Батыс Қазақстан облысындағы «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігі ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхтар БОКАЕВ: «Бізді сақтап қалған қазақ халқының ақ пейілі»
Елбасының сарабдал саясатының арқасында елімізде ұлтаралық жарасым мен дінаралық татулық салтанат құрып келеді. Бұл ретте бұдан он тоғыз жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген қоғамдық-саяси институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып отырған үлесі қомақты. Иә, жоғарыда аталған қоғамдық құндылықтар сырт көз қызыға да, қызғана да қарайтын қазақстандық қоғам үлгісін қалыптастыруға негіз қалады. Ассамблея мүшесі Мұхтар Бокаевпен әңгіме осындай бағытта өрбіді. – Мұхтар аға, сіздің ұлтыңыз чешен бола тұра, қазақша сөйлеп, қазақша ойлап қана қоймай, тіпті, қазақ тілінде өлең, әңгіме, повесть, роман жазып жүрген феноменіңіз бен тамаша қарым-қабілетіңіз бәрімізді таң-тамаша қалдырумен келеді. Мүмкін мұның сырын өзіңіз айтып берерсіз? – Бұл сұрағыңызға тікелей жауап қайтармас бұрын, сәл мұңдылау шегініс жасауға рұқсат ет, қарағым. Айтайын дегенім, биыл чешен-ингуш халқының Қазақстанға күштеп көшірілгеніне жетпіс жыл толып отыр. Бұл кезде, әрине, қарапайым халық қилы жағдайларды бастан кешетіні табиғи жәйт. Соның бірі – біздің әулет еді. Сірә, мұны тарих қателігі деп қабылдағанымыз жөн секілді. Кейін, 1957 жылы КСРО құрамында чешен-ингуш автономиялы республикасы құрылған кезде Қазақстанға күштеп аударылған чешен-ингуштардың көпшілігі Қазақстанды өз Отаны деп санап, осы құтты мекенде тұрақтап қалып қойды. Біз ұлтымызға үлкен сын болған тар жол, тайғақ кешу кезеңінде қазақ халқының кіршіксіз ақ пейілі мен көңілінің және шектен тыс қонақжайлығы мен меймандостығының арқасында ғана аман қалдық деп санаймын. Бұл 1944 жыл еді. Соғыс жүріп жатқан кез. Өзгесін айтпағанда, ішер тамақтың өзі қат. Өздері шықпа, жаным, шықпамен отырғанда аузындағысын біздер секілді тағдыр теперішіне ұшырағандарға жырып, бөліп беруді мұрат тұтқан әрі қашанда осы мәрт қасиетінен айнып көрмеген халық тек қазақ халқы екеніне мен әлдеқашан көзімді жеткізгенмін. Мұндай халықтың тілін неге үйренбеске? Мұның басты сыры осында. Елдегі тыныштық пен ауызбіршіліктің сақталуы біріншіден республиканың төл тұрғындарының осындай кеңпейілділігінің де нәтижесі деуге болады. Қашанда тату-тәтті тұрмысты мұрат тұтқан қазақ халқының көмегі мен қолдауының арқасында сол бір сүргінде чешен халқы Қазақстанда аяқтарынан тік тұрып кетті. Мұны еш ұмытуға болмайды. Тұтастай алғанда бүгінде Қазақстанда тұратын әртүрлі этнос өкілдері өздерінің тарихын, салт-дәстүрлері мен халықтық қалпын сақтаулары үшін үлкен мүмкіндіктер мен конституциялық құқықтар беріліп отыр. Ең бастысы, қазіргі күні қазақстандықтар өзара келісім мен бірлікке қол жеткізіп отырғаны – мемлекеттілікті баянды, мәңгілік ел ететін басты фактор деп білеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясының осы бағытта тындырып отырған ілкімді істеріне де көңіл тояды. Өзара достық пен татулықты ту еткен мұндай институттың қызметінен үйренуге ниет етіп жүрген таяу және алыс шетелдердегі мемлекеттік құрылымдардың мол екендігі де жоғарыдағыдай пікіріміздің бір дәлелі. – Мұхтар аға, Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы сәуір айында өткізілетін кезекті сессиясына арқау болатын басты мәселе – келісім мәдениеті тақырыбы екен. Бұған қатысты не дер едіңіз? – Тек бір ғана келісім сөзінің түп-төркінінде тұтас бір зиялылық пен бекзаттық көріністері жатқандай көрінеді. Оған ешқандай өктемдік пен озбырлық жүрмейді. Тас бұлақтың суындай, сылдырап өңкей келісім демей ме, ұлы Абай. Келісім түсінігін бұдан асырып жеткізе алу, айта алу еш мүмкін емес. Осындай еш міні жоқ тамаша түсінікке мәдениет ұғымы келіп қосылғанда бұл тіркестің мәні мен мағынасы одан әрі ажарланып, одан әрі тереңдей түседі. Келісім мәдениеті дегеніміз, түйіп айтқанда, толеранттылық пен парасаттылықтың биік үлгісі мен шыңы деп білемін. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы.
•
01 Сәуір, 2014
«Бізді сақтап қалған қазақ халқының ақ пейілі»
518 рет
көрсетілді