• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Наурыз, 2022

Жанарына жарық күн ұялаған

1075 рет
көрсетілді

Жарық күндей жан-жағына шұғыла шаша алатын жандар көп емес. Бірақ жоқ емес. Тіршіліктің мейірім жібін жалғап тұрған солар. Бүкіл әлемді құшағына сыйғызардай үлкен жүректің иесі де солар. Қатал уақыттың қақыраған аязы айналаға қарауға мұрша бермей, жан жылуын өзге түгілі өзіне жеткізе алмай әрі-сәрі күйде мың құбылған қоғамды шарапат құбыласына бас­тап, ізгілікке үндейтін һәм жарық сәулеге қарай жетелейтін тағы да солар...

 

 

Жан баласына зәредей пайдамыз тисе қуанамыз. Жүрегіміз елжіреп, жанымыз жақсылықтан рақат тауып, көңіліміз құстай қалықтайды. Бұл – Жаратушы иеміз о баста болмысымызға байлап берген құндылық. Қанша жерден ізгілікке үн қосудан қалыс қалмаймыз десек те, бұл жолда тұрақтап қалуға, табандап тұруға, ұдайы жанашырлық пейілде болуға иманымыз жете бермеуі мүмкін. Әлбетте, Абай хакім айтқандай, «пенде баласына үнемі бір қалыпта тұру берілмеген». Бізді бұл жолдан айнытатын, тұрмыс, денсаулық, орта, мінез, албырттық, кәрілік деп ұзын-сонар себептерді тізбелей беруге болатын шығар. Бірақ тұтас тіршілігін, ғұмырын, денсаулығын, мүмкіндігін, қысқасы бар болмысын осы жолға бағыштаған жандарды көргенде жоғарыдағы себептердің ешбірі ізгіліктен алшақтауымызды ақтай алмайтынын мойындамасқа шарамыз жоқ. Мұқағалиша айтсақ, «өмірді бір-біріне жалғап тұрар күретамыр», нағыз Құдайға қараған адамдар солар. Біз білетін осындай жанның бірі – Тұяқ Қазкенқызы.

Жасы 78-ге келген кейуана Алма­ты іргесіндегі Талғар қаласында тұ­ра­ды. Арнайы сәлем бере барған бізді ықыласпен қарсы алды. «Апа, кім келді?», деп шұрқырай алдымыздан шыққан жәудіркөз жеткіншектер де «Ассалаумағалейкүм» деп ізетпен аман­дасып жатты. Өмірге енді қадам басқан өрімдей өрендердің жанарынан үміт сәулесі жарқырайды. Бір-екеуі жоғалтқан жақыны келгендей бізді құшақтай жөнелді. Тумай жатып тағдыр теперішіне тап болған балақайлардың бар сенері, қуат-қорғаны – Тұяқ апа.

Бала болса да бәрін сезеді. Бейкү­нә көздеріне көзіңіз түйісе қалса, кеуде­леріндегі кішкентай жүректерінде үлкен армандардың шымыр-шымыр қайнап жатқанын көресіз. Әкелерінің мойнына асылып, аналарын армансыз аймалағысы, бала болып назданып еркін өскісі, еркелегісі келеді-ақ. Апыр-ау, осы се­зім­нің бәрін өтеу үшін қандай қажыр, қандай жүрек, қандай мейірім, қандай төзім қажет деп ойладық. «Ботам» деген бір сөзбен бойларына жылылық беріп, бауырындағы балапандарының бәріне мейірімін теңдей бөлген анаға жаратқан иеміз жақсылығын молынан жаудырған екен-ау деп топшыладық.

Осыдан жиырма алты жыл бұрын өзі негізін қалаған «Нұр» отбасылық балалар үйінен күні бүгінге дейін 950 бала тәрбиеленіп шықты. Мыңға тарта тағдырға таяныш болған әзиз ананың өзі де – бала жасынан жетімдіктің кермек дәмін бір кісідей татқан адам. Туа сала әкеден айырылып, жесір шешесі етегін ұстаған азамат та көп ұзамай ажал құрсауына ілінген. Одан қалған аурушаң үш баланың бар ауыртпалығы естияр болып қалған Тұяққа түседі. Анасына сүйеу бола жүріп, өгей әкеден қалған үш жетімекті жеткізуге балалығын ба­ғыш­тапты. Аманаты ауыр жолға бел байлауына балаң көңілде қатталған осы бір естеліктердің әсері мол болғанын аң­ғардық. «Бәрі қалай басталып еді?» деген сауалымызға ауыр күрсініп алып жауап қатқан Тұяқ апаның көңілі жіпсіп сала берді. Ол әңгімелеп өткен естеліктерді тебіренбей тыңдау мүмкін емес.

– Өмірдің ащысын да, тәттісін де татқан адаммын. «Көре-көре көсем боласың» деген. Тағдыр жолы мені осы тармаққа түсірді. Жапандағы шынардай жалғыз өсіп, қиындықтың батпан жүгін арқаладым. Бірде анам жарықтық: «Қызым, байлықты қума, оқу оқы, жақсылық жаса», деп еді. Осы сөз өмір бойы құлағымнан кетпейді. Мүмкін мені тәуекел шыңына алып шыққан осы аманаттың қуаты шығар. Бір күннің ішінде жап-жақсы қызметімнен бас тартып, балалар үйін ашам деген байламға келдім. Бұл 1996 жыл болатын. Құдай қосқан қосағым мен үш ұлым бұл ойым­ды құптады. Алматыдағы үш бөл­ме­лі үйімізді сатып, Аллаға тәуекел ет­тік. Қарапайым халықтың тілегі, ізгі жан­дардың қолдауы сан қиындықтың қыспағынан аман алып шықты. Есік-терезесі жоқ ескі ғимаратты шама-шар­қымызша қалыпқа келтірген болып, алғашқы 130 баланы қабылдап жібердік. Одан кейін де қаншама буын балаларым өмір сапарына біздің қолымыздан қанат қақты. Солардың алды бүгінде 5-6 перзенттің ата-анасы атанып отыр. Жастары қырыққа толса да алаңдап отырамын. Көпшілігі күні бүгінге дейін баспанасыз жүр. Соларға: «Айналайындар, мұнша баламен қиын-ау сендерге» дегенімде: «Апа, сіз де бізді аман-есен жеткіздіңіз ғой, соны есіңізге алыңыз», деп көңілімді тербеп өтеді. Әр­­бі­рінің жетістігіне жаным жадырап, қиыншылығына жүрегім ауырады. Қыздарымды өз қолыммен ұзатып, ұл­да­рыма келін алып бердім. Олардың ешбі­рін өзімнен туған үш перзентімнен алалаған емеспін. Мен үшін бәрі бірдей, – дейді Тұяқ Қазкенқызы.

Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін үздік тәмамдаған Тұяқ апа заманында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жауапты қызметтер атқарған. Бұрынғы Целиноград қаласындағы орыс мектебінің алғашқы директоры болғаны өз алдына, Алматыдағы Мұға­лімдер біліктілігін арттыру институтында қажырлы еңбек еткен. Бедерлі жылдар белесінде жүректерге жылылық сыйлап шарапатты іспен айналысуына елу жыл отасқан жары Әнуарбек Байсарин көп қолдау танытып келеді. Жас күнінде Мемлекеттік бақылау саласында қажырлы еңбек етіп, Дінмұхаммед Қонаев ақсақалдың сүйіспеншілігіне бөленген оның да өмірі ізгілікпен егіз өрілген. Отбасылық балалар үйін аш­қан алғашқы жылдары Әнуарбек аға бар жалақысын, ал студент ұлдары шәкірт­ақысын балалардың қажетіне жұмсапты.

– Қазақта аштан өлсе де бауырынан өрбіген баласын жаттың қолына беру деген ұғым болмаған. Адам өзгерді. Тілімізде жоқ тіркес тіршілігімізге еніп кетті. Амал нешік. «Жетім көрсең жебей жүр» дейтұғын елміз. Осы уақытқа дейін Үкіметке алақан жайған кезім жоқ. Өз күнімізді өзіміз көріп келеміз. Соңғы кездері жергілікті әкімдік өкілдері де есігімізді ашқан емес. Оған себеп «отбасылық балалар үйі» атануымыз. Оның үстіне қазір бала саны да азайды. Жауапты бастаманы қолға алған ширек ғасыр ішінде жақсылыққа бейіл тұратын ізгі жандардың қамқорлығымен қиындық көрген жоқпыз. Атын атамауды өтініп, соғымын сойып беріп кеткен мәрт азаматтар да, ұдайы азық-түлігін арқалап әкеліп тұрған мейірімді жандар да болды. Тіпті беторамалының ішіне бес мың теңгесін орап, балалардың қажетіне жұмсарсыңдар дейтін зейнеткерлер де табылды. Солардың ниетінің өзі неге тұрады. Төлеген ақын айтпақшы, «Солардың әппақ ниетімен, Ақ қарға жаққан отымен» біздің де көшіміз алға жылжып келеді, – дейді Тұяқ апа.

Әлбетте, басына бар жақсыны үйіп-төгіп бақсаң да бала көңіл жақынын күтуден талмайды, өйткені басқа алақан дәл солай жұбата алмайды. Тұяқ апа мұны жақсы біледі. Бәрінен бұрын тірі жетімдердің жайы оның жанын жегідей жейді. Өмірге әкелген перзентін керексіз етіп, ізім-ғайым жоқ болатын тасжүректер, дұрысы тағдырлар бар... Осындай оқиғаның біреуін кейуана жанарына жас алып әңгімелеп берді.

– Біраз жыл бұрын аулама сыпайы киінген өңді жігіт келіп, екі жастағы сәбиін тастады да тіл қатпастан кетіп қалды. Бала әкесіне қарап шырылдап жатыр. «Әй, зәнталақ, артыңа қайырылсаңшы, тым құрығанда баланың құжатын тастап кет», деп айқай салдым. Әлгі кідірместен кете барды. Қолыма ілінген кесек тасты ала сап анаған тұра ұмтылдым. «Қойшы, мама, қайтесің» деп ұлым тоқтатты. Шырылдаған періштені қолыма алып жасын сүрттім. Оның қандай кінәсі бар еді. Жылдар жылжып сол бала да жігіт болды. Міне, біздің міндет осындай. Мұндай оқиғалардың жүзін айтуға болады. Тағы бірде таң ата айқайлаған дауысты естіп далаға шықсам, орыстың үш баласы темір шарбақтың ар жағынан мойын­дары қылтиып: «Бабушка фея, прими нас» деп жылап тұр. Араларындағы кішкентайы небәрі алты жаста. Әкелері Ресейге кетіп, әжелерінің қолында қал­ған бейбақтар екен. Кемпір қайтыс болған соң алыс туыстары баспаналарына көз тігіп, қорғансыз балаларды қаңғытып жіберіпті. Әлдекімнің нұс­қауымен маған келген беттері екен. Түрлеріне қарауға жаның шыдамайды, табандары тілініп, беттері жарылып кеткен. Қолымдағы балалардың ешбірін асырап аламын деп келгендерге берген жоқпын. Қатарларынан кем қылмай оқытып, бәріне диплом алып бердім. Көптеген жоғары оқу орнының басшылары азаматтық танытып, балалардың көбін емтихансыз-ақ оқуға қабылдады. Қыздарымды ұзатарда жетім дегізбей жасауын жарқыратып алып бардым. Мұның бәрі әуелі Алла, одан соң ақжүрек жандардың қамқорлығының арқасы, – деп қайырды әңгімесін.

Біз қайтуға ыңғайланғанда үй иесі асықпауымызды сұрады. Оның себебі бүгін мұнда үлкен өмірге қадам басуға бет алған жас жұбайлар келмек екен. Таңсық жайға таңырқап, бір жағы қаламымызға тосын оқиға ілінердей сәл аялдадық. Көп ұзамай қолдарында түрлі тәттілер толтырылған бірнеше сөмкесі бар бір топ қыз-жігіт кіріп келді. Сөйтсек, бұлар игі іске жұмылған жастар екен. Араларындағы Қанағат пен Әмина есімді жас жұбайлар махаббат шеруін (гулянка) ұйымдастырудан бас тартып, оған жұмсалатын шығын мен уақытты сауапты іске бағыттауды бірауыздан құп көріпті. Бұл жай шынымен де көңілімізді ерекше күйге бөледі. Қанағатты әңгімеге тарттық. Талғар ауданына қарасты Тұз­дыбастау ауылындағы №13 орта мектепте информатика пәнінің мұғалімі екен.

– Жасым – 25-те. Алланың қалауымен шаңырақ көтеріп жатқан жайым бар. Тұяқ апаны бұрыннан білемін. Жолдас жігіттермен бірге ара-тұра мұнда келіп тұрамыз. Бұл көптен ойымда жүрген ниет еді. Қазір жастардың арасында махаббат шеруіне шығу дәстүрі белең алған. Қымбат көліктер жалдап, қаланы аралау бір жағы ысырап, екінші жағынан құр босқа даңғазалық секілді көрінеді. Әрине, бұған дейін үйленген талай досымның тойларында махаббат шеруіне шықтық. Қазір ойлап қарасам, соның бәрі қажетсіз дүние секілді. Достарым да бұл ойымды құптайды. Айталық, шетелдік лимузиндер мен жол талғамайтын көліктердің бірнешеуін 4-5 сағатқа жалдау құны кемінде 200-250 мың теңге. Бұдан гөрі сол ақшаны қайырымды іске жұмсасақ деп ұйғардым. Балаларды қуантып, Тұяқ апаның батасын алсақ деген жақсы ырыммен келдік. Халқымызда «жетімді қуантсаң, жерде жетпіс, көкте жетпіс періште қуанады» деген сөз бар. Болашақ жұбайым да бұл ойымды қуана қолдады, – дейді Қанағат Жүнісбек.

Қанағаттың бұл ісі қоғамның ізгі­ленуіне қосылған қомақты үлес деп қабылдадық. Жақсылыққа бастау алған әр істің түпкі өзегінде жақсы үміт жататынын ескерсек, мынау расында да талай жасқа үлгі боларлық ғибраты мол бастама екен деген ойға қалдық. Тұяқ апа жастарға: «Керуендерің сән-салтанаты жарасқан ұлы көшке айналсын, үбірлі-шүбірлі болыңдар, айналайындар», деп батасын берді. Қанағатқа ере келген жігіттер де осы дәстүрді жалғайтындарын айтып жатты. Біз іштей қуанып, егер шынымен де мұндай игі бастама белең алса, талай мұқтаждың жағдайы жақсы арнаға бұрылар еді-ау деп ойладық.

Биыл Президент Жарлығымен Бала­лар жылы деп белгіленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Балалар жылын тек ұрандатып немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алды­мен, билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деген еді. Олай болса, бо­ла­шақтың жарқын жалғасы саналатын балаларға бар өмірін арнаған Тұяқ Қазкенқызына қалай алғыс айтсақ та жарасады.

Тұяқ апа бауырына басқан балдыр­ғандардың тағдыры сан тарау. Бейкүнә көңілдердің жылы ұясына айналған мекенде ата-ана қамқорлығынан айырылған бөбектер үшін қажетті жағдай жасалған. Ең бастысы, олар бір мектепке барып, бір ананың тәлімін алып, бір үйдің балаларындай өмір сүріп жатыр. Пай­ғамбарымыздың (с.ғ.с): «Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жақсысы – жетім баққан үй. Ол үйде жетімге құрмет көрсетіледі. Мұсылман адамдар тұратын үйлердің ең жаманы – жетім қиналған үй. Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім-кешегіне қарайласу Алла жолында жиһад қылған әрі түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты», деген өсиеті бар. Тұяқ апаның шаңырағына бірге барған інім Орынбек сөз арасында «жүрегімізді жұмсартып тұру үшін осында жиі келейікші», деп қалды. Мен де оған қарап жылы жымидым.

Ақыл тоқтатып қалған Ермек апасымен бірге бізді шығарып салды. Көзі мөлдіреген тағы бір жеткіншек терезеден телміре қарап тұр екен. Жанардағы жасын құрғата алмағанымыз үшін өзімізді кінәлі адамдай сезіндік. Жәудіреген көздері жанымызды қарып барады. Қолдан келер дәрменіміз сол болғасын, тілеулерін тілеп тарқадық. Тасбауыр дүниеге арыз айтқан кішкентай тағдырлардың жарық жалғандағы жалғыз тірегі – Тұяқ апа аман болса екен деп тіледік. Олардың тау-тау армандарын құшақтап алтын ана артымызда қала берді. Көңілімізді мың сан ой кернеп апайдың үйінен ұзай бердік.

Шіркін, Тұяқ апаның жүрегі мейірім шұғыласы екен ғой. Жанарына жарық күн ұялаған жанның мейірім шұғыласы...