Көкше жерінде өткен XVII республикалық «Зерде» байқауында 2-7-сынып оқушыларының зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары сынға түскен болатын. Конкурс қорытындысында Қарағанды облысынан қатысқан 18 жас зерттеуші жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Нақтырақ айтар болсақ, Арқа төсінің дарынды өрендері екі алтын, бес күміс, үш қола жүлдеге және үш грамотаға иелік етті.
Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған байқаудың қазылар алқасы ұзын саны 62 команданың, 423 оқушының еңбегін, сондай-ақ 361 жұптық және 299 жеке жұмысты сараптаудан өткізіп, тиісті бағасын берді.
Аталған конкурста Қарағандыдағы №101 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы Мерей Жұмаділдина І дәрежелі дипломға ие болды. Жас зерттеушінің тәлімгері Рыскүл Манастың айтуынша, Мерей байқауда «Үш мың жылдық тарихы бар Сарыарқа» атты жобамен бақ сынаған.
– Қазіргі Қазақстан археологиясы тарихындағы айтулы жаңалықтың бірі – Орталық Қазақстан аумағынан табылған пирамида. Археологтар бұл ежелгі қорымды қола дәуірдің «Беғазы-Дәндібай» мәдениетіне жатқызады. Ғалымдардың пайымдауынша, үш мың жылдық қорым сол замандағы хандардың біріне арналып салынған. Пирамиданың құрылысы да ерекше. Жоба барысында Мерей «Қаражартас» қорымының сыртқы құрылысы туралы айтып берді, – дейді Р.Манас.
Сондай-ақ Мерей Жұмаділдина Сарыарқа пирамидасын Мысырдағы пирамидалармен салыстырып, түрлі бейне репортаждар жасаған.
Қарағанды облысы