Қаңтар оқиғасы 30 жылдық тәуелсіздігімізде мемлекетімізге төнген ең үлкен қауіп болды. Бастапқы кезде облыстар мен ірі қалаларда көшеге шыққан азаматтарға қару қолданылған жоқ. Маңғыстауда бірде-бір әскери немесе арнайы жасақтар халыққа қару түгіл күш көрсетпеді, тек маңызды нысандарды қорғады және дислокация жасалған жерлерінде қозғалмай тұрды. Біз бұны өз көзімізбен көрдік. Ақиқатын айту керек мемлекет шерулер мен ереуілдердің бейбіт өтуіне толық мүмкіндік берді.
Өкінішке қарай, Алматы облысы, Алматы, Тараз және басқа қалаларда бейбіт шерулер арандатушылардың кесірінен жаппай бұзақылық пен қантөгіске ұласты. Қаншама бейбіт азаматтар, қарусыз құқық қызметкерлері жараланды, қаза тапты, мемлекеттік және кәсіпкерлік нысандар қирады. Бұл әдейі ұйымдастырылған деп есептеймін. Өйткені Президент Қ.Тоқаевтың іске асыра бастаған саяси және экономикалық реформаларына қарсы топтар осындай қатігездікке барды. Иә, елде қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелер бар. Ол белгілі. Осы жағдайды ұтымды пайдаланғысы келген билікқұмар арамзалар, халықтың атын жамылып, өздерінің арам пиғылдарын іске асырғылары келді. Олардың ойлары мемлекетте төңкеріс жасау еді. Қантөгісті ұйымдастырушылар бүкіл өңірлер көтерілгенде Мемлекет басшысы елден кетіп қалады немесе өз орнын босатады, билікті оңай бере салады деп ойлаған болуы керек. Мұндай жағдайлар бүлік шыққан мемлекеттерде болғанын жақсы білеміз. Шынында да елімізді ауыр жағдай орын алды. Билік қыл үстінде тұрды. Алайда Қасым-Жомарт Кемелұлының табанды позициясы, өткір шешімдері және Қазақстан халқына қайта-қайта жасаған үндеулері көңілге сенім ұялатып, қаскөйлердің арам ойларын іске асыруға мүмкіндік бермеді. Мемлекетті хаосқа жібермеген басшыны көзі ашық, көңілі ояу адам бағалай білуі керек!
Сонымен қатар Отанымызға лаңкестер қауіп төндіргенде қайсарлық пен табандылық көрсетіп, өз шептерінен шегінбей, халық алдында өз борыштарын абыроймен адал атқарған ержүрек, батыл жауынгерлер мен полиция қызметкерлерінің ерлігі зор құрметке лайық.
Мәжіліс депутаттары ақпан айында өңірлерде болғанда сайлаушылардың көтерген ең өзекті мәселесі – қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын заңды және әділ жүргізуді талап ету болды. Демек Бас прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын барынша ашық жүргізіп, кімнің кім екенін анықтауы қажет. Болған жағдайларды ашық көрсетіп, ештеңені жасырмаған жөн. Өйткені жасырын процесс ел арасында сенімсіздікті көбейтеді. Сондықтан қастандықты кімдер ұйымдастырды, оларға кімдер көмектесті, кімдер қаржыландырды, қаржылар қайдан келді деген сұрақтарға толық жауап алынып, халыққа жариялануы керек.
Сонымен қатар депутаттар атына азаматтардан ұсталған күдіктілерге қатысты тергеу амалдары кезінде оларды қинау, зорлау, ұру, соғу, жаралыларға тиісті дәрігерлік көмектер көрсетілмеу сияқты фактілер бар деген арыз-шағымдар түсуде және әлеуметтік желілерде де ақпараттар бар. Сондықтан прокуратура әр ұсталған азамат бойынша және заң бұзуға жол берген құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты тексерістер жүргізіп, заң бұзушылық фактілері орын алды ма, жоқ па, анықтап, тиісті шаралар алу қажет. Ауру, жаралы азаматтар тиісті емін алсын. Оларға қажетті жағдайлар жасалсын.
Біз бір нәрсені естен шығармауымыз керек. Сотпен қылмысы дәлелденген адам ғана қылмыскер. Сондықтан соттардың үкімін күтеміз. Кінәлілер нақты анықталып, заңға сәйкес жазалану керек.
Қаңтар қасіреті жайдан-жай болған жоқ. Бауырларымыздың қаны бекерге төгілмеді. Біз өткен күндерден сабақ алуымыз қажет. Бір ғұлама айтқан екен: «Бір жамандықтың артында екі жақсылық бар» деп. Болған жағдай қоғамның тазалануының бастауы болар. Еліміз жаңа бағытқа бет бұрды. Халық биліктен оң өзгерістер күтеді, тіпті реформаларды бірге іске асыруға мүдделі. Егер Жаңа Қазақстанды құрамыз десек ескі әдістер мен шаблондардан арылып, өзіміз де өзгеруіміз қажет, билік те өзгеруі тиіс. Әсіресе сот жүйесі және құқық қорғау органдары да жаңаша жұмыс істеуге міндетті. Бұл – ел, Президент, уақыт талабы!
Қазір бүкіл әлем турбулентті жағдайға түсті. Біз буыны енді қатайып келе жатқан мемлекетпіз. Елдің ертеңін болжау өте қиын. Республиканың тұрақтылығы мен тәуелсіздігі үлкен сынаққа түсіп отыр. Мемлекетімізді тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай алып шығу тек Президенттің жауапкершілігі емес, бұл Парламенттің, Үкіметтің және әрбір қазақстандықтың парызы.
Жаңа Қазақстанның одан әрі дамуы халқымыздың сабырлығы мен сеніміне, мемлекетшілігі мен ауызбіршілігіне, белсенділігі мен қажырлы еңбегіне тікелей байланысты, ал бұл қағидаттарды іске асыру елімізде рухы мықты, әділ қоғамды орнатуды қажет етеді.
Еділ ЖАҢБЫРШИН,
Мәжіліс депутаты