• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 17 Ақпан, 2022

Еуропалық одақ Африкаға алаңдайды

933 рет
көрсетілді

Кейінгі уақытта Африка халқын қолдау мәсе­лесі өзекті болып тұр. Бұған дейін Қытай «қара құрлықтың» тұр­ғын­дарына қомақты қара­жат беріп келсе, енді бұл іске Еуропалық одақ бел шешіп іске кіріспек. Осыған байланысты Брюссельде Африкалық одақ пен Еуропалық одақ мемлекеттері басшылары бас қосып жатыр. Бір­неше күнге созылған келіссөздер нәтижесінде, бірқатар маңызды құжатқа қол қойылуға тиіс.

Аталған мақсатқа Еуропалық одақ 150 миллиард доллар қара­жат бөлді. Бұл қаржы экономиканы аяқтан тұрғызу, басты инфрақұрылымдар салу, халық­тың әл-ауқатын көтеру секілді маңызды салаларға жұмсалмақ. Сонымен қатар құрлықтағы цифр­лы байланысты жақсартып, табиғи таза энергетика көздерін қалыптастыруға да ерекше екпін беріледі.

Еуропалық одақтың Афри­каға мол қаражат бөлуін сарапшылар әртүрлі болжап жатыр. Әйтсе де, көпшілік бұл қадам Қытайдың өңірдегі ықпалын бәсеңдетуге арналған деп есеп­тейді. Өздеріңізге мәлім, Бей­жің билігі «Бір белдеу – бір ­жол» бас­тамасы аясында миллиардтаған қаражатты «қара құрлыққа» бөліп келген еді.

Johns Hopkins атындағы халық­­аралық мектептің дерек­теріне сүйенсек, Африка мем­ле­кет­терінің Қытайға бере­ше­гі 143 млрд долларға жеткен. Мұн­дай мол соманың басым бөлігі теміржол, әуежай және порт секілді ауқымды инфра­құры­лымға салынған. Халық­аралық қаржы қорының мәлі­метіне сүйенсек, Африкадағы кедей елдердің жартысына жуығы Қытайға борышкер. Ал Гарвард бизнес мектебі Бейжің берген қаражаттың 50 пайызы көпшілік назарынан тыс қалып, екі ел билігіне ғана мәлім екенін айтады. Дегенмен «қара құрлықтың» Қытайға қарызын дөп басып айту қиын. Өйткені Бейжің билігі екіжақты келісімде көрсетілген сандарды сыртқа жария етпейді. Жалпылама мәлімет бергенімен, ресми құжатта не жазылғаны бір Құдайға, сосын Қытайға ғана аян.

Қытайға қарыз Африка елдерінің тізімі мен сомасына көз тастасаңыз, Бейжің билігінің ықпалын арттыру үшін қаражат аямағаны анық аңғарылады. Сарап­шылар Бейжіңнің «жұм­сақ саясат» қолдануы тіке­лей экономикалық пайда әкел­мейтінін, мұның әлемдік шахмат тақтасында қажет саяси «гамбит» екенін айтады. «Қара құрлықта» 50-ден астам мем­лекет бар. Олардың бәрі БҰҰ, Халықаралық олимпиада коми­теті секілді халықаралық ұйым­дарға мүше. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» демекші, олар шартарапқа белгілі ұйымдарда Қытайдың сөзін сөйлеуі қажет. Кедей, бай екеніне қарамастан, әр мемлекет – бір дауыс. Ендеше «су ішкен құдығына түкірмеу керектігін» Африка елдері де, Қытай да жақсы түсінеді.

Оның үстіне Коммунистік партия ақшалай қарыз беріп, оның орнына елдегі стратегиялық маңызды нысандарды меншігіне алатынына куә болдық. Бірнеше жыл бұрын Шри-Ланка билігі Қытай­дан 1,1 млрд доллар инвес­ти­­ция тартып, Хамбантота пор­тын салған еді. Алайда Шри-Ланка борышын уақтылы өтей алған жоқ. Ең соңында оны кеші­ру мақсатында стратегиялық маң­ыз­ды портты 99 жылға жалға берді.

Осындай тәсіл Джибутиде де қолданылуы мүмкін. Қазір аталған елде қытайлық инвести­цияның көмегімен кеме порты салынып жатыр. Джибутидің Қытайға борышы ішкі жалпы өнімге тең екенін ескерсек, Бейжің билігі кез келген сәтте портты меншіктеп алуы уақыт еншісіндегі шаруа.

Сондай-ақ The Wall Street Journal таратқан ақпаратқа сенсек, Замбия борышын кешіру үшін елдегі ең үлкен мыс кеніш­терінің акциясын бермек. Бұл елдің билігі Қытайға қары­зының көлемін ашық айтқан емес. Бірақ Johns Hopkins орталығының деректеріне сай 2017 жылы Зам­бия­ның Бейжіңге берешегі 6,4 трлн долларға теңескен. Бұл ел қары­зының 44 пайызын құрайды.

Уганда да Замбияның кебін киюі мүмкін. Елдегі Энтеббе әуежайын жаңалауға 325 млн доллар, Карумадағы электр станса­сын салуға 1,4 млрд доллар қаражат жұмсалды. Инвести­цияны, әлбетте, Қытай құйды. Уганда қаржы министрінің айтуынша, алда-жалда борышты өтей алмаса, екі нысан да ҚХР қарамағына өтеді.

Африкадағы экономикасы­ның әлеуеті жоғары саналатын Нигерия да Қытайға тәуел­ді. Қаржы министрлігінің мәлі­метіне сүйенсек, 2017 жылы бұл елдің қарызы 2 млрд долларды құраған. Дегенмен шынайы берешек бұдан бірнеше есе көп екені талай мәрте бұқаралық ақпарат құралдарында айтылды. 2019 жылы Бейжің тағы 629 млн доллар инвестиция құйды. Бұл қаражат теңіз портын салуға жұмсалды. Енді, Нигерия билігі Қытайдың «Экспорт-Импорт» банкінен қосымша 17 млрд доллар қарыз сұрамақ.

Overseas Development Institute келтірген деректерге сүйенсек, Нигерияның сыртқы қарызының 10 пайызы Қытайдың үлесінде. Ал Эфиопияның борышы 17 па­йыз, Кенияда 33 пайызға жеткен.

Бірақ коронавирус панде­мия­сы басталғалы Қытай Афри­каға беретін қаражаттың санын күрт азайтқан. Былтыр Қытай-Африка ынтымақтастығы форумы (FOCAC) кезінде Си Цзиньпин құрлыққа 40 миллиард доллар инвестиция құятынын мәлімдеді. Бұл бұған дейін айтылған соманың үштен біріне ғана тең. Оған қоса, несие көлемі де азайған. 2016 жылы жалпы несиенің сомасы 29,5 миллиардқа жетсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 7,6 миллиард долларды құраған.

Дегенмен Қытай былтыр Африкаға коронавирусқа қарсы вакцинаның 200 миллион дозасын жеткізді. Сондай-ақ келешекте тағы 1 милилард екпе әкелуге уәде берді. Өз кезегінде Еуропалық одақ интелектуалды құқық мәселесіне байланысты құрлыққа дер кезінде уәде еткен вакцинаны жеткізе алмаған-ды.

Осыған қарамастан Еуропа­лық одақ Африкадағы жоғалып бара жатқан беделін қалпына кел­тіруге барын салмақ. Жоғарыда айтылған 150 миллиард доллар осы бағытта бөлініп отыр.

Еуропалық парламенттің халық­аралық сауда комитеті төр­аға­сының орынбасары Анна-Ми­шель Асимакопулудың айтуын­ша, қаражат діттеген жеріне жетуге тиіс. Сонда ғана африка­лық­тар көрсетілген көмектің мәнін түсінбек.

Сарапшылар Еуропалық одақ­тың «қара құрлықтағы» ық­палын арттыруға талпынысын кейінгі кезде жасалған сапарлардан да байқалатынын айтады. Мәселен, кейінге шегеріліп келген саммитті ұйымдастыру үшін Брюссельдің атқамінерлері бірнеше рет Африкаға барып қайтты.

Мәселен, Еуропалық комиссия президентінің цифрлы технология жөніндегі орынбасары Маргрет Вестагер таяуда Нигерияға барып, Еуропалық одақ – Нигерия цифрлы экономика пакетін талқылады. Қазіргі таңда аталған елдегі интернетке билік көптеген бұғаттар салған. Сөз еркіндігі жоқ. Әйтсе де, Маргрет Вестагердің сөзіне сүйенсек, Еуропалық одақ 2024 жылға дейін 820 миллион еуро инвестиция құяды.

Былтыр Туиттер президент Мухаммад Бухаридің сепаратис­терді күшпен қудалаймыз деп қорқытқан жазбасын өшіріп тастаған болатын. Сондықтан маусым айында ел үкіметі оған тыйым салды. Әлеуметтік желі енді ғана қалпына келтірілді.

Сондай-ақ Африканың бір­қатар мемлекеті Қытайдың интер­нетті бұғаттау қызметіне ерекше қызығушылық білдірген екен. Осы әсер етті ме, әлде Huawei компаниясының Азия мен Шығыс Африканы байла­ныс­­­тыратын кабельді байланысы әсер етті ме, Еуропалық одақ та «қара құрлыққа» цифрлы қолдауды күшейтпек. Осы себеп­ті алдағы уақытта Атлант мұ­хиты арқылы Еуропа мен Афри­каны жалғайтын кабель жүйесін тартуды жоспарлап отыр.

Еуропалық одақ Африкадағы беделін арттыруға кіріскенімен, бір мәселенің басы ашық. Жос­пар­­да айтылған 150 миллиард дол­ларлық қаражат қайдан келе­ді? Бұл сома алдағы 7 жыл кө­ле­мінде берілмек. Бұл қара­жат­­ты Еуропалық одақтағы ше­неу­­ніктер өз қалтасынан шытырлатып санап бермейтіні де түсінікті.

Еуропалық кеңестің Африка істері жөніндегі бөлімнің директоры Теодор Мерфидің айтуынша, Қытайдың орнын басу үшін Еуропалық одақ өзінде бар институттардың бәрін осы іске жұмылдыруға тиіс.

Таяуда Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік сая­саты жөніндегі Жоғарғы өкілі Джозеп Боррел Project Syndicate жобасында жариялаған мақаласында ЕО-ның неліктен Афри­каға қызығып отырғанын түсін­дірген-ді. Боррел мырза бір­неше себепті атап өтті. Содан мынандай месседжді анық байқадық. Африкада туындаған проблемалар құрлықтың өзінде қалмайды, көршілес Еуропаға да жетеді. Өйткені терроризм мен қауіпсіздік шекарамен шектелмейді.

Сондай-ақ құрлықтың халқы жыл өткен сайын жасарып, көбейіп келеді. Бұл – үлкен күш. Мұндай буынға білім беріп, ізгілікке тәрбиелеу демо­кра­тиялық әлемді қалыптастыруға зор үлес қосады. Сондықтан Африканың мәселесін шешіп, онда өзінің ықпалын арттыру Еуропалық одақ үшін маңызды.