-ашыққан, тіршіліктен мүлде кү­дер үзуге таяу адамдардың бір-біріне сон­дай қиын кездің өзінде қол ұшын беруі, бойларындағы адамгершіліктен арылмауы, кісілік келбеттерін сақтап қалғандығына таң қаласың. Ажалдың ғұмыры тойып бітпейтін, толып түге­сілмейтін апанына енді-енді кеттім де­ген кезде өзі тәрізді саяси айыппен сот­талған болгар Георгий Стоянов құтқарып қалады. Ота жасайды. Кір-қоқысқа мел­тектеп тұрған казарманың ішінде. Бәл­кім жолдастық, достық көңіл сақтап қалған шығар. Арада біраз уақыт өткен соң ауыр азаптан қажып, алтын кенінде мертіккен жазушыны Тайшет лагеріндегі мүгедектер отрядына ауыстырады. Мүге­дектер отряды болғанымен бұл жерде де қорлықтан көз ашпайды. Сіңіріне ілініп жүріп жұмыс істейді.

Жазушы Колыма түнегінде қазақ жазушысы Зейін Шашкин, қалмақ ақыны Санджи Каляевтермен тағдыр талқысына бірге түскендігін, ауыр азапты бірге арқа­лағанын жазады. Тар қапаста пікірлес, жан-дүниеңді түсінетін адамдардың бо­луы да сәл де болса демеу болады екен. Зейін Шашкин лагердің ауру-сыр­қауларын емдеген. Өзі бейнетті белден кешіп жүрсе де, жағдайы нашарлаған мүгедектердің қамын ойлаған. Екеуі оңаша қалған кезде Көкшенің көгілдір қыраттарын, мөлдір көлдерін, жасыл ормандарын, жайқалған шалғынын еске алады екен. Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың қилы-қилы тағдыры мен ғажайып өлеңдерін Зейін Шашкиннің аузынан естіген.

Міне, он жыл азапты өмірде тірші­ліктен күдер үзбеген, әйтеуір алдынан жарық күннің атарына сеніммен қараған жазушының жазасы да өтеліп бітті. Өзі де бостандықтың бір жұтым ауасын жұтып тұрғанына сенер-сенбестей. Тозақтық нақ өзінен 1948 жылы он жылын өтеп, біржола босап шыққан жазушы туған өлкесі Көкшетауға жеткенше асық. Құс­қа біткен қос қанат өзіне бітсе, қас-қағым сәтте ұшып барар еді. Әншейінде қия­мет-қайым болып көрінетін жол азабы Колыманың қасіретін он жыл арқалаған адам үшін түк те емес екен.

Өзі аңсаған, жеткенше асық болған Көкшетауға табаны тиісімен көңілі су сепкендей басылған. Қазан мен Көк­шетау қаласында тұруға рұқсат жоқ. Шығармашылықпен айналысудың да жолы кесілген. Абақтыдан шыққан адам­ды еш жерге жұмысқа алмайды. Өгей шешенің өктем үні Колымадағы жанал­ғыш айдауылдардың қаһарлы айғайы тәрізді, тіпті одан да бетер сыңайлы. Өлдім-талдым дегенде Краснояр ауы­лындағы аудандық тұтынушылар қо­ға­мының асханасына орналасқан. Әр күн сайын комендатурада тіркеліп оты­руы керек. Бұрынғы көзі таныстар халық жауы атанған жазушыға жолап кетсе, күйесі жұғатындай қорқып, ат-тондарын ала қашады. Таныс қана емес, ет жақын ағайын, туыстар да. Бәрі­нен көңілі қалған жазушы өзінің таби­ғат сыйлаған талантына ғана сенеді. Шығармашылықпен айналысуға ты­йым салынса да Колыма қасіретін жазуы керек. Бар шындықты. Кейінгі жұрт жаралы жылдардың жылнамасын, жа­зық­сыз сотталғандардың тағдырын білуі үшін. Тұрмыс ауыр. Өзгені былай қой­ғанда тамақ табудың өзі қасіретке айналған. Осы арада жазу өнеріне деген құштарлықтың қаншалықты мықты болатындығына тәнті боласың. Әйтеуір, 1956 жылы халық жауы Салаховтың ісі қайта қаралып, толық ақталып шыққан.

Айдауда жүрген кезіндегі ауыр азап біржола ұмыт болуы мүмкін емес еді. Сәл ғана арқасы кеңігендей, тұла бо­йына тылсым күш құйылған. Қазан қаласынан «Дала толқындары» атты жыр жинағы жарық көрді. Кіндік қаны тамған қазақ даласының топырағы туралы. Перзенттік махаббатын, үлбіреген іңкәр сезімін арқау еткен. Арқаның ақтаңгері – Ақан серінің асқақ өнерін, ертегідей сұлу ғұмырын егжей-тегжейлі зерттеді. Серінің ауылындағы көнекөздермен жүз­десіп, әлде аңыз, әлде шындық, небір ғажайып естеліктерді жазып алды. Сері тағдыры тәнті еткен. Өзгеше өмір, айрықша сұлу, мәнді де мәңгілік өнер. Тебірене толқыған, құлшына қалам сер­меген. Осы еңбегінің арқасында «Құла­гер» поэмасы өмірге келді.

Жан жары Магинур Сүлейменова жазушының бар жағдайын жасады. Түзде ердің, үйде әйелдің жұмысын атқарды. Өзі де нәп-нәзік, сәл аурушаң болса да алдынан жұмыс үркіп отыратын. 1948 жылы шаңырақ көтерген. Перзенттері дүниеге келді. Шамиль мен Камиль өсіп келеді. Үлкен ұлдары Нығмет, Ахат, Ульфат енді ер жетіп келе жатқан кезінде опат болған. Қаншама қайғы-қасірет. Кейін ұлы Шамиль де бақытсыз жайға душар болып, өмірден өтіп кетті. Адам жаны, оның ішінде нәп-нәзік ақын жаны осыншалықты төзімді болар ма?! Осының барлығын көтерген. Қайғы-қасіретті белден кешіп жүрсе де бір күш, бір құдірет қолтығынан демеп, алға жетектейтіндей. Ол құдірет жазу өнеріне деген махаббат еді. 1965 жылы Көкшетау өлкесіндегі тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты «Көкшетау қыраттарында» романы жарық көрді. Ақын тілімен жазылған әсерлі де әдемі роман оқырмандар тарапынан жақсы бағасын алды. Сол жылдары «Емендер тамыр жайғанда» роман-эпопеясының үш бөлімі жарияланып, атақ-даңққа бөленді.

Ибрагим Низамұлы бес тілді бірдей меңгерген адам. Татар, қазақ, орыс тілдерін жетік білуімен қатар, араб пен түркі тілін де тәп-тәуір білетін. Заманында көкшетаулық белгілі қаламгер Жанайдар Мусин өзінің досы Ибрагим Салаховты қазақ жазушыларын орыс тілінде сөй­леткені үшін қазақ әдебиетінің нағыз жанашыры деп бағалаған. Көкшетауда туып-өскендіктен Ибрагим аға жергілікті ұлттың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін ғана емес, ұшан-теңіз поэзиясын, қазақтың әрідегі ауыз әдебиетін өте жақсы білетін. Сол білімі талай шығармаларында көрініс тапқан. Балаларға арнап жазған шырайлы шағын шығармалары өз алдына бір төбе.

Қолыңа алсаң қайғы-қасіреттің бет қаратпас дауылы алай-дүлей соғып тұрғандай әсер ететін «Колыма қасіре­ті» қаламгердің соңғы туындыларының бірі әрі азапты шығармашылығында­ғы щоқтығы биік дүниесі. Осы кітапты отыз жылға жуық уақыт бойы жазған екен. Неткен сұмдық шыдам. Шынайы шығарма әділ бағаланғандықтан Татар­станның  Ғаб­долла Тоқай атындағы мем­лекеттік сый­лығы берілген. Заманында КСРО Жазу­шылар одағының мүшесі болған қаламгер Татарстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған.

Қос халықтың арасындағы достық­тың дәнекері атанған «Парасат» орде­нінің иегері Ибрагим Салахов Көкше­тау қаласының құрметті азаматы. Шығар­машылығын, елге сіңірген еңбегін сөз қадірін білетін өңірдің құрметтегені де. Әбден лайық!

«Колыма қасіретін» асықпай, әр сөзі­нің астарындағы салмаққа мән беріп, тағы бір оқып шықтық. Қайғы қаптап, мұң мелтектеп тұр екен. Сарытап сағыныш көл-көсір. Мынау жарық дүниеден әділ­дік іздеген, адалдық аңсаған ақын жүре­гінің тебіренісі. Жазықсыз жалалы болу қандай қиын еді. Көңілдегіні жазуға ты­рыстық. Әрине, жазушының жан-дүние­сін тола­йым бере алмаспыз. Біз мұндай қасіретті көрген жоқпыз. Көруге де жазбасын.