Ақмола облысы Қалашы ауылындағы белгісіз ауру әлі анықталған жоқ. Бұл туралы «Айқын» газеті жазды.
Қалашы ауылындағы ұзаққа созылып бара жатқан ұйқышылдық сырқатының себебін әлі ешкім дөп басып айта алмай отыр. Осы мәселені анықтау үшін Денсаулық сақтау, Индустрия және жаңа технологиялар, Өңірлік даму және Төтенше жағдай вице-министрлері деңгейінде ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл топтың жұмысын үйлестіру міндеті Қоршаған орта және су ресурстары вице-министріне жүктелді.
Осының алдында Қалашы ауылы тұрғындарын жайлап бара жатқан сырқаттың себебін анықтау мақсатымен Денсаулық сақтау министрлігі арнайы жұмыс тобын құрған болатын. Сөйтіп олар Қалашы ауылының әлеуметтік-экономикалық және табиғи-климаттық жайына зерттеу жүргізді. Әрі осы ауыл тұрғындары мен Красногорский ауылының халқын медициналық тексеруден өткізді.
Жалпы, тексеру комиссиясы 2013 жылдың наурыз айынан бастап осы кезеңге дейін энцефалопатияның пайда болу себебін анықтайтын 7 мыңға тарта зерттеу жұмысын жүргізді. Осыған байланысты инфекциялық және бактериялық факторлар жойылған. Ал ауыл төңірегіндегі гамма-фон мөлшері қалыпты деңгейде екен. Сондай-ақ, тұз бен ауыр металдар РШК-ның жоғарылауы байқалмады.
Бұл факторларды жаза отырып, бүгінге дейін Қалашы ауылы тұрғындарының энцефалопатияға (есінеу, ұйқысырау) шалдығу себебі анықталмай отырғанын баса айтамыз. Жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызған осы мәселеге байланысты Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова былай деген еді: «Індеттің таралуына әртүрлі жағдайлар себеп болуы мүмкін. Қажет болса, министрлік шетелдік мамандардың көмегіне жүгінеді. Зертханалық талдаулар бір күнде жасала қоймайды. Бір ай шамасын талап ететін зерттеулер де бар».
Бізге келіп түскен соңғы ақпарат көзінде аталған өңірде бір жыл көлемінде энцефалопатия симптомы байқалған 35 адамның дәрігерлерге қаралғаны туралы жазылған. Ал бұдан біршама күн бұрын 2 ауыл тұрғыны «осы дертке» шалдықты деген күдікпен ауруханаға жеткізілген. Анығын айтар болсақ, бұл сырқаттың алдын алу мүмкін болмай тұр.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «Айқын» газеті.
Фото: www. Superlechenie.ru.