• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Наурыз, 2022

Су қоймаларында қардың көлемі аз

547 рет
көрсетілді

Көктемгі су тасқынына дайындыққа Ақтөбе облысында 250 млн теңге бөлінді. Қазір елді мекендерден 171 мың тонна қар шығарылып, 70 тонна жанар-жағармай қоры жинақталды, су басу қаупі бар жерлерге 400 техника жұмылдырылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақтөбе облыстық ТЖД басқарма басшысының орынбасары Қайрат Қасым баяндады.

Ақтөбе облысында су та­су қаупі сақталған 34 елді ме­кенде 11 мыңнан аса адам тұрады. Әр жылдары дала­лық өзендер жағасында орналас­қан 13 елді мекенді су басқан. Соның ішінде жыл сайын көк­темгі су тас­қыны қауіп төнді­ретін 4 елді мекен бар. Осы елді мекендердің жанындағы ескі бөгеттер үлкейтіліп, өткелдер тазартылған соң үш жылдан бері 4 ауылды су басқан жоқ.

Ақтөбе облысы тұр­ғын­дары соңғы бес жылдан бері құрғақ­шылықтың зардабын тартып келеді. Жылдар бойы қыста қар аз жауып, көктемде жауын-шашын тым аз жау­ғандықтан да бастауын Мұғалжар қыраттарынан алып, көктемде қар суымен толығатын дала өзендерінің арналары тартылып кетті. Соның салдарынан Ақтөбе қаласының іргесіндегі 3 су қоймасындағы су деңгейі ортадан төменге түсті.

Қазгидромет мекемесі өңір­лік филиалының ма­мандарының хабарлауын­ша, бүгінде Қар­ға­лы, Ақтөбе, Сазды су қоймала­рындағы қатқан мұздың деңгейі 18-35%-ға тең. 245 млн текше метр су сиятын Ақтөбе қой­ма­сында 68 млн текше метр су жиналса, Қар­ғалы су қойма­сының толу деңгейі – 32%, ал Саз­ды су қоймасы 36%-ды құрапты.

Қазгидромет филиа­лының мамандары 18-22 қаңтарда Елек, Қарғалы, Ор, Темір, Ойыл, Қо­с­ес­тек өзендеріндегі қар ­жа­­­мылғысын тексерді. Нә­ти­­же­сінде, Елек өзеніндегі қар жа­мылғысы өткен жылмен са­лыс­­тырғанда 40%-ға, Қарғалы өзе­нінде 15%-ға жоғары екені анықталды. Сондай-ақ Темір өзеніндегі ылғал мөлшері 62 мм болса, Ырғыз, Ор, Қосестек өзендеріндегі ылғалдылық дең­гейі 35 мм-ді көрсет­ті. Ал Ойыл өзені бас­сейнінде ылғалдану дең­гейі былтырғыдан 45%-ға көтерілген немесе 46 мм-ді құ­рай­ды. Ақпан айының екінші жартысында қардың қалың түсуі далалық өзен­дер арнасында судың кө­беюіне әсер етеді деген болжам бар.

Биыл былтырғыға қара­ғанда жерде тоң біршама қалың. Тоң қалың болса, көктем шыға ылғал бірден жерге сіңбей, топырақтың беткі қабатында ұзақ сақ­талып, жердің тез көктеуіне және шөп­тің қурап кетпеуі­не жақсы әсері бар. Ақтөбе облысында Алға ауданында ғана жердің тоңы қалың, 100 мм-ді құраса, ең азы – Мәртөк ауданында, тоңның қалыңдығы – 20 мм.

ТЖД мамандарының ха­барлауынша, еріген қар суы кедергісіз өтуі үшін теміржол мен тасжол­дар бойындағы 3 мыңнан астам өткел мен 660 ша­ғын көпірдің бойын тазарту қажет. Өңірде су өткі­зетін құрылыстарды тазалау 10 наурыздан бастала­ды. Ақтөбе облысында бөгеттер мен өткелдер ес­кір­ген, алыс ауылдардағы гидравликалық қондыр­ғылардың көбі кеңес заманынан бері жаңартылмаған. Алдағы жылдары қараусыз қалған 15 бөгетті қайта тұрғызу керек.

Қала-ауыл көшеле­рін­­дегі қар күн жылынбай тұрып шыға­рылмаса, сәуір­дің басында өзендер тасығанда жағасындағы ор­наласқан біраз елді мекенді басып қалу қаупі бар. Ай­та кету керек, Ақтөбе облысы су басу қаупі орта­ша деңгейдегі өңірлер қата­рында тұр.

 

Ақтөбе облысы