Қаржы мониторингі агенттігі еліміздің әр өңірінде заңсыз түрде жұмыс істеген 13 майнинг фермасын анықтады. Бұл Президент Қ.Тоқаевтың ел аумағындағы барлық майнинг фермаларының салықтық және кедендік төлемдерін тексеріп, келісімшарттары мен техникалық негіздемелерін 15 наурызға дейін анықтау тапсырмасынан кейін ғана мүмкін болды. Криптовалюта бизнесімен айналысушы майнерлер қызметінің заңдылығын тексеруге қаржы мониторингі агенттігімен бірге прокуратура қызметкерлері де кірісті.
Ақпанның соңғы күндері Ақтөбе қаласының Индустриалды аймақ аумағында 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ақтөбе Смарттех» майнинг компаниясы анықталды. Осы серіктестік «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мәліметтерді өңдеу орталығы ретінде ресми тіркелген.
Облыс орталығының шетінде 200 гектар аумақты алып жатқан Индустриалды аймақ 2015 жылдың соңында құрылды. Меншік құқығы жағынан «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарайды. «Ақтөбе» ӘКК» ҰК АҚ жауапты қызметкері Эльдар Валиев майнинг фермасының қызметіне қатысты сұрағымызға былай деп жауап берді: «Ақтөбе Смарттех» ЖШС-і Индустриалды аймаққа 2019 жылы орналасты. Бұл «сұрғылт» майнер емес, еліміздің аумағында заңды түрде тіркелген, салық төлеп, бірнеше жұмыс орнын ашқан «ақ» компания. Ол «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша серверлік қуат тартуға байланысты қызмет түрімен айналысты».
Прокуратураның шұғыл тексерісінен соң осы майнинг фермасына қатысты заңсыз кәсіпкерлік бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сот процесінің қашан басталатыны белгісіз.
Айта кететін бір мәселе – елімізде майнингке қатысты заңдылық негіз әлі қалыптаспаған. Бизнес пе, алаяқтық па? Мұның аражігі анықталмаған. Ал көршілес Қытай Халық Республикасында криптовалюта бизнесіне заңды түрде тыйым салынған. Білетініміз, майнинг фермалары электр қуатын шектен тыс көп мөлшерде тұтынып, серверлік қуаты жоғары машиналарды пайдаланады. Көпшілік майнинг фермалары елімізге Қытайдан бір мезгілде көшіп келіп орналасып алған. Олардың заңсыз қызметі елімізде электр қуатын тұтыну мөлшері күрт артқанда ғана ашыла бастады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, майнинг фермалары елімізде цифрландыру бағдарламасына қатысушы заңды тұлғалар ретінде тіркеліп, үш жыл бойы жұмыс істеп келген. Олардың қызметі үш жыл бойы бақылаудан тыс қалған. Себебі елімізде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мораторий жарияланды.
Пандемия кезінде барлық сала онлайнға ауысқанда Интернет жылдамдығы күрт азайып, кей жерлерде жоғалып кетіп, барлық салада қиындық туғызды. Нағыз қажеттілік туған кезде цифрландыру бағдарламасына қатысушы операторлар қажетті трафикті бере алмады. Жұрт пандемиямен алысып жатқанда цифрландыру саясатымен айналысушы серіктестік Индустриалды аймақтың түкпірінде криптовалютаны айналдырып отырды. Не өнім өндіретіні, не кәсіпкерлікпен айналысатыны белгісіз компания пандемия кезінде «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауын жақсы сезінгені анық.
Бақылаушы пакет акциясы жергілікті әкімдікке қарайтын квазимемлекеттік мекеменің тікелей міндеті – криптовалюта бизнесін дамыту емес, өнім өндіруші кәсіпорындарды қолдау. Бірақ жұмысы құпия, жабық мекемеге айналған корпорация ешкімге есеп бермейді. Квазимемлекеттік мекеменің құзырындағы Индустриалды аймақ аумағында кәсіпорындар өте аз орналасқан. Оның 35 %-ында ғана үш кәсіпорын бар. Олар қыш тақтайшаларын өндіретін, көліктің резина дөңгелектерін қайта жасайтын, бояу өнімдерін шығаратын кәсіпорындар. Түкпірдегі майнинг фермасы осы санатқа кірмейді. Кәсіпкерлер келмей ме, әлде басқа себептері бар ма, бұл жағын біле алмадық. Екінші жағынан, ақтөбелік кәсіпкерлер тарапынан жер телімдеріне деген сұраныс күннен күнге артып келе жатыр.
«Ақтөбе» ӘКК-нің бірнеше жылдан бері жиналған дебиторлық қарызы да бар. Қолымызға түскен ақпаратқа үңілсек, квазимемлекеттік мекеме 2021 жылды 700 млн теңге қарызбен және мерзімі өткен 1,5 млрд теңге дебиторлық қарызбен аяқтаған. Оның қызметіне қатысты мәселе 2021 жылдың қаңтарында «Nur Otan» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінде көтерілді. Осы мәжілісте Кеңес төрағасы Омархан Өксікбаев «Ақтөбе» ӘКК-нің жұмысын «қаржыны қайырымдылық қоры сияқты оңды-солды шашты» деп сынға алып, облыс экономикасына қатысы жоқ компанияларға пайызсыз несие таратқанын айтты. Басшылық тарапынан несиенің қайтарылуына да, өңірдегі инвестициялық жобалардың орындалуына да бақылау болмаған. О.Өксікбаев Индустриалды аймақ қызметінің жұмысын да сынға алды: «Облыс бюджетінен Индустриалды аймаққа бөлінген 5 млрд теңгеге тек 300 жұмыс орны ашылып, 5 өндіріс іске қосылған».
Сонымен қатар «Ақтөбе» ӘКК-і өңірдегі тұрақтандыру қорына қажетті азық-түліктерді сатып алуға жауапты. Жыл сайын тұрақтандыру қорына қажетті көкөністерді сатып алуға жергілікті бюджеттен бірнеше млрд теңге бөлінеді. Былтыр күзде 2 млрд теңгеге негізгі азық-түлік түрлері сатып алынса да, қаладағы супермаркеттерге тұрақтандыру қорынан түскен шіріген көкөністер жұрттың ашу-ызасын туғызды. Биыл жыл басында тағы да 2 млрд теңгеге Қостанай және Түркістан облыстарынан картоп, сәбіз, қырыққабат жеткізілді. Осыдан көрініп тұрғандай, негізгі азық-түлік басқа өңірлерден сатып алынады. Осы кезге дейін Ақтөбе облысының шаруашылықтары дүкен сөрелерін картоп, сәбіз, қырыққабатпен неге қамтамасыз ете алмай жүр? Қаражат жергілікті шаруашылықтарға дұрыс берілмей ме, әлде субсидияны белгілі топтар ғана бөлісіп ала ма, бұл жағы анық емес. Өткен жылы ғана Ақтөбе облысының шаруашылықтарын қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен 17 млрд теңге субсидия бөлінді. Ал осы қаржыны алған шаруашылықтардың мәліметі еш жерде жарияланған жоқ. Бұл жерде негізгі мәселе шаруаны ұйымдастыру жағы мен қаржының мақсатты түрде бөлінбеуінде жатыр. Бюджет қаржысы мақсатты түрде жұмсалғанда базар мен дүкен сөрелерін жыл бойы жергілікті өніммен толтырып қоюға болар еді.
Облыстық мәслихаттың соңғы сессиясында депутаттар тұрақтандыру қорына бөлінуге тиіс қаржыны ерте көктемде шаруаларға беріп, ал күзде өнімді көкөніспен қайтарып алуға ұсыныс түсірді. Бұл екі жаққа да тиімді шара: көктемде шаруаға қаржы керек, ал күзде жергілікті билік кезекті «шіріген көкөніс дауына» қалмайды.
Жергілікті билік пен кәсіпкерлер арасындағы байланыстырушы квазимемлекеттік мекеме жұмысының үйлесімсіздігінің кесірінен осындай қиындық орнады. Бұл бір жыл емес, бірнеше жылдан бері жиналған мәселелер. Осы мекеме ашық түрде жұмыс істегенде, күрделі шиеленістерге бой алдырмас еді. Қазір осы мекеменің жұмысына жұртшылық күмәнмен қарап, бюджет қаржысын бөліп алушы мекеме ретінде бағалайды. Осы кезге дейін мекеменің өңір экономикасына қосқан үлесі де белгісіз. Инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мақсатты бағдарламалардың болмауы, бюджет қаржысын ысырапшылдықпен жұмсау, бюрократия – квазимемлекеттік мекеменің жұмысының негізгі көрсеткішіне айналды. Анығы сол, кез келген мәселеде ашықтық болмаған жерден түпкілікті нәтижені күту қиын.
Ақтөбе облысы