Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде партияның алдағы даму бағыттарын айқындады. Соның ішінде мен бір мәселеге айрықша тоқталғым келеді. Президент съезде сөйлеген сөзінде партия мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс-қимыл жұмыстарына белсене қатысуы керек екенін айтты.
Nur Otan партиясы атауын өзгертпей тұрғанда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарға атсалысқан. Бұған ондағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің жұмыс істейтіні айқын дәлел бола алады. Бастауыш органдарда, филиалдарда кеңес, комитет болды. Енді сол уақыттағы атқарылған жұмыстарды жаңғыртып, жаңа бір ағысын көрсете білсек, нәтиже өздігінен көрінеді.
Негізі мұның бағыты бар, жоғарыда атап кеткен партиядағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес пен филиалдардағы бақылау комитеттері жұмыс істеп тұр. Сол кеңес пен комитеттің өкілдері ең алдымен партияның атынан арнайы органдарға қарауға жіберілген жемқорлыққа қарсы істерді жеке-жеке бақылауға алуы қажет. Сонымен қатар тағы бір маңызды жұмыс, осындай тексеруге іліккен істерді болдырмаудың жолдарын, яғни алдын алу шараларын іске қосқаны жөн. Бұл жұмыстар ресми кездесулер мен сценарий алдын ала жазылып қойған формалды іс-шаралар арқылы емес, жанды талқылаулар мен бетпе-бет диалогтер арқылы іске асырылғаны абзал. Мысалы, депутаттар жергілікті жерлерге іссапармен жиі шығады, сол жұмыс саяхат сияқты өтумен, есеп толтырумен аяқталмауы керек. Әрбір объектіні аралау кезінде нақты мәселелер қаралып, талқыға салынып, түйткілдердің түйінін тарқатудың жолдары арнайы анықтамада толтырылуға тиіс.
Жалпы, шетелдік партияларда «жеке іс» деген ұғым бар. Жемқорлыққа қатысты жеке адамдардың ісі ең алдымен партияның бюросында немесе бастауыш ұйымдарында қаралуы қажет. Қазір көбіне жекелеген адамдар партияға ондағы қызметін пайдалану үшін мүше болады. Қызметін пайдалану сыбайластыққа соқтыруы мүмкін. Партияның ережелерін бұзған, сыбайлас жемқорлыққа қандай да бір қатысы бар мүшелерге қатаң шешімдер қабылдануы керек. Қажет болса, партиядан шығару, шеттетуге дейін баруға болады. Сонда ғана оның мүшелері жемқорлықтан таза болуға ұмтылады. Іргелі партияда осындай рух болуы қажет. Сондықтан өзгерістерге бет алған партияға мүшелікке қабылдаудың ережесіне де өзгерістер енгізген жөн. Мүшелікке өтініш бергенде үміткердің партияға кірудегі мақсаты, партияны дамытудағы кешенді жоспарлары қоса тапсырылуы керек. Өйткені партияға сан жағынан емес, сапалық құрамды өзгертетін кез келді.
Дәулеткерей РАХМЕТУЛЛИН,
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының басшысы