ERG (Eurasian Resources Group) компаниясы Қазақстанның төрт облысының әлеуметтік дамуын қаржылық жағынан қолдау жөнінде 2014 жылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін жергілікті әкімдіктермен арнайы меморандумдар жасасты.
Бұл меморандумдарға ERG Luxembourg компаниясының бас атқарушы директоры Бенедикт Соботка мен Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі Нұралы Садуақасов, Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев қол қойды. Осылайша компания ағымдағы жылы Ақтөбе облысына 800 млн. теңге, Қостанай облысына 830 млн. теңге, Павлодар облысына 2,3 млрд. теңге және Қарағанды облысына 600 млн. теңге көлемінде қаржы бөлетін болды. Меморандум бойынша төрт өңірдің әлеуметтік саласында жүзеге асырылатын жобалардың жалпы құны 4,5 млрд. теңгені құрайды. Қаржыландыру еліміздің тау-кен және металлургия саласындағы алып кәсіпорындар саналатын «Казхром» ТҰК» АҚ, «Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігі» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» АҚ, «Жәйрем КБК» АҚ және «Шұбаркөл көмір» АҚ арқылы жүргізіледі.
Бөлінген қаражатқа өңірлердегі экономика, инфрақұрылым, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт саласындағы аса маңызды ірі жобалар жүзеге асырылатын болады. Меморандум аясында Қостанай облысында Арқалық қаласын абаттандыру, облыстық медициналық және білім беру мекемелеріне көмек көрсету, Қызылжар кентіндегі Киров мектебін қайта жөндеу, Рудный қаласындағы перзентханаға құрал-жабдықтар сатып алу, Новотроицк ауылында Мәдениет үйін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Компанияның Павлодар облысындағы спорт пен денешынықтыру саласын дамыту мақсатындағы қадамдарын ерекше атап өткен жөн. ERG 800 млн.-нан астам теңгені өңірдегі футболдың дамуына бағыттады. Қаражат командалардың турнирлер мен жарыстарға қатысуына, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге жұмсалады. Павлодар қаласы мен Мойылды кентінде балабақша үшін екі ғамарат сатып алынады. Михаил Катаев атындағы Оқушылар сарайының оқу кабинеттеріне арнап жиһаз бен құрал-жабдық сатып алуға, өңірлік «Ертіс дарыны» ғылыми-тәжірибелік орталығына, облыстық «Жас дәурен» оқу-сауықтыру орталығына, дарынды балаларға арналған «Жас дарын» мектебіне демеушілік көмек көрсетіледі.
Қарағанды облысы бойынша меморандум аясында 135 млн. теңге Қарқаралы қаласындағы мүгедектерді сауықтыру орталығында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалады. 50 млн. теңге осы орталыққа арнайы құрал-жабдықтар сатып алуға бағытталады. Байтуған, Майоров, Изенді, Щербаков, Шұбаркөл кенттерінде бұқаралық спорт нысандары пайдалануға беріледі.
«Бүгін Еуразиялық топ өңірлердің әлеуметтік мәселелерін шешудегі белсенді қадамдарын тағы бір рет дәлелдеді. Барлық жобалар әкімдіктермен бірлесе белгіленіп отыр. Бұл жобаларда қарастырылған нысандардың бәрі өңір тұрғындарына өте қажет. ERG компаниясы Қазақстан компанияларының арасында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі өзінің міндеттерін алдағы уақытта да абыроймен орындайтын болады», деп атап өтті қол қою рәсімдеріне қатысқан ERG компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.
«Егемен-ақпарат».