• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Экология 15 Наурыз, 2022

Суды ысырап етуді тыйсақ игі

762 рет
көрсетілді

Жасыратыны жоқ, су ресурстары мәселесінде Қазақстан көп жағдайда көршілес мемлекеттерге кіріптар болуға мәжбүр. Айталық, Арал – Сырдария бассейні 93%-ға, Жайық – Каспий шамамен 80%-ға, Шу – Талас 74%-ға, сондай-ақ Балқаш – Алакөл бассейні 48%-ға көршілес елдерден келетін ағынды суларға тәуелді.

Үнемді пайдалану мәдениеті жетіспейді

Өкінішке қарай, ғаламдық жылыну мәселесінің де уақыт өткен сайын өзек­тілігі артып, бұл өзендердегі ағындардың азаюы мен сулардың ылғалданып, булану деңгейінің жоғарылауына алып келіп отыр. Бұл аз болғандай, елімізде суды таратып, тұтынушыға жеткізуде әр жерлерде тіршілік көзі 40-60%-ға дейін бей-берекет жұмсалады. Мұндай мәліметті Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожа­ниязов жеткізді.

«Мәселен, экономикалық тұрғыда есептесек, ішкі жалпы өнімнің бір долларына шаққанда елімізде су Ресей және АҚШ-пен салыстырғанда үш есеге, Аус­тралияға қара­ғанда алты есеге көп пайдаланылады. Эко­номика салаларында су ресурстарын пайда­ланудың осы үрдісі сақталса, 2030 жылға қарай республикада әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны төмендеуі мүмкін», деді С.Қо­жа­ниязов.

Жауапты ведомство өкілінің айтуын­ша, тиісті заңнаманың жетіл­ді­ріл­ме­гендігі су ресурстарын тиімді бас­қаруға мүмкіндік бермей отыр. Мұ­ның салдарынан суды үнемдеу қиындап, сонымен қо­са бұл бюджеттен бөлінетін қосымша шы­ғындарға әке­ліп соқтыруы ғажап емес.

Жоғарыдағы факторларды ескерсек, келесідей тәуекелдер туындауы мүмкін. Атап айтқанда, ең алдымен кли­маттың өзгеруіне байланысты су ре­сурстарының азаюы, транс­ше­ка­ра­лық өзендер арқылы келетін су көлемінің көршілес елдердің саясатына тәуелділігі, суды есепсіз және тиімсіз пайдалану, сондай-ақ оны бөлу мен есепке алу процестерінің нашар автоматтандырылуы және цифр­ландырудың баяулығы. Су ре­сурстары комитеті мен оның бас­сейн­­дік инспекцияларындағы штат саны­ның аздығы, су шаруашылығы инфра­құрылымы нысандарының пай­далану мерзімінің аяқталуы және гидро­техникалық құрылыстардағы апаттық деңгейдің ұлғаюы, су ресурс­тарын басқаруда ғылыми сүйемел­деу­­дің жеткіліксіздігі және білікті кадр­­­лардың тапшылығы саланың шат­­­қаяқтауына басты себептердің қа­та­­рында.

«Су шаруашылығындағы жағ­дай­ды жақсарту үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Атап айтсақ, «Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасының» жобасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты – су ресурстарының болжамды тап­шы­лығы жағдайында халықтың, қор­ша­ған ортаның және экономика секторларының суға өсіп келе жатқан қа­жеттіліктерін қанағаттандыру, су ресурс­тары мен суға сұранысты тиім­ді бас­қаруды қамтамасыз ету үшін жағ­дай жасау.

«Ресурсты басқарумен» қатар «сұ­ра­­нысты басқару» деген новелла ен­гі­зі­ліп, яғни суға деген қажетті­лік­терді қанағаттандыру үшін суды аз пайдалану қарастырылады», деді вице-министр.

Цифрландыру – суды үнемдеудің төте жолы

Министрліктің ақпаратына сүйен­сек, қазір 212 су арнасын цифр­лан­дыруға байланысты жұмыс жүр­гі­зі­ліп жатыр. Олар арқылы 6 млрд текше метр су беріледі. Бұл ауыл шар­уашылығында пайдаланылатын судың жартысы.

«Бұл ретте суды қайтарымсыз алу деген түсінік бар. Өзеннен қай­та­рымсыз алатын су көлемін азайту керек. Ол үшін судың қайтарымды айналымын жабдықтауды іске қосып, кәсіпорындар суды барынша пайдаланып болған соң оны тазартып қайта жіберудің тетігін енгізген тиімді.

Сонымен қатар гидротехникалық құ­рылыстар мен суару желілерін қал­пына келтіріп, жаңғырту қажет. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көңіл бөлген дұрыс. Еліміздегі каналдар, гидротехникалық жүйелер Кеңес өкіметі кезінде салынған. Қа­зір республикалық бюджет пен ха­лық­ара­лық қаржы ұйымдарының зай­мы есебінен үлкен жұмыстар атқарып жа­тыр­мыз. Өкінішке қарай, барлығын бір мезетте аяқтау мүмкін емес. Бұл жұмыстар өңірлерде, негізінен суармалы суды көп пайдаланатын Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыс­та­рында кезең-кезеңімен атқарылып келеді», деді ведомство өкілі.

Саладағы тағы бір өзекті мәселе – су ресурстары және су шаруашылығы ғылыми орталығының жоқтығымен байланысты. Вице-министр айтқандай, ведомствоға қарасты ғылыми-зерттеу институтының жағдайын жақсартып, сараптамалық-ақпараттық орталық құру көзделген. Осы арқылы басқа елдермен келіссөздер жүргізгенде ғылыми түрде негізделген ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік береді дейді министрліктегілер. Бұдан бөлек су шаруашылығына қажетті мамандарды даярлап, олардың біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру мәселесі де маңызды болып тұр.

Құзырлы орган жаһандық климат проблемасының өзектілігі артып тұрған жағдайда қайткен күнде де суды үнемдеу технологиясын жаппай енгізу керек деп санайды.

«Су үнемдеу технологиясы ен­гізілсе, оның 50%-ы Ауыл шаруа­шы­л­ығы министрлігі арқылы субсидия түрінде берілу жолдары қарас­ты­рылмақ. Мысалы, 1 гектар жерге орташа есеппен тамшылатып немесе жаңбырлатып суару жүйесі бар технологияны енгізу үшін 1,6 млн теңге ақша жұмсалуы керек. Соның 800 мыңына Үкімет субсидия береді. Бұл үшін мемлекеттік акті тапсыру керек. Алайда шаруалардың көбінде ақша болмағандықтан қазір басқа да жолдар қарастырылып жатыр, оның ішінде технологияларды арзандату, шланг өндіру сынды жұмыстар іске асырылып жатыр», деді Экология министрінің орынбасары.

Күнгейдегі шаруаларға оңай болмайды

С.Қожаниязовтың пікіріне сенсек, 25 ақпанда Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан және Қазақстанның Премьер-м­и­нис­тр­лері кездесіп, Тоқ­та­ғұл­дан суды көбірек алу мәселе­сін қарастырыпты. Ал 6-7 наурызда үш елдің энергетика және су шаруашылығы ми­нис­трліктерінің өкілдері тиісті келісім­шарт­қа қол қойған. Десе де елімізде 3-4 жылдан бері су тапшылығы бай­қалып келеді. Егер де наурыз-сәуір аралығында жаңбыр жаумай, су мо­лай­маса, биыл оңтүстікте веге­та­ция­лық кезең күрделі жағдайда өтуі мүмкін деп болжануда.

«Суармалы суды пайдаланатын 4 өңір бар. Алматы облысы сырттан келетін суға аса қатты тәуелді емес. Аталған өңірде таулардан, мұз­дық­тар­дан аққан, еріген сулар суаруға пайдаланылады. Жамбыл облысына келсек, мұнда су көлемінің 74%-ы Қырғызстаннан келетін ағындарға тәуелді. Екі ел сол суды азды-көпті бөлісіп, пайдалануы керек. Айталық, Талас суының 50%-ын Қырғызстан, 50%-ын Қазақстан пайдалануы қажет. Бұл келісімшартта көрсетілген. Со­ны­мен қатар Жамбыл облысында Еуропалық банк займы есебінен суармалы жерлердің көбінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті кей жерлерде айналма канал жасалды. Қырғызстаннан келген аз суды уақытша каналмен жіберген соң, шығын да көп болады.

Ең күрделі жағдай Арал-Сыр­да­рия бассейнінде орын алуы ықти­мал. Тоқтағұл су қоймасының сы­йым­дылығы – 19,5 млрд текше метр. Көктемгі вегетация кезеңінде норма бойынша 15 млрд текше метр су бол­уы керек. Сонда су қырғыздарға электр энергиясын өндіруге, сол се­кіл­ді қазақ пен өзбектерге суаруға да жетеді. Былтыр 8,7 млрд текше метр су болды. Ал биыл 7,5 млрд шамасында ғана жиналады деп болжануда. Егер де наурыздың соңында немесе сәуірде жаңбыр жаумаса, жағдай қиындауы мүмкін», деді министрдің орынбасары.

Оның үстіне вегетациялық ара­лық кезеңде, қазанның соңынан бас­тап биыл сәуірге дейін жыл са­йын Шар­да­раға су жиналатын. Биыл мұн­дай қа­жетті су жиналмаған. Дос­тық кана­лына байланысты Мақтаарал мен Же­­тісайда былтырғы жағдай қай­та­лан­уы мүмкін. Осы ретте құзырлы орган өкілдері биыл күріш, мақта егу­ді азайтуға кеңес беріп отыр.