«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының әлеуметтік зерттеу нәтижелері жастардың 32,5%-ы республика көлемінде тұрғылықты жерін ауыстырғысы келетінін көрсетті. Бұл ретте сұралғандардың 20,9%-ы жақын арада елден тыс жерлерге көшкісі келетіндерін немесе болашақта бұл қадамға баруға дайын екендіктерін айтты. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қолдауымен ұйымдастырылған «Жастар» ҒЗО сараптамалық пікіралмасу алаңында сөз болды.
Жастар үшін тұрғылықты жерін ауыстыруға итермелейтін негізгі факторлар – негізінен әлеуметтік-экономикалық және институционалды сипаттағы проблемалар. Мысалы, сұралғандардың 52,8%-ы өмір сүру жағдайын жақсарту, ал 45%-ы жұмыс іздеу, 32,5%-ы сапалы білім алу мақсатында қоныс аударатындарын білдірген.
Білім беру және еңбек көші-қонына қатысты мынадай үрдістер байқалады. Сұралғандардың көпшілігі отандық оқу орындарында мамандық алуды жоспарлап отыр. Шетелдік оқу орындарын таңдауға итермелейтін негізгі себептер – сапалы білім алу мүмкіндігін қарастыру (66,9%), әлемді көруге, саяхаттауға деген ұмтылыс (22,9%), өзін өзі тану және мансаптық өсу үшін мүмкіндіктер іздеу (17,8%), шетелдік рейтингі жоғары білім ошақтарында оқу (15,9%). Сондай-ақ жүргізілген сауалдама нәтижелері бойынша ішкі еңбек көші-қоны сыртқы көші-қоннан едәуір асып түскен. Сұралғандардың 22,1%-ы мерзімді түрде басқа облысқа өздері немесе туыстары баратынын айтқан.
Осылайша, қазақстандық жастар арасында көші-қонға деген көзқарастың деңгейі айтарлықтай жоғары және қосымша зерттеуді талап етеді. Айта кетейік, бұл тақырып бүгінде бірқатар алаңда қызу талқыланып жүр.
Мәселен, «Жастар» ҒЗО сараптамалық пікіралмасу алаңында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен «Жастар арасындағы миграциялық көңіл-күй» тақырыбы бойынша өткен отырыста тараптар жастардың көші-қонын үздіксіз зерделеудің және көші-қонның қозғаушысы болатын негізгі факторларды анықтаудың маңыздылығын сөз етті.
Атап айтқанда, «Жастар» ҒЗО директоры Аян Сакошев өз сөзінде «Шекара маңындағы өңірлердегі жастардың оқу және еңбек көші-қонының ерекшеліктері» әлеуметтану зерттеуінің қорытындылары туралы айтып берді. Ол жас азаматтардың көші-қон көңіл-күйін, әсіресе шекара маңындағы өңірлерде анықтау мақсатында тұрақты негізде зерттеулер жүргізу қажеттігін атап өтті.
Президент жанындағы ҚСЗИ Әлеуметтану зерттеулері бөлімінің аға ғылыми қызметкері Анна Альшанская еңбек нарығында жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болған жастардың санаттарын атап өтіп, жастарға арналған жұмыспен қамту бағдарламаларының әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалау қажет екенін қозғады.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия департаменті директорының орынбасары Әлихан Қарабаев өз сөзінде, ең алдымен, эмиграция себептеріне әсер ететін жұмыс істеп тұрған институттарды жетілдіруді талап ететін кешенді тәсілдің қажеттілігін қозғады. Ол елде таланттарды ұстап қалу үшін ЭЫДҰ елдерінің үлгісі бойынша халықаралық тәжірибені қолдану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Зерттеулер және стратегиялық даму басқармасының басшысы Самат Рамазанов Bolashaq халықаралық стипендиялық бағдарламасындағы өзгерістер туралы айтып, шетелде білім алып, Қазақстанда жұмыс істейтіндер еліміздің нағыз патриоттары болып табылатынын жеткізді.
«Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев жоғары білімнің ерекшеліктері және олардың жастардың көші-қонына қалай әсер ететіні туралы айтып берді.
Талқылау барысында «Отандастар қоры» КеАҚ Шетелдегі отандастарды қолдау департаментінің менеджері Әлжан Шәріпов жоғары білім алу үшін шетелге кететін қазақстандықтардың орнына басқа елдерден қандастарды тарту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол қазақстандық жоғары оқу орындарына қандастардың қабылдану процесіне және іріктеу критерийлерін жеңілдетуге назар аударды.
Kozybayev University Ғылым департаменті директорының міндетін атқарушы Ильдар Құрмашев Аризона университетімен ынтымақтастық жөніндегі бірінші тәжірибе және оқу процесінде америкалық әдістерді қолдану туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ ол мұндай тәсіл Қазақстанда бірегей болып табылатынын сөз етіп, бұл ел жастары арасында ЖОО таңдауға оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша өзекті мәселелерді шешу тетіктерін әзірлеуде одан әрі пайдалану үшін жастар көші-қоны бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар тізбесі қалыптастырылды.