• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Ақпан, 2022

Отандық 12 автобусты сатып алды

225 рет
көрсетілді

Арқа төсіндегі алпауыт кәсіпорын «АрселорМиттал Теміртау» еңбек ұжымдарының талаптарына құлақ аса бастады. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, былтыр қараша айында болған апаттан кейін кеншілер компанияға қарасты автопарктің жаңартылуын мәселе ретінде көтерген болатын.

Енді міне, кәсіпорынның көмір департаменті Саран қаласында жасалатын Yutong маркалы авто­бустың 12 бірлігін сатып алды. Бұл көліктер кеншілерді шахталарға тасымалдауға арналады.

Аталған автобустарды сатып алу «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен Qaz Tehna ЖШС арасында 2021 жылы компанияның жұмысшылар алдындағы міндет­темелерін жүзеге асыру аясындағы келі­сімнің нәтижесінде мүмкін болды. Ал келісімшарттың жалпы сомасы 700 млн теңгені құраған.

Бір құптарлығы, автобус зауыты өз өнімінің сапасына жоғары мән береді. Сол себепті кәсіпорын қазіргі уақытта сатылымға шыға­рылған автобустардың жо­лау­шылар мен жүргізушіге жай­лылығын, жалпы өнімнің сапа деңгейін қатаң сынақтан өткізіп, жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр.

Зауыт өкілдерінің айтуынша, аталған автобустар біздегі ауа райының жағдайына бейімделген, салонның іші автономдық жылыту жүйесімен жабдықталған. Сонан кейін көліктердің «Еуро 5» стан­дар­­тына сәйкес болуы да өнімге де­ген сұранысты арттыра түсері сөз­сіз.

Жаңадан сатып алынған автобустар туралы компанияға қарасты автопарк қызметкерлері жылы лебіз білдіріп отыр. Мысалы, Шах­тинск филиалы технологиялық көлік басқармасының бастығы Сергей Зинченко автобустардың өте жайлы, ыңғайлы және жүрдек екенін айтады.

– Біздің басты мақсатымыз – жігіттерді жұмысына және жұмыс­тан үйіне шаршатпай жеткізу. Кен­шілердің жұмысы ауыр. Сол себепті, олар жол үстінде де жақ­сылап ты­нығуы керек. Жаңа техникаға деген көзқарасамыз ерекше болмақ. Ұқып­тап ұстайтын боламыз, ұзақ қызмет еткені өзімізге де жақсы, – дейді ол.

«АрселорМиттал Теміртау» ком­паниясы сатып алған жайлы автобустардың 52 жолаушы орындығы бар. Іші-сырты шетелдік көліктерден бірде-бір кем емес деп сеніммен айтуға болады.

Қазіргі уақытта аталған көлік­­тердің бесеуі компанияға қарасты көмір департаментінің авто­паркіне жеткізілген. Бұл жерде көліктер маршрутқа шығар ал­дындағы арнайы әзірліктен өтеді. Жаңа авто­бустарға жүр­гізуші етіп кім көрінгенді отыр­ғыза сал­майды. Бүгінде бұрын­дары жұ­­мысында ешқандай ескер­ту бол­маған, жол қозғалысы мен техника қауіпсіздігін бұзып көрмеген жүргізушілер арасында таңдау жүргізіліп жатқан көрінеді.

 

Қарағанды облысы