• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Ақпан, 2022

Аңқаудың әңгімесі

425 рет
көрсетілді

Ауылдағы қазір тепсе темір үзетін жігіттер босағасына бір-бір жүй­рік байлаған. Бастары қосыла қалса, әңгіменің әлібі де жылқы туралы. Тағы да бір сондай жүздесу. Кеукеулесіп отырып Сұркөжекті есіне алды.

Ке­шегі кеңес заманында алдына жыл­қы салмаған желқуық еді. Анық бағасын беру де қиын, өйткені ол кезде жер танабын қуырған, аузымен құс тістейтін, жарауы келіскен елу-алпыс ат қатысатын ұзын-ырғасы 25-30 шақырымдық бәйге бола қоймайтын. Бәйге ілуде бір үлкен мерекелерде өткізілетін. Онда да мал баққан малшының тақымындағы ерқашты жануарлар. Халық соның өзін кәдім­гідей қызық көретін. Бәйгеден кейін ке­мінде бір ай жыр қылып айтып жүретін.

– Атбасар жақтан қарагер бие әкелдім, – деген атқұмардың бірі Есенбай. – Апырмай биенің де жүйрігі болады екен. Бір күні мал қора жақтан «қасқыр, қасқыр!» деп айғайлаған дауыс шықты. Қарагер биені ауылдың ортасындағы суаттан суарып тұр едім. Қиқу құлағыма тиген соң жалма-жан жайдақ мініп алдым да тұра шаптым. Барсам шын қасқыр тиіпті. Шарбақтың ішіндегі тайыншаның біреуін жарып, үлпіршек майын асап үлгерген. Көріп қалып аттандаған малшылардан ығып, Қояндықызылға қарай жөнеп берген ғой. Тұра қудым. Қара жерде қасқырға жету қайда, одан ешкім де дәмеленбейді ғой, ал мен жеттім. Құрықсалым жер қалғанда қо­лымда не сойыл, не қамшы жоқ екендігі есіме түсті. Жалма-жан үзең­гіні суырып алдым.

Есенбай тап бір ат үстінде келе жатқандай әңгіменің әуенімен ауда­рылып-төңкеріліп, қасқырды қара тұмсықтан қалай соққандығын көрсет­кісі келіп қарын соза бергенде, жанында отырған біреу қолынан ұстай алып:

– Ау, сен, мана жайдақ шығып едің ғой?! – деді.

Есенбайда үн жоқ. Темір үзеңгі тұмсығына тигендей талықсып қалды. Әңгіме тыңдап отырған жұрт болса қыран-топан.

 

Көкшетау