2014 жылдың 20-23 мамыры аралығында Қазақстанда тұңғыш рет Халықаралық «G-Global» журналистикасы саммиті ұйымдастырылады. Айтулы шара VII Астана экономикалық форумы аясында өтеді.
Саммит барысында әлемдік дағдарыс жағдайындағы журналистика рөлі, медиа саласындағы инновациялар мен технологиялар талқыланып, экономикалық көрсеткіштер мен ақпаратты таратудың жаңа тәсілдеріндегі әрекет етуші құралдар жайлы тілге тиек етіледі. Бұл шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Үкіметі, «G-Global» коммуникативтік платформасы, «Ғалымдардың Еуразиялық Экономикалық Клубы» қауымдастығы және «Success K» медиа-агенттік өкілдерінің айтуынша, саммитке танымал медиа-тұлғалар, блоггерлер, халықаралық медиа-холдингтер, тәжірибелі ғылыми қайраткерлер қатысады. Ашық үнқатысу алаңында экономика мен қаржы тақырыптарына бағытталған заманауи журналистикадағы өзекті мәселелерді талқылап, маңызды трендтер мен дағдарысқа қарсы ақпараттық саясат ағындары жайлы пікірталастар өткізу жоспарлануда.
Халықаралық журналистика саммитінің маңызды шараларының бірі әлемдік журналистикаға қосқан үлесі үшін «Экономикалық мәселелерді насихаттаудағы жаңа медиа-технологиялар мен инновациялық құралдар» атты «G-Global» сыйлығы болады.
Сыйлықты алуға шетелдік және отандық медиа-холдингтер, бірлестіктер, медиа-технология әзірлеушілер, IT-компаниялар және тәуелсіз журналистер өздерін ұсына алады. Байқау қорытындысы бойынша жаңа технологиялар, құралдар және бағдарламалар арқылы экономикалық ақпаратты ерекше тарата білген, әлемдік қоғамдастықтағы экономикалық мәселелерді аудитория оңай қабылдай алатындай етіп жеткізіп, олардың қызығушылығын тудыра алатын ең үздік журналистік жоба анықталады. Жеңімпаз VII Астана экономикалық форумы аясында өткізілетін марапаттау кешінде 15 000 АҚШ долларымен марапатталады.
Сонымен қатар, жаһандық журналистика саласында ақпаратпен алмасып, соңғы технологияларды көрсету үшін саммит аясында Халықаралық «Шексіз ақпарат» медиа-көрмесі (IMX) өткізіледі. Көрме танымал медиа-холдингтердің, әзірлеушілердің, тәжірибелері бар, өз жетістіктерін БАҚ-қа көрсетуге дайын индустрияның ғылыми қайраткерлерінің, экономика журналистикасындағы ақпараттық бизнес пен білімді құруға арналған дағдылардың, медиа құралдар мен технологиялардың кездесетін орнына айналатыны сөзсіз.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».