• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Наурыз, 2022

Баянды Ел құрмақ керек

308 рет
көрсетілді

Менің түсінігімде Жаңа Қазақстан – баянды ел, мемлекет құру. Себебі өмірдегі баяндылық орнықтылық пен тұрақтылықты, тиянақтылық пен тыңғылықтықты, тұрлаулылықты аңғартады. Ол сонымен қатар нәтижелілік, жемістілік, игілікті білдіреді және ең маңыздысы, бұл – осылардың бәрінің ұзағынан болуын көздейтін терең философиялық мәні бар ұғым. Ендеше, қазақ жұртының алдында ауқымды мүдделі меже-міндеттердің тұрғаны айдай аян.

Демек, Қазақстан осы міндет­терді шешу үшін өте күрделі, күрмеуі қиын кедергілерді де бір мезгілде еңсеруі керек. Біздің қасіретіміз – өз уақытында істел­меген жұмысты немесе шала атқа­рылып, нақты нәтиже бермей, оған бөлінген қаржыны құмға құйған судай етіп, қолды қылып, болашақ ұрпақтың несібесіне ауыз салғанымызда. Бұл жағдай елімізде ұрпақтар алмасуы болып жатқан шақта орын алуы жағдайды қиындатуы әбден ықтимал. Осындай дәуір­лік өзгерістердің қоғамның әлеу­мет­тік жіктелуімен, идеологиялық бос кеңістік пен өткенге деген ни­гилистік көзқарастың күшеюімен тұспа-тұс келуі қиын­дық тудыруы ықтимал. Бұл бүгін ғана пайда болған мәсе­ле емес, ол жылдар бойына жинақ­тала келе, тамыры тереңге кет­кен проблемаға айналды. Экономикалық көрсеткіштердің көпшілігінің төмендеуі, адам­дардың табыстарын кемітіп, тұр­мыс жағдайының нашарлауы мен кедейшілікке әкеліп соқты. Осы­лайша, тұрғындардың бойына үмітсіздік сезімі ұялай баста­ды. Ал мемлеттік органдар болса, өз жұмысының тиімді­лігін төмендетіп, алдарында тұр­ған жоспарлары мен бағдарла­маларын сапалы іске асыруды қам­тамасыз етуге, нақты нәтиже­лерге қол жеткізуге дәрмен­сіз болып шықты. Әлеумет­тік-экономикалық салада жалпы өнімнің ақшаға шаққан­дағы көлемі мен оның сандық көр­сеткіштеріне басымдық беріліп, «сапа» деген ұғымның құны түсіп кетті. Мемлекет туындаған ахуал мен проблемалардың алдын алуға ынталы да болмады, жауапкершілікті де өз мойнына алмады.

Адамдардың бойын белгісіздік пен үрей сезімі билеп, бұл олардың көңіл күйіне кері әсер етіп, елде бірте-бірте наразылық әлеуеті жинақталып, қоғамдағы жағдай шиеленісе берді. Мемлекет халықты естуден де, түсінуден де қалып, оның мұқтажына көңіл аудармаған соң азаматтардың да жауапкершілігі төмендеп, олар өсек-аяң мен заңсыз әрекеттерге бой ұра бастады, шамасына қарамастан оңды-солды кредит алуға кірісіп, өздігінен күн көруге талпыныс жасаудан қалып, мемлекетке аузын ашып, масылдыққа бой ұрды. Мұндай жағдайдан ұпай іздейтіндер отқа май құйып, саяси ахуалдың қызуын үнемі көтерумен болды. Халықтың әлеуметтік жағдайының тез арада түбегейлі өзгере қоймауы Батыстың эмиссарларының жұмысын жеңілдетті. Олардың ұстанымына сәйкес Қазақстанның саяси жүйесінде демократия жоқ. Бұлар тұрғындардың әлеуметтік белсенділігін Қазақстанның, оның халқының ұлттық мүддесіне кереғар арнаға бағыттап, азаматтарды билікке қарсы қойып, оның беделіне нұқсан келтіруге тырысуда. Олар Үкімет халықтың мүддесіне қарсы жұмыс істейді, шектен тыс орталықтандырылған биліктің бір адамның қолына шоғырлануы мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін нашарлатып, жемқорлық күшеюде дегенді жүйелі және белсенді түрде ел арсында таратуда. Жай таратып қана қоймай, енді нақты бүлдіргіштік әрекеттерге де көшкенге ұқсайды.

Тарихта дәуреннің өткінші, жұрт көңілінің құбылмалы екендігін жеткілікті түйсінтер оқиғалар болады. Соның қатарына биылғы «Қасіретті қаңтарды» жатқызуға болады. Алдын ала жоспарлап, əрекет еткен кəсіби қарақшылардың мақсаты – елдің тұтастығын бұзу және төңкеріс жасау арқылы елімізде қолға алынған реформаларды іске асыруға кедергі жасау болды. Түптеп келгенде, ол, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап көрсеткендей, тәуелсіз Қазақстанда əділетті қоғам орнату, монополияларды жою, саяси трансформация жасау, еліміздің экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған және халық талап етіп отырған өзгерістерге деген қарсылық болатын. Себебі қолға алына бастаған нақты шаралар олардың жоспар-мүдделеріне кереғар келгені анық. Ел ішінде кейбір адамдар жағдайды өздерінің жеке мүддесіне пайдаланғысы келгені де мәлім.

Әрине, тәуелсіздіктің 30 жылдық қорытындысын «Қасіретті қаңтардың» шығарғаны өкінішті-ақ. Қанша ауыр болғанымен, бұл – ащы шындық. Бірақ тәуелсіз сарапшылардың пікірі бо­йынша республика осы кезеңде ішкі және сыртқы саясатта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін де жоққа шығаруға болмас. Оның ең бастысы – тəуелсіз Қазақстанның негізінің қалануы. Ол – дау тудырмайтын ақиқат. Алайда тәуелсіз мемлекет құру үдерісі барысында жіберілген қателіктерге жеткілікті түрде көңіл аударылып, оған деген әділ бағаның жетіспеуі оларды түзетудегі немқұрайдылыққа, жауапсыздыққа әкеліп соқты. Бара-бара бұл әдетке айналып, жасандылық пен сапасыздық, жалған мәліметтер мен «жағымды» есеп беру істің мазмұнынан гөрі оның сыртқы көрінісіне, яғни ақпараттық және имидждік тиімділігіне «мән» мен «басымдық» беріліп, оны мемлекеттік басқару жүйесіндегі үйреншікті іске айналдырып жіберді. Осының нәтижесінде туындаған мәселелер сөзбұйдалыққа салынып жылдар бойы өз шешімін таппай келді. Халықтың нақты өмір-тұрмысы, мұң-мұқтажы мен мүдделері ескерусіз қала берді.

Осы келеңсіздіктердің қауіпін ескере келе, Президент Қ.Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру үшін ең алдымен, қазақстандық қоғамда еңбекқорлық пен біліктіліктің идеологиясын дәріптеп, оған басымдық берген жөн деп отыр. Бұл жұмыс адалдық, жүйелілік және бірізділік қағидатына негізделіп, бірте-бірте жүргізілуі шарт. Сонда ғана азаматтарымыз масылдық пен жалқаулықтан арылады. Ол Қазақстанның экономикалық дамуына серпін беріп, қазақ жұртын еңбек бəсекесіне қабілетті етудің негізінде әділеттілікке қол жеткізуді көздейді. Барлық салада монополия біржола жойылғанда өмір түзеліп, заң үстемдігі орнамақ. Сонда ғана құқықтық нигилизмді еңсеріп, азаматтар тарапынан заңды мойындамау сияқты жөнсіздіктің, парықсыздық пен пасықтықтың тамырына балта шабылмақ. Түптеп келгенде, заң жұмыс істеген кезде ғана қоғамда тәртіп орнайды, ішкі саяси ахуал оңалып, ол елдің өркениеттік даму жолына түсуіне жағдай туғызады. Еркіндіктің ойыңа не келсе, соны айту, елдің мүддесіне қарсы жұмыс істеу емес екендігіне қоғам мүшелерінің көзі жетіп, азаматтар ақ пен қараны ажырата алатындай жағдайға жететін болады.

Яғни Жаңа Қазақстанды құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл біліксіз шенеу­нік­тердің жөнсіздігіне жол бермей, бәсекеге және технологияға негізделген экономиканы қалыптастыруға бағытталған, барлық азаматқа бірдей мүмкіндік жасайтын саясат болуы керек. Ең алдымен, адал еңбек етудің бәрімізге ортақ міндет екенін қоғамның түсінгені маңызды. Өкінішке қарай, кейде жұрт, әсіресе жастар, маңдай терін төгіп, жұмыс істегісі келмейді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді жөн көреді. Өйткені олар бізде адал еңбек лайықты бағаланбайды деп ойлайды. Кейбіреулер адал еңбекпен жетістікке жететін мүмкіндік жоқ екенін көрген соң, еш әрекетсіз қол қусырып отыруда. Мемлекетке масыл болуды дұрыс көретін тепсе темір үзетін азаматтар жәрдемақы мен жеңілдіктерді талап етіп, алақан жаюдан арланбайтынды шығарды. Билікке қоқан-лоқы көрсету сияқты кеселдер белең алып, ұлтты жегідей жеп, елімізді кері тартуда. Бұл – Қазақстанның жан-жақты дамып, ел болуы биліктің жұмысына ғана емес, ол, ең алдымен, əрбір азаматтың адал еңбегіне байланыс­ты екенін дұрыс түсінбегеннен туындап отырған мәселе.  

Қазақтардың моральдік кодексін олардың мақал-мәтелдері мен аңыз-әпсаналарынан іздегеннің маңыздылығын да ескерген жөн. Сондықтан осынау қиын-қыстау және жауапты сәтте ұлы бабаларымыздың айтқандарына үңіле отырып, бүгіннің бет алысына көз жүгіртіп көрелік. Өйткені бұл сан ғасырдан нәр алатын даналық және уақыт тынысын, заман мен қоғам мінезін мәуелі танытар ғажайып куәлік. Өткендегілердің сөзі айна-қатесіз бүгінгі өмірде көрініс тауып отырғанына таңғаласың. Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» болған заман туып отыр. Еркіндік осы екен деп пайдасыз мылжың сөзді әркім айтуға әуестеніп алды. Демократия – жүгенсіздік емес, бостандық – жүйесіз­дік емес деген қағидаттар ұмыт болуда. Кейбіреу құр тілмен мал жиғысы келсе, келесілері жалған және дәлелсіз сөйлеп, имансыздықтың жолына түсіп, сөздің мәні мен құдіретіне нұқсан келтіруде. Тіл сырласудың құралынан, өсек айтып, сыбырласудың «қаруы» болып барады. Есті сөзді естігісі келмейтін саңыраулардың қатары кеңейіп, адамдар арасында сөзге тоқтау деген жоғалып, алып-қашпа тозған сөздерді ауыздықтау мүмкін болмай, өсек-аяң мен қауесет тамұққа айналды. Арсыздар аталы сөзге де құлақ асып, тоқтауды қойып, аузы жамандар ел былғауда. Олар рас сөзге егесіп, арам сөзге ерік беруде. Айта білгенді тыңдай білетін құлақ қалмай барады. Дұрыс ойлау мен түзу сөйлеу әрекетке ұласпаған жерде азап басталады деп осыны айтуға болады.

Бабаларымыз шындық жоқ жерде әділдік жоқ, оны мойындағаннан ешкім де аласарып қалмайды дегенді өсиет етті. Әділдік бар жерде ғана елдік болады. Шындыққа сенбей, жел сөзге сену ру­ха­ни мүгедектікке ұрындыратынын ұқпақ керек. Сондықтан бұрынғылар қисық ағаштың көлеңкесі де қисық болаты­нын, саясы жоқ ағашқа бұлбұлдың да қон­байтынын, дария жанынан құдық қазбас керек дегенді де жақсы түсінген. Ең бас­тысы – халқымыз баяны жоқ дүние бір күндік екендігін дөп басып, көре білген.

Жалпы, биікке көтеріліп көрген басшылар халықтан аласа екенін ұмытпай, өз басының пайдасын ғана ойламай, халқының қамын жеп, қиянаттан бо­йын алыс ұстап, әділет жағына шыққанда ғана елінің жұты емес, құты болары анық. Басқаша айтқанда, ел бағатындар ел бағуларын жақсы білулері керек. Олардың парызы елге ие болып, елін тоздырмай, халқын тойдырып, мерейін өсіріп, елдің бағына қызмет етуде. Ел пайдасын ойлаған басшының пайдасы соның ішінде. Кейбір басшылар тікен егіп, жүзім күтумен әуре, олардың араларында күн шыққанда шамның қажетінің жоқтығын түсінбейтіндер де жетіп артылады. Заман емес, адам ренжітетінін біліксіздер біле бермейді, оған бәрі жөн болып көрінеді. Дүниедегі ең қатерлі кесапат – үйреншікті дағдының дегенінен аса алмау. Ендеше, олжалы жерде үлестен қалғанымыз, жоралы жерде жолдан қалғанымыз – надандықтың кесапатынан.

Мемлекет адамның ақыл-ойын бірден өзгертіп, мүлдем басқа арнаға бұра алмайды. Мемлекет сергелдең жүректі басып, бейқам жүректі оятуға дәрменді болу үшін билік халыққа сүйенуі шарт. Оны көп шуылдақ емес, бір кемелдің билегені дұрыс. Ол жұрт сөзін тыңдай да, құрметтей де алатын, билігін орынды жұмсайтын, арам жемейтін, іс білетін, ел мүддесін ашық қорғай алатын болуы керек. Жалпы, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметтегі басшылар халыққа жұмыс істеуді үйретуден гөрі, олардың жұмыс істеуіне бөгет жасамауды үйренгені де абзал. Ендеше, алақаны бар тіршіліктің шапалағы да бар екенін мүлдем естен шығарып алып, бұзылған заманға ғана тән өтірік пен шынды айы­ра алмай, бір-біріміздің жағамызға жармасып жүріп, жаманның шылауында кетуіміз әбден ықтимал. Бұл заман қаскүнемге жайлы, араздық пен өсекке бай заманға айналды. Жетпіс жыл бо­йына қалай соныдан жол таба алмасақ, енді қазір тағы да тағдырымыздың талқы үстінде тұрғаны өкінішті-ақ. Сондықтан әлеуметтік делқұлылыққа, рухани нақұрыстыққа, саяси қояншықтыққа бой алдырған дәурен кешіп отырмыз. Мұндай рухани бедерсіздік саяси тәуелсіздіктен де айырылуымызға әкелуі әбден мүмкін. Әділетсіздік пен заңсыздық есіктен сығаласа, әдептің түңдіктен қашып, «қолы ұзынның қоразы жұмыртқалайтын» кез келеді.

Пара алып, қазынаның ақшасын жеп адалымсыйтын кеңсешіл пысықайлар азаймай отыр. Бұл күнде халық арасында адал еңбекпен байи қою қиын деген пікір қалыптасқандықтан, қазіргі өмір бақыт іздеген жанды залымдық жолына түсіретін болды. Бақытқа жетудің ең «жеңіл» жолы – ел үстінен күн көру деген «ұғым» пайда болып, ұрлық байлықтың көзіне айналды. Сірә, дүниеден жейтін ауыз құрымай, әділдік орнамас. Мұнда берген де бұзады. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген осы. Ендеше, зарығып жеткен тәуелсіздігімізге төніп тұрған орасан қауіп – жемқорлық, парақорлық, ұрлық-қарлық. Бұл жағдай сот түзелмей, заң үстемдігі орнамай тұрып халықтың түзелмейтінін көрсетеді.

Бір өкініштісі, дүниенің бәрін – адам болам дегендер емес, «құдай болам» дегендер бүлдіруде. Қоғамда айтпаса естімейтіндер, ашпаса көрмейтіндер әлі де жетіп артылады. Пейіл кетіп, ант атқан кез келді. Шағыстыру және шабыстырумен машықтанатындар оны кәсіпке айналдырды. Қоғамдағы егес сөз елдің жапсар-жігін ашты, көпті жамандаған өңкей надан өсек пен жаланы көбейтті. Өтірікшінің куәсі қасынан табылуда. Паңдық, надандық, тәкаппарлық, асқақтық не айтқызбайды. Қулық, сұмдық, арамдық амалға елдің бәрі есті бола бастады. Көкірегі көр, көзі соқыр жамандар өтірік-өсекті аңдып, есерлікке беріліп кетті. Ынсапсыздар істің ақ-қарасын ажырата алмайтын халге жетті. Өтіріктің арбасы шындықтың көпірінен өте алмай қалды. Үлкен мінберлерден де үлкен өтірік айтылатын болды. Көлгірлік шындықтың аяғына тұсау болуда. Мінезі өтірік ант ішіп, тайғақ екі сөйлейтіндердің қатары көбейді.

Еріншектік талапсыздық, ынтасыздық, тойымсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық кедейлікті шығарды. Керек қумай, мақтан қуатындар көбейді. Өзімшілдік пен мақтан шексіз көп жаман әдеттер туғызды. Мансапқұмар елдің кемелдікке жетпейтіні, жалпақтағанның бәрі жанашыр еместігі қаперге алынбауда. Пендешілікке барып, дақпыртты да даңқ деп түсінгендер артты, атақты шатақпен де шығаруға тырысатындар да табылды. Ақылға көнбей дау қуған санасы жоқ жамандар ел қадірін білуден қалды. Ашу бар жерде ақыл тұрмай тентектер шоқпар жинайтын күн туып, олар оңай олжа табуға көшті, біреудің малы мен ақысын жеуге кірісті. Осылайша, талабы жоқ, үміті мол тұрғындар, алдап айтқыш «ақындар» көбейіп кетті.

Қоғамда жекелік, енжарлық пен бей­жай­лық көп. Азаматтардың әрқайсысы өзін бір-бір төбемін деп есептеу бар. Мұндайда халық өзін-өзі сақтау түй­сігінен айырылып қалмаса екен деп тілегің келеді. Өйткені адам өмірін жақсарту тек қана үкіметті жоюды, адамның шектеусіз еркіндігін аңғартпайды. Оның оқу-білім, тәрбие және тағы басқа кешенді міндеттерді қамтитындығы сұрақ тудырмайды. Алайда өзіне өзі қасқырша шауып отырған жұртта оқу-өнер болмайды. Білім саласында «ар білімі» оқытылмағандықтан, шала білім, шалағай мәдениет бір құлатпай қоймайтыны анық. Демек, ел түзелсін десек, әуелі өзіміз түзелуіміз керек шығар.

Қазіргі кезеңде жаңалық деген ұғымның мәнісі уақыт екпіні мен уақыт ырғағын сезінуде болмақ. Жаңаның тамырында көненің жатқандығы да ескерілетін ақиқат. Өткенді өгейсіретпей, оның жақсысын да, жаманын да ұмытпай халықтық дәстүр мен халықтық тәжірибеге, әсіресе, оның рухани жағына иек артып, ертеңімізді ойлағанымыз жөн. Ережеден өнегенің артық болғаны жақсы. Дүниені қорлап отырған дүмшелердің зорлығы екендігін ұғынған дұрыс. Қазір өз ішіміздегі нигилистер мен ұлттың несібесін ұрлаушылардан сақтану керек. Ұлт санасын улап, иман ұрлаушылар осылар. Тәуелсіздік жолында популистік идеология қоғамның бағын ашар баянды идеология бола алмайды. Өйткені ұлттық сипатқа айналған дәстүріміз бен дүниетанымымызға батыстың либе­ралдық демократтары түзету жаса­ғылары келеді. Осы алуан түрлі парық­сыз экстремистер мен саясаткерлерден қатерлі ешкім жоқ. Өйткені олар қоғам­дағы келеңсіздікті қоздыру арқылы Қазақ­станның тұрақтылығын шайқалтуға тырысуда. Сөйтіп, пәтуәсіз «ерлер» елге сор болып, халықтың мұң-мұқтажына құ­лақ аспауда. Олар өз ұлтын сыйламай, оны мақтаныш етпей сатқындық жасау­да. Бұлар «тәртіпсіз ел болмайтынын, тәр­тіпке бас иген ел құл болмайтынын» ұққы­сы келмейді. Мұрагер бола алмайтын халық – сорлы халық екендігін де түсі­нер түрлері жоқ. Сондықтан болар, ала жіпті аттамайтын адал ерлер азайып, жүр­ген жерін даттайтындардың қатары өсуде.

Тұтынушылық қоғам мәдениеті ұранының арбауына қарсы тұрарлықтай берік рухани иммунитет қажет-ақ. Дәл осы батыстық мәдениеттің тікелей ықпалымен бейпайда ерегес күшейіп, замана жылдан жылға сұм болып барады. Ендеше, ұлттық дамудың негізі ұлтты тану болу керек. Оның жалғыз жолы – еліміздің ұйтқысы болып отырған әдет-ғұрыпты білу, күйреген рухты қайта көтеру. Себебі рух азған кезде, намыс тозады. Рухы мен намысы сөнгенде ел өледі. Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болмайды. Олай болса азаттықты нығайту үшін ең алдымен, ынтымаққа үйрену қажет. Өйткені тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік.

Сондықтан осының барлығын болдырмау үшін бірлік керек. Халқымыздың «саусақ бірікпей, ине ілікпейді», «ынты­мақ қайда болса, ырыс сонда барамын депті» деуі бекер емес. Бөлінгенді бөрі алады, ал бірліктен айырылған ел қаңғып қалады. Ынтымақ үшін ымыраға бара алмау – жаулықтың нақ өзі. Абырой-ынтымақ бірлік бар жерде ғана жүреді. Себебі кінәласу басталған жерде жақын­дық­қа қылау түсіп, бір күнгі керіс қырық күндік қырсыққа айналады. Мұ­ның алдын алу үшін жанжалдың шоғы қызарғанда, ақылдың суын сепкен жөн. Ел тілегі бір-бірімізге көзіміз түзу бол­ғанда ғана түзе­леді. Түптеп келгенде, хақ сөзді бала айтса да, тоқтамақ керек еке­нін тү­сінген дұрыс. Қазақ баласы бірі­гіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақ­сат сон­да ғана орындалады. Бөтен ешкім біз­ді жарылқамайды. Ендеше, дау тү­ген­де­мей тұрып, елдің жүгенделуі міндетті. Өйт­кені іс өну үш әуелі ниет пен тәртіп керек.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ, 

қоғам қайраткері