• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Наурыз, 2022

Жақсыбек Құлекеев: Жоғарғы аудиторлық палата тәуелсіз орган болуы керек

362 рет
көрсетілді

Кешегі Жолдау – үлкен тарихи оқиға. Себебі маңызды құжатта ай­тыл­ған мәселелер саяси өзгерістерге ба­ғыт­талған. Конституцияға енетін өзге­ріс­тердің барлығы өте күрделі. Мұның барлығы өте түбегейлі өзгеріс­тер­ге әкелетіні күмән келтірмейді.

Есеп комитетінің Жоғарғы аудит палатасы болып қайта ауысуына қатысты кейбір мәселелерге ерекше тоқталғым келіп отыр. Себебі мен бір кездерде осы Есеп комитетінің басшысы болып жұмыс істегенмін. Сол кездерде сол комитеттің жұмысын жандандыруға тұсау болған көптеген мәселелер, соның ішінде, Конституцияда жазылған мәселелердің кедергі болғанын айта кеткім келеді.

Біріншіден, Қазақстан – унитарлы мемлекет. Соған қарамастан біз Конституцияға Есеп комитетінің ат­ауын­ «Республикалық бюджеттің орындалуын бақылайтын Есеп комитеті» деп жаздық. Бұл жерде бірнеше шектеу тұр. Комитет тек қана республикалық бюджетті бақылау керек деген. Ал республикалық бюджет деген өте көп ақша, ол трансферт ретінде аймақтарға барады. Сәйкесінше, Есеп комитеті оны тексере алмайды.

Есеп комитеті туралы арнайы заң дайындауға да оның арнайы атауы тосқауыл болып отыр. Кез келген мемлекетте іштей бақылайтын орган және сырттай бақылау жүргізетін тәуелсіз институттар болады. Тәуелді, тәуелсіз деген ұғым билікке тәуелділіктен туын­дай­ды. Есеп комитеті атқарушы билік­тен тәуелсіз болуы керек. Ал аудит палаталарының барлығы атқарушы би­лік­тен тәуелсіз болуы қажет. Бізде осы уақытқа дейін осылардың аражігі заңда анық жазылмаған. Президенттің билігін біз атқарушы биліктен жоғары деп қарай­мыз ба, әлде, атқарушы би­лік­тің жал­ғасы ма? Әлде, бөлек би­лік пе? Бізде Парламент қандай рөл ат­қа­ра­ды? Халықтың атынан сөйлейтін заң қабылдайтын орган ба? Осы тұрғы­дан алып қарасақ, Есеп комитетін Жо­ғар­ғы аудиторлық палата деп атын өз­гер­ту осындай бұрынғы шектеулердің барлығын алып тастауға мүмкіндік бере­ді. Конституцияға осындай жаңа атпен енетін болса, заң қа­был­дауға жол аша­ды. Жоғары қаржылық бақылау органы болса тәуелсіз орган болуы керек.

Тек осы институттың тиімді жұмы­сы­ның арқасында ғана біз халықтың бірлігі мен мемлекеттің тұтастығын сақтап қалуға жол ашамыз. Себебі мемлекеттің өзі айналып келгенде мемлекеттің бюд­жетінен, соның нақты әрі тиімді пайдалануымен тығыз байланысты. Жаңа атаудың өзі бұл институттың жұмысын, құзыретін Қазақстанның бүкіл аумағында жүргізуге мүмкіндік ашады. Әсіресе Қазақстан секілді унитарлы мемлекетке бұл өте қажет орган.

 

Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері