Президент ұсынған реформаның негізгі мәні – мемлекет, яғни билік өкілдері мен бұқара арасында нақты нәтиже беріп, қордаланған проблемалардың жүйелі шешімін табуға арқау болатын екіжақты тиімді диалог ұйымдастыру. Аймақтық, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының белсенділігін жетілдіру, азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуды көздейді. Жүйенің қалыптасуына кедергі тигізіп отырған әкімшілік ықпал, әсерді әлсіретуге бағытталған.
Көңілден шыққан тағы бір мәселе, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелердің басшылығына тағайындалуына тыйым салынуы. Аймақтық-әкімшілік реформа мемлекеттік басқару органдарын анағұрлым халыққа жақындатып, өңір-өлкенің кешенді дамуын өндірістік, әлеуметтік, инфрақұрылымдық тұрғыдан қамтамасыз етуге тиіс.
Президент саяси реформаларды кезең-кезеңімен және табанды түрде жүзеге асырып келеді. Жүйелі жұмыстың негізі де байқалады. Кейінгі үш жылда еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғырту қажеті, әрбір азаматтың саяси сауаты мен саяси мәдениетін қалыптастырудан тыс, меңгеру деңгейінің сапасы да маңызды екенін айтып жүр. Себебі саяси реформаның экономикалық реформалармен қатар жүруі өзекті.
Табысты экономикалық өсім саяси жүйенің икемділігіне де байланысты. Ал саяси жүйенің негізгі формуласы: мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет. Бұл қағида жүзеге асырылғанда ғана қоғамның ашықтығы, саяси бастамалардың жариялылығынан үлкен қайыр бар. Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өміршеңдігі де жұрт үшін маңызды.
Ғазиз ҚҰЛАХМЕТОВ,
Мәжіліс депутаты