ERG Exploration мамандары Ақтөбе облысындағы аумағы 130 шаршы шақырымды құрайтын Білге учаскесінде бұрғылау, барлау жұмыстарын бастады. Компания мұндағы жер қыртысының геофизикалық, геохимиялық және геологиялық қабаттарын зерттеп, онда мыс, алтын, хром және марганец түзілімдерінің бар-жоғын тексереді. Іздеу кезеңінде бұрғылау жұмыстары 6 600 есепті метр аумақты қамтымақ.
Білге учаскесі алқабындағы тау жыныстарында шашыранды хром, никель, кобальт, мыс пен қорғасын кездесуі мүмкін. Мәселен, Білгедегі кен белгілері мұндағы мыстың үлесі 3 пайызға жуықтайтынын байқатады.
– Біздің негізгі міндетіміз – пайдалы қазбалар, бірінші кезекте боксит, хром, марганец пен Еуразиялық топ үшін басымдыққа ие өзге де металдар қорын зерттеу, – дейді «ERG Exploration» АҚ бас директоры Азамат Шалабаев. – Одан бөлек біз геологиялық зерттеулерді технологиялық тұрғыдан жетілдіре түсуді, геологиялық барлау қызметін ғылыми тұрғыда қамдау, топтың геологиялық барлау бағытындағы активтерін орталықтандырып, басқаруды көздеп отырмыз.
Осы орайда компания қалдықтарды түзілу құрамына қарай сұрыптап, жекелей жинақтап, бұрғылау кезінде ерітінділерге тек экологиялық тұрғыда таза әрі сертификатталған қоспаларды пайдаланатынын айта кеткен абзал. Барлық жұмыс құзырлы органдар мақұлдап, бекіткен экологиялық жобалар негізінде жүргізіліп жатыр. Түзілген қалдықтарды қабылдап, одан ары өңдейтін үшінші тарапты ұйымдармен тиісті келісімшарттар жасалған. Бұрғылау алаңы арнайы ескерту торымен қоршалды. Бұл жабайы және үй жануарларының қауіпті аймаққа енуінен қорғайды. Қызметкерлер тегіс оқытылып, геологиялық барлау жұмыстарына рұқсатнама мен қажетті сертификаттар алған. ERG Exploration жұмысын жетілдіріп, кезең-кезеңімен халықаралық ESG қатарлы халықаралық қағидаларды біртіндеп енгізіп келеді.
ERG Exploration Рудный мен Хромтауда өндірістік базалар қалыптастырғаны мәлім. Бұрғылау паркін жасақтау үшін сапасымен әлемге танылған халықаралық өндірушілердің өнімділігі жоғары бұрғылау жабдықтары мен қондырғыларын сатып алған. Бүгінде компанияда осындай 4 қондырғы бар. Олар ТМД мен Қазақстан нарығында ең сенімді әрі сапалы саналатын – вертикалды және қиыс ұңғымалар жасап, тереңге бойлай алады. Бұдан бөлек ұңғымаларды геофизикалық зерттеулер жүргізуге қажетті жабдықтар мен қосалқы техника, асхана және тұрғын вагондар бар. Бастапқы бұрғылау легін қалыптастыруға жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылған.
ERG Exploration жыл сайын өз күшімен 40 мың есепті метр ұңғымалар бұрғылауды көздеп отыр. Біртіндеп, бұл көлемді жылына 100 мың есепті метрге жеткізу көзделген. Осы себепті компания стратегиясында бұрғылау қондырғыларының санын 10-ға жеткізу қарастырылған.
Eurasian Resources Group топтың минералды-шикізат қорын толықтырып, кеңейте түсу қамында геологиялық барлау жұмыстарымен айналысатын жеке ERG Exploration компаниясын құрғанын 2021 жылдың қаңтар айында хабарлады. Жаңа компания жобалау, ұңғыма қазудан бастап, кен орнын модельдеуге дейінгі, жазықтардағы және геофизикалық жұмыстарды атқару, KAZRC, JORC сынды халықаралық стандарттарға сай есептер даярлайтын құзырет орталығын қалыптастыру үшін құрылған. Стратегиялық міндет пайдалы қазба – боксит, хром, марганец пен өзге де басым бағытты металдардың кен орындарын іздеп, зерттеу. Қазіргі таңда жоғары білікті мамандар құрамы жасақталып, топтағы геологиялық барлау активтері мен өзге де болжалды барлау жоспарларын әзірлеуге бел шеше кіріскен.
– Нарыққа жасалған талдау бүгінде Қазақстанда бар геологиялық құрылымдардың әрқайсысы өз бетінше жұмыс істейтінін, қуаты мардымсыз әрі тек белгілі бір тар бағыттарды ғана қамтитынын көрсетті. ERG алдына қойылған міндеттерді атқару үшін ресурстық мүмкіндіктері ауқымды, қызметтердің толық кешенін бір өзі атқара алатын, соның ішінде қолда бар қорды халықаралық стандартқа көшіре алатын компания қажет. Сол себепті біз жеке геологиялық барлау қызметін топ қызметінің дербес бағыты ретінде даралап, жеке геологиялық барлау компаниясын құруды ұйғардық, – дейді Еуразиялық топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов.
Жүктелген барлық міндетті атқару үшін ERG Exploration инновациялық технологияларды: қашықтан жерді зондтау, тың технологияларға негізделген заманауи геофизикалық, геохимиялық зерттеулер, бұрғылау жұмыстарының соны әдістерін кеңінен қолдануды жоспарлап отыр. Бұған қоса болашағы зор геологиялық барлау нысандарын іздеуге жасанды интеллект пен өзге де құралдарды молынан пайдалану көзделген.