Театрдың басты өнімі – спектакль. Өнімнің маңызы мен сапасын актер де, көрермен де, министр де білмеуі мүмкін. Жаңа сахна туындысының өнер мен қоғам алдындағы салмағын тек бір адам бәрінен гөрі тереңірек салмақтап, анықтай алады. Ол – театр сыншысы. Сахна өнері қайда бағыт алып барады? Ол көрерменге не ұсынып отыр? Қоғам тынысын сезе ме? Өнертану докторы, профессор Бақыт НҰРПЕЙІС, өнертану кандидаты, доцент Аманкелді МҰҚАН, өнертану кандидаты, доцент Анар ЕРКЕБАЙ, өнертану кандидаты, доцент Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА, өнертану кандидаты, доцент Зухра ИСЛАМБАЕВА, өнертану магистрі Айзат ҚАДЫРАЛИЕВА қатысқан дөңгелек үстел басындағы әңгіме театр сыны тақырыбына арналып, мамандар өз кәсіптеріне байланысты айтылып жүрген өзекті жайттарды саралады.
– Көрерменнің қойылым өзегіндегі ойды түсінгені маңызды. Бүгінгі театрдың жаңашыл бағыттағы спектакльдерінің кейбірі – ребус-кроссворд сияқты. Түсіну үшін өре керек, білім, ой керек. Сахнада болып жатқан оқиғаны сараптайтын, қарапайым көрермен бойлай бермейтін спектакльдердің сырын, мәнін ашып беретін адам – театр сыншысы. Ал театр сыншысы болудың қиындығы неде? Бұл мамандық сіздерді неге міндеттейді?
Бақыт Нұрпейіс:
– Театр сыншысы болудың басты қиындығы – спектакльді дұрыс көре білу. Спектакльдің көркемдік ерекшелігі туралы пікір айту үшін ежелгі грек, шығыс театрларынан бастап, бүгінгі театр өнерінің даму үрдісін жетік меңгеруің керек. Сонымен қоса, спектакльді ауызша талдап, ойыңды жазбаша түрде жазуға міндеттісің. Осы екі қасиет бойыңда болмаса, театр сынымен айналысу өте қиын. Бұл бөлімге түскен жастардың дені оқу бітіргенше селеудей селдіреп, адасқанын түсініп, шығып кететіндері көп. Өйткені театр синтездік өнер болғандықтан оның табиғатын дұрыс ұғып, спектакльдің көркемдік-идеялық ерекшелігін түсініп, сөз айту білімділікті, яғни, өнердің барлық түрінен хабардар болуды талап етеді. Көргеніңді, оқыған-түйгеніңді ақ қағазға суреттей салып жазу тек еңбекпен жүзеге асады.
Болашақта зейнетінен бейнеті көп бұл мамандықпен айналысатын жастардың болмай қалу қаупі де жоқ емес. Біздің пікірімізше, театр сыншыларына да үлкен қамқорлық қажет. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін оларды жұмысқа орналастыру ісіне Мәдениет және спорт министрлігінен бастап, барлық театр басшылары атсалысқандары жөн. Жасыратыны жоқ, облыстардағы театрлардың әдебиет бөлімінің меңгерушілерінің басым бөлігі театртанушылар емес. Театр сыншылары – театрдың бір бөлшегі. Оның қоғамдағы рөлі актерлерден, режиссерлерден, драматургтерден кем емес.
Бүгінгі таңда әлемдік театр өнерінде театр сыншылары театрдың тарихын жасап шығатын шежіреші-ғалым ғана емес, театрдың жұмысын насихаттайтын жарнамашыға да айналып кетті. Олар ең үздік спектакльдерді басқа мемлекеттерге көрсетуге белсене араласады. Ал біздің еліміздегі театр сыншыларының білімі олардан кем емес. Сондықтан да қазақстандық театрлар театр сыншыларымен жұмыстарын күшейтсе, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болатынына сеніміміз мол.
Амангелді Мұқан:
– Сұрағыңыздың соңынан бастайын. Әр саланың өзіндік ерекшеліктерін ашатын, ғылыми тұрғыда зерттеп зерделейтін, заңдылықтарын қарастыратын, сахнаның практикалық мәселелерін ғылыми-теориялық тұжырымдармен байланыстыратын негізі болады. Ол театрда – театртану. Мамандықты игерген адамның театр өнерінің бүге-шүгесіне дейін біліп, оны жіліктеп шағып беретін маман болу қажет. Кейбір оппоненттеріміз театртануға актер мен режиссер болуда жолы болмағандар барады деген пікірлер айтылып жүр. Оқуға түсуге келген талапкерлердің белгілі бір мөлшері мүмкін осы салаға келер де. Десек те, бұл түбегейлі жаңсақ пікір. Мамандықты таңдап алған адамның атқаратын шаруасы шаш-етектен. Диплом алып шыққанның бәрі театр сыншысы емес. Оның ішінде театрға берілген табандылары театрды төңіректеп, театр туралы жазып, белсенді пікір айтып қалыптасады. Жалпы, әлемде театр тарихшысы, театр сыншысы болып бұл саланың зерттеушілік һәм сыншылық жағын екі бөлек айналысатын қалыптасқан үрдіс бар. Оның зерттеу нысаны театр, сол театрдың тарихын да, сынын да бірге алып жүруінде. Осы саланың практикасы мен теориясын терең игерген, сол өнерді сүйетін, сол өнер үшін өзінің жеке уақытымен санаспайтын жандар театр сынында тұрақтап қалады. Дұрыс айтасыз, бүгінгі қойылатын спектакльді түсіну, түсіндіру үшін де өре, білім, терең ой, соны көркем тілмен жазып жеткізетін шеберлік керек. Жақында театртанушы әріптесіміз Нартай Ескендірді студиясына шақырған бағдарламасында «Театр сыншысының да жанұясы бар, олар айлықты қайдан алады?» – дегені. Қиындығы театр сыншысы күндіз айлық беретін жұмысымен, қалған кешкі, түнгі бос уақытын театртанумен айналысып, спектакльді бір емес, бірнеше мәрте көріп, рецензия жазғаны үшін көк тиын да ақша алмайтыны. Ол мәселе ешкімді де ойландырмайды. Сол айтқандай, театрдың спектакліне жазылған сын пікір, рецензия, мақалаларына еңбекақы төленбейтін болғандықтан, театр сынында өз ісінің жанкештілері қалады десек, қателеспейсіз. Отандық театр жүйесінде сыншысының құқықтық мәртебесі қарастырылмаған. Осы маңызды мәселелерді алдағы уақытта шешуіміз керек.
Анар Еркебай:
– Әрбір қойылымның, жалпы кез келген өнер туындысының жақсы жақтары мен кемшіліктері бар және оларды талдау кемелдікке бастайтын қадам. Егер қойылым сахнаға шығып, оны қойған режиссер, орындаушы актерлер, тамашалаған көрермен бар болып, сыншы, талдау болмаса, өнер туындысының өмірлік циклі аяқталмайды. Мұның нәтижесі – режиссер мен актерлердің бағыттарының дұрыс не дұрыс еместігінің, нені жақсарту, не нәрсеге көңіл бөлу керек екендігінің білмеушілігіне әкеледі. Ал бұл өзіне деген сенімділік пен өзгергісі келмеушілікке ұласатыны да заңдылық. Қазіргі театрлар сынды интернет желісіндегі блогерлердің постымен шатастырады. Кәсіби театр баспасөзі келесі күні шығатын шолу емес, күнделікті жаңалықтар лентасы емес, күнделікті оқиға контексі емес. Кәсіби театр баспасөзі – театр өмірінің қоғамдық-саяси контекстен шығарылған портреті, түрлі жанрда өрнектелген терең талдау – режиссер мен актер портреті, маусымның қорытындысы, кәсіби театрлық рецензия, проблемалық мақала, т.б.
Меруерт Жақсылықова:
– Бүгінгі рухани құндылықтар арзандап, өмір сүру философиясы өзге сипат алған сәтте сахна салты мен дәстүрінің жаңа бір түрге, ерекше кейіпке енгені сөзсіз. Перформативтік ыңғайдағы қойылымдардың көпшілігі алғаш қауышқан адамға (көрерменге) түсініксіз қалыпта көрінуі де заңдылық. Алайда қандай қойылымды алсаң да, оның ішкі нақты құрылымы бар екеніне көз жеткізуге болады. Құрылымның өзегі – режиссерлік трактовка немесе режиссер ұсынған «ойын шарты» деп қабылдау керек. Спектакльдің кілтін тапсаңыз, оның ішіне түйген құпиясында анықтау қиын емес. Міне, театр сыншысы режиссер идеясын осылай қарастырады. Жолдың тауқыметін жолаушы түсінетіні секілді, театр сыншылығының қиындығы туралы сол ортада жүрген адам ретінде таңды таңға соғып баяндауға болары сөзсіз. Ал қысқаша айтсам, әлемдегі театрлық дәстүрлер мен тенденцияларды, теорияларды толықтай білмейінше, сыншы болу мүмкін емес.
Зухра Исламбаева:
– Барлық театрдың репертуарлық саясатын, кезеңдік қойылымдарын, шығармашылық тынысын дер кезінде салмақтап, бақылауда ұстап отыру да театр сыншысының негізгі функциясы болып табылады. Ауызша талдаумен бірге театрдың бағытын, драматургия мен режиссурадағы, актерлік өнер мен сценографиядағы ізденістер мен кемшіліктерді дөп басып тану, спектакльдің жекелеген компоненттерінің шығарманың идеясына, жанрына қарай орынды қолданылуын әдеби-ғылыми негізде қағаз бетіне түсіру сыншы мамандығы үшін аса маңызды. Өйткені театр сыншысының әрбір сөзі, театртанушының жазбасы театрдың тарихын құрайды. Бұл мамандықтың қиындығы сонда. Яғни театр сыншылары – үлкен рухани-мәдени жауапкершілікті көтеріп жүрген маман иелері.
Айзат Қадыралиева:
– Театр сыны күрделі сала, әдебиет сынына қарағанда театр сыны әлдеқайда қиын. Өйткені біз әрдайым бір емес, бірнеше (тірі) адамдармен жұмыс істейміз (драматург, режиссер, актер, суретші, композитор, бет әрлеуші, т.б.). Олардың әрқайсысы өз ісіне қатысты жағымды сөз естігілері келеді. Ал көңіл толып айтатындай төрт құбыласы тең қойылымдар алдан шыға бермейді. Сондықтан жоғарыда аталған сан салалы шығармашылық топқа бір нәрсе деу де оңай емес. Жандарын жаралап алмау үшін сан түрлі жолын іздейді. Әрине, табиғатына қарай әр сыншы әрқилы жеткізіп жататыны рас, бірақ барлығының мақсаты біреу. Көзге көрініп тұрған кемшіліктерді бүкпесіз ашық айту. Қиындығы да осы шығар. Міндетіне келер болсақ, сахнадағы шығарманың кем-кетігін түзеп, көркемдік сапасын жетілдіруіне титтей де үлес қосу болар. Театр сыны – театр өнерінің өрісін анықтар ең басты өлшем ғой, түсіне білген жанға.
– Республикалық театр фестивальдерін ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына сыншылар араласа ма?
Бақыт Нұрпейіс:
– Республикалық театр фестивальдерін ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына сыншылар араласпайды. Елімізде жылына бірнеше театр фестиваль өткізіледі. Олардың көркемдік деңгейі, жүзеге асу барысы, статустары да сан алуан. Халықаралық, республикалық, аймақтық деңгейде ұйымдастырылатын бұл фестивальдердің көркемдік сапасы да әрқилы. Бізде фестиваль өткізу ісі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан бір ізге қойылмаған. Айталық, барлығымыз жақсы білетін бүкілресейлік «Золотая маска», халықаралық «Чехов» фестивалі мен орыстілді театрлардың «Балтийский дом» фестивальдерінің мықты критерийлері бар. Бұл фестивальдерге спектакльдерді тек қана театр сыншылары таңдайды. Ал бізде фестивальдің өткізілу мерзімі жақындағанға дейін анықталмайды. Қай театрлар қандай спектакльдермен қаты- сатынын да ешқайсымыз білмейміз. Кейбір фестивальдерді жергілікті облыс әкімдігі өткізе қалса, міндетті түрде сол жердегі театрға бұрып, қазылар алқасының жұмысына кедергі келтіреді. Өткен жылы Қарағанды қаласында өткен «Сын – шын болсын» театр фестивалі туралы арнайы мақаламда жаздым. Бір фестивальде екі бас жүлде ешуақытта болмайды. Сондықтан да, жергілікті әкімдік тарапынан қазылар алқасының жұмысына араласуға жол берілмеуі керек. Бұл жай мәдени мейрам емес, нағыз кәсібиліктің жоғары деңгейін көрсетіп, бәсеке көрігін қыздыратын жарыс деп қарағанымыз жөн.
Бүгінгі таңда қазақ театрының әлемдік мәдени кеңістікте бәсекелестік деңгейіне жету үшін әлі талай жұмыс істеу керектігін елімізде өтіп жатқан театр фестивальдері дәлелдеп отыр. Біз әлемдік театр кеңістігіне еркін шығу үшін міндетті түрде, біріншіден: фестивальдің ұйымдастырушылық-менеджерлік негізін күшейтуді, екіншіден, фестиваль критерийін жасауға театртанушыларды қосуды, үшіншіден, фестивальге қатыстырылатын спектакльдерді іріктеуді кем дегенде бір жыл бұрын бастауды қолға алуымыз керек. Содан кейін фестиваль өткізу мәселесіне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Театр қайраткерлері одағы, Қазақстан Театрлар ассоциациясы, Халықаралық театр сыншылары бірлестігі жауапкершілікпен қарап, бірлесіп жұмыс жасауы керек. Сонда ғана фестивальдің шоқтығы көтеріліп, шын мәнінде көркемдік тұтастыққа жеткен спектакльдер көрсетілер еді. Республикалық театр фестивалінен бас жүлдені жеңіп алған спектакльдерді алыс-жақын шетелдерде өткізілетін театр фестивальдеріне қатыстырылуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек.
Амангелді Мұқан:
– Әрине араласады, фестиваль театр сыншысынсыз өтпейтін іс-шара. Бірақ бізде түсінік басқа. Театр сыншысының міндетін күні кешеге дейін кім көрінген атқарып келді. Фестиваль көрсетілген спектакль жайлы талдаулар, қажет кезде өткір сын да айтатын орын. Біздің республикалық фестивальдерде актер де, режиссер де, ақын да, жазушы да, қоғам қайраткері де, журналист те театр сыншысының міндетін қиналмай атқаратыны таңдандырады. Етікші етігін тігіп, егінші егінін еккені жөн. Әркім өз ісімен, айналысуы керектігін әлі күнге жиі ауысатын министрге, министрліктегі театр ісімен айналысатын аз санды мамандар түсінгенімен, түбегейлі өзгерістер жасауға қауқарымыз жетпей тұр. Оны төменнен жасайтын қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің белгілі себептермен қақ жарылуы театрлардың басын біріктіруге кедергі келтіруде. Республикадағы бар театрларды қаржыландыруына қарай министрліктің, облыстың, қаланың ауданның еншісіне деп бөлшектеудің басы айналып келгенде ортақ шығармашылық, ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге, бір тудың астына жиналуға да кесірін тигізуде. Кезінде жазылған құжатқа сүйенген олардың бүгінгі қазақ театрының дамуына кедергі келтіріп жатқаны анық. Заманға сай жаңаша ұстаныммен осындай театр ісін жүргізуді реттейтін құжаттардың жоқтығы, әліге дейін қабылданбауы, сол баяғы кеңестік дәуірден қалған түсінікпен республиканың репертуарлық театрларын басқаруын әрі жалғастыруда. Сондықтан да біз отандық театртанушылар өз бірлестігімізді құрдық. Осындай бір өлара шақта бөлшектеніп жүрген театрларды ортақ пайдалы іске жұмылдыруға әрекет етіп жатқан жайымыз бар. Соңғы жылдары аймақтарда өтетін театр фестивальдерінде мазмұндық, тақырыптық, қатысушыларға пайдалылығы, кәсіби сараптама жасау, көркемдік деңгейі жағынан анағұрлым жоғары көтерілді. Кәсіби театртанушы мамандар фестивальдерге шақырыла бастады.
Анар Еркебай:
– Әлемдегі ірі фестивальдердің имиджін қалыптастырып жатқан, бірінші кезекте, оның бағдарламасы. Ал сол бағдарламаны қалыптастыруға қол ұшын беретін мамандар – театр сыншылары. Осы тараптан айтсақ, еліміздің театр фестивальдерін ұйымдастырушылар көп кезекте бағдарламаны өздері құрады. Ал көрушілер тарапынан «сыншылар қайда қарап отыр? Бұл қойылымды неге фестивальге жіберді?» деген сұрақтардың болып жатқанын да естігеніміз бар. Сондықтан фестивальдік бағдарламаны түзуде ұйымдастырушылардың театртанушылармен қатар жұмыс жасағаны дұрыс болар еді. Пандемияға дейінгі соңғы 2-3 республикалық фестивальді Мәдениет министрлігі өткізген кезде бізді сарапшы ретінде қойылымдарды іріктеп алуға шақырды. Ал халықаралық фестивальдердің жағдайы бұдан да күрделі. Фестиваль бір-екі ай көлемінде дайындалғандықтан шетелдік театрлардан келіп түскен өтініштердің барлығы қабылданып, қатысуға мүмкіндік бергенінде. Халықаралық деңгейге көтерілеміз деп жағрапиялық көрсеткішті қуалаймыз. Басқаларды айтпай, өз басым қатысқан 2018 жылы Талдықорғанда өткен Орталық Азия елдерінің фестивалі мен 2019 жылы Нұр-Сұлтандағы «Самғау» фестиваліндегі Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген қойылымдар сын көтермейтін дәрежеде болды. Егер сол қойылымдар сыншылардың сараптауынан өтсе, фестивальге жолдаманы, әрине, алмайтын еді.
Күні кеше, ютуб каналындағы Фархад Молдағалидың үстел басына қантты шашып тастап, «мынау саған, мынау саған» деп еліміздегі фестивальдерде жүлде таратылуын күлдіріп айтуы да шындық. Осы көрініс арқылы Фархадтың Қарағандыда өткен «Сын – шын болсын» фестивалін айтып отырғаны түсінікті. Ол туралы жаңа Бақыт Кәкиқызы айтып кетті ғой. Қатысқан әр театр ұжымына ат мінгізбесе де, құлын жетектетіп, ал бас жүлдені өз театрларына, өткізіп отырған облыстың еншісіне алып қалуға тырысады. Фестивальдің ұйымдастырушыларына бұл әдеттен арылуымыз керек дегім келеді. Ақырындап осыған келе жатырмыз да. Соңғы жылдардағы фестивальдерде жартысы болмаса да, үштен бір бөлігі жүлдесіз қайтып жүргені жюри мүшелігіне енген сыншылардың арқасында. Яғни, «әр ұжымға міндетті түрде қолдан номинация жасап беру дұрыс емес» дегенді алға тартып, үлкен дау-дамаймен жеткен кішкентай жетістігіміз. Соңғы жылдары фестивальге театртанушыларды шақыру үрдісі жақсы дамып келеді. Осы ретте Көкшетаудың орыс драма театры ұйымдастырып отырған «ТеArt Көкше» фестивалінінің арт директоры Б.Бахтыгереевтің жюри мүшелерін отандық және шетелдік театр сыншыларынан түзуі өз нәтижесін жақсы көрсетіп жатыр.
Жалпы, фестиваль тек үздік қойылымдар қатысатын өнер мейрамы. Үлкен іріктеуден өткен спектакльдер қатысатын әлемдік деңгейдегі фестивальдердің миллиондаған көрермен жинайтыны да содан. Бізде де сондай тұрақты іс-шара қалыптасып, еліміздің имиджін көтеретін фестиваль болса екен деген ниетіміз зор. Сондай-ақ республикалық, халықаралық театр форумдарында жас театртанушылар үніне де құлақ салған жөн болар еді.
Меруерт Жақсылықова:
– Республикалық театр фестивальдерінің ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына көп қатыса бермейтініміз рас. Әр фестивальдің қазылар алқасы құрамында театр режиссерлері, қоғам қайраткерлері, көрнекті тұлғалар болады. Тек бір ғана театр сыншысы жүреді. Талдау кезінде сол сыншыға салмақ түседі. Қалғандары сыншының айтқанын мақұлдап, қосыла салғанын талай көріп жүрміз. Сондықтан шығар театр сыншыларының көп көзге түсе бермейтіні. Жалпы, фестивальдерді өткізудің жаңа жүйесін жасау керек. 1, 2, 3-орын деп жүлде бөлу әлемдік практикада жоқ. Осы тұсты қайта қарау маңызды. Алайда тәжірибе алмасу процесі тоқтамауға тиіс.
Зухра Исламбаева:
– Фестиваль дегеніміз – театрлардың, нақтысын айтқанда, режиссерлердің, актерлердің, театр суретшілерінің, т.б. тәжірибе алмасатын шығармашылық шара. Сол үшін театр сыншыларының сарабынан өткен көркемдік деңгейі жоғары қойылымдар көрсетілуі керек. Бұл мәселе айтылды да, айтылып та жүр, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Сол баяғы қалыптасқан дәстүрден ажырағысы келмейтін ниеттен арыла алмай жүрміз.
Айзат Қадыралиева:
– Сыншы мен шығармашылық адамдарының арасы әлі де алшақ жатқаны жасырын емес. Үлкен өнердің бір шетінде жүргендіктен, илейтін теріміздің пұшпағы да біреу екенін түсіндірумен әуреміз.
Театр фестивалі деген ол – жарыс. Оған кіл жүйріктер жиналу керек. Ал бізде қандай, ой-қыр демей өрге шабатын арқар жүйріктен гөрі жүк тасуға, шаруаға пайдаланатын шабан аттар көбірек қатысады. Көп жағдайда ауыз толтырып айтар дүние таппай қиналамыз. Кез келген үлкенді-кішілі фестивальдерге жіберетін спектакльдер ең алдымен, бейтарап сыншылардың сараптауынан өтуге тиіс. Айсыз қараңғы түнде ұрлық жасағандай қолындағы билігін пайдаланып я болмаса алыс-жақын таныстарының көңілін қимай сахнаға аттандыра беруге болмайды, оның аяғы жақсылыққа апармайды. Театр өнеріндегі құлдырау анық осы жерден басталады. Жалпы, алдағы уақытта театр фестивалінің мәртебесін ойлайтын есті біреу болса, көң-қоқырды сілкіп тастап, көркем атрибуттарды таңдау жағын театр сыншыларының құзырына қалдырған жөн. Фестиваль талаптарға жан-жақты жауап іздеу – жалғыз ұйымдастырып жатқан театрға емес, бәріне ортақ міндет. Театр сыншылары фестивальдің талап-тілегін жүзеге асыруға қай кезде де мүдделі. Сол мүддені қолдайтын естияр басшыға айтарымыз, фестиваль – рухани кеңістігіміз үшін аса маңызды шара екенін естен шығармаса болғаны.
– Жоғарыдағы сауалдың қойылу мәнісі мынада. Театр сынының көрнекті өкілі болуымен бірге, күллі өнеріміздің тамырын дәл басып танып, кемшілігі мен жетістігін бірдей саралаған Әшірбек Сығай театр ойшылы ретінде жүрегіміздің төрінде мәңгі орныққан. Алайда Әшірбек ағамыздың ізін басқан, өзі оқытып, өзі тәрбиелеп, баулыған шәкірттерінің бірнеше буындағы тұтас толқыны қалыптасса да, олар кәсіби сынның қандай болатынын дәлелдеп, сахна жұмысына қатысып жүрсе де, көпшілік арасында ол кісіден басқа театр сыншысының еңбегін елемеу, тіпті «театр сыны жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртуге дейін баратын дағды әлі қалмай келеді. Сіздер бұл пікірмен келісесіздер ме?
Бақыт Нұрпейіс:
– Өте орынды сұрақ. Қазақ театртану ғылымының қос алыбына айналған Бағыбек Құндақбайұлы мен Әшірбек Төребайұлының өмірден озуы бүкіл қазақ театры үшін ғана емес, тұтас қазақ мәдениеті үшін орны толмайтын ауыр қаза болды. Ұстаздарымыз көздері тірі кезінде болашақты болжап, көрегендік танытып, қазақ театр сынын көтеру үшін ең әуелі өз топырағымызда мамандар даярлау қажеттігін бірлесе қолға алып 1990 жылы Т.Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтында алғашқы театртанушылар тобын қабылдады. Сол жылдары аталған оқу орнының ректоры болып тұрған Ә.Сығай Б.Құндақбайұлына үлкен қолдау көрсетті.
Мен өз басым Бағыбек Құндақбайұлының шәкіртімін. Әшірбек Төребайұлы бізге дәріс оқымаса да, ұстаз тұтамын. Өйткені екі сыншымен талай Республикалық театр фестивальдерінде қазылар алқасының мүшесі болдым. Ол кісілердің спектакль талқылауларын көзіммен көріп, көңіліме тоқи жүріп, көп тәжірибе жинақтадым. Әрине, Әшағаңдай «сегіз қырлы, бір сырлы» сыншыны көзбен көрген замандастары мен кейінгі толқын жастардың ол кісіні сағынары сөзсіз. Бірақ дәл қазір Ә.Сығай ісін жалғастырып жүрген театр сыншыларының бар екенін біліп тұрып, «жоқ» деп айтушылар сол ағалардың қаншама жылдар бойы театртанушылар даярлаған есіл еңбегіне топырақ шашып отырғандай әсер қалдырады. Себебі олардан білім алған театртанушылар тек Қазақстан театрларын зерттеумен айналысып келеді. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары жоғарыда есімдері аталған театртанушы ғалымдардың қаламынан елуден астам кітап, екі мыңнан астам мақала жарық көріпті. Соған қарамастан елімізде «театр сыншылары жоқ», «театр сыншыларының деңгейі төмен» (жұмыс орнымыздағы ректорға звондап) деп қаралап айтып жатқан сөздер басылар емес. Мұндай іспен кімдердің айналысып жүргенін де жақсы білеміз. Біздің фестиваль кезінде жанашырлықпен айтқан пікірлерімізді сабырмен сараптаудың орнына керісінше, бізді жамандаудан не ұтатынын уақыт көрсете жатар. Егер қазақ театртанушыларының пікірлерін қабылдамаса алыс-жақын шетелден театр сыншыларын шақырып талдата берсін. Осы орайда, Халықаралық театр фестивальдерінде сырт жақтан келіп пікір білдіріп жүрген театр сыншыларының қалай талдайтынын тыңдап жүрміз. Біздің сыншылардан асып талдау жасаған ешқайсысын көрмедік. Тіпті Еуропа мемлекеттерінен келген театр сыншыларының спектакль біте салысымен пікір айтудан бас тартқандарын да білеміз. Грузин театр сыншысы Лаша Чхартишвилиден басқа, фестивальде қазылар алқасының мүшесі болған шетелдік театр сыншылары қазақ театрына жанашырлықпен қарап, қай бағытпен дамып бара жатқаны туралы жарты бет мақала да жазған емес.
Былтырғы жылы режиссер Ерсайын Төлеубай «Театр құр мақтаумен дамымайды» деген мақаласында («Қазақ әдебиеті», 12.11.2021) театр сыны туралы біраз ойларын ортаға сала келіп: «Әркімнің торқалы тойын тойлап, бір киер шапан, алар ақша «гонорар» үшін жазу да жақсылық емес» деген пікір білдірді. Автор сыншылардың аты-жөнін атамаса да, нені меңзеп отырғанын түсіну қиын емес. Немесе облыстық театрлар спектакль премьерасын талқылауға театр сыншысын шақыратын болса, жол мен қонақүй шығынын көтереді. Ал спектакльді талдап, жазғанымыз үшін ешқандай да қаламақы төлемейді. Өйткені «театртанушыларға ақы төленсін» деген заң жоқ. Театр директорлары заң болмаса, қалай төлейді? Сол сияқты режиссер Мұрат Ахманов «Жайық үні» (04.11.2021) газетіне: «Сыншы да жоқ. Әшір ағамыз кеткелі сыншыны жоғалттық. Біреулердің сөзіне еріп, арнайы мақсатпен келіп, көтермелейтін сыншылар сыншы емес», – деп сұхбат берді. Біздіңше, М.Ахманов жұмбақтамай, сол сыншының аты-жөнін ашық айтып, қай спектакльді көтермелеп жазғанын айтса, нақты жауап беруге дайынбыз.
Ойымды түйіндейтін болсам, актерлер мен режиссерлер театртанушыларды менсінсе де, менсінбесе де, қазақ театр тарихын осы театртанушылар жазатынын ұмытпағандары жөн. Біздің театрымыз тек өзімізге ғана керек екенін ұғатын мезгіл жетті.
Амангелді Мұқан:
– Біз айтылған сөз, ой-пікірлер жүре тыңдалып немесе мүлдем назарға ілінбейтін «өзім білем» деп кеудеге ұрған кері кеткен кезеңде тұрғанымызды мойындауымыз керек. Қоғамда болып жатқан саяси дағдарысқа, әлеуметтік теңсіздікке, коррупцияға, лепіре мақтау мен мақтану секілді айналаны жайлаған келеңсіздіктерді көрмеу, байқаса да байқамаған болып өте шығу театрда да, театрдың төңірегіндегі мәселеден де көрініс тапты. Айтыңызшы, кім кімнің сынын тыңдап, қандай қорытынды шығарып жатыр? Кімнің сын пікірі кімге ой саларлықтай оң қабылданыпты? Бәрі пайғамбар, бәрі талант! Мұндай айтылған сынға ер-тоқымын бауырына алып тулайтын «ұлық суреткердің» өкпе-реніші баяғыдан бар десек те, аға буын театр сыншыларының кезінде тәртіп, жүйелі жұмыс болды. Министрлікте театрмен арнайы айналысқан бөлімдер жұмыс істеп, бірізділікпен бақылап отырды. Әрине, министрлік өзі қадағалап отырған соң, сыншыларды арнайы іссапарға жіберіп, репертуарын талдатып, нәтижесінде, газетке шыққан мақаладағы әрбір сын пікірлер мен ұсыныстар нақты талқыланып, қорытынды шығарылатын. Кемшіліктер жөнделетін. Мамандармен санасатын, мамандар айтқаны назарда болатын. Ал қазір сын спектакльге айтылсын, министрлікке айтылсын, сол жерде жеке басқа, режиссердің, актердің, министрдің жеке құқықтық кеңістігіне қол сұққандай жау көре қабылдайтын заманда тұрмыз. Бұл – шындық. Сын айтқанды оқудан шығар, жұмыстан шығар дегендей қоқан-лоқы көрсетулер де біздің бүгінгі күніміздің «керемет» көрінісі. Сондықтан сынын жаза-жаза, айта-айта қанша көсілсең де, сыналған нысаннан, оны басқарып отырған ресми мекемеден кері жауап болмағасын босқа арамтер болып, кеудесін оққа байлайтындар қатары да азая береді. Қаласаң да, қаламасаң да, бұл тағы шындық.
Театр сынында ұстаздарымыз Б.Құндақбайұлының, А.Қадыровтың, Ә.Сығайдың, С.Қабдиеваның т.б. әрқайсысының қазақ театр өнерін дамытуда өзіндік орны, үлесі бар. Соның ішінде Әшекеңнің өзіндік орны бар. Ұлт театрының отымен кіріп, күлімен шыққан, осы салада ресми мекемелерге басшы болған ірі тұлға. Бүгін екінші Әшекеңді іздеу қиын шаруа. Екінші Әшекең тумайды да. Есесіне, сол кісінің жолын жалғаушы, өзі тәрбиелеген қаншама талантты шәкірттері бар. Қазақ театр сыны бар деп анық айта аламын. Одан да отандық театр сыншыларын орнымен пайдасына жарата алмай жатқан ресми мекеме – Мәдениет және спорт министрлігінің қоғамдық ұйымдармен жұмысын жандандыру керектігін баса айтар едім. Қолға алынып жатқан «Жаңа Қазақстан» жобасы аясында отандық театрларды басқаруда алдыңғы министрлер жіберген кемшіліктерді реттеу, бөлшектеніп кеткен қазақ театр қауымдастығын біріктіру маңызды мәселелердің бірі.
Меруерт Жақсылықова:
– «Театр сыншылары жоқ», «сыншылар жазбайды»... Міне, қазіргі таңда жиі айтылатын театрлық ортаның әңгімесі осындай. Бірақ театр сыншысы неге тегін пікір білдіріп, неге мақала жазуы керектігін ойлап, бастарын қатырып жатқандардың қатары көп емес. «Жоқ» деуге аузым бармайды... Себебі арнайы сапалы сын, кәсіби пікір тыңдағысы келіп, оң-солын, барар шығармашылық бағытын тануды мақсат тұтатын ұжымдар жоқ емес. Бірақ олар саусақпен санарлық...
Ал «сыншы жоқ» деп жүргендердің дені, сол сыншылардың сынына ұшырағандар. Бағымызға орай, сіз тілге тиек етіп отырған Әшірбек Сығайдың төл шәкірті болу бақыты бұйырған екен маңдайымызға. Қазіргі таңда өнерде жүргеніміз де сол кешегі өткен аруағыңнан айналдым Бағыбек Құндақбайұлы мен Әшірбек Төребайұлының арқасы. Дегенмен бір суға екі түсу қаншалықты мүмкін емес болса, кешегі сын мен бүгінгі сынның да бірдей болуы соншалықты мүмкін емес. Театр сыны да заманға сай құбылып, өзгеріп жатыр. Міндеттері де өзгерген. Әшекең сынаған әртістердің көпшілігі арнайы жоғары оқу орнын бітірмеген өнерпаздар болатын. Ал қазіргі біздің алдымызда жүргендер табақтай жоғары білімі бар білікті сахнагерлер. Оларға «рөлді былай ойна», «мына сөзді дұрыс айтпадың» деп сынаудың қисыны жоқ. Себебі спектакль тұтас ағза ретінде, гипермәтін (театрлық дискурс) ретінде қарастырылады. Алайда бүгінгі театрда жүріп жатқан өзгерістерді мойындағысы келмейтіндер бар. Жылт еткен сахналық жаңалықты жатырында тұншықтырып, көзін құртуға тырысатындар да жоқ емес. Әсіресе облыстық өнер ордаларында, театр қауымы арасында осындай жайт анық байқалады. Жаңалықты байқамай, жазғыруға бейім. Спектакльде қит еткен жаңа интерпретация, еркін ой болса бітті деңіз, онда режиссерлер ұлттық діліміз бен дінімізге, өнерімізге қарсы шыққан деп танылады. Осындай «өңірлік көзқарасты» өз басым кертартпалық дер едім. Сахнаның сырын, ішкі ережелерін, режиссер ұсынған шығармашылық құпияларын, мәнерлі мизансценалар мен сөз астарын, спектакльдің көркем идеясын мансұқ етіп, бас жоқ, көз жоқ сынай бастайтын «квазисыншылардың» көбейгені өкінішті. Халықтың (көрерменнің) атын жамылған сол «сыншылар» қанша кесе көлденең тұрса да ерте ме, кеш пе, театрға жаңа серпін ескен желдей енері хақ.
Анар Еркебай:
– Менің ойымша, бұл сөздермен бізге тиіскісі келгендер бірінші кезекте Бағыбек ағай мен Әшірбек ағайдың тәрбие мен білімін беріп кеткен шәкірттеріне топырақ шашамыз деп, ұлағатты ұстаздарымыздың жұмыстарын жоққа шығарып отыр. Жалпы, бұл сөздерді айтып жүрген режиссерлер мен актерлерді тыңдасақ, театр сыншылары ұлттық театрымыздың аутсайдерлеріне айналып, қазақ театрының басты проблемасы тек сыншылыққа тіреліп тұрған тәрізді.
Қазіргі театр сыншыларының атқарып жатқан жұмыстары туралы әріптестерім толық айтып берді. Қосарым, барлығымыз алыс-жақын шетелдерге фестивальдерге жюри, эксперт болып қатысып жүрміз, халықаралық конференцияларда баяндама жасаймыз. Сондағы біздің аузымыздан әлемдік театр өнері емес, тек қазақ театрының жеткен жетістіктері мен ұлттық сахна өнерінің әлемдік театр процесінен қалыспай жұмыс жасап жатқанын алға тартамыз. Ресейлік театр сыншысы Павел Руднев фестивальден кейінгі ауызша пікір айтуды «орыстың ноу хауы» деп отыр. Қазіргі таңда бұл біздің де «ноу хауға» айналды. Жалпы, қазіргі театртанушылар сөйлегенде де, жазғанда да кәсіби этикетті басты назарда ұстайтындығын айтқым келеді. Жас режиссерлер мен актерлерді әрдайым қолдап, үлкен жастағыларды сыйлап, дипломатияны сақтайды. Өкінішке қарай, бұны көбі дұрыс түсінбейтіндігін көріп жүрміз. Режиссерлер, көркемдік жетекшілер, театр басшылары бізді олардың мәңгілік қарсыласы, оппоненті деп қабылдайды. Негізінде сыншы әр театрдың досы әрі көмекшісі болуға дайын. Көбінесе театрлар талдаудан гөрі, мақтауды қалайды. Бұл, әрине, түсінікті, сынды жақсы көретіндер аз, әсіресе шығармашылықтың адамдары. Бірақ театр құбылыс ретінде, процесс ретінде – сараптамалық бағасыз, болашақта қандай тұстарға көбірек мән беру керек екенін түсінбей және өзінің нағыз жақсы, мықты тұстарын біліп, оны тереңдетпей, қалай дами алады?
Жалпы, сыншы мен режиссер-актер-драматургтің арасында жанды әңгіме өрбісе, керемет. Бұл үшін фестивальді күтпей, театрлар бізді шақырып, репертуарындағы бірнеше қойылымын көрсетіп, талдатқаны жақсы. Бұл екі жаққа да пайдалы: сыншы тұжырымдау қабілетін шыңдап, спектакльде жұмыс істегендерді тыңдап, құрметтеуге үйренеді, ал шығармашылық топ кәсіби пікірді тыңдап, онымен санасуға үйренеді.
Зухра Исламбаева:
– «Б.Құндақбайұлы мен Ә.Сығайдан кейін сын жоқ» деген сөз біржақты ұғым немесе бұл театр сыншылары айтып жатқан сыни пікірлерді естімегендердің немесе қабылдағысы келмейтіндердің, олар жазып жатқан дүниелерді оқымайтындардың сөзі деп ойлаймын. Театр өнері функционалдық, формалық тұрғыдан өзгеріске түсіп жатқан дәл қазіргі уақытта театр сынының да қызметінің де, көзқарасының да, мәнерінің де, көру, ойлау жүйесінің де өзгеретіні заңды. Мүмкін қазіргі сөз саптау үрдісі немесе жаңа бағытта, жаңа формада қойылып жатқан спектакльдерге жаңа көзқараста талдау жасалып жатқандықтан көз де, құлақ та үйренген бұрынғы мамандардың талдауынан әсері басқаша болар. Осы жерде айтқым келіп отырған мәселе – драматург жазған пьесасы үшін, режиссер қойған спектаклі үшін гонорар алады, ол міндетті, нақты жолға қойылған. Ал театр сыншылары айтқан немесе жазған дүниелеріне ешқашан қаламақы алып көрген емес. Қазіргі нарық заманында бұл – сыншылардың үлкен мәселесі болып отыр, яғни бұл – театр сыншыларының еңбегі еленбейді деген сөз. Шетелдік жүйемен салыстыратын болсақ, оларда театр сыншысының әрбір сөзі үшін, жазған рецензия, мақаласы үшін зияткерлік еңбек (интеллектуальный труд) ретінде әжептәуір ақы төленеді. Кейбір театрлардың сыншылар келмейді, репертуардағы спектакльдерді көрмейді деген уәжі бар. Бірақ жол қаражатын, тағы да басқа іссапар қажеттіліктерін төлеп, арнайы шақырмаған театрларға сыншы неге өз қалтасынан төлеп баруы керек? Шығармашылық ұжымдарға сол жағын да мұқият ойлану керек сияқты.
Айзат Қадыралиева:
– Менің үлкен бақытым, ұлағаттығы ғажап ұстазым Әшірбек Төребайұлынан дәріс алғаным. Мен үшін оның әрбір дәрісі шөлдеп тұрған иендалаға нөсерлеп жаңбыр төккендей болатын. Иә, дұрыс айтасыз, Әшірбек Сығай батыл ой айтуда әлсіздік танытпай, жалтақтықтан аулақ нағыз жауынгер жанрдың өзіне айналғаны сөзсіз. Бірақ бұл Әшекеңнен кейін сыншы жоқ деген сөз емес. Тәуелсіздік жариялаған жылы «театртану» бөлімін ашқан Б.Құндақбаев пен Ә.Сығайдың кешегі күнге дейін мектебінен неше дүркін шәкірттер түлеп ұшты. Олар сахнада жарық көрген қойылым мұраларының деніне дер кезінде өз ойларын баспасөз беттеріне жариялап жүргендер және кітаптары шыққан өнертану магистрі, кандидаты, профессоры, докторы атанған театр зерттеушілері. Сондықтан тағы айтамыз, Ә.Сығайдан кейін сыншы жоқ деуге негіз жоқ. Бар! Керісінше, сын қабылдаудағы өресі биік өнер адамдары жоқ. Соңғы кезде біразының сұхбаттарын көріп, оқып отырсам, арасында сыншыларға көңілі толмай сөз қылып, тіпті кейбіреулері Ресей сыншыларымен салыстырып отырғандарын да байқадым. Маған салса, мен де айтуға тұрарлық Ресейдегі мықты режиссер-актерлерден жүз мысал келтіріп тұрып салыстыра аламын. Оның қажеті қанша? Ол береке-бірлікке жетелемейді. Не десек те, жанашыр көңілмен айтылған талдауларды көтере алмай, «сын жоқ, сыншы жоқ» деп сынға өсекшінің көзімен қарайтын пенделердің небір сөздерін естіп жүрміз. Өкінішке қарай, сыншыға өкпе артатындар көп, ал айтылған сыннан қорытынды шығаратындар аз. Бұл рухани өзексіздіктің кең масштабта белең алуына ұлттық интеллигенция өкілдерінің басым көпшілігі өз басының қам-қарекет төңірегінде қалуы, театр өнерінің дамуына әлеуметтік қайраткерлері бола алмауы да үлкен обьективті себеп қой. Елді елең еткізерлік дүниелері болса бір сәрі, басынан жай ғана сөз асырғысы келмейтіндер театр өнерін тереңдете өрістеуге көп кедергілерін келтіріп-ақ жүр.
– Қазақстан театрларына дәл бүгін не жетіспейді? Сіздер сахнадан жиі байқайтын кемшілік қандай?
Бақыт Нұрпейіс:
– Еліміздің театр өнері ұлттық сипаты мен эстетикасы басқа ұлттардан ерекшеленгенімен, оның даму үрдістерін әлемдік өркениеттегі мәдени контекстерден бөлек қарастыруға келмейді. Соңғы жылдары біздің жас буын режиссерлеріміз де батыл ізденістерімен көзге түсіп жүр. Атап айтқанда: Д.Жұмабай, Е.Нұрсұлтан, Ф.Молдағали, А.Салбан, Д.Базарқұлов, Г.Адайдың, тағы басқа режиссерлердің спектакльдері көпшіліктің әрқилы пікірін тудырып келеді. Тіпті қарапайым көрермендерді былай қойғанда, Д.Базарқұловтың «Мен», Г.Адайдың «Жұбан» спектакльдеріне Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрының актерлері ашық қарсы шықты. Жоғарыда аталған қойылымдар, негізінен, реализмнен гөрі, театр өнеріндегі шарттылықтарға бағындырылып, ойнау үрдісінің физикалық, когнитивті әдістеріне сүйенді. Бұларды режиссерлік интерпретациясы айқын, ізденіс аясы кең қойылымдар қатарына жатқызамыз. Сонымен бірге заманауи театрлық формалардың актерлік өнерге үлкен сынақ екені де осы спектакльдерден байқалды. Облыс театрларындағы кейбір актерлердің бүгінгі әлемдік театр өнеріндегі құбылыстардан хабарының болмауы, режиссерлік ізденістерді түсіне алмағаны олардың өз қазанында «ескіше қайнап» жатқанына дәлел.
Қазақ театры әлемдік деңгейге көтерілсін десек, ең алдымен өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды танытатын спектакльдер қою керектігін жиі айтып жүрміз. Себебі ұлттық рухы мықты, тамыры тереңге кеткен спектакль ғана өзге жұртты қызықтырары сөзсіз. Қазіргі кезде біздің театрымыздан оқ бойы алға озып кеткен әлемдік театр майталмандарын Шекспирді, Мольерді немесе Гаутманды қойып таңғалдыра алмаймыз. Бұл шетелдік классиканы шығармау керек деген сөз емес. Ол қашан да шеберлікті шыңдаудың биік көрсеткіші болып қала береді. Ал біздің қандай ұлт екеніміз өзіміздің төл туындыларымызды сахналау арқылы ғана көрінері даусыз. Қазақ әдебиетінің алтын қорындағы небір құнды шығармалар әлі күнге дейін сахна төрін көрмей жатыр.
Музыкалық-драма театрларының репертуарлары да театрлардың атына сай емес. Бұл театрлардың шығармашылық құрамы таза драма ұжымдарынан бөлек болады. Ал кейбір қазақ музыкалық драма театрлары репертуарының басым бөлігі драмалық шығармаларға құрылып кеткен. Тіпті соңғы бес жылдың ішінде бірде-бір музыкалық спектакль шығармаған театрлар да кездеседі. Мұның жай-жапсарын тексеріп, театрлардың өз атына сәйкес жұмыс жасауын талап ететін уақыт өтіп барады.
Амангелді Мұқан:
– Алдымен, театрларды бір орталықтандырылған жүйемен басқарудағы кем-кетік тұстардың жұмыс істеуге кедергі келтіретіндігі. Театрларымыз репертуарлық, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мекеме болған соң соған сай оның жұмысын реттейтін қаржыландыру, шаруашылық пен шығармашылықты жүргізу, репертуарлық саясатын маман кадрлармен тұрақты қамтамасыз ету, олардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы секілді мәселелері тізбектеліп шыға береді. Бұл аталған салалардың бәрін түбегейлі реттеу қажет. Осы және өзге де мәселелерді жүйелі бірізділікпен қамтитын «Театр туралы» заң қабылдануы керек. Біздегі театрлардың қазіргі жұмысы «Мәдениет туралы» Заң аясындағы азын-аулақ театрға арналған тараулары мен баптары белгілі жүйемен жұмыс істеуге қол жеткізе алмай келеді. Көрші қонған ТМД елдерінде бұл заң жұмыс істеп жатыр. Біз қазақ, орыс, ұйғыр, корей, неміс, өзбек секілді 6 ұлттың тілінде сөйлейтін 60-тан аса мемлекеттік театрларымыз бола тұра, солардың жұмысын реттейтін негізгі құжатты әлі күнге дейін қабылдай алмай келеміз. Басты мәселе арнайы заң қабылдаумен нүкте қойылуы керек. Мемлекеттік театрлардан өзге, қаншама жекеменшік, коммерциялық театрлардың болу-болмау тағдыры қыл үстінде. Бұлардың да құқықтық мәртебесі, қоғамдағы орны арнайы заңда көрсетілуі керек. Сонымен бірге театрдың даму үдерісіне баға беретін театр сыны да өзінің мәртебесін құқықтық түрде алуы керек. Ал сахнада жиі байқайтын кемшілік дегенге келсек, сахнадан ой салатын тереңдікті, рухты көтеретін асқақтықты, жарқыраған әдемілік пен сәнділікті, қаны сорғалаған өткір шындықты көруден жалықпаймын. Ал осының орнына қан-сөлсіз, театрға берілген шығармашылық еркіндікті толыққанды пайдалана алмау қынжылтады.
Анар Еркебай:
– Қазақстан театрлары қазір жан-жақты даму үстінде. Жас режиссерлердің жаңа форматтағы, жаңа жанрларды игерудегі жұмыстары орасан зор. Бірақ театр құрылғаннан бері оны «мектеп», «кафедра», «трибуна», «тәрбиелейтін жер» деп келген біз үшін ашық сөйлей алмау, өзімізге өзіміз жасап алған цензураға жалтақтау әлі де болса жиі кездеседі. Ойларын бүркемелемей айтатын ашық алаңдар көбеюі керек. Сондай-ақ театрларға жоғары жақтан қалай ма, қаламай ма арнайы бір тақырыпқа спектакль қойдыру ұжымның көркемдік дәрежесін өсірмейтіні ақиқат.
Меруерт Жақсылықова:
– Қазіргі театр сахнасында мультимедианың тілін жетік меңгерген жарық берушілер жетіспейді. Сонымен қатар театрға арнайы музыка жазатын композиторлардың қарасы аз. Тіпті сауатты дыбыс берушілердің сиреп кеткенін жасырғанмен болмас. Заманауи техниканың тілін білетіндердің кезеңі жеткені қашан. Дегенмен біз көріп жүрген спектакльдерде жарық пен дыбыс беру мәселелері жиі кездесіп жатады. Басшылық оларға бөлінетін жалақының аздығын алға тартады. Алайда бұл мәселе де шешімін табуға тиіс. Қазіргі театрларда менеджмент жағын күшейту маңызды. Сонымен қатар облыстық, қалалық әкімшіліктің «арнайы тапсырмасымен» спектакль қою мәселесі де шығармашылықты көркемдік биікке жетелемейтіндігін айтар едік.
Зухра Исламбаева:
– Көркемдік сапасы жоғары деңгейдегі драматургияның өзі үлкен мәселе. Сол сияқты дәл қазіргі таңда қазақстандық театрларға сауатты режиссура жетіспейді. Нақтысын айтқанда, заманауи ойлана алатын режиссерлер тым аз. Жаһандық театр өнерінің көшіне ерекше оқылымдағы қойылымдармен ілесе алмай жатырмыз. Әлемдік театр процесіндегі дамудың қазақстандық театрлардың алға жылжуына ықпалы жоқ деп айта алмаймыз. Алайда әлі де болса ауыз толтырып айтатын дүниелер болмай отыр. Көбінде бұрынғы ізбен қойылған дәстүрлі қойылымдар орын алуда. Актерлерде, барлығында деп айта алмаймын, бірақ басым көпшілігінде өз мамандығына деген фанатизмнің жоқтығы анық байқалады.
Айзат Қадыралиева:
– Бүгінгі режиссерлер, әсіресе жас режиссерлер бір театрда премьерасы ойналған күннің ертеңінде жолға шығып, екінші театрға барғанын доғарса екен деймін. Бір театрдан бір театрға үзіліссіз жүгіріп, шығарманың шаужайына жабыса беруді қою керек секілді. Араға жарты жыл салмаса да, тым болмаса бір ай өзіне демалыс беріп, ентігін басып, келесі дүниеге асықпай-аптықпай кіріссе, дұрыс болар еді. Себебі қарқынды қозғалыстың кесірінен бір-біріне ұқсайтын қойылымдар қаптап кетті. Ұқсас болғандары былай тұрсын, асығыстық салдарынан сахнада жасанды көріністер кеңінен етек жая бастағаны да мүлде жасырын болмай қалды. Режиссерлер әр актермен жеке-жеке жұмыс істеуі керек деген ұғымды түйсіктен шығарғалы қашан?! Сахнагерлердің сөз шеберлігі, ойының жүйелілігі, тіл тазалығы күнделікті тәжірибелерден қалып бара жатқаны өкінішті жағдай. Әсіресе бұл кемшілік облыстағы театрларда қатты байқалады. Мұны немқұрайдық дейміз бе, әлде жауапсыздық па бұл? Не десек те, өнерге қиянат.
Сосын мемлекет қарауындағы кейбір театрлар жекеменшік серіктестік дәрежесінде жұмыс жүргізуі бізді қатты ойландырып жүр. Бұл жағдай өзіміз білеміз деп, айтылған пікірлерді ескермеуі шығармашылық деңгейіне зиянын тигізіп жүргендері бар. Тіпті біреулер өз лауазымдарын асыра пайдаланып жатқандары да кездесетін шындық. Театр өнерінің дамуына кедергі болып жатқан көптеген күрделі мәселелер әлі шешілмей жүргенін де жасырмауымыз керек. Ол қордаланған проблемалар үнемі айтылып та, жазылып та жүр. Оның бәрін түгел қайталап шығу мүмкін емес. Қысқасы, мұның бәрі мемлекеттік идеологияның болмауынан. Ал Мәдениет министрлігі сол мемлекет идеологиясын іске асыратын органның бірі. Жалпы, мына былық-шылықты құртатын, оның көзін жоятын іргелі мемлекеттік реформа керек.
Театр басшыларына сөзіміз өтпесе де, үніміз бәлкім жаңа министрге жетіп қалар. Құдай оңдап жетіп жатса, театр төңірегіндегі толғақты ой-пікірлермен бірге білдірер ұсыныс-тілегіміз де жоқ емес.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»