• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Ауыл 20 Наурыз, 2022

Ауылға барып тұрасыз ба?

412 рет
көрсетілді

Кез келген адамның мінезі, болмысы, табиғаты өз топырағына тартады дейді. Иә, туған жер, туған топырақ – әр жанның жүрек мекеніне айналған аяулы естелігі. Өмірге келе сала жұтқан ауаңыз – туған жердің ауасы, алғаш көрген аспан – туған жердің аспаны, алғаш көрген Күн – туған жердің Күні, алғаш жұлған гүл де туған жердің гүлі... Наурыз мерекесінің қарсаңында да дәл қазір талай жан ауылына кетіп бара жатқан болар. Осы орайда ақын-жазушыларға «Ауылға барып тұрасыз ба?» деген сауал жолдап, пікірін тыңдадық.

Төр Алтайға да сапарламақпыз

Біздің Ор-ағамыз, Оралхан Бөкейді айтам, бір-бірімізге телефон шалған кезде немесе жерлестер бас қоса қалған сирек сәттерде алғашқы әңгімесі «Әй, жігіттер, осы біздің елде не жаңалық?» дегеннен басталатын. Сондықтан ел жақпен ұдайы хабарласып тұру, ел ішінің өткен-кеткен қауесет-дақпыртына құлағымыз түрік, хабардар болып жүруді жасымыздан ғадетке айналдырғанбыз. Ауыл өмірінен алуан ақпарат берген сол әңгімелер жанымызды ерітіп, көңілімізді көктемдей өсіретін, сұлулық тұнған Алтайға барып қайтқандай бір серпілтіп тастайтын. 

Ор-ағаңды сөз еткенде, Дидахмет екеу­міз (Әшімханов) міндетті түрде Қал-ағаңды, яғни Қалихан Ысқақты сөзі­міз­ге араластырып, айтар әңгімемізді тұздықтамай сөйлемеуші едік. Өйткені Қал-ағаң жыл сайын жылмиып көк шы­ғып, жымыңдап күннің көзі жылына қай­қайып ауылға тартатын еді. Содан Ал­тай­ға өзі жырлаған «қоңыр күзді» молынан дендетіп барып, Алматыға амалсыз оралғандай бой жаза жадырап қайтатын. Осылайша, «Сенде болсын, менде болсын, бәрінен де – елде болсын» деп Алладан ел амандығын тілеп жүретін Қал-ағаң кейінгі өмірінің өрелі бөлігін туған жерінің тө­сін­де, ауылдастарының қалың ортасында өткізгені баршаға аян.

Ор-ағаң мен Қал-ағаң өздерінің Ал­тай­ға деген жүрек оттарын, Горькийдің Дан­косындай, кейінгі інілері мына бізге тастап кеткендей көрінеді де тұрады ма­ған. Содан ба, қазірге дейін біздің де әңгі­ме­міздің бісмілләсі «иә, елде не жаңа­лық­тан?» басталатыны рас. Ылғи да ауыл жаққа жалтақтап жүрек жылытар, көңіл демер жаңалық күтетініміз, елді аңсап елең­деп тұратынымыз тағы шындық. Бірақ бұл заманда ойлағаның қашанғы ойың­нан шығып, күткенің көңілдегідей бола берген? Қақпақылдай қаймаласқан мынау жалғанда қуаныштан гөрі өлім-жі­тімді көбірек еститін жасқа жетіппіз бү­гін­де. Топыраққа да бара алмай, ағайын-туыс­қа да көңіл білдіре алмай қиналатын кез­деріміз де жетіп жатыр...

Өз басым бірде бір демалысымды өзге жұрт сияқты шетел аралап, санаторий жағалап өткізбеппін. Әрине, шетел дегенді батыс-шығысын қосып бір адамдай-ақ біз де желіп жүріп аралағанбыз, бірақ оның бәрі қызмет бабындағы іссапарлар болды. Ал жыл сайынғы әдеткі демалысымыз да, жаймашуақ жазымыз да Алтайда, туған жерімізде өтетін еді. Кейде жылына екі рет, кейде бір мәрте барып, армансыз аунап-қунап қайтамыз. Әлі күнге сол әдет, сол жоралғыдан жаңылғамыз жоқ. Көк­тем туып, күннің көзі жылына ел жақ­қа ба­рудың жоспары мен жобасын жа­сап, ол жақтағы ағайынды екі-үш ай бұрын құлақ­тандырып қоямыз.

Менде қалыптасқан бір ғадет – сұлу табиғатымен жер жүзіне аты мәлім хан Ал­тайды өзім ғана жеке барып, таңдай қа­ғып тамсанбай, әріптес ағаларымды, қанаттас достарымды бірге шұбыртып ертіп жүретінім бар. Амандық болса, биыл да бірер достардың басын қосып, елге баруды ерте бастан жоспарлап қойғанбыз. Тау басындағы көл жағасында, етектегі өзен маңайында палатка тігіп тастап, ба­лық ауламақпыз, атпен серуен құрып, тау-тасты аралап қалтқысыз демалмақ ой­да­мыз. Екі арада уақыт бөліп арғыдағы Төр Алтайға сапарлап, Шүй тасжолын тамашалап қайтсақ деп те келісіп отырмыз. Жолай Сросткийдегі Василий Шукшиннің музейіне кіріп, одан әрі Горно-Алтайск қаласындағы көркемсурет галереясын, ондағы Григорий Чорос-Гуркиннің картиналарын көріп, артынша күллі түркі жұртының айнадай жарқыраған Алтын көлі - Телецкіде кемемен жүзіп, бірер күн телеуіт азаматтарымен тілдессек, сөйтіп олардың шығу тегі мен салт-дәстүрінен деректер жинасақ деген де мақсат бар. Соңынан таза қазақ ауданы, болшевизм таңында Катонқарағайдан еріксіз бөлініп қалған, кілең туысқандарымыз тұратын Қосағаш ауданындағы ағайындарға сәлем беріп қайту жобада тұр.

Әлібек АСҚАР,

жазушы

Жаныс ауылынанбыз

Ауылға жиі барамын.

Мен атақты Ырғыз топырағынанмын. Жер шалғайлау. Сол Ырғыз ауданының Жаныс би ауылынанмын. Біздікі – көне жұрттардың бірі.

Қазіргі ауылды ертеректе, шамамен, 1800 жылдары елдің әйгілі биі Жаныс көке­міз 280 үймен көшіріп әкеліп, осы жерге қоныстандырған екен. Өзі әйгілі би, баласы Тағыберген болыс болған атамыздың өз кіндігінен тараған ұрпақтар бүгінде өте көп. «Жаныс ауылынанбыз» дейтін жұрттың барлығы күні бүгінге дейін әулие атамыздың есімін, оның ертеректе көне үлгімен салынған кесенесін кие тұтады. Басында, өмірден ертелеу кеткен баласы Тәңірбергенге ат тұяғы жетер жердегі ағайын мен сол төңіректің игі жақсылары пәтуаласып, ел қаржысына сегіз қырлы, биік күмбезді аса ірі кесене тұрғызған. Біз оны «қызыл там» деп атаймыз. Соңғы жылдары Жаныс ата зираты мемлекет тарапынан түгелімен қайта жаңартудан өтті.

Ауылда (бұрынғы Калинин совхозы­ның 2-фермасы) қазір 115-тей үй бар, газ әкелініп, су құбыры істеп тұр. Мобильдік байланыс жүйесі де қосылған. Мал өте көп. Соның көптігінен, жердің тығыздығынан қа­зір Ырғыз өзені суала-суала келіп, жазда ақпай қалатын шалшыққа айнал­ды. Экологияны реттейтін, суды қарайтын адам қазір жоқ десе де болады. Соңғы 30-40 жыл ішінде бұл өңір – күні кеше жағалауын зәулім тал мен қамыс қоршаған, та­биғи салалары көктемде су тасығанда теңіздей болып кететін, екі жағасы шүйгін шөп­ке, әйгілі тоғайларға толы Ырғыз өзені – қазір әбден азайып, кей жылдары құрғап қалатын болды. Оқымыстылар жерасты суының төмендегенін айтады.

Мен сол ауылды, оның адал, ақжүрек адамдарының бәрін жақсы көремін. Тек осыдан 50-60 жыл бұрын көзіммен көрген ауыл экологияның салдарынан шөл далаға айналып барады. Сол өте қиын. Дегенмен өз ауылымды жақсы көрем, ал барсам, көңі­лім құлазып қайтамын.

Әйтпесе, біздің ауылдан өте мықты билер мен байлар, батырлар, елдің әйгілі азаматтары көп шыққан. Ауылдың рухани құнары ғана үзілген жоқ. Сол ауылдың өзінен ғана шыққан белгілі азаматтар мен оқымысты адамдар көп-ақ. Ең бастысы – әлгі рухани өнегелерден, сол рухани құнардан ажырамаса, сол ауылдың өзінен шыққан ұрпақтар қазақтың мәртебесін көтерер деген үміттемін.

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ,

ақын

Алаштың айдыны

Ауылға сапар шеккен сайын қаумалаған қалың ойдың орманында адасамын. Осы ойлар көңілімді күңгірт бояуларға толтырып жібереді кейде. Ауылдың қалпы бұзылмаған, өз мінезі, өз табиғаты, өз болмысы бар кезін көрдік. Қоғам ауыс­ты, заман өзгерді. Нарықтық қатынастар, жекешелендіру заңдылықтары қайран қазақ ауылдарын да қыспаққа алып өз дегенін істеткеніне жылдардың жүзі ауды. Қаңырап қалған елді мекендер, қираған үйлерді көргенде жүрегіңе жүк түседі.

Сарыарқаның сауыры, Жаңаарқаның жази­расындағы менің туған ауылым қа­шан­нан берекелі мекен. Ана бір заманда Еңбек Қызыл Ту орденді «Жеңіс» сов­хо­зы болып Одаққа аты шыққан. Қазір «Жаңа­ар­қа қымызы» аталып, брендке айнал­ған ғажайып сусынның отаны. Қы­мызды жыл он екі ай сақтау технологиясын ғалымдар сөз еткелі біраз болды. Ал оны біздің Өркен, Күлбағила деген аналарымыз отыз жылдың алдында іске асырған. Банкаға жабылған ғажайып сусынды біздің ауыл ақпанның ақ боранында ішіп отыратын. Аналарымыз жаңалық ашып тастаған екен ғой. Оны кейін білдік.

Біздің ауылда нарық кезеңінде көш­кен ел некен-саяқ. Бос тұрған үй жоқ. Елдің күнкөрісінің негізі – жеке мен­ші­гіндегі малы. Ауылда да кәсібін дөң­ге­леткен жігіттер бар. Ана бір жылы Қайрат Көпбаев деген азамат ауылға өз қар­жысына спорт кешенін салды. Өзіне түсер қаржылай қайтарымның жоқ екенін білсе де, ауыл балалары бір қуансын деген ниет еді. Енді сол жерде жаттыққандар ел көле­мін­дегі ірі жарыстарға қатысып жүр. Сол біздің ауылдағы жылқылы Қайрат секілді қайратты жігіттер әр ауылға керек. Бейбіт күн­нің батырлары осылардан шығады.

Ауыл дегенде мені көбірек ойландыратын бір жайт – ақсақалдар алқасын, ақсақалдар институтын жандандыру керек сияқты. Көнекөздер дау-шарды бір ауыз сөзбен шешіп, жетімін жылатпайтын, тентегін тыятын шешімдерді бірден шығаратын кезді көз көрді. Қандай формация болсын, қазақтың табиғатына жақын ұлылық шапағаты емес пе, солар?

Намысы бар ауыл намысы бар ұрпақ тәр­биелейді. Кез келген жас қатарына қа­рап бой түзейді. Ақ жаулықты ана­лар­дың, ақ сақалды қариялардың үлгісін бойға сіңірген жастан ел азаматы шығады.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жолдауынан кейін ел ең­се­леніп, үмі­тін үкілеп шыға келді. Біздің ауыл жа­ңадан құрылатын Ұлытау облы­сының құрамына кіруге тиіс. Елден құт­тықтап, қуанышын бөлісіп, хабарласып жатқандар көп. Иә, баршамызға оң шешімдер құтты болсын!

Ауыл – Алаштың айдыны, қазақтың жаны, ұлттығымыздың ұлы қасиеттерінің то­ғысар жері. «Жаңа Қазақстан» идея­сы­ның қайнары да қазақ ауылдарынан бас­талса, бағымыз баянды болатын шығар.

 

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын