• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 03 Наурыз, 2022

БҰҰ Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырды

569 рет
көрсетілді

Сәрсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейден Украинадағы әскери операцияларын дереу тоқтатуды талап ететін қарарды басым дауыспен қабылдады. Осылайша, жиын барысында Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 193 мемлекеттің 141-і Украинаның егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын растайтын қарарды қолдады.

Төтенше сессияда 35 мемлекет қалыс қалса, бесеуі қарсы дауыс берді. Мәскеудің басқыншылық әре­кетін айыптаған құжатқа Беларусь, Солтүстік Корея, Эритрея, Сирия және Ре­сейдің өзі қарсылық білдірді. Қалыс қал­ғандар қатарында Кремльдің одақ­тастары саналатын Куба мен Ника­рагуа, сондай-ақ көршілес Қытай бар.

Резолюцияда БҰҰ «Ресей Феде­ра­циясының Украинаға қарсы агрес­сиясына қатты алаңдайтыны» айтылған. «Ресей Федерациясынан Украинаға қарсы қару қолдануды дереу тоқтатуды, халықаралық тұрғыда мойындалған шекараларынан бүкіл әскери күштерін жедел, толығымен және ешқандай шартсыз шығаруды талап етеді», делінген қарарда.

Құжаттың заңды күші жоқ. Деген­мен бұл Мәскеу мен оның одақ­тасы Беларуське халықаралық қоғам­дас­тықтың көзқарасын білдіреді. Қарар­ды әзірлеуге 90-нан астам елдің өкілі атсалысқан. Оны қабылдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының үштен екісі қолдауы тиіс еді.

Қарар қабылданғаннан кейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйлеп, ахуалға қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, Бас Ассам­блея ұстанымын көрсетті. Ендігі жерде БҰҰ Бас хатшысы ретінде оның орын­далуына барын салатынын жет­кізді.

«Бас Ассамблеяның айтары анық және айқын. Дәл қазір Украи­на­дағы қырғынды тоқтату керек. Дәл қазір мылтықтың дыбысы естілмеу тиіс. Дәл қазір келіссөздер мен дипломатияға кезек беру қажет. Ук­раи­наның аумақтық тұтастығы мен егемендігі БҰҰ Жарғысына сәйкес сақталуы керек. Уақыт жоғалтуға болмайды. Қақтығыстың ауыр зардаптары анық көрінеді», деді А.Гутерриш.

Бас хатшы Украинадағы ахуалдың күрделі болып тұрғанын, жағдай ал­дағы уақытта одан әрі күрделене түсуі мүмкін екенін мәлімдеді. Әр секунд өткен сайын жағдай қиындап барады.

«Соғыстың аймақтық және жа­һан­дық бейбітшілік пен қауіпсіздікке, коронавирустан есін енді жинап жат­қан әлемге тигізетін салдарларына қатты алаңдаймын. Бүгінгі қарар басты шындықты көрсетеді. Әлем Украина халқының жапа шеккенін қаламайды», деді ол.

Сондай-ақ А.Гутерриш гума­ни­тар­лық көмек қолын созған көр­шілес елдерге алғыс айтты. Осын­дай қаржыландырудың арқасында маңызды дәрі-дәрмек пен медици­налық құралдар, азық-түлік, таза ауыз су жеткізуге мүмкіндік молайтынын атап өтті.

«Соғыс қимылдарын дереу тоқ­татуға және бейбітшілік үшін шұғыл келіссөздер жүргізуге үлес қосу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Украина халқына бейбітшілік өте қажет. Ал дүние жүзіндегі адамдар соны талап етеді», деді А.Гутерриш.

Украинаның тұрақты өкілі Сергей Кислиц «бұл менің соғысым емес» деген сылтаумен қалыс қалуды жөн көрген елдерге үндеу тастады. «Бұл қате пікір. Жамандық ешқашан тоқтамайды. Жаулап алған сайын араны ашыла береді. Бұған төзсеңіздер, ол одан әрі ілгерілей береді. Қарар жобасы оны Украинада тоқтатуға және одан әрі кетпеуіне қажет қадам», деді С.Кислиц.

Айта кетерлігі, Бас Ассамблеяның төтенше сессиясында сөйлеген спи­керлердің бәрі соғысты айыптады. Америка Құрама Штаттарының БҰҰ-дағы өкілі Линда Томас-Гринфилд Біріккен Ұлттар Ұйымының басты мақсаты соғыстың алдын алу екенін жеткізді. Оның айтуынша, Ресей соғыстағы қатыгездікті арттыруға дайындалып жатыр. Осы орайда, Томас-Гринфилд Кремльдің кассе­та­лық оқ-дәрілер мен вакуумдық бомбалар, жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды Украинаға тасымалдап жатқанына тоқталды.

Өз кезегінде Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя Украи­­надағы ахуал соғыс емес, «әске­ри іс-қимыл» деген сөзін тағы бір мәр­те қайталады. Алайда бейбіт тұр­­ғын­дардың күн сайын қалай қырылып жатқанын көрген халық­аралық қоғамдастық мұндай сылтауға құлақ асқан жоқ.

Ресейдің Украинаға басып кіруін айып­тайтын құжат бұған дейін БҰҰ Қа­уіпсіздік Кеңесінде талқыланып, дауыс берілген еді. Дегенмен ол кезде Ресей тарапы қарарға вето қойды. Сондықтан ол қабылдан­бай қалды. Естеріңізге сала кетсек, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесінде – АҚШ, Ресей, Ұлы­британия, Қытай және Францияда вето қою құқығы бар. Кеңеске мүше 14 мемлекет құжатты қабылдаса да, аты аталған мемлекеттердің біреуі қарсы шықса, онда қарар қабылданбайды.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Линда Томас-Гринфилд БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарары қабылданбағаннан кейін наразылығын жасырған жоқ. «Ресей біздің дауысымызға вето қоя алмайды. Ресей Украина халқына вето қоя алмайды. Ресей БҰҰ Жар­ғысына вето қоя алмайды. Ресей жауапкершілікке вето қоймайды да, қоя да алмайды», деді ол.

Ал БҰҰ Бас Ассамблеясында еш­қандай мемлекетке мұндай басымдық берілмеген. Әрбір елдің бір дауысы бар. Айта кетерлігі, БҰҰ Бас Ассам­блеясының төтенше сессиясы 1950 жылдан бері 11 мәрте ғана шақы­рылған. Соңғы рет 1982 жылы осындай жиын өткен болатын.