• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Наурыз, 2022

Мәрттік қарттыққа қарамайды

322 рет
көрсетілді

Ол кісілер ауыл іргесіндегі қорымдардан топырақ томпайтқалы қашан?! Марқаш (Мархаба) апа бертінде, 2020 жылдарға таман аттанса, Имекең, Иманжан ақсақал тоқсаныншы жылдардың аяқ шенінде жөнелді-ау деймін. Біз онда жеті-сегіз жасар баламыз. Ауылдың екі қариясы да жақсы есімде. Имекең өле-өлгенше аттан түспей кетті. Тоқсанның бірнешеуіне келіп қайтты. Аяқ артып жүрген атын баласы сыртынан сатып жіберіпті.

«Өстіп жүріп, аттан құлап немесе ат сүрініп бір жерде мерт болсаң, сөзге қаламыз» деп. Сөйт­се, қара шал жылқыдан бір биесін үйретіп мініп алыпты. Соңында құлыны шұрқырап жүретін. Жағдайсызда емес, жалғыз баласы әкім, қазақ аттан түсіп, темір тұлпарға тақым артқан кез ғой. Шамасы, шаңырақта шалдан басқа атқамінер жоқ. Біздің атаға жиі соғып, әңгімелесетін. Бектас батырдың мәрттігін, Айнатайдың ерлігін айтып жылап отырар еді. «Кірер қалмады» деп егілетін. Барып, шер тарқатысып, әңгіме айтар үй қалмады дегені екен ғой сондағысы. Ескілікті, көненің адамы сол кездің өзінде азайған, қазір не сор?

Марқаш апа да көненің көзі, көпті көрген, болыстың қызы. Әнші болған деседі. Әңгіменің майын тамызар еді. Сексенге келгенше газетті көзілдіріксіз оқып өтті. Ақсүйек, оқығандығы мен мұндалап тұратын. Жолдасынан ерте қалып, ұлдарын өзі жеткіз­ген. Бір ұлы мезгілсіз дүние салып, көңілі қаралы болғанының үстіне қонақасына соятын қара табылмай отырғанда, Име­кең көңіл айта кіреді. Осы тоқса­ныншы жылдардың басында. Ауылдың атқамінер ақсақалы Имекең мән-жайды білген соң қапалы кемпірдің босағасына түсіп, астындағы атын байлап кетіпті. «Осыны алып соя беріңдер, кемі елі-бармақ қазы береді. Ақысы керек жоқ» депті де, ертоқымын бір жігіттің көлігіне салдырып, әлгімен үйіне тартып отырыпты. Ұл-қызы қалаға оқуға кеткен, алды енді аяққа тұра бастағанымен, жетіліп кете қоймаған, мына қайтқаны жап-жас жігіт қана, жалғыз зейнетақыға қарап қалған кемпірдің жағдайы белгілі емес пе? Соны айтқызбай ұққан Имекеңнің мәрттігі ауыл-аймақта әлі күнге айтылып қалып жүреді. Өзі де керемет дәулет құраған жан емес. Өмірі Кеңес өкіметіне қызмет етпей, ат үстінде өткен қарт ауыл-елдің мәселесін бір ауыз сөзбен шешіп жүргені туралы әңгімелер бар.

Сол Имекең өлерінің алдында төсек тартып жатып баласын шақырып, «мен өлсем неше жылқы соясың?», деп сұрапты. Өлімге қимағанымен, кесіп айтқанды сүйетін әкесін білетін баласы «оның не, әке?» дей алмай, «үш жылқы соямын» десе керек. «Онда өлуге болады екен» деп, сол жатқанынан тұрмапты.

«Кезіксең біздің жақтың

тентегіне,

Өмірдің қарамайды келтесіне.

Үйдегі жалғыз атын

сойып беріп,

Жүгенін ұстап

қалар ертесіне»

деген қазақтың ескі өлеңі де қазір көп естіле бермейді.