• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Ақпан, 2022

Ашаршылық ақиқатына жаңа көзқарас қажет

600 рет
көрсетілді

Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмыс тобының зерттеушілері мен бағыт жетекшілері Сырдария губерниясы, Түркістан облысында болған ашаршылық барысы туралы ғылыми мақалалар әзірлеп, оны «Оңтүстіктегі саяси-қуғын сүргін: тауқыметті тағдырлар» атты ғылыми мақалалар жинағына енгізді. Аталған жинақ 2021 жылғы желтоқсанда баспадан шықты. Бұл М.Әуезов атындағы ОҚУ ғалымдары Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарих архивінің ұжымымен бірлесе баспаға ұсынылатын көптомдық дерек жинағының алғашқы томы. Яғни ашаршылық процесінің субъективті себептерін көрсететін және дәлелдейтін құжаттар.

ХХ ғасырдағы Қазақстандағы қу­ғын-сүргін құрбандарын толық ақтау осымен бір кезеңде жүріп отырған ашар­шылықтар кезеңінде қырылған құрбандар тарихын да қоса зерттеуді талап етеді. Өйткені үш кезеңнен құ­рал­ған кері процесте де қазақ ұлты өз ұрпақтарынан айырылуға мәжбүр болды Халық санасында аса ауыр зардаптың ізін қалдырған кезең тарихының қыр-­сырын зерттеу, тұрғындар мен көп­­шілік арасында дұрыс ұстаным тұр­ғы­сынан медиаілгерілету шараларын жасау ісін өңірлік комиссияның жұмыс тобы басты назарға алып отыр. Қазіргі кезеңде қоғамдық ой-санада өз елінің тарихына деген қызығушылық академиялық ғылыми ізденістер мен басылымдар форматынан шығып, жалпыхалықтық сипат алғанын әлеуметтік желілердегі көптеген жеке аккаунт пен каналдағы ба­сы­лымдардан көруімізге бо­лады. Бұл жағдаят халықтың тарихи санасының қалыптасып келе жат­­­қан­дығын көрсететін маңызды құбы­лыс, қуантарлық жайт. Өйткені халық өзінің өткеніне үңіліп, өз елі­нің, ата-бабаларының іздеушісіне ай­нал­ғанының, рухани түп-тамырына біртіндеп қан-сөл жүгіре бастағанының көрінісі. Тұтас халқымыз өре тұра келіп, сұрау салатын тарихи оқиғамыз ол – 90 жыл, 100 жыл, тіпті 110 жылдан аса уақыт бірнеше миллион адамды жойған, ХХ ғасырдың басындағы бірнеше кезеңдік ашаршылық. Әрбір қазақ отбасы мен әулеті үшін осы бір маңызды оқиғалар тізбегінің тарихын білмекке ұмтылыс заңды тарихи құбылыс.

Кеңес өкіметі кезінде жабық тақы­рыпқа айналған ашаршылық нәубетінің құжаттары мен деректері мемлекеттік құпия ретінде танылған кезеңде Қа­зақстан тарихының зерттеушілері архивтік материалдарға мүлдем қол жеткізе алмағандықтан бейкүнә қы­рылған ұлт ұрпағының тарихи жадысы мен тарихи санасында сол кезең туралы жауапсыз сұрақтар бірнеше ондаған жылдар бойында қордаланған. Қоғамдағы тарихи ақтаңдақтың орнын толтыруға деген осындай сұранысқа жауап беруге сан алуан кәсіп өкілдері өз беттерінше кірісіп те кетті.

Кәсіби зерттеу жұмысын жүргізу мақсатында жұмыс атқарып келе жат­қан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның өңірлік жұмыс топтарының зерттеушілік бағыттарына ашаршылық тақырыбын да қоса зерттеу нысаны ретінде қарастыру міндеті алдағы уақытта жалғасын таба бермек.

 

Гүлнар ЖАНЫСБЕКОВА,

Шымкент өңірлік саяси

қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жұмыс тобының

жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент