• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 02 Наурыз, 2022

Табысы мен тәуекелі тең онлайн банкинг

682 рет
көрсетілді

Егер осыдан бес жыл бұрын банкке қатысты кез келген қаржылық мәселені банк бөлімшесіне бармай шешу мүмкін емес болса, қазір онлайн отырып-ақ реттей салу қалыпты дағдыға айналып жатыр. Қаржы нарығындағы бәсеке, түрлі экономикалық дағдарыс, COVID-19 пандемиясы сектордағы технологиялық дүмпу процесін жеделдетті.

 

Қазір елдегі барлық қаржы инс­ти­туттары өз қызметтерін автоматтан­дыруға күш салып жатыр. Басым бө­лігі өнімдер мен қызметтерді онлайн­ға көшіріп те қойды. Тек бірі соны же­дел әрі сапалы атқарса, енді бірі баяу болса да сапалы жұмыс істеп жа­тыр, ал біразында жылдамдық та, са­па да жеткіліксіз.

Екінші деңгейлі банктердің он­лайн-сервистері жыл санап өткірле­ніп келе жатқаны өтірік емес. Сарапшы­лар 2022 жылы онлайн-банкинг одан әрі күшейе түседі деп болжай­ды. Ranking жазуынша, елдегі әрбір экономикалық белсенді тұрғын екін­ші деңгейлі банктердің төрттен көп онлайн-сервисін тұтынады. Екі жыл бұл көрсеткіш екеуден әрең асқан.

«Онлайн-сервисті пайдалану өсімінің бірден-бір драйвері – био­метриялық идентификацияның енгі­зілуі болды. Қазір мобильді қосым­шалар барлық банктік қызметтерге деген қолжетімділікті қамтамасыз етіп отыр. Google Play дерегінше, 2022 жылдың 11 ақпанындағы жағдай бойынша бірінші орынды Jusan Bank-тің Jusan қосымшасы иеленді. Қосымшада түрлі бағыт бар, соның ішінде банк қызметі және бағалы қағаздар мен сақтандыру нарығындағы еншілес ұйымдардың экожүйелері де бар. Сонымен қа­тар қосымша «Jusan Магазин» мар­кетплейсіне де қолжетімділік береді. Ол жерден тауарлар мен қызметтерді бөліп төлеу арқылы алуға болады», деп жазады Ranking.

Екінші орында Halyk Bank-тің Halyk Homebank қосымшасы, үшінші орында Kaspi.kz орналасқан. Онлайн-банкингтің өріс алуына байланысты қолма-қолсыз жасалатын төлем күрт өсті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, онлайн операциялар негі­зінен интернет пен мобильді банкинг арқылы күш алып, 83,4 пайызды немесе 60,1 трлн теңгені құраған. Ұлттық банктің мәліметінше, 5 жылда қолма-қолсыз төлем 26 есе өскен.

«Қазақстан қаржы-техникалық өнімдер шығару, инновация, диджитализация бойынша теңдессіз серпіліс жасады. Бұл қазақстандықтардың өмірін жақсартып жатыр. Бірер жыл бұрын ғана ешкім Қазақстанда дәл осындай қаржы-техникалық индус­триясы болады дегенге сенбес еді. Ал қазір кез келген банк, кез келген компания цифрлы инновацияға ерекше мән беруде. Бәріміз үшін бұл басымдыққа айналды», дейді Kaspi.kz басшысы Михаил Ломтадзе.

Бұған дейін елімізге сапармен келген Ұлыбританияның сауда министрі Ранил Джаяварден да Қазақстанның цифрландыру саласында үлкен қадам жасағанын айтып еді.

«Біз өндірістік, біліктілік базасын және қызмет көрсету секторын дамытуға деген ұмтылысты қолдаймыз. Мен, мысалы Kaspi-дің қаржылық қызметтерге арналған тамаша қолданба екенін естідім. Жас IT-мамандардың шеберлігімен Қазақстанның цифрлы секторы Ұлыбританияда қалай дамитынын көретін шығармыз», деді ол.

«Банк ЦентрКредит» басшысы Ғалым Құсайыновтың айтуынша, банк секторын цифрландырудағы маңызды бағыт – банк пен мемлекеттік жүйелердің интеграциялануы.

«Мемлекеттік мекемелер банк­тер үшін өз сервистерін аша бас­тады. Тұрақсыз жұмыс сипатына орай мемлекеттік органдардың көбі бұған дайын емес еді. Мемлекеттік сервистердің әр кез қолжетімді болмауы екінші деңгейлі банктерді өздерінің жеке жүйесін құруына алып келді. Нәтижесі де жаман емес – олар архитектураны ауыстыра алатындарын көрсетті. Мыңдаған қызметкерді қашықтан жұмыс істеу режіміне жедел ауыстыру да цифрлы дамуды жылдамдатты», дейді банкир.

ВТБ (Қазақстан) басқарма төраға­сы Дмитрий Забеллоның сөзіне қарағанда, цифрлы банкингтің дамы­ғаны жақсы-ақ, бірақ сол дамумен бірге кибершабуылдар да қатар өрістейді.

«Процестер мейлінше инте­г­ра­­цияланған сайын деректердің ұр­лануы және алаяқтық тәуекелі де көбейеді. Оның үстіне бұл ақшаның қатысуымен болатын процестер ғой. Одан бөлек техникалық ақау ықтималдылығы да артады. Моделдік тәуекелдерді де есептен шығарып тастай алмаймыз. Банктер несие­леу үдерісінде шешім қабылдау жылдамдығын арттыру мәселесіне көптен бері тап болған. Қаржы-тех­никалық компанияларының пайда болуымен міндет екі есе қиындады. Заманауи скоринг үлгілері – қарыз алушының несие қабілеттілігін ба­ғалау – жеке деректердің үлкен мас­сивін өңдей отырып, бірден шешім қабылдауға мүмкіндік бере­ді. Бұл деректер балдық жүйеде бал­дық үлгілерді құрайды және қате модельді құру қаупі әрқашан бар. Мысал ретінде несие беру туралы автоматтандырылған шешім қабыл­дауды алайық. Егер бастапқыда осы мақсаттар үшін несиелік тәуе­келдерді анықтау моделі дұрыс құ­рылған болса, онда бұл клиенттерге қызмет көрсету уақытын және еңбек шығындарын қысқартып, пайданы арттырады. Ал егер модель тиімсіз жұмыс істесе онда нашар портфель мен шығын үлесі күрт артып шыға келмек», дейді Д.Забелло.