Сарапшылардың болжамына сәйкес, әлемдік экономикадағы әйелдердің үлесі жыл сайын артып келеді. Дегенмен пандемия кезінде экономиканың көлеңкелі салаларында еңбек ететін әлемде миллиондаған әйелдің табысы төмендеп, кәсібінен айырылған. Осындай қиындықтарға қарамастан, нәзік жандылар ғаламдық қауіп-қатерлерді еңсере отырып, қоғамдық үдерістерден қалыс қалмай келеді.
Алматыда «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Бизнестегі әйелдер» ІІІ форумында Парламент Мәжілісінің депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Атамекен» ҰКП ІӘК төрайымы Ләззат Рамазанова аймақтарда әйелдерді қолдайтын ресурстық орталықтарды көптеп ашу қажеттігін алға тартты. Л.Рамазанованың айтуынша, ел тәуелсіздігінің, мәдениетінің алтын бесігі әрі қаржы орталығы ретінде Алматының бизнес кеңістігіне тың серпіліс қажет. Бүгінде халықаралық кеңістікте Қазақстан – гендерлік теңдік тұрғысынан айтарлықтай жетістіктерге жеткен ел. 2011 жылы негізгі рейтингте Қазақстан Орталық Азия және ТМД кеңістігінде көштің алды болды. Соңғы жылдары инвестициялық тартымдылығы артқандықтан салада бәсекелестік күшейіп келеді.
Бүгінде республикада еңбекке жарамды әйелдердің саны 7 млн-нан асады, көрсеткіш ерлерге қарағанда 350 мыңға артық. Толық жұмыс күнімен қамтылған әйелдердің үлесі 42,6 болса, өнеркәсіпте – 31,6, өндірістік емес секторда 50,5 пайызды құрайды.
Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының төрайымы Елена Бахмутова басқару позициясында әйелдер белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Компанияларда әйелдердің үлесі 30 пайыздан асса, серіктес әйелдердің үлесі 24 пайызды құрайды. Ал басшылардың 26 пайызы – нәзік жандылар. Әлемдік еңбек нарығына пандемияның әсері жоғары болғандығын да жоққа шығара алмаймыз. Салдарынан экономиканың көлеңкелі салаларында еңбек ететін 700 млн-нан астам әйелдің 60 пайызының табысы төмендеген. Азия-Тынық мұхиты аймағында ерлерге қарағанда (50 пайыз) әйелдердің жұмыс сағаты төмендеген (35 пайыз). Ал Еуропа және Орталық Азияда өзін өзі қамтыған әйелдердің 25 пайызы жұмысынан айырылған. Бүгінде еліміздегі өндірістік емес секторда да әйелдердің саны басым. Е.Бахмутова сондай-ақ жекелеген салаларда гендерлік айырмашылық бар екенін атап өтті. Мысалы, қаржы саласында әйелдердің орташа жалақысы ерлердің орташа жалақысының – 65, шығармашылықта – 63, білім беру мен денсаулық сақтауда сәйкесінше 102-93 пайызына тең. Алдағы уақытта аталған қызмет түрлері дами түсетіндіктен, экономиканы жедел қалыпқа келтіруде осы салаларға сұраныс артады.
Бүгінде Алматыда 224 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Оның 90 пайызын шағын және орта кәсіпкерлік нысандары құрайды. Кәсіпкерлердің 45 пайызы – әйелдер. Олар көбінесе сауда, қызмет көрсету, наубайхана, сұлулық салондары, мейрамхана, т.б. салаларда еңбек етеді. «Атамекен» ҰКП Алматы қаласы филиалының директоры Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, палата тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға байланысты жобалар жүзеге асуда. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасының маңызы жоғары. Жеңілдетілген несиелер де қарастырылған. Қалада әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығының жұмысы жолға қойылуда.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту экономиканың дамуы мен әртараптануына септігін тигізеді. АҚШ-тың Бас консулы Кэролайн Сэвидж бүгінде Алматының Орталық Азиядағы сауда және шығармашылық орталық ретінде дамып келе жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, әйелдердің экономикаға белсенді қатысуы қоғам мен экономика жетістігі үшін аса қажет. Мұны осы саладағы зерттеулер де айқын көрсетіп отыр. Бас консул кәсіпкерлікті экономиканың қозғаушы күші дей келіп, өткен жылы Америкада 5,4 млн бизнес нысан ашылып, бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда бір млн-ға артқанына тоқталды. 1974 жылы Америкада 400 мың әйелдер бизнесі тіркелген болса, бүгінде оның саны 13 млн-нан асады. Яғни Америкадағы әйелдер бизнесінің үлесі 31 пайызды құрайды.
McKinsey жаһандық институтының мәліметі бойынша қазіргі кезде гендерлік теңдік әлемдік ІЖӨ-ді 12 трлн долларға арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 37 қазақстандық кәсіпорын мүмкіндіктерді кеңейту қағидаттарына қол қойған. Көптеген қазақстандық компанияларда әйелдер көшбасшылығына қарсылық жоқ. «Қазақстан әйелдер құқықтарын дамыту жөніндегі БҰҰ қағидаттарын ілгерілетуде Орталық Азиядағы көшбасшы ел», деп атап өткен «БҰҰ-әйелдер» құрылымының жетекшісі Мария Доценко жаһандық бастама бизнеске гендерлік теңдікті және әйелдердің жұмыс орнында, бизнес нарығында және қоғамда мүмкіндіктерін кеңейтуді қалай ілгерілету керектігі туралы нұсқаулар беріп келетінін жеткізді.
АЛМАТЫ