Бірінші таныстық
Әлімізге қарамай біз де кезінде әдебиет алыптарының соңдарынан салпақтадық. Жандарында жанасып жүрмесек те, сырттай бір-бір жазушыны еншілеп алатынбыз.
Онда біресе қызғалдақ қызға ғашық болып, махаббаттан бас айналып бұрқыратып өлең жазамыз. Мұнымыз өлең деген өрелі өнердің талабына сай келе ме, жоқ па, аражігін ажыратып жатқан біз жоқ. Қойны-қонышымыз толған «өлең». Ішкі дауысты тыңдасақ, мұндай керемет өлеңді тіпті Абай да жазбаған. Бірақ ешбір газет-журнал жарияламайды. Сосын, көсілтіп әңгіме, новелла жаза бастаймыз. «Шикілеу екен» дейді көңілімізді жыққысы келмейтін көкелер.
«Қалай пісеміз?» деп шарқ ұрып жүргенде қолыма от ауызды, орақ тілді сықақшы Садықбек Адамбековтің «Атылған қыз туралы аңыз» атты сатиралық романы түсе қалмасы бар ма? Жата қалып оқиын. Кітап 1969 жылы «Жазушы» баспасынан шығыпты.
Көркем әдебиеттің басты міндеті сөзбен сурет салу, болмысты әсерлі беру, елестету десек, Садықбек ағаның шағын жанрларының өзі үнемі бүкіл оқиға, иірімді көз алдынан өткеріп отырады екен. Әрине, бұл сықақшы туындыларының тұшымдылығын, көркемдігін арттырып жататынын әдебиет теориясын оқығандар жақсы біледі.
«Атылған қыз туралы аңыздың» екінші кітабы араға бақандай 6 жыл салып 1975 жылы жарық көрді. Осы 6 жыл мен үшін 6 ғасырға тең болды десем, қазіргі өндір жас «Өтірікті шімірікпей айтады екенсіз» деріне күмәнданбаймын.
Осылай, Садықбек Адамбеков есіміне мектепте оқып жүрген сарыауыз бала шақтан қанықтық. Әрине, сарыауыз болған соң сайыпқыран, сақа сықақшының сатиралық романына терең бойлай алмадым білем. Бірақ осы олқылықтың орнын С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы қазақтың ұлттық университеті) журналистика факультетінде оқып жүргенде көрнекті ғалым, ұлағатты ұстазымыз Темірбек Қожакеев толтырды. Негізінен садықбектануды үйреткен сол кісі. Адамбековтің шығармаларын жілікше шағып, талқылап жазған еңбектерін оқысаңыз, көп жәйтке қанығасыз. Т.Қожакеев жоғарыдағы кітап туралы «Бұл – ауыз толтырып айтарлық, қазақ сатирасындағы ерекше атарлық жаңалық» деп бағалады. Расында, С.Адамбековтің бұл еңбегі қазақ әдебиетіндегі тұңғыш сатиралық роман еді. Енді Қожакеевше айтсақ, асылы, сатира әсерлі де ықпалды, тәрбиелеуші, сақтандырушы күші мол болуы үшін онда түр-түсі мен іс-әрекеттерінен, ойлау, сөйлеу парасатынан оқушы түңілетін, «мұндай бола көрмейін» деп жиренетін сатиралық образ болуы керек. Садықбек көкем осы шартты үнемі ескеріп отырды. Әр туындысында-ақ тип жасауға талпынды. Көкемнің сықақ әңгіме, фельетондарынан өтірікші суайттың, жауапсыз тоғышардың, жылпос ұрының, басынан жақсылығы артылмайтын өзімшілдің, ымырашыл, жершіл, рушылдың, арсыз арызқойдың бізбен қайнасып жүрген өмірдегідей бейнелері көптеп табылады.
«Төтенше өкіл» деген сықақ әңгімені оқып көрелік. Ақ қар, көк мұзда тар шалбар, шолақ пальто, істік тұмсық туфли киген өкіл ауылға арыз тексеру үшін келеді. Қалың қарда қарға адым аттай алмай бүрсең қағып, сорлап қалады. Осыны пайдаланған шаруашылық басшылары өкілді бір маяның түбіне апарып, коньякқа тойдырып, көзі бұлдырады-ау деген кезде қабат-қабат теңкиіп жатқан төбелерді көрсетеді. Өкілге әр төбе бір-бір мая шөп болып елестейді. Тексерушіні тік көтеріп, иығына қойған Қаспақов істік мұрын өкілді оңға-солға бұрып, сирағынан мықтап ұстап тұрады.
– Көрдім, өте жақсы көрдім. Туу, не деген көп шөп... Ах, оңбаған арызқойлар. Қалай ұялмай өтірік айтады? Түсіріңіз енді... – дейді төтенше өкіл.
«Тірсегі майысқан өкілдің құлап кетем бе деп жүрегі суылдады. Қаспақов өкілді дік еткізіп, жерге қойды» дейді автор.
Бұл, әрине, сатиралық елес берудегі, сөзбен сурет салудағы тың тапқырлығы. Арыздағы айғақтарды індетіп тексеріп, анық-қанығына көз жеткізу орнына, өкілдің совхоз маяларын шаруашылық басшыларының бірінің иығына шығып тұрып санауы – күлкілі елес, тапқырлықпен салынған сурет әрі өкілді ақымақ ету. Мұнан соң директор «енді жаяу жүріп шөпті өлшеп қайтыңыз, қане, алға түсіңіз» дейді. Ұзын тұмсық туфли киген өкіл өлсе алға түсер ме? Бұта паналаған торғайдай сиыр кеулеген мая үңгіріне кіріп, дірдектеп отырған өкіл «ойбай, өлшемеймін, сіздерге сенемін, өзім де көрдім ғой» деп безілдейді.
Осындай тапқыр әрекет, тапқыр елес, тапқыр тіл, тапқыр пікір Садықбек сатирасына нәр беріп, қуаттандырып тұрады. Ауыз тұшып, эстетикалық әсер алатын мұндай шығармалар «Қожанасыр қақпасы», «Аюбайдың ажалы», «Көсенің көзі» атты жинақтарында молынан кездеседі.
Міне, осы үшін де Садықбек шығармалары туралы кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезов кезінде: «Ақындық тәжірибесін мол пайдаланбаса да, фельетон, әзіл-әжуа түріне ауысып, сол кішкене көркем жанрда өз өнерін өткірлеп, айқындап ашып келе жатқан С.Адамбековтің тілі де сүйсінердей нәр танытты» деп жазды. Сондай-ақ ұлы жазушы «Садықбектің әр сақалының түбінде бір-бір сайтан ұялап жатыр» (М. Әуезов. 20-том) деп әзілдейтінін көнекөздер әлі де айтып отырады.
ҚазМУ-де оқып жүргенде Темірбек Қожакеев менің ептеп сықақ жазатынымды біліп, қанатының астына алып жүрді. Бұл кісі сатира жанрына бейім жаңа есімдерге ерекше қамқорлық танытушы еді. Бірде сол ұстаз:
– Сабырбек, сен Садықбек деген ағаңды білесің бе? - деп сұраған.
Қалай білмейін. Арыс балалар үйінен шыққан Садықбектей көзі тірі сатирикті білмеу өлім емес пе? Осыны айтқанымда Темірбек ағай:
– «Ара» журналына іздеп барып, таныс. Мен жіберді десең, жақсы қарсы алуы тиіс, – деп бағыт-бағдар сілтеді.
– «Арада» жұмыс істеу жалаңаш құйрықпен кірпінің үстіне отырғанмен бірдей!» – депті ғой Күлмесханның өзін күлдірген Қалтай Мұхамеджанов ағамыз. Кірпінің үстіне жалаңаш отырып жүрген көкелермен кештеу таныстым. Көкеммен алғашқы таныстық осылай басталған.
Екінші таныстық
Қайратты шашын артына қарай шалқайта тараған кірпішешен үстіндегі көкем әуелі маған тым сұсты көрінді. Содан амалсыз Оспанхан Әубәкіров ағаны жағаладым. Бір-екі шымшыма мен сықақ өлеңімді бармақтай ғана алғысөзбен «Сүзеген сөзге» жариялады.
Сөйтіп жүргенде телеарнадан Садықбек Адамбековпен арнайы сұхбат өтті. Сұхбат беріп отырған сатирик қызуқандылыққа салынып, ерсілі-қарсылы жүріп кетті. Қабағы қатаң. Жүрісі ылдым-жылдым. Сөздері түйеден түскендей. «Мына адам алдына барсам түтіп жейді ғой» деп топшыладым. Кеңес өкіметінің күркіреп тұрған тұсы ғой. «Ара» журналына шыққан атқа мінерлер аттарынан ауып түсетін. Сәкеңнің сұр садағынан атылған жебе талайлардың белін бүгіп, тізесін дірілдетіп тұрған кезең. «Мен де осы кісідей болсам-ау» деген арман сол кезде бой көтерді білем. Бірақ ол кісідей болу қайда?!
Созбалақтап қайтемін, «Араға» бара-бара, табанымыз жара-жара болып жүріп Садықбек көкеммен танысудың орайы келген. Таныстырған Оспанхан ағам еді.
– Келіп-кетіп жүретініңді білем. Қатираға ғашық болғандай сатираға да ғашықпысың? – деді Садықбек көкем салған жерден.
– Иә, аға!
– Қайдансың?
– Оңтүстіктен.
– Жерлес екенбіз. Бірдеңе түртіп жүрсең, ұялмай әкеліп көрсет.
– Макұл, аға!
– Бар, енді сабағыңнан қалма.
Бұдан әрі сұхбаттасудың артықтығын сезініп, сабағыма қарай сырғыдым.
Бірде осы кісіні Темірбек Қожакеев аудиторияға ертіп келді. Таныстырды. Мен бұл кісімен ертерек таныс екенімді білдіргім келгендей елпектеп кетсем керек, Темірбек ағай қабағымен-ақ тыныш отыруымды ұқтырды. Біздің курста Гүлмира деген қыз оқушы еді. Соған бұрылып:
– Айналайын, университеттен соң қай салаға барғың келеді? – деп сұрады.
Сол кезде бізді екі салаға – газет және телеарнаға бейімдеп оқытатын.
– Газетке, – деді Гүлмира іркілмей.
– Қазір газетте қызмет істеу таңсық емес. Таныламын десең телеарнаға орналас. Ол жағына мен көмек беремін, – деді құрметті қонағымыз.
Қонақтың қамқорлығына қуандық. Сәкең курстасымызға өзінің мекенжайын жазып берген. Кейіннен Гүлмираға «сенің сатирик көкең бар емес пе?» деп әзілдеп жүрдік.
Ол кезде Садықбек көкем жайлы небір аңызға бергісіз әңгімелер айтылушы еді. Соның бірі мынау.
Қайнекей Жармағамбетов пен Садықбек Адамбековтің «Ара» журналында бірге қызмет істеп жүрген кезі екен. Бірде Сәкең журналдың бас редакторына кіріп, ақша сұрапты. Қанекең мырс етіпті де:
– Есікті жауып, кабинеттен шық та, іле қайта кіріп, төрт жол өлең шығар. Сосын көрерміз, – дейді.
Сәкең «құп» деп шапшаң басып кабинеттен шығып кетеді де, артынша қайта оралады. Сөйтеді де бастығының алдына бір тізерлеп отыра қалып:
– Қайнекей-ау, Қайнеки,
Садықбегің мінеки.
Ақшаң бар ма, қанеки?
Ресторан әнеки! – деп терезе жақты нұсқайды.
Енді Сәкеңнің сапарлауы жайындағы әңгіме ертегіге бергісіз. Журналист ретінде ол іс-сапарға шығатын болады. Бас редактор Сырбай Мәуленов оған қаражатты қомақтылау белгілесе керек. Жол жүретін күні «Сәлем» мейрамханасында Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Тахауи Ахтанов барлығы жолашарға жиналады. Дастархан құнын Сәкең төлейтін болған соң аянсын ба, тапсырысты үйіп-төгіп береді. Бұл аздай былай шыға интернатта жарты нанды бөліп жеген досы Сырбай Садықбектің екі қолын Жұбан мен Тахауиға ұстатып, қалтасындағы қалған ақшасын сыпырып алады.
– Өз ауылыңа бара жатырсың ғой. Саған ақша неге керек? – деп үшеуі қарқ-қарқ күліпті.
Ақша қалтада. Іштегі тағы бірдеңе тілеп, түрткілейді. Үш «сері» қайта айналып «Сәлемге» кіреді.
Осы кезді пайдаланып Садықбек көкем такси ұстайды. Әуелі Жұбан досының үйіне жетеді.
– Софья! Бол тез. Жұбан жұмсады, – дейді ентігіп.
– Не үшін?
– Орталық дүкенде ғажап норка шуба сатылып жатыр екен. Саған шап- шақ. Жұбан қырғын кезекте тұр. Бол жылдам. Шуба таусылып қалар, – дейді досының жұбайын асықтырып.
Жеңгей Садықбек көкемнің қолына сұраған ақшасын ұстатып қала берген. Осы әдіспен ол Сырбай ағаның үйіндегі Гүлжамал жеңгейді де үптеп кетеді.
Қайтып келсе үшеуі әлі думандатып отыр. Пойыздың жүретін кезі де тақап қалады. Үзеңгіге аяқ салған Сәкең:
– Үйлеріңе тезірек қайтсаңдаршы! – десе керек «жанашырлықпен».
– Аға, осы әңгімелер қаншалықты шындық? – деп сұрадым бір кездескенде көкемнен.
– Қызықсың, – деді ол қыңырланып, – өтірік болса ел қалай айтып жүр?
«Қазақ әдебиеті» газеті, «Ара» және «Крокодил» журналдарындағы қызметінен соң Садықбек көкем шығармашылық жұмыстарға біржолата кетті де, мен де елге оралдым. Арадағы аз-кем байланыс осылай үзіліп қалды.
Мұны қырғи тілді қайсар ағамен екінші кездесу деп біліңіз.
Үшінші кездесу немесе қоштасудың қиыны-ай!
Бұл кездесу туралы ойласам, жүрегімді сағынышқа бөлеп, арқама шаншудай болып қадалатын елеулі оқиғалар көз алдыма келеді. Ғұмырының соңғы жылдарында Садықбек көкем өзі туып-өскен Арысына келді. Баяғы қайратты қара шаш селдіреген, бозаң тартыпты. Денсаулығы да аса мәз емес-ті. Соған қарамастан шығармашылықпен үздіксіз айналысты. Желісі желтоқсан оқиғасын қамтитын 510 беттік роман жазды. «Желтоқсандағы қара түн» атты осы кітапты қысқарта-қысқарта келе 95 бетке түсірді.
– Денсаулығым болмай жүр. Осы кітабымның қаржысына ота жасатуым керек, – деп еді бір барғанымда.
Қарт Сәкеңнің Шымкентке шапқылауы жиіледі. Бірде «Оңтүстік Қазақстан» газетіне арнайы сұхбат берді. Өзі туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Алдыңғы толқын ағалар жайлы кеңірек әңгімелегені, бүгінгі қоғам хақында толғамдарын айтқаны есте қалыпты. Әңгіме Мұхтар, Сәбит, Сырбай, Жұбан, Тахауиға келгенде көкем толқыды.
– Жалғыз қалдым. Олар мені жалғыз қалдырып кетті, – деп жылады.
Қайратты кісінің жылағаны мені қатты толқытты.
Мен білгелі ол жалғызілікті ғұмыр кешті. Ілгеріректе халық ақыны Иса Байзақовтың қызы Махфузамен дәм-тұздары жарасып, бірге тұрғанын естуші едім. «Содан кейін үйленген жоқ» дейтін білетіндер. Оны мен де сезетінмін. Үйіне барғанда жалғыз қарсы алушы еді. Өзі де, тағдыры да күрделі жан еді ғой.
Обалы не керек, қалалық әкімдік пен туған-туыстары жатса – көрпе, жантайса – жастық болып өбектеп күтті. Қала әкімі бір өзіне үлкен үй сыйлады. Садықбек көкемнің осы үйіне жиі келуші едім. Бұл туралы танымал жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт былай деп жазды:
«Сатира сардарларының бірі Садықбек Адамбеков ағамыз өмірінің соңғы жылдарында Алматыда мазасы болыңқырамай, туып-өскен өңірінде, атап айтқанда, Арыс қаласында тұрды ғой. Бірнеше жыл бойы Сабырбек салып-ұрып Арысқа тартып кете барар еді. Садықбек ағасы сатирик інісін жақсы көретін. Сықақтарын тыңдап, мәз-мәйрам күй кешетін, жай адамдарды, жайдақ әңгімелерді жақтырмайтын Адамбеков тілінің қотыры бар, сықылықтай күліп, сықақтай сүйкенетін жас бауырларын жанына жақын тартып, жібермей, бұлар біраз уақыт бармаса жас балаша өкпелеп жүруші еді. Күндердің күнінде қазақ сатирасының классигі Садықбек ағамыз інісі Сабырбекке:
«Келген бала екенсің сағындырып,
Енді сықақ жаза бер қағындырып.
Қандай асау болса да жалында ойна,
Қаламыңның ұшына бағындырып, – деп өлең арнады».
Расында, дәл осылай еді. Бірде мен Садықбек көкеме келешек кітабымды көрсеттім. Алып қалды. Артынша Арыс қаласы әкімінің орынбасары Сәбит Сұлтанов екеуі «Оңтүстік Қазақстанға» мені іздеп келді. Қолжазбамды ұстатып тұрып жымиып күлді. Аз ғана жазған жолашар тілегі бар екен.
«...Алыс сапарға шығарда көкірегі ояу, көргенді елдің баласы ауылдың ақсақалынан бата сұрап, қол жайып тізерлеп отырады екен қарияның алдында.
– Жорытқанда жолы болсын, жолдасы Қыдыр болсын! – деп ауыл ақсақалы бата беріп, күміс сақалын сипап, алдындағы жас жігітке байсалды көзбен қарайды екен.
Ол баяғы, бағзы заман...
Қазір әр үйде бір-бір классик, өзінен басқа адам жоқ, кеудесіне нан пісіп, өзі болып, өзі толып осқырып тұрған кезеңде:
– Сәке, осы бір жинағымды оқып беріңізші, – деп бар ықыласымен келіп тұрған ақын, кәдімгі өзіміздің жігіттерге ұқсайды екен.
Бұл – ізгілік...
Мен Сабырбекті оқып келемін. Ұшқанына, қонғанына қарап, іштей тілектес болып отырамын.
«Мүсәтірді» тіліме тигізіп көрдім. Енді осы жинағы жарық көрген соң сатира – сықақ ақынының «Құс жолы» айқындала түседі.
Жолың болсын, Сабырбек!
Сатираның сары шалы Садықбек Адамбеков» депті қамқор көкешім.
Осы алғысөзімен жаңа сықақ өлеңдерім кітап болып шықты. Көкеме арнайы алып барып бердім. Қатты қуанды.
Сол жолы біз редакцияның ауласындағы шағын бауда ескерткішке суретке түстік. Осы сурет келесі кітабымда жарияланды.
Садықбек аға менің сатирадағы сара ұстазыма осылай айналды. Бұл менің ең бақытты күндерім еді. Үлкенді-кішілі кездесулерде, басқосуларда оқырмандар: «Әдебиеттегі ұстазыңыз кім?» деп сұрап жатады ғой. Мұндайда менің аузыма бірден Садықбек аға түседі.
Шәкірттік міндетім әрі борышым ретінде ұлы ұстазым туралы естеліктер, мақалалар жазып тұрамын. Асыл аға бірде «Оңтүстік Қазақстан» газетіне мені арнайы іздеп келді. Қасында жоғарыдағы Сәбит Сұлтанов бар. Түсте үшеуіміз бір мейрамханадан түстендік. Жүзіктің көзінен өткендей бір әдемі бойжеткен бізге ізетпен қызмет көрсетті. Қырағы көзді көкем әлгі қыздың келген-кеткенін бағып отырды. Әлдене керек болса «Ақ қанатты періштем, келіп кетші» деп шақырады. Расында, әлгі ару жүріп емес, ұшып келе жатқандай, аяғының тықыры сезілмейді-ау. Әр келген сайын көкем қисынын тауып қыздың қолынан бір сүйіп қалады.
Міне, осы көзмерген көкеме қасиетті Түркістанның топырағы бұйырды. Бір төбенің басында төмпешік қана болып ұйықтап жатыр.
Бір қуанарлығы, қазақ әдебиетінде тұңғыш рет сатиралық роман жазған жазушы ретінде Садықбек Адамбековтің есімі алтын әріптермен жазылып қалды. Арыс қаласында С.Адамбеков атындағы орта мектеп бар. Бірақ бұл бізге сатира сайыпқыраны Садықбек көкеме көрсетілген құрмет әлі де аз сияқтанады да тұрады. Биыл оның туғанына 100 жыл толуына орай саңлақ сатириктің көп томдығы жарық көрсе нұр үстіне нұр болар еді. Содан соңғы міндет Шымкенттегі сатира және әзіл театрына Садықбек Адамбековтің есімі берілсе деп танымал сатирик, ақын Көпен Әмірбек екеуміз көптен бастама көтеріп келеміз. Биыл осы тілегімізді Үкімет хош көріп, театрға аты берілсе, бұл да сатирик ағамызға көрсетілген үлкен құрмет болар еді.
Осыдан біршама жылдар бұрын Көпен Әмірбек аға Садықбек Адамбеков атындағы халықаралық сатириктер байқауын өткізді. Заман ағымы мен сарыны қолай көрмеді ме, әлде тиісті мекемелер мен біздің бай-байшыкештер демеушілік жасап, қаржы бермеді ме, осы жақсы басталған үрдіс тоқтап қалды. Қазақтың жаны – күлкі, әзіл-оспақ. Күлкі – витамин. Күлкі – адамның өмірін ұзартатын дәмді дәрумен. Уытсыз, достық рәуіштегі әзіл-қалжың адамдарды табыстырады, таныстырады. Қалжыңқой қазақ барлық қиындықтарда бойындағы үрейді әзілмен жеңген, ел арасындағы күрмеулі түйіндерді астарлы әзілмен тарқатқан. Ендеше, күлкінің күмбезін келістіріп сомдап кеткен Садықбектей сара сатириктен нені аяуымыз керек?
Біздің бұл тілегімізді ел болып қоштап, Үкімет, Қазақстан Жазушылар одағы қолдап, асыл ағаның мерейтойын жетім қыздың тойындай емес, жетілген елдің мерейіндей етіп өз дәрежесінде өткізер деген үкілі үміттеміз.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Садықбек Адамбеков атындағы
әдеби сыйлықтың лауреаты