Ресми мәліметтер бойынша, елімізде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 80 пайыздан астамы өз ауруының сырына қанық. Әу баста әлемнің әр шалғайында бұл тек теріс жүріске барғандардың ауруы деген түсінік қалыптасқандықтан, әлі күнге дейін қоғамға осы көзқарастан арылу қиынға соғып тұр. Сондықтан АИТВ ахуалды адамдар өз басындағы, отбасындағы жағдайды елден жасыруға мәжбүр.
Осы мәселені реттеу үшін жыл сайын 1 наурызда Біріккен Ұлттар ұйымының бастамасымен Нөлдік кемсітушілік күні атап өтіледі. Биыл БҰҰ «Зиян келтіретін заңдарды жою. Мүмкіндіктерді кеңейтетін заңдар қабылдау» деген ұранмен әрекет етуге көшті.
АИТВ-ға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол бермеу туралы мемлекеттің кепілдіктері Конституцияда және Халық денсаулығы туралы Кодексте және ҚР Денсаулық сақтау жүйесінде заңнамалық деңгейде бекітілген.
Қазір ЮНЭЙДС 95-95-95 стратегиясы біздің елімізде де жұмыс істеп жатыр. Ол АИТВ инфекциясының алдын алуды, тестілеу, емдеу мен күтімді қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінгі таңда АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 81 пайызы өздерінің мәртебесін біледі, олардың 79 пайызы антиретровирустық терапияны (АРТ) қабылдайды, осының арқасында АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 86 пайызында вирус залалы басылған.
Еліміздің барлық өңірінде аурудың алдын алудың жаңа түрі – жанасуға дейінгі түрі енгізіліп жатыр. ЖИТС, туберкулез және безгекпен күресуге арналған Жаһандық қордың қаржылық көмегінің арқасында ЖИТС өңірлік орталықтарының 15 зертханасы автоматтандырылған ПТР жабдығын алды. Жыл сайын негізгі топтардың өкілдері (инъекциялық есірткіні қолданатын адамдар, интимдік қызмет көрсететіндер, бір жынысты қатынасқа баратындар) және жүкті әйелдер АИТВ-ға көбірек тестіленуде. АИТВ-мен ауыратын әйелдердің 98%-ы сау бала табады. АРТ да қолжетімді болып қалды, ол науқастарға диагноздан кейін бірден тағайындалады және тегін беріледі. Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы осы аралықта АРТ-мен қамтуды 71%-ға жеткізуді көздесе, қазірдің өзінде бұл 79% құрайды.
– Алайда қоғамда АИТВ-ға байланысты алалаушылық пен кемсітушілік деңгейі жоғары болмаса, бұл нәтижелер мұнан да жоғары, салмақты болуы мүмкін еді. Бүгінде кемсітушілікті түбегейлі жоюға баса назар аудару қажет. Бұл АИТВ инфекциясы эпидемиясының өсу қарқынын едәуір қысқартуға ықпал етеді, – дейді ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Асылхан Әбішев.
Кемсітушілік нөлі күні қарсаңында ЮНЕСКО қолдауымен Mass Media Team мен ЮНЭЙДС-Қазақстан дискординантты жұптың махаббат тарихы туралы plus қысқа метражды көркем фильмін түсірді (біреуінде АИТВ – оң, екіншісі – АИТВ-теріс). Фильм жас фотограф Аян мен оның махаббаты Микидің қарым-қатынасы туралы, олар айналасындағылармен көзқарастары қабыспайтынына қарамастан отбасын құруды армандайды. Әрбір адам бақытқа лайық деген романтикалық трагикомедия. Бейнебаян – «АИТВ – қалыпты өмір сүруге кедергі емес, ал сезім – таптаурын түсініктерге қарағанда әлдеқайда күштірек» дегенді насихаттайды.
АЛМАТЫ