Мемлекет басшысының сұхбатын мұқият көріп, назар аударарлық тұстарын белгілеп алдым. Әсіресе еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалына кеңірек тоқталып, алдағы даму векторларына байланысты ұзақмерзімді жоспарлары туралы айтқандары құптарлық.
Оның ішінде Президенттің олигополияның ұлттық экономикаға кері әсері жөнінде жеткізген ойлары көңілге қонымды. Көп жағдайда қоғамда осы олигополияны монополиямен шатастырып жатады.
Олигополия – жетілдірілмеген бәсекелестік нарықтық құрылымының бір түрі. Мұнда фирмалардың аз саны басым болады. Демек шектеулі коммерциялық құрылымдар ғана айрықша преференцияларды иеленеді. Яғни халықта таңдау да болмайды. Сөзсіз бұл халыққа, сондай-ақ тұтастай экономикаға тиімсіз жабайы капитализмнің көрінісі. Осының салдарынан мұнай-газ өнімдері, атап айтқанда, бензин, газ сынды әлеуметтік жағармайдың бағасы, сол секілді азық-түлік өнімдері, жекелеген қызмет түрлері және басқа да маңызды тауар түрлері еріксіз қымбаттайды.
Бұның нақты мысалын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының негізінде байқауға болады. Осы компания құрылғалы бері ең тиімсіз құрылым екенін көрсетті. Қаншама маңызды секторлардағы жетекші компанияларды өз туының астына біріктіргенімен одан түскен экономикалық әсер мардымсыз. Мемлекет басшысының аталған холдингті реформалау жөніндегі бастамасын дұрыс деп бағалауға болады. Осымен тоқтап қалмай, бұл ұйыммен бірге басқа да квазимемлекеттік компанияларды жекешелендіру қажет. Бұл жөнінде экономистер талай жылдан бері айтып келеді, бірақ сең қозғалар емес.
Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту күн тәртібіндегі мәселеге айналғалы қашан?! Бізде оның үлесі шамамен 60%-дан асады. Егер де экономикалық теорияға салсақ, бұл көрсеткіш 50%-дан жоғары болмауға тиіс. Одан асқан жағдайды кез келген мемлекеттің экономикалық архитектурасы құлдырайды. Еуропада оның үлесі 40%-ға да жетпейді. Оның нәтижесінде кәрі құрлық дамудың қандай жолына түскен белгілі. Сол себепті тағы да қайталап айтамын, мемлекеттің бизнестегі қатысуын төмендету қажет. Ал оның тиімді жолы – ұлттық холдингтерді жекешелендіру. Осы мәселені реттесек, еркін бәсекелестік орта дамып, олигополия тамырымен жойылады. Ең бастысы, отандық тауарлардың сапасы жақсарып, халықтың табысы ұлғаяды. Президенттің сұхбатта жеткізбек ойы осыған саяды деп түсіндім.
Мақсат ХАЛЫҚ,
экономист