Қазір Жолдау бойынша қоғамда көптеген ой-пікір айтылып жатыр. Ең бастысы, Жолдауда қоғамның да, биліктің де қызмет ететіні, ең басты құндылық – адамға басымдық берілді.
Барлық мемлекеттік бағдарлама дайындалған кезде де ең басты құндылық – адамға және адамның әл-ауқатына бағытталған деп жазамыз. Бірақ шындап келген кезде ол көп жағдайда басқа бір өлшемдермен, сандық өлшемдермен байланысты болып кетеді. Мысалы, осынша шаршы метр іске қосылды, осыншама жұмыс орны ашылды. Бірақ нақты қандай әлеуметтік топтарға бағытталған, қандай әлеуметтік ортаны жақсартты, соған мән бермейміз.
Бірақ біздің қазіргі қоғам қандай, қандай қоғамға қызмет етеміз және қандай қоғаммен жұмыс істейміз. Меніңше, осы сұрақтарға әлі де жауабымыз жоқ. Қазіргі таңда бір ғана нақты сүйеніп отырған мәліметіміз бар. Елде 162 байыған адам бар және миллиондаған тұрғын елу мың теңгенің айналасындағы қаражатқа өмір сүреді.
Кейінгі кезде қаңтар оқиғасына қатысушылардың қатарында прекариат басым деген ой-пікірлер айтылады. Бірақ бұл сарапшылық көзқарас қана. Бұл бағытта ауқымды, нақты зерттеулер жасалған жоқ. Демографиялық процесті бәріміз алға тартамыз, бірақ оны зерделеуге әлі де кіріскеніміз жоқ. Мысалы, Қазақстан дәл қазір орысша айтқанда «молодежный пузыр» жағдайында тұр. Кейбір мамандардың есептеуінше, қазақстандықтардың 50 пайызы тәуелсіз мемлекетте туып-өсіп, тәрбиеленді. Сондықтан құндылықтар мәселесі де осыған тікелей байланысты өзгере береді.
Елімізде әлемдік зерттеулер жүргізіледі. Бірақ олар қысқа уақытта ғана өлшенеді. Олардың іріктеуі де шектеулі. Ал нақты Қазақстан азаматтарының, елдегі әлеуметтік топтар назардан тыс қалады. Бұған дейін орта тапты қалыптастыруға бағытталған үлкен бағдарламаларды іске асырдық. Ал қазіргі таңда орта тапқа кімді жатқызамыз. Оның материалды, субъективті, объективті санаты қандай? Оны толыққанды зерттеп, сол таптарды қалай реттеп, кіммен жұмыс істейтініміз де анық емес. Саяси партиялардың пайда болуы да әлеуметтік топтарға сүйенеді. Бірақ нақты жіктеген емеспіз. Бұған нақты назар аударуымыз керек.
Әрбір мәселе бойынша конструктивті диалог құруды көздесек, ашық мәліметтер керек. Бұл Парламентке де, билікке де, азаматтық қоғамға да қажет. Сонда ғана жаңаша ойлайтын адамдарды тәрбиелей аламыз деп ойлаймын. Тікелей осыған назар аудармасақ болмайды. Сонда ғана ашық сөйлейтін лидерлерді қалыптастыра аламыз.
Бұдан бөлек, сыртқы векторды зерттейтін орталықтар керек. Орталық Азия өңірінде болып жатқан процестер тікелей Қазақстанға қатысы бар. Сол секілді Ауғанстан процестері бізге де тікелей қатысы бар. Бірақ мұны айтқанымызбен, әрі қарай терең қазып, түбегейлі зерттеулерге сүйене алмаймыз. Ресеймен шекаралас бола отырып, оларды зерттейтін бірде-бір орталығымыз жоқ. Қазіргі таңда олардың сарапшылық ой-пікірлері тапшы, оларға сүйене алмаймыз. Украинадағы жағдайды бәріміз білсек те, бірегейлік, азаматтық деген ұғымға назар аудара алмай отырмыз. Мұның бәрі сарапшылық орталықтың жоқтығы, ой-пікірі айтылмауының себебі.
Жолдауда айтылған реформалар қоғамда айтылған өзгерістермен тікелей байланысты. Мұның бәрі Қазақстан Республикасы азаматы субъектісінің дәлелдеп береді. Соған үлкен жол ашады деп ойлаймын. Жастар, жас маман осындай жолдар бар екенін түсініп, оны естіп, мемлекеттің теңқұқылы азаматы ретінде қабылдаған кезде адам капиталының сапасын жоғарылатып, жақсы мамандарды да, терең ойланатын саясаткерлерді де тәрбиелеуге мүмкіндігіміз болады.
Айгүл СӘДУАҚАСОВА,
әлеуметтанушы