• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Ақпан, 2022

Жақсы жобаларға көз жұмып қараған...

239 рет
көрсетілді

Бүгінде мемлекет тарапынан әр салаға айтарлықтай қолдау болғанымен, кейбірінде оны үйлестіру мен жүзеге асыру жұмыстары ойдағыдай емес. Өңірлерде де мұндай жағдай жиі кездеседі. Көп басшылар есеп бергенде ғана дұрыс көрсеткіштерді алға тартып, атқарылған шаруалардың денін тізіп шығады. Алайда кейбір күрделі мәселелер айтылмай, жабулы күйінде қалады.

Мәселен, «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ-ға айтылатын сын көп. Өңірді дамытуға арналған бірқатар жоба іске аспаған. Сондай-ақ қаражат жұмсау мәселесінде де бірқатар ол­қы­лық орын алған. Бір сөзбен айт­қан­да, аталған мекеменің жұмысы көңіл көншітпейді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Нұрғали Көрпетаевтың есебін тыңдап, оның жұ­мысын сынға алған болатын.

Кезінде жақсы басталған тұрғын­дар­дың табысын арттыру туралы қа­натқақты жоба бұл күнде тиісті дең­­гейде жүзеге аспай келеді. Со­нымен қатар бұл мақсатқа бөлінген қаржының жұмсалуында олқылықтар бар. Басы дұрыс басталған жоба жұмысының жүйесіздігін сынға алған облыс әкімі аталған мекеменің негізгі мақсаты инвестиция тарту екенін айтады. Алайда облыстың он ауданындағы корпорация өкілдері инвестиция тарт­пақ түгілі, негізсіз жалақы алып келген.

«Ал қанатқақты жоба аясында бұ­­ған дейін облыс бойынша 11 ауыл­дық округке 45 мың бас мал әкелінген. Бүгінде солардың нақты саны қанша? Қанатқақты жоба аясында жұмыссыздардың саны азайды ма? Бір жарым жылдан бері тиісті талдау жұмыстары жүргізілмеген», деді Б.Сапарбаев.

Шынында да, соңғы кезде айтылып жатқан сын көп. Барды ұқсата алмай отырған басшылар, күрмеуі қиын күрделі мәселені тегі шеше алмайды. Әсіресе осындай есеп беру кезінде алдын ала дайындалып қойылған көр­сеткіштердің де көп жағдайда көңіл көншітпейтіні содан. Мәселен, қазіргі таңда кейбір әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының шекті деңгейден асып кетуі әлеуметтің алаңдаушылығын тудырып отыр. Көп дүкендерде халық күнделікті тұтынатын қант, картоп, сәбіз сияқты өнім түрлерінің бағасын тұрақтандыру оңай болмай тұр. Бұл тұрғыда баға тұрақтылығына сараптама жүргізіп отыру да «Тараз» ӘКК» АҚ-ның негізгі міндетінің бірі. Бірақ аталған корпорация әлі де өңірдегі талай жақсы жобаларға көз жұмып қарап келеді.

 

Жамбыл облысы