Ақтаудағы дүкен сөрелерінен «Ақ-Нек» атауындағы сүт өнімдерін жиі кездестіруге болады. Өтімді тауар тәрізді, сөрелерде көп тұрақтамайды. «Ақтаудың өзіндегі зауыттан өндіріледі екен, бастығы Зарета деген әйел адам көрінеді» деген әңгіме де «Ақ-Некпен» бірге тарап жатады. «Шетелдерден келген тағамдардың құрамына күдікпен қараймыз, өз елімізден, оның ішінде Ақтаудан шыққан өнім болса, сенімдірек екен», дейтіндер де жоқ емес.
Қызығушылықпен осы әңгімелердің төркінін тани түсу үшін аталмыш өнім шығарушы орынды, оның басшысын іздестірдік. Ол «Ақ-Нек Маңғыстау» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен де, басшысы Зарета Фаталиева екен. 1967 жылы Ресей елінде лезгин отбасында өмірге келген Зарета жоғары білімді маман, әрі технолог, әрі заңгер. Нарықтық экономиканың табалдырығын аттасымызбен өз бағытын дұрыс таңдап, бойында бар ұйымдастырушылық қабілетін іс басынан табылуға арнаған. Шаруасын шырқ үйірген іскер Зарета қазір тек «Ақ-Нек Маңғыстау» емес, «Ақ-Нан Маңғыстау» нан зауытын, «Берекет-Ф» қоғамдық тамақтандыру желісін басқарады. «Ақ-Нек Маңғыстауда» сүт, ірімшік, айран, құрт, жемістен дайындалған айран сынды бірнеше сүт өнімдерін өндірумен айналысса, нан зауыты қала тұрғындарын нан өнімдерімен мігірсіз қамтамасыз етуде. Сүт зауытынан жылына 450 тонна ақ дәм, нан зауытынан 360 тонна өнім тұтынушыға жол тартады. Ал «Берекет-Ф»-ның жөні бөлек. 1997 жылы өз қызметін бастаған ЖШС қазір біраз тәжірибе жинақтап үлгерді. Тамақтандыру қызметінде, кондитерлік және сүт өнімдерін шығаруда «Сәйкестік сертификатына» ие серіктестіктің қызметкерлері өз шеберліктерімен кез келген әріптестерімен тайталаса алады, яғни бәсекеге қабілетті. Сондай-ақ, жұмыстарына толықтай отандық өндіріс тауарларын, жергілікті еңбек ресурстарын пайдаланатындықтан, отандық қызметтерді ұсынушы ретінде де мақтаулы.
Он жылдан астам уақыттан бері Маңғыстау облысының денсаулық сақтау саласы мекемелерін емдік тағамдармен қамтамасыз етіп келеді. Ал биыл Ақтау қаласындағы ІІМ училищесінің тыңдаушыларын, Маңғыстау облысы ІІД бөлімшелерін, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ете бастағандарына тура он жыл толыпты. Сонымен қатар, 2006 жылдан бері Қазақстан Республикасы ІІМ-ге қарасты 6656 әскери бөлімі жеке құрамын, Ақтаудағы Әскери-теңіз институты курсанттарын және еліміздің Қорғаныс министрлігінің Батыс аймақ бойынша әскери бөлімдері жеке құрамдарына ыстық тамақ ұйымдастыру да өз мойындарында. Жұмыстың жеңілі болмайды, өз тұтынушыларымен қоян-қолтық жұмыс жасай білетін Зарета бәсекелесі көп тірлікте тапжылмаған бұл табандылық пен тұрақтылыққа өнімдерінің сапасы арқылы ғана қол жеткізіп келеді. Бүгінгі таңда 500-ге жуық адамды жұмыс орнымен қамтып, кәсібін шыр айналдыра жүргізген Зарета Фаталиева қайырымдылық шараларынан тыс қалмайды. Жетім балалар, мүжәлсіз отбасылар, мүгедек жандар мен қараусыз қалған қарт кісілер мүмкіндігінше оның назарында. Бизнестің талабы – тоқтап қалмау. Нан түрлерін дайындап, сүт зауыты нан-сүт өнімдері толассыз тасымалданып, кондитер цехы жұмыс ырғағынан жаңылмаған, азық-түлікті тасымалдап-жеткізуге санитарлық талаптарға сай жабдықталған, санитарлық төлқұжаттарын «қалтасына басқан» арнайы көліктері зырлаған, яғни бүгінгі тірлігіне бесаспап басшы алдағы уақытта өндіріс көкжиегін кеңейтуді, қосымша жұмыс орындарын құруды межелеп отыр. Сүт және кондитер өнімдерінің жаңа дүкендер құрылысы жүруде. Болашақта нан-бөлке, макарон өнімдерін, шұжық және тұшпара дайындау цехтары ғимараттарын, сондай-ақ фермасы мен жайылымдары бар жылыжай кешені құрылысын салу жоспарда бар.
«Берекет-Ф» ЖШС мен оның бас директорының еңбегі елеусіз емес. Бірнеше байқауларда жеңімпаз болып, топ жарды. Маңғыстау облысы бойынша «Өндіріс саласындағы жақсы кәсіпкер» атауын екі мәрте иеленсе, «Арзан және тәтті» номинациясының, «Отандық тауарлар және құрылыс» номинациясының жеңімпазы атанды.
Отбасында екі бала тәрбиелеп отырған үлгілі ана, іргелі ұжымды ұйымшылдықпен ұйыта басқарған басшы, бизнестің тасын өрге домалатқан кәсіпкер, ұлттар достығына үлесін қосуды азаматтық парызым деп білетін Зарета Фаталиева үнемі ізденіс үстінде. Бізбен телефон арқылы ғана байланыса алған ол қазір шаруа бабымен Ресей елінде іссапарда жүр. Оны біз Тәуелсіз Қазақстандағы ел ырысын еселеуде ерлерден кем тер төкпей, ерен үлесін қосып жүрген қайратты қыздардың бірі деп білеміз. Бұл бағаға да ол еңбегі арқылы жетті.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.