Елорда төрінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының астаналық филиалы ұйымдастыруымен Қазақ тілі мен мәдениетінің I форумы өтті. Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, «Алтын қыран» компаниялар тобы, Халықаралық «Болашақ» стипендиаттар қауымдастығы қатарлы ұйымдар қолдау көрсетсе, маңызды жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тіл жанашырлары қатысты.
Форумды ашып сөз алған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы алдағы уақытта мемлекеттік тілдің халықаралық қатынас саласындағы орны мен рөлі, тіл мәдениетінің қалыптасуы, қазақ тілінің ғылым тілі ретінде дамуы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты жоспар-жобалар жасалып жатқанына тоқтала келіп: «Бүгінгі басқосу барысында жастар ұсынып отырған бірнеше жобаны талқыламақпыз, мақсат – аталған жобалар тиімді болса, оның іске асуына көмектесу, мүмкіндік болса қаржылай қолдау көрсету» деді.
Алғашқы болып таныстырылған қазақ тілін үйренушілерге арналған «Sözwar» сөйлесу клубы» жобасы туралы қоғамның вице-президенті Максим Рожин әңгімеледі. Астаналық филиалдың Körneki жобасы еліміздегі көрнекі жазулардың мемлекеттік тілде қатесіз жазылуына бағытталып отыр екен. Одан кейін QAZAQ GRAMMAR қазақ мектебі жобасы туралы техникалық ғылымдар магистрі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Оңтүстік Калифорния Университеті (АҚШ) түлегі Айгүл Сағымбай айтып берді. Жобаның ерекшелігі – мектеп қызметінен түскен табысты мемлекеттік тілді дамыту шараларына жұмсайтын тетік қарастырылса, аталған мектеп орта білім беру жүйесіндегі бірегей жаңалық болмақ, – дейді жоба авторы.
Тағы бір жоба «Сөйле, тілім!» деп аталыпты. «Бұл жоба еліміздің өзге ұлт азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруіне көмектеседі», дейді «Алтын ұрпақ/Golden Generation» қазақ және ағылшын тіліндегі халықаралық топтық пән олимпиадасы астаналық гимназиясы директорының орынбасары Ажар Қабденқызы.
Жиында сонымен қатар, «Саламатты ұрпақ» мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге арналған дамытушы ойындар тәсілі егжей-тегжейлі таныстырылды. Бұл жобаны көпшілік талқысына ұсынған Нұр-Сұлтан қаласындағы №46 «Самал» санаториялық балабақша меңгерушісі Балауса Қайырғалиеваның таныстыруынан түсінгеніміз, жобаның негізгі өзегі – дамытушы ойындар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік бағдарламасында қарастырылған «Таным» білім беру саласының оқу қызметі және «Әлеумет» білім беру саланың экологиялық негіздері бойынша жасалыпты. «Бұл жобаның міндеті: табиғат құбылыстарын бақылау дағдыларын қалыптастыру және туған өлкенің өсімдіктері, жемістері, ағаштары, көкөніс түрлері, оларды танып-білу ұғымдарын түсіндіру», дейді Балауса Төлеуғалиқызы.
Келесі жобаны таныстырған – «Болашақ» бағдарламасының түлегі, М.Нәрікбаев атындағы Заң академиясының басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Бағдатқызы онлайн кітап саудасындағы қазақ тіліндегі туындылардың аздығын мәселе етіп көтерсе, орта білім беру саласының маманы Аятжан Ахметжан қазақ тілін оқыту түйткілдері туралы сөз қозғады.
Одан кейін АҚШ-тың Солтүстік Юта университетінің магистранты Нәзира Байырбек шет мемлекетте қазақ тілі курстарын ұйымдастыру төңірегінде ой айтса, қоғам белсендісі кәсіпкер Мақсұтбек Айтмағамбет қазақ тілінің халықаралық аренадағы мәртебесі жайында сөз етті. Өз кезегінде, белгілі психолог Лимана Қойшиева тіл мәдениетінің ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орны туралы ойымен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлы қоғам мақсаты – мемлекеттік тілдің ғылым, мәдениет, экономика, халықаралық қатынас тілі ретінде қолданылуына ықпал ету екенін жеткізіп, бүгінгі шараны ұйымдастырған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының елордадағы филиалын басқарушы қоғам белсендісі, журналист-педагог Қанат Әуесбайды көпшілікке таныстырды.