Елімізде утиль алымына қатысты дау-дамай әлі де басылған жоқ. Үкімет мұндай алым түрін 50%-ға дейін төмендеткенімен, оны толық түсінбей жатқан отандастарымыз бар. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында осы мәселе көтеріліп, өнеркәсіп өнімдерінің кейбір түрлеріне утиль алымының мөлшерлемесін төмендетуге қатысты орамды ой-пікір айтылды.
«Біздің де жұмыста жіберген қателігіміз болар, утиль алымы туралы қоғамға дұрыс түсіндіре алмадық. Соны пайдаланып, кейбір қоғам белсенділері утиль алымы туралы қоғамда шындыққа жанаспайтын пікір, ұғым қалыптастырып отыр. Отандық көліктің бағасында ешқашан кәдеге жарату алымы болған жоқ. Бұл ретте мына мәселені атап өткен жөн. Жеңіл көлік жайында айтар болсақ, KIA, Hyundai модельдеріне халықтың сұранысы жоғары. Қазақстанда KIA, Hyundai, Chevrolet, JAC, Lada сияқты автомобильдер толығымен құрастырылады. Олардың өндірісі осында қалыптасқан. Осы модельдерді алғанда халық ешқашан утиль алымын төлеген жоқ», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев.
Оның айтуынша, былтыр нарықта сатылған автокөліктердің 65 пайызын отандық өнімдер құрады. Яғни жаңа көлік сатып алған қазақстандықтардың 65 пайызы кәдеге жарату алымын төлеген жоқ. Қалған 35 пайыз импорттық көліктің басым бөлігі Mercedes, BMW сияқты премиум санатындағы машиналар. Бұл көліктерге утиль алымы төленді. Бірақ түскен қаражат ертең елдің игілігіне, яғни халыққа жеңілдетілген автонесие беруге жаратылады.
«Ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысатын әріптестеріміз, осы саладағы мамандар ауыл шаруашылығы техникасы құнының утиль алымы кесірінен қымбаттап бара жатқаны туралы бірнеше рет мәселе көтерді. Бұл да шындыққа жанаспайды. Ең алдымен статистикаға жүгінейік. Былтыр елімізде қанша трактор, комбайн сатылған болса, соның 89%-ы отандық өндіріске тиесілі. Яғни ауыл шаруашылығына қажетті трактор мен комбайн сатып алған кәсіпкерлердің 89%-ы кәдеге жарату алымын төлемеді. Бұл – ресми дерек», деді спикер.
Оның айтуынша, шетелдік техниканы шығаратын шетелдік компанияның өндіріс ошағы Қазақстанда орналасса, онда құрастырылған техникалардан утиль алымы алынбайды.
«Ауыл шаруашылығында Беларусьтың МТЗ тракторына сұраныс өте жоғары. МТЗ бізге келіп зауытын ашты. Тіпті әрі қарай локализацияға барып, кабинасын өзімізде толығымен шығарып, Беларусьқа экспортқа жібереміз. Беларусьта кабинасы шығарылмайды. Сонымен қатар Ловол, Кировец, YTO тракторларына сұраныс бар. Яғни халықтың сұранысына ие ауыл шаруашылығы техникасының бәрі өзімізде құрастырылады. Осы техникаларды сатып алу барысында ешқандай утиль алымы төленбейді. Комбайнға келсек, ауыл шаруашылығында жүргендер арасында Россельмаш, Гомсельмаш техникалары сұранысқа ие. Соның ішінде жоғары санаттағы Токана комбайны да бар. Оның барлығы өзімізде өндіріледі. Демек ауыл шаруашылығы саласында техника сатып алғандардың 89%-ы утиль алымын төлеген жоқ, қалған 11%-ы төледі», деді М.Қарабаев.
Вице-министр жоғары санаттағы техника алғандар ескі техниканы тапсырып, 2 млн теңгеге дейін ваучер ала алатынын да еске салды. Ваучер отандық техниканы жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді. Ал ваучер импорттан түскен қаражаттан қалыптасады. Бұған қоса, Қазақстанда орналасқан зауыттар еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет көрсету орталықтарын ашты. Бүгінде қажетті қосалқы бөлшектерді бұрынғыдай басқа елден жеткізілгенін күтпей, бірден сатып алуға болады.
«Кейбір қоғам белсенділері утиль алымы азық-түлік қауіпсіздігіне де кері әсерін тигізіп отырғанын айтады. Бұл да шындыққа жанаспайтын ұғым. Қайта ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыттардың отандық болуы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Шетелдік зауыттар келгеннен кейін еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет көрсету орталықтарын ашып отыр. Бұрын елімізде өндірісі болмаған кезде техниканың қосалқы бөлшегі қажет болғанда күтуге тура келетін еді. Өйткені басқа елден келеді. Ал қызмет көрсету орталықтары ашылғаннан кейін бұл мәселе жеңілдеді. Бұған қоса, пандемия кезінде 1 мың жедел жәрдем көлігіне сұраныс туындап, оны отандық зауыттар 2 айдың ішінде құрастырып шықты. Мұны қалай жүзеге асырдық? Ең алдымен, елімізде автокөлік өндірісі бар. Пандемия басталған кезде елдер бір-біріне ештеңе шығармады. Логистикалық жұмыстар тоқтап қалды», деді спикер.
Оның айтуынша, импорттық техниканың (ауыл шаруашылығы техникасы) бағасын білу қиынға соғады. Ондай өнімнің өзіндік бағасы 10 теңге болып, елде 25 теңгеден сатылуы мүмкін. Ал шетелдік зауыттар елімізге келген кезде техниканың бағасын көруге болады. Себебі зауыттар техниканы құрастыратын қосалқы бөлшектерді делдалдардан алмайды. Тікелей зауыттан алады. Сондықтан қосалқы бөлшектердің қандай бағамен келетінін біле аламыз. Яғни оның құнының ашық болуына әсер етеді.
«Кейбір қоғам белсенділері «ӨКМ оператор» арқылы отандық көлік субсидия алды деп жүр. Отандық автокөлік ешқандай да мемлекеттік қолдау немесе субсидия алған емес. Мәселен, импорттық техника елімізге жеткізілгенде утиль алымы төленеді. Нарыққа шығарылғанда құнына утиль алымы кіреді. Ал отандық техниканың утиль алымын төлемеу алгоритмі қандай? Бекітілген қағида бар. Яғни алдымен кәдеге жарату алымын төлейді. Одан кейін ақшасын қайтарып алған соң техникасын нарыққа шығарады. Сол ақшасын төлеп, кейін қайтарып алғанын кейбір белсенділер автоөндірушілерге жасалған субсидия немесе мемлекеттік қолдау деп жүр. Ондай қолдау жоқ», деді М.Қарабаев.
Вице-министр 4 пайызбен берілетін автонесиеге қатысты әртүрлі алыпқашпа әңгіме айтылып жүргенін, ондай пікірлер де шындыққа жанаспайтынын айтты.
«Кеше 4 пайызбен жеңілдетілген автонесие береміз дедік. Ал бүгін «Ол несие құны 10 млн теңгеден аспайтын белгілі бір модельге ғана беріледі екен» деп жатыр. Бұл жалған ақпарат. Ол көлік құнына емес, берілетін несиеге байланысты. Яғни 10 млн теңгеге дейін несие беріледі. Егер машина құны осыған сай болса емін-еркін аласыз. Ал алатын машина құны одан қымбат болса, онда сіз 10 млн үстіндегі 1 не 2 млн теңгені қалтаңыздан төлейсіз», деді вице-министр.
М.Қарабаев автонесие бағдарламасы 2-3 модельге ғана берілетінін жоққа шығарды. Алайда көліктің аса қымбат моделін мінгісі келгендерге мемлекеттік қолдау көрсетілмейді.
«Автонесие бағдарламасы автомобильдің тек 2-3 моделіне ғана емес, барлық моделіне беріледі. Бірақ Hyundai Palisade сияқты қымбат модель бар. Оларға берілмейді. 25 млн теңгеге машина сатып алуға жағдайы бар адамдар өз қаражатына алсын. Біздің ойымыз – қалтасы көтермейтін халықты қолдау. Бізде автокөлік саласы жоқ. Құр дөңгелегін алып, қоя салады деп жатады. Бұл олай емес. Жалпы, көлік құрастыру саласын үш кезеңге бөлуге болады. 1-кезең – ірі торапты құрастыру. 2-кезең – ұсақ торапты құрастыру. 3-кезең – қосалқы бөлшекті өз еліңде шығару. Бұл әлемдік алгоритм. Өткен 10 жылда біз толығымен ірі торапты құрастыруды үйрендік. Енді ұсақ торапты құрастыруға өтіп жатырмыз. Ірі торапты құрастырғанда 50-100 операция жасалады. Ал ұсақ торапта – дәнекерлеу, бояу, шанақты құрастыру, оны майыстыру бар, яғни мыңнан астам операция жасалады. Оны істейтін мамандар – ел азаматтары. Бүгінгі қалыптасып келе жатқан елдің инженерлік әлеуеті. Сервистік қызметтерді қоса есептегенде, 14,5 мың адам еңбек етуде. Олар жоғары жалақы алады, жоғары технологиялық мамандар ретінде қалыптасуда», деді спикер.