Кеше Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2022 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру туралы мәселелер қаралды.
Қазақстанда 2,4 млн адам ревакциналанды
Бірінші мәселе туралы баяндаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әлемде соңғы аптада коронавирус инфекциясымен ауырған адамдардың саны 20%-ға төмендегенін атап өтті.
Елімізде эпидемиялық жағдай көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Соңғы айда коронавирус инфекциясы жағдайларының орташа тәуліктік саны 34 есе азайды. Стационарда емделіп жатқан адамдардың саны 2,3 есе, амбулаторияда емделушілердің саны 5,1 есе қысқарды. Бүгінгі күні денсаулық сақтау ұйымдарында 30 мыңнан астам пациент, оның ішінде 86%-ы амбулаториялық деңгейде, 14%-ы стационарда емін жалғастырып жатыр.
А.Ғинияттың айтуынша, бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы бірінші компонент ересек азаматтардың 82,1%-на егілді, бұл жалпы, Қазақстан халқының 53,4%-ын құрайды. Екінші компонент 9,4 млн адамға салынды, бұл егілуге тиісті халықтың 78,5%-ы және республиканың жалпы халқының 50%-ы.
Қазіргі кезде негізгі профилактика шараларының бірі – ревакциналау. Биыл ревакциналау деңгейінің өсуі байқалады. Бүгінгі күні 2,4 млн адам ревакцинация жасатты, бұл егілуге тиісті контингенттің 52,6%-ын құрайды. «Ұжымдық иммунитеттің қазіргі деңгейін сақтау үшін ревакциналау деңгейін төмендетпеуіміз қажет», деді министр.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов эпидемиялық жағдайға мониторинг жүргізуді одан әрі жалғастыруды тапсырды. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнес пен халыққа санитарлық талаптарды жеңілдету шаралары қабылданып жатыр. Соған қарамастан әкімдіктер халықты вакциналау мен ревакциналау жұмысын жалғастыруға тиіс. Өңірлерде вакцина қоры жеткілікті», деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Министрлер кабинетінің басшысы жоспардан артта қалған өңірлердің әкімдеріне халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Иесіз қалған гидротехникалық құрылыстар проблемасы
Үкімет отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, сондай-ақ облыс әкімдері баяндама жасады.
2017 жылы Үкіметтің тапсырмасы бойынша 2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі Жол картасы әзірленді, оның шеңберінде 41 млрд теңгеден астам сомаға 402 іс-шара іске асырылды. Өткен жылы айтылған Жол картасын орындау қорытындысы бойынша 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы жасалды. Соның аясында былтыр 37 іс-шараны жүзеге асыру аяқталды. Оларды іске асыруға 2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. «Бұдан басқа, өңірлерді дамыту бағдарламалары және 2022 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша облыстық жұмыс жоспарлары шеңберінде су тасқыны қаупі бар елді мекендерді қорғауды көздейтін 148 іс-шара іске асырылды», деді ТЖМ басшысы.
Жоғарыда аталған бағдарламалық құжаттарды іске асыру шеңберінде өткен жылы 51 жағалауды бекемдеу және 72 шақырымға жуық өзен арнасын тазарту, 78 шақырым қорғаныс бөгеттерін салу және ағымдағы жөндеу, 2 гидротехникалық құрылысты салу және 6 гидротехникалық құрылысты жөндеу, 21 км су бұру арнасын салу және 25 шақырымын тазалау жүргізілді, 4 жергілікті құлақтандыру жүйесі орнатылды.
Жалпы, су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін іске асырудың нәтижесінде 340 елді мекенді су басу қаупі жойылды және 385 елді мекенде қауіп барынша азайды. Бүгінгі күні бұрын анықталған су тасқыны қаупі бар мыңнан астам елді мекеннен 285 елді мекен үшін қауіп сақталуда. «Қазіргі уақытта ірі су қоймаларының орташа толымдылығы 60-75%-ды құрайды. Сонымен қатар бос көлемдер қорын сақтау қажет. Осыған байланысты әкімдіктер мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су қоймаларының толу деңгейін бақылауы қажет», деді Ю.Ильин.
Оның айтуынша, иесіз қалған гидротехникалық құрылыстарға қатысты мәселе бар. Егер өткен жылы олардың саны 10 болса, биыл 25-ке жетті. ТЖМ басшысы оларды коммуналдық меншікке беру бойынша шаралар қабылдауды ұсынды.
Республика аумағында 1 823 гидротехникалық тірек құрылысы бар. Биылғы қаңтардағы жағдай бойынша 1 646 гидротехникалық құрылыс тексерілді. Олардың ішінен 527 объекті жөндеуді қажет ететіні анықталды. Оның 396-сы – коммуналдық меншікте. Жөндеуді қажет ететін гидротехникалық құрылыстардың көбі Қарағанды облысында орналасқан. Гидротехникалық құрылыстардың меншік иелеріне тасқын суды қауіпсіз өткізу және қажетті инертті материалдар мен техниканы даярлау үшін тиісті іс-шараларды жүргізу туралы ұсынымдар жіберілді. Су басу қаупін жою мақсатында министрлік 41 апаттық су қоймасын және гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғыртуды қолға алған. 2017-2021 жылдары 16 объект қалпына келтірілді. Нәтижесінде, 120 мыңнан астам халқы бар 16 ауылдық елді мекенде су басу қаупі жойылды.
ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев баяндағандай, су тасқыны қаупінің дер кезінде алдын алу және жою мақсатында министрлік автомобиль және темір жолдарды су тасқыны кезеңіне даярлау бойынша жұмыстар жүргізуде. «Бүгінгі таңда республикалық автожолдардың ұзындығы 25 мың км құрайды, онда 1 313 көпір және 15 310 су өткізу құбыры бар. Оның ішінде 278 қауіпті учаске, 84 көпір және 883 су өткізу құбыры бақылауға алынды, оларда 700-ден астам жол-пайдалану техникасы бекітілген. Автожолдарды даярлау шеңберінде су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді және орталық және өңірлік деңгейлерде комиссиялар құрылды», деді Қ.Өскенбаев.
Кедендік функцияларды орталықтандыру жұмысы аяқталды
Үкімет отырысында кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мәселесі қаралды. Бұл бағытта жүйелі шаралар қабылдау туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндады. Ол әкімшілендіру процестерді түбегейлі жақсартуға мүмкіндік беретін мәселелерге тоқталды.
Министрдің айтуынша, тауарларды импорттау кезінде декларацияны дұрыс бермеу – үлкен мәселе. Айталық, Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистика деректерінің алшақтығы 5,7 млрд долларды құрайды. «Әлемдік тәжірибеде сыртқы сауда статистикасындағы айырмашылықтар көптеген елдерге тән екенін атап өту қажет», дейді Е.Жамаубаев.
Оның айтуынша жоғарыда аталған 5,7 млрд доллар алшақтықтың құрылымы мынадай: оның 0,3 млрд-ы – әдіснамалық аспектілерге байланысты, 2,6 млрд доллары Қазақстан Республикасы арқылы Қытай Халық Республикасы тауарларының транзиті бойынша, 2,8 млрд доллары – дұрыс емес декларациялауға келеді. Негізгі сауда топтары: киім, аяқ киім, ойыншықтар. Жалпы, 2,8 млрд доллар дұрыс декларацияламау кезіндегі республикалық бюджеттің болжамды шығындары 150 млрд теңгеге бағаланады.
Екінші мәселе, Қытай Халық Республикасымен шекарада әкімшілендіруді күшейтуге байланысты Қытайдан Қырғызстанға тауарлар импортының ағылуы байқалады. Осы жылдың басынан бастап Қырғызстанға Қытай импортының 5 есеге өсуі, Қырғызстаннан Қазақстанға импорттың 2,5 есеге өсуі тіркелді. Бұдан басқа, қазір Қытай Халық Республикасымен шекарада 900-ге жуық автокөлік, ал уақытша сақтау қоймаларында 1 200-ге жуық автокөлік әкімшілендіруді жеңілдетуді күтуде. Жыл басынан бері шекара маңындағы бекеттер бойынша кедендік төлемдер мен салықтардың түсімі – 23%-ға, ал көлемі 26%-ға азайған.
Сондай-ақ министр жалған электрондық шот-фактураларды жазып беру мәселесіне тоқталып, мұндай 8 мыңнан астам компания анықталғанын, олардың айналым сомасы 6 трлн теңгеден асқанын айтты.
Қазіргі таңда туындаған мәселелерді шешуге байланысты жедел іс-шаралар қабылдануда. Осы жылдан бастап тауарларға арналған декларацияларды шығару және бақылау бөлігінде кедендік функцияларды орталықтандыру толығымен аяқталды. «Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан «Электрондық декларациялау орталығы» мен «Ахуалдық орталық» құрылды. Бұл барлық техникалық құралдар қосылған өткізу бекеттеріндегі жедел жағдайдың мониторингін жүзеге асыруға және бақылау шаралары бойынша орталықтандырылған шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Аталған орталықтардың жұмысы басталғаннан бері 28 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды, бюджетке қосымша 23 млрд теңге өндірілді», деді Е.Жамаубаев.
5 мыңнан астам тауар позициясы бойынша құндық индикаторлар өзектендірілді, оның ішінде 767-сі Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде біріздендірілген. Осы тізбені кеңейту бойынша жұмыс жалғасады. Қытайдан халық тұтынатын тауарларды әкелу бойынша мемлекет тарапынан оператор болып KTZ Express айқындалды. Сондай-ақ бұл компания «Нұр Жолы» өткізу пунктінің ішінде тауарларды тасымалдауды ұйымдастырушы болады. «Бұл басқа импорттаушылар үшін өзіндік бенчмарк ретінде қызмет етеді. Бұл ретте адал бәсекелестік сақталады және нарықты монополияландыруға жол берілмейді. Тең нарықтық жағдайларды және дұрыс декларациялауды қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен кездесулер өткізіледі. Уәкілетті экономикалық операторлар мен Қытай Халық Республикасынан басқа да ірі импорттаушыларға қатысты тексерулер аяқталуда. Соңында тиісті шаралар қабылданатын болады», деді Қаржы министрі.
Экономикалық қауіпсіздікті қорғау мақсатында Қырғыз Республикасынан тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын субъектілерге қатысты тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы ішінара салықтық тексерулер жүргізіледі. Тексеру нәтижелері бойынша заң бұзушылықтар 90%-дан астам жағдайды растауда. Жыл басынан бері 538 автокөлік құралы тексерілді, оның 506-сы бойынша мәлімделмеген қытай тауары анықталды. «Жақында Алматы қаласында Қырғызстан мен Ресейден келген әріптестерімізбен кездесуде электрондық шот-фактуралар мен тауарларға ілеспе жүкқұжаттар алмасу арқылы бақылау жүргізу туралы келісімге қол жеткізілді. Осылайша, ағымдағы жылдың басында Қытай Халық Республикасымен шекарада туындаған мәселелер жоспарлы түрде шешіледі», деді министр.
Кедендік әкімшілендіруді цифрландыруға сәйкес АСТАНА-1 және Э-терезе ақпараттық жүйелерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. «Бүгінгі күні кедендік декларациялардың 100%-ы қашықтан тапсырылады. 4 млн-нан астам кедендік декларация шығарылды, оның 82%-ы 1 минут ішінде автоматты түрде өткізілген. Құжаттарды беру уақыты екі есеге қысқартылды. Енді кедендік тазарту кезінде оларды қашықтан алуға болады», деді Е.Жамаубаев.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Қытаймен арадағы кедендік статистика деректерінің алшақтығы соңғы 4 жылда 20%-ға қысқарғанын атап өтті. Бүгінде Қаржы министрлігі 5 мыңнан астам тауар позициясының құндық индикаторларын қайта қарады.
Премьер-Министр Ә.Смайылов уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне қойылатын талаптарды заң жүзінде күшейту мәселесін қарауды тапсырады. Пандемияға байланысты шектеулер салдарынан Қазақстан – Қытай шекарасында көліктер тұрып қалған. Уақытша жабық тұрған өткізу пункттерінің жұмысын қалпына келтіру мақсатында Қытай тарапымен биылғы 15 ақпаннан бастап жұмыс істеп тұрған «Нұр Жолы», «Бақты» және «Достық» өткізу пункттерінен бөлек, «Майқапшағай» өткізу пунктінің жұмысын қалпына келтіру туралы келісімге қол жеткізілді.
Бүгінде елімізде кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Қабылданып жатқан шаралар кедендік әкімшілендіру процесін оңтайландыруға, кедендік рәсімдер кезінде бизнесті жүргізуді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бюджетке кедендік төлемдер мен салықтардың толық төленуін қамтамасыз етеді.
Ә.Смайылов «Астана-1» және «Бірыңғай терезе» ақпараттық жүйелерінің сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі таңда осы жүйеде 5 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген.