Қарағанды өңірінде қоғамдық көліктің мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Бұл бағытта қатаң шараларға бармаса, жағдайдың оңалатын түрі жоқ. Неге десеңіз, автопарк қожайындары кемшілікті жою туралы ауызбен орақ орғанымен, іске келгенде тайғанақтық танытып жүр.
Алыстан арбалағанша...
Облыстағы ірі қалаларда автобустардың маршрутқа шығу кестесі сақтала бермейтіні де өзекті проблеманың бірі. Соның кесірінен адамдар барар жерлеріне үнемі кешігіп жүреді. Мәселен, Қарағанды қаласында жоспар бойынша 202 автобус маршрутқа шығуы тиіс болса, ал шын мәнісінде оның 160-қа жуығы ғана жолаушыларға қызмет көрсетеді екен.
Осыған орай облыс басшылығы автопарктерге қойылар талапты күшейтуді ойластырып отыр. Яғни мынадай қағида жүзеге асырылатын болады: автопарктер көліктерді жаңасына ауыстырса, оларға маршруттар беріледі. Ал ескі-құсқымен салдырлатып жүре берер болса, онда маршрут атаулыдан қағылады.
Бір есептен мұндай талаптың жөні бар. Неге десеңіз, облыста автобус шығаратын зауыт жұмыс істейді, сапасы тәп-тәуір көлік шығарып тұр. Ал оның өнімін неге пайдаға жаратпасқа?!
Дегенмен, бұл салада да оң бағыттағы қимыл-қозғалыс байқалады. Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев берген мәліметке сүйенсек, қала бойынша жолаушылар көлігінің 60%-ы жаңартылмақ. Яғни автопарктермен жаңа автобустар сатып алу жөніндегі келісімге қол жеткізілген.
Айта кету керек, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде Саранда жасалған 40 автобус Қарағандыда жолаушы тасып жүр. Сонымен қатар дәл сондай 20 автобус Теміртауда, тағы 20-сы Жезқазғанда және 11-і Саран қаласында қызмет көрсетеді.
Алда тұрған маңызды міндеттің бірі – электронды билет сату жүйесіне көшу. Түптеп келгенде, мұның өзі жолаушылардың нақты санын білуге мүмкіндік береді. Ал бұл дегеніңіз жолаушылар тасымалын қалыпты түрде субсидиялау мәселесінде ескеретін маңызы зор көрсеткіштің бірі болмақ.
Жалпы, облыс басшылығының автобус парктерін жаңалау тұрғысындағы табанды әрекеті қолдауға тұрарлық саясат. Бұл біріншіден, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетудің алғышарты болса, екіншіден, отандық өнімді қолдауға бағытталған жанашырлық қадам. Бұдан тараптардың ұтылмасы анық. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалау» тәмсілінің тиімділігі дәл осы отандық автобус мәселесінде маңызды рөл ойнайды-ақ.
Жалға алғанның жаны тыныш
Облыста әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа қағидаты қолданысқа енбек. Мамандардың айтуынша, бұл жерде баспананы жалға алуға баса назар аударылмақ. Бұл турасында облыс басшысы Жеңіс Қасымбек те өзінің кесімді пікірін білдірген.
– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент тұрғын үйді жалға беруді қолдауға баса назар аударылатынын айтты. Олар шектеулі мөлшерде салынатын болады. Ең бастысы, жалға беруге басты назар аудару қажет. Бүкіл әлемде осылай болып жатыр, сондықтан әкімдіктер өз жұмыстарын қайта құруы тиіс, – деп түсіндірді өңір басшысы.
Әлбетте, бұл ұзын сонар кезекте тұрғандардың қамы үшін жасалмақшы. Мұндағы іс-әрекеттің реті мынадай: мемлекет кезекте тұрған табысы төмен отбасылары үшін тұрғын үйді жалға алудың бір бөлігін өтейді. Ал Президенттің тапсырмасы бойынша тұрғын үй төлемдері жөніндегі бағдарлама 2022 жылдың мамыр айында іске қосылуы тиіс.
Алдағы уақытта облыста тұрғын үй құрылысы саласында бос тұрған үйлерді қалпына келтіруге, жалға берілетін және несиелік тұрғын үйді сатып алуға басымдықтар беріледі. Бұл туралы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал Жайлыбаевтың мәлімдемесі бар.
Мысалы, былтыр облыста 500 пәтер сатып алынса, оның 350-і бастапқы нарыққа тиесілі болған екен. Бұл жерде мердігерлік ұйымдар тұрғын үй сапасының жоғары болмағына өздері-ақ мүдделілік танытатын болады. Неге десеңіз, сапасы төмен үйді әкімдік енді сатып алмайды.
Жалпы алғанда, Қарағанды облысында тұрғын үй құрылысының қарқынды жүріп жатқанын бұрын да айттық. Мысалы, өңірде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлық қаржыландыру көзі есебінен 662 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 7 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілген. Бұл шынында да бұрын-соңды болмаған жетістік. Ал алдағы міндет бұдан да зор. Биыл облыста 708,2 мың шаршы метр немесе 8 мыңға жуық пәтер салу жоспарда бар.
Дегенмен, мұның өзі де жақын арада баспана мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Ал жалға беру қағидаты белсенді түрде іске асырылатын болса, онда жағдайдың біршама жеңілдері анық. Тұрғындар да жоқшылықтың беймаза тірлігінен арылып, жан тыныштығын табар еді деген сенім бар.
Қарағанды облысы