• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 13 Наурыз, 2022

Өңірдегі азалы жылдар ізімен

1266 рет
көрсетілді

Қолдағы мәлімет бойынша Ақмола облысы аумағында 11 жазалау лагері болған. Бұл сан одан да көп болуы мүмкін.

Ақмола облысында саяси қуғын-сүр­­гін құрбандарын ақтау мәселелері жө­ніндегі жұмыстың жүргізілгеніне де бір жылдан аса уақыт өтіп, алғашқы кезеңі аяқталды. Баспадан бір жинақ жа­рық көрді. Аймақтық комиссия аясында 7 ба­ғыт бойынша жұмыс тобы құры­лып, жетекшілер бекітілген. Облыс­тық Полиция департаментінің арнайы мем­­лекеттік мұрағаты қорында ақтау­ға жатпайтын тұлғалардың 367 ісі, қу­ғын-сүргінге ұшыраған, сот органда­ры ақтаған тұлғаларға қатысты 3025 іс және Екінші дүниежүзілік соғыс кезін­де әскери тұтқында болған және өз еліне қайта оралған бұрынғы КСРО азаматтарының 156 ісі бар. Ал Бас прокуратура Құқықтық статистика және ар­найы есепке алу жөніндегі комитет облыстық басқармасының арнайы мұраға­тында «Арнайы қоныс аудару және жер аударылғандардың жеке істер коллекциясы» сақтаулы. Оның ішінде арнайы қоныс аударушыларды есепке алған 36 000 іс бар.

Өңірлік комиссия жұмысына жақ­сы бір серпіліс жергілікті ғалым-маман­дардың Алматы, Қарағанды қалала­ры­на екі апталық іссапары болды. Көк­ше­таулық зерттеушілер Қазақстан Респуб­ликасы Орталық мемлекеттік архиві, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Президент Архиві, Ұлттық кітапхана, Алматы қалалық мем­лекеттік архиві сынды орталықтар мен архивтерде жұмыс істеп, өңір тарихына қатысты тың деректермен танысты. Ғылыми іссапар нәтижесінде алматылық, қарағандылық ғалым-мамандармен, архив қызметкерлерімен өңір тарихын зерделеу бойынша байланыс орнатылып, архивтерден 50-ден астам іс, 2500 беттей құжат көшірмесі әкелінді. Ресми деректерге қарағанда, ІІМ Ақпараттық-сараптамалық орталығы арнайы архивінің мәліметтері бойынша 1920-1950 жылдары Ақмола облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың жалпы саны – 6090, соның ішінде ақталмағандар саны 429 адам екен. Атап айтқанда, 1920-1930 жылдары облыс аумағында күштеп ұжымдастыру кезінде қудаланған 1048-ге жуық бай-кулак пен шаруа, күштеп қоныс аударылған 36 000 адам, қудалауға ұшыраған 180 дін өкілі (150 мұсылман, 30 христиан), ІІ дүниежүзілік соғыс тұтқындары қатарынан 376 адамның тізімі бар 429 ісі жинақталды. Бұл тізімді жұмыс топтары мұқият зерделеп, толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссияға жолдайтын болады.

Енді жергілікті комиссияның атқарған жұмысына шолу жасап көрелік. Өңірдегі халық көтерілістеріне қатысқаны немесе босқындарды ақтау жөніндегі зерттеу тобына жауапты топтың жетекшісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Талап­кер Уәлиевтің айтуынша, облыстық Поли­ция департаментінің арнайы мұрағатынан бұрын көпшілікке беймәлім болып кел­ген халық наразылықтары мен бас көтеру­лерін анықтады. Мысалы, 1931 жылы 5 наурыз бен 5 сәуір аралығында Атба­сар ауданының №15-17 ауылдарында кәмпескеге ұшыраған байлар мен ау­қат­тылар өздерінің тәркіленген малдарын қайтарып алу үшін бас көтеру ұйым­дастырған, отыз шақты адамды Есенберген бай бастап «Қасқа» колхозы­на барып талап қойған, милиция қару қолданып 15 адамды тұтқындаған, 6 адам қашып кеткен. Ащылы өзенінің жағасындағы ауылдар да наразылық білдірген. Облыстық архивтің 247/ 1418 қорындағы 1 тізбе, 197 істе бір ғана Айыртау ауданынан 1932 жылы отбасыларымен бірге 760 адам ОГПУ бұйрығымен бай-кулак ре­тін­­де жер аударылған, ал 128 адам Оң­түс­тік Қазақстанға зорлап көшірілген. Ай­та­лық, 1928 жылы құрылған Ақмола округінің Сталин ауданындағы (орталығы Алексеевка селосы ) Козьмо-Демьянск және Қилы селоларында кулактар мен орташалардан құрылған 200 дей адам колхоз председателін соққыға жығып, конфискацияға алынған үйлерін, малдарын, астығын қайтаруды талап еткен. Милицияның күшімен қарсылық күшпен басылып, басшыларын тұтқынға алған. Балқашын ауданының Максимовка, Владимировка селоларында кулактар зорлықпен тартып алынған тұқымдық бидай мен құралдарын қайтаруды сұра­ған. Петропавл округі Қызыл-Әскер ауданының 5 ауылында байлар жергілікті мешітті қайтаруды талап еткен, олай болмаса халықты көтеретінін алға тартқан. Бұл мәліметтер ҚР Президенті архивінің 719-ші қорында,125-ші істе сақталған.

Кулактар, байлар, жартылай феодалдар мен шаруаларға байланысты да ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бойынша да жаңалық көп. Республика бойынша 1928 жылы жүргізілген байларды тәркілеу тізіміне 1931 жылғы 10 қыркүйектегі мәлімет бойын­ша 5000 отбасын жер аудару керек болған. Оның ішінде Көкшетау ауданынан 356, Арықбалықтан 185, Айыртаудан 205, Рузаевтан 76, Щучинскіден 226 бай болды. Негізінен оңтүстік, шығыс өңірлерге көшірілген. Бұл Қазкрайкомның құпия хаттамасына Голощекиннің өзі қол қойған. Президент архивінің 141 қорында тақырыпқа байланысты материалдар көп. Бөлек тәркілеуге ұшырағандар тізімдері әлі де анықталуда. Болашақта архив құжаттарымен біріктіріп, жинақ шығару жоспарлануда.

Күштеп ұжымдастыру және 1930 жылдардағы ашаршылықтан жойылған немесе жапа шеккендерді анықтау бойын­ша жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Өтегеновтің тапқан деректер ел ішінде күштеп колхоздастыру, ұжымдастыру және мемлекетке ет, астық дайындау нау­қан­дары кезінде асыра сілтеушілік, бұрмалаушылық, озбырлық, дөрекілік көрсету әдістері қолданылғанын дәлел­дейді. Мысалы, Ақмола округінің прокуроры Алпысбаевтың 1930 жылы шілде айындағы ҚАССР НКВД председателі М.Табакинге жолдаған қызметтік хатында қазақ ауылдарында бай, кулактарды тап ретінде жою кезінде Азат, Атбасар, Сталин аудандарындағы жаппай ұжымдастырудың салдарын, Ленин, Социалистік аудандарындағы колхозға кірмегендерді сотқа беру немесе сайлау тізімінен алып тастау, сонымен қатар осыған байланысты заңсыз 1537 істің қозғалғанын, оның ішінде орташалар мен кедейлердің де көп екенін жазады. Республикадағы Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы (ОГПУ) төрағасының орынбасары Генрих Ягодаға түскен баяндамада Көкшетау ауданында 15 орташалар отбасын заңсыз көшіру, Атбасар ауданының Михайловка, Николаевское, Беловодское селоларында кулактарды көшіру кезінде тіпті ұсақ-түйек мүліктерге дейін тартып алынғаны, Арықбалық ауданында мүгедектер мен кәрі адамдарды да мүмкіндігі шектеулігіне қарамастан күштеп жер аударып жіберілгендігі туралы айтылады. Кедейлер де тұтқындалып, мал-мүлкі тәркіленген. Тіпті әйелдердің іш киімдерін, орамалдарын түгел тартып алып, балаларының киімдерін сыпырып, тыр жалаңаш қалдырып кеткен. Осы сынды озбырлықтар кесірінен қашу, бағынбау фактілері, аштыққа ұшырау жиі кездес­кен. Ұжымдастыруға қарсы шыққандар да жетерлік. Көбінің кейінгі тағдыры белгісіз, әлі де зерттеуді қажет етеді.

Алаш партиясы, Алашорда үкіметі идеясы үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды анықтау бойынша жұмыстарды әлі де жүргізуге болады. Саяси бас көтерулер мен ғылым, мәдениет, қызмет салаларын­да саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерт­теу тобының жетекшісі, магистр Жан­сая Осипованың айтуынша, Ақмола об­лысының мемлекеттік архивіндегі №3260 қорындағы 72, 73,76 істерінде көп­теген мәлімет кездеседі. Мысалы, 73-ші істе репрессияға ұшыраған 668 ком­­мунистің фамилиясы бар, оның 265-і бүгінге дейін ақталмаған, істерді қайта қа­рау үшін Орталық архив арқылы тексеру керек. Ал 72-ші істің 4-ші парағында Көкшетау облыстық партия комитеті бюросының қаулысы бар, онда Биляловтың аппеля­циялық өтініші тіркелген. Тіркелу уақыты 1990 жылдың 14 тамызы. Асия Билялов партия қатарында 1932-1936 жылдары болған, партиялық билетінің нөмірі 7323948, 1926 жылы берілген. 1935 жылы 19 желтоқсанда Петропавл қалалық партия комитетінің өкімімен тап жауы ретінде партия қатарынан шығарылып, сотталады. Кейін жазасын өтеп келген соң Хрущев уақытында ақтау тізіміне ілікпейді, бүкілодақтық ХIХ КПСС конференциясына, кейін КПСС-тың бас хатшысы М.Горбачевқа да бірнеше рет ақтау туралы өтініш жазған. Өтініші қанағаттандырылмаған. Не болмаса мынадай мысал келтіруге болады. Жалшылар қатарынан шыққан қарапайым коммунист Есдәулет Қазыбеков «ата-анасы мен ағасының әлеуметтік жағдайын жасырғаны үшін, бай элементтеріне көмектескені және Зеренді ауданы Еңбек ауылындағы Баянбаев деген моллаға жалған анықтама бергені үшін» партия­дан шығарылып, қылмыстық жауапқа тартылады. Айта берсек мұндай мысалдар көп-ақ. Ақмола өңіріндегі Алаш және қоғам қайраткерлерінің өмірін, қызметін әлі де толық зерттеуіміз керек. Олардың қатарында Әбілқайыр Досов, Айдархан Тұрлыбаев, Асылбек Мұстафин, Зарап Темірбеков, Шәрәпи Әлжанов, Мұхаммедсәлім Кәшімов, Хайретдин Болғамбаев, Иманжүсіп Құт­панов, Жұмағали Тілеулин, Сейітбаттал Мұстафин, Біләл Малдыбаев, Жанайдар Сәдуақасов, Мұхаметжан Есжанов, Камел Кешубаев, Хайролла Хұсайынов, Ғалиасқар Қуанышев, Жанұзақ Жәнібе­ков, Әубәкір Ілиясов және тағы басқала­ры бар. Сонымен қатар солтүстік өңірде «Алаш» партиясының филиалын, қазақ комитеттерін құру үшін, ұлт­тық мемлекет қалыптастыру жолында жа­зық­сыз жапа шегіп атылғандардың тізі­мін де атап кетуге болады: Байғазы Ахме­тов, Қайролла Мәліков, Малғаждар Сағын­дықов, Есімсейіт Сабыров, Сәдуақас Жандосов, Сейітқасым Бекішов, Мәлен Ыбыраев, Қожахмет Белгібаев, Махмет Уәлиханов, Қошан Қоспанов, Жармантай Омаров, Әбілкәрім Бимурзин, Сәкен Махметов, Мәжен Жандосов, Қафез Айба­сов, Ғабдолла Шоқаев және басқалары. Көптеген ғылыми зерттеулер мен мақала­лар­дың осы тақырып бойынша орын алғанына қарамастан аталған тұлғалардың тағдыры, тарихы әлі де ғылыми зерттеуді толықтыруды, көмескі беттерін ашуды қажет етеді. Алайда бұл істердің көбінесе әлі де құпия болуына байланысты ашып айтуға, не жазуға мүмкіндік болмай отыр.

Сонымен қатар облыс аумағындағы жазалау лагерьлерінің орындарын анық­тау жұмысы да өз жалғасын табуда. Біздің қолымыздағы мәліметтер бойынша облыс аумағында әр жылдары 11 лагерь болған, соңғы деректерге қарағанда, саны көп болуы да мүмкін. Біріншіден облыс әр жылдары әкімшілік-аумақтық өзгерістерге ұшырап, жер аумағы, елді мекендер, халық құрамы жағынан бірнеше территориялық бірлестіктерге кіріп отыр­ған. Айталық, 1921 жылы Ақмола губерниясы, 1928-1930 жылдары Ақмола округі, одан кейін орталығы Петропавл қаласы болған Қарағанды облысының құрамында, 1939 жылдан жеке облыс болып қайта құрылады. 1944 жылы құрамынан Көкшетау облысы жеке бөлі­ніп шығады. Ал аудан, округтер бірде қосылып, бірде азайып не атын өзгертіп отырған. Осы жағын да ескеру керек. 1930-1950-шы жылдары әйгілі «Каззолото» бірлестігінің құрамында көптеген шахта, рудниктердің жанында лагерьлер орналасып, оларда әскери тұтқындар, жазасын өтеушілер, айдалғандар, жер аударылғандар жұмыс істеген. Негізінен қазіргі Біржан сал, Ақкөл, Шортанды, Бұланды аудандарының жерінде орна­лас­қан. Екіншіден, бұрынғы Рузаев ау­да­нының Чернозубовка селосында, Атба­сар, Балқашын жағында да лагерь­­лер бол­ғанын деректер растап отыр. Өткен жылы тек қана Зеренді ауда­ны­­­­ның аума­­ғында 4 бірдей сталиндік лагерь­лер­дің болғанын анықтадық. Олар қазіргі Приречное селосының жанындағы № 14 ко­­лония,Үлгілі ауылындағы ОПЛ-3, Ба­ра­тай, Уголки ауылдарына жа­қын жердегі «Ключи», Симферополь селосындағы «Озерное» лагерьлері. Атал­ған лагерьлер толық зерттелді деп айтуы­мызға болады. Қашан құрылып, қай жылдары жұмыс істегені, қандай контингент отырғаны, куәгерлер табылып карта­сы жасалды, естелік белгілер қойылды, бір­қа­тар мақала жарияланып, жинақ шықты.

Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс тобы да біршама ауқымды жұмыстар атқарды. Жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ақбота Бексейітованың берген деректеріне қара­ғанда, 1920 жылдан басталған қудалау кезінде «Кеңес өкіметіне жат элементтер» тізіміне кірген дін қызметкерлері сайлау құқығынан айырылып, жер аударылған, ал діни мекемелер жабылған. Кеңес өкіметі кезеңінде діни ұйымдар мен қауым­дастықтарды арнайы дін істері бойынша кеңес қатаң бақылап отырды. Облыста 1940 жылдары осы кеңестің өкілі болып Жазықбаев деген істеген. Діни көпшіліктің жұмысын шектеп отыру үшін арнайы жарғы қабылданды. Халық арасында дінге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында «Құдайсыздар ұйымы» атты арнайы қоғамы да құрылады. «Дін – халық апиыны» деген ұранмен қаруланған бұл ұйымның өкілдері ғибадат орындарына, құдай жолындағы адамдарға істемегені жоқ деп айтуға болады. Архив құжаттарын сөйлететін болсақ, мынадай жайттарды кездестіреміз. 1926 жылы кеңестік билік Көкшетау қаласындағы Науан Ха­зі­рет мешітін жабады. Көп жылдар бойы қасиетті ғимарат түрлі мекеме­лер­дің шаруашылық орнына айналып, тек қана 1989 жылы ғана көпшілік жама­ғат­­тың өтініші бойынша мұсылман қауы­мына беріледі. 1932 жылы Сталин (қазіргі Шортанды) ауданындағы, 1940 жылы Көкшетаудағы Георгиев храмы, 1947 жылы Зеренді ауданындағы Вик­торов­ка селосындағы Қазан Ана Икона­сының, 1948 жылы сол аудандағы Пав­лов­ка селосындағы Архистраг Михаил шіркеулерінің жабылғандығы туралы құжаттар бар. Облыс бойынша мешіттер мен шіркеулер 1926-1947 жылдары толық жабылған. Осы жылдары Көкшетау өңірінің өзінде ғана қуғын-сүргінге ұшыраған 150 имамның аты-жөні белгілі болып отыр. Көкшетау уезінде ғана 33 православие шіркеуінің священнигі сотталып, оның 20-сы ату жазасына кесілген. 1989 жылы бәрі ақталған. Сонымен қатар бұрын ешқандай тізімде кездес­пе­ген Октябрь болысының (орталығы қазіргі Карасевка селосы) моллалары Ахмет­бек Үстеміров, Рақымжан Жұманов, Еле­нов­ка селосының шіркеу старостасы Порфирий Михайлович Вавилин, қауым мүшесі Исидора Артомонованың діни көзқарастары үшін сотталғаны туралы айғақтар кездеседі. 1935 жылы 30 желтоқсанда Зеренді ауданының Қарсақ ауылында тарауық намаз өтіп, оған 40 еркек, 6 әйел қатысқан. Бәріне шара қолданған. Осы ауданның Красиловка ауылдық кеңесінде колхозшылар Волков, Волховский, Гузовтарды діни пиғылдары мен колхоз құрылысын сынағандары үшін колхоздан шығарған. Айыртау ауданының шыққан қажылар Әбушахман Боқаев, Сыздық Қойлыбаевтардың тағдыры күні бүгінге дейін белгісіз. ОГПУ-дің құрығынан қашып көршілес Ресей айм­ғында тығылуға мәжбүр болған Шәймерден Қосшығұлов, Сәдуақас Ғылма­ни, Салғара Қуанышев, Жұмабек Жармұхамедов және тағы басқалары туралы әлі де іздену керек. Жалпы, Ақмола өңіріндегі қуғын-сүргінге ұшыраған дәстүрлі дін өкілдерінің нақты санын айту әзірше мүмкін емес, зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастыру қажет, әсіресе Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивіндегі қор­лар­ды зерделеп, іске асырсақ. Бұл енді болашақтың ісі болмақ.

Қазақстандық әскери тұтқындар мен Түркістан легионының қатарында бол­ған­дарды ақтау бойынша ұсыныстар дайын­дау жөніндегі жұмыс тобының же­­тек­шісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Ақан Шәріповтің айтуынша, об­лыс­тық Полиция департаментінің ар­найы мемлекеттік архивінен біраз құ­жат­тар алынған. Көбі әлі күнге дейін құпия түрінде, жариялауға немесе аты-жөндерін айтуға, қағазға түсіруге болмайды. Дегенмен де, №25 қорда 367 адамға байланысты 429 іс бар, барлығында да «ақтауға болмайды» деген белгі бар, яғни арнайы тексеріс нәтижесінде олардың қылмыстық істері дәлелденген, соғыс уақытында сотталған, жауға өз еркімен берілу, әскерден қашу, өзін-өзі ату, әскери бөлімді тастау, бұйрықты орындамау сияқты соғыс жағдайындағы қатаң жазалау шаралары жиі кездеседі. 1990-2000 жылдары прокуратура қызметкерлері әскери тұтқындарға байланысты істерді толық қарап шыққан. 2020 жылдан бас­тап ел Президентінің Жарлығымен барлық істер қайта қаралып жатыр. Жалпы, «Ұлы Отан соғысының бұрынғы әскери тұтқындары және Германиядан репатриацияға ұшыраған Қазақ ССР азаматтары» атты №26 қорда 3174 адамға 1308 іс сақталған. Қазақстандықтар Германия, Польша, Италия, Франция, Латвия, Да­ния, Беларусь, Украина лагерьлерінде болған. Анкеталық мәліметтер мен жеке құжаттары сақталған. Зерттеу жұмыс­тары әлі де жүріп жатыр. Облыстық әскери комиссариат 1939-1945 жылдары Батыс Еуропа елдерінде тұтқында болған жерлестеріміздің тізімін жасап, қарастыруда. Төрт адамның құжаттарында саяси аспектілер бар, айталық екі жауын­герді СМЕРШ «антисоветтік пиғылдары» үшін соғыс жағдайындағы заң бойынша әскери трибуналға берген, енді бір жауынгер неміс тұтқынында болып, Түркістан легионына өз еркімен жазылған, кейін Қызыл Армия қатарына өтіп, жаумен соғысқан, наградалары бар. Неге ақтамасқа?! Ал енді бір адам ұлышовинистік балағаттау мен намысына тигені үшін өз командирін атып тастаған. Саяси-репрессиялық пиғыл көзге ұрынып-ақ тұр. Әскери тұт­қын­дар тағдыры әр қилы, аянышты. Оқ-дәрі, қарудың жетіспеушілігі мен дарынсыз қолбасшылардың кесірінен қоршауға түскендер, соғыс қимылдарына қатыспағандар, жеңістен кейін көбі қайта сотталғандар, ерліктері мен марапаттары да жеткіліктілер бар немесе елге келгеннен соң «Германиядағы өмірді мақтады», «Советтік колхоз өмірін сынады» деген желеумен қылмыстық жауапқа тартылғандары қаншама.

Арнайы қоныстанушылар мен күш­теп көшірілгендерді анықтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Алмагүл Күш­пае­ваның айтуынша, арнайы қоныс­та­ну­шылар, яғни депортацияға ұшыра­ғандар ерекшеліктеріне қарай 30 санатқа бөлінген. Зерттеушілер Қазақстан Респуб­ликасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жө­нін­­дегі комитеті Ақмола облысы бойын­ша басқармасының арнайы мұраға­тын­да отырып, ондағы арнайы қоныс аударушылардың жеке бақылау істер кол­лекциясын сүзіп шыққан. Онда 36 мыңға жуық істер сақталған. Оны арнайы тарихи құжаттар да растап отыр. 1941 жылғы 27 қыркүйектегі Ақмола облыстық партия комитеті мен облыстық Жұмысшылар Депутаттары Кеңесі атқару комитетінің бірлескен қаулысында Кеңес Одағының орталық аудандарынан 36 мың немісті облыс аудандарына көшіру туралы айтылған. Жергілікті басшыларға осы науқанды орындау үшін нақты тапсырмалар берілген. Барлық жеке істерде өмірбаян, өтініштер, кепілдік, кешірім беру, билік органдарымен хат жазысу, шектеу шаралары сияқты деректер кез­деседі. Әрбір істе адамның толық аты-жөні, білімі, отбасы құрамы, жынысы, сотталғандығы мен партиялық жағдайы, мамандығы, қайдан, қашан көшу уақыты толық тіркелген. Әзірге 377 іс сапалы сараптамадан өтті. Облыстық прокуратурада толық тізім бар, тиісті шаралар қазір атқарылып, сұрыптау жүріп жатыр. Қажетті жұмыстарды атқарғанда белгілі бір қиындықтардың орын алға­нын да айтпай кетпеуге болмайды.

Аманай СЕЙІТҚАСЫМОВ,

Ақмола облысындағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі комиссияның үйлестірушісі, Тарих ғылымдарының кандидаты