Қолда барды бөлісу, жоқ-жітікке қарайласу халқымыздың салт-санасына сіңген асыл қасиет. Даласынан дархандық дарып, өмір өнегесін ізгілікпен өрнектеген бабаларымыз қайсыбір қилы кезеңдерде де Аллаға жағар амалдан алшақ кете алмаған. Тұрмыс тіршілігі шалқып жатпаса да жақынын жарға тастамай, қайырымдылықтың қақпасы ашылған жерден қалыс қалмайтын, қамқорлыққа бейіл жандар сол сара жолдың жалғасы.
«Көп түкірсе көл» дегендей, әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланған азаматтар мұң-мұқтажы көп талай тағдырға араша болып жүр. Жеке қорлардың көмегімен қаншама жанның баспана жыры байыпты шешімін таба бастады. Бұл ізгілікте шекара болмайтынының дәлелі. Бүгінгі әңгіме өзегі – халық ішінде кең танылып, мыңдаған жанды қуантқан «Харекет» қайырымдылық қоры.
«Мың теңгеге – баспана» деген атаумен бастау алған жоба аз уақытта қоғам қолдауына ие болды. Аталған ұжымның бастамашы болуымен төрт жыл ішінде мұқтаж жандарға 600-ден астам баспана кілті табысталған. Бұл шынында да көңіл қуантарлық көрсеткіш. Сонымен «Харекет» қайырымдылық қоры қалай құрылды?
Қор 2017 жылдың қыркүйек айында ресми тіркелген. Жоба авторы Гүлмира Мұқанқызы сол жылы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазып еді: «Мұсылман бауырлар, осы фейсбукте бір жазбаны көзім шалып қалды. Онда: «Менің 3000 досым бар екен. 1000 теңгеден жинап «черный касса» ойнасақ қалай болады?» деп жазыпты. Сол жазба маған ой салды. Әрдайым жетім-жесірлер жайлы жазып жүрміз. Сол жетімдердің басынан сипай алдық па? Жесірлерге қолұшын бере алдық па? Аш отырған көршіңізді тамақтандырдыңыз ба? Біз қандай жақсылық жасадық? Алла тағала Құранда: шаңның тозаңындай жақсылық жасасаң оны көресің демеп пе еді... Ол жайлы уағыз-өсиет қаншама. Қадірлі бауырлар, менің ойым мынадай: әр айда 1000 теңгеден ортаға салып, 5 мың адам 5 миллион жинасақ, бір мұқтаж жанға үй салып берер едік. Мүмкін қайырымды жандар одан көп болып жатса, екі адамға қолұшын созармыз. Ол кісілердің қуаныш көз жасын көру қандай бақыт десеңізші. Жақсылық жасап жарыссақ. Сіздер қалай ойлайсыздар?.. Ол кісілерді табуға мешіттер көмектесер. Жер-жерден еріктілер табыла жатар. Жылына 15-20 адамның арманына жол ашсақ зор қуаныш емес пе...».
Жақсылыққа бағытталған сапардың түбі сара. Осы бір көңіл тербетер қарапайым жазба бірнеше мың адамның тағдырын жақсы арнаға бұрды. Гүлмира ханымның жүректен шыққан сөзі жүректерге жетті. Сол тұста игі ұсынысты желі қолданушылары бірауыздан қолдап, алғашқы жиналған 1 млн 600 мың теңгеге Сәтбаев қаласында 8 баласымен жертөледе тұрып жатқан отбасыға баспана кілті берілді. Осылайша халықтың демеуімен, мұқтаж жандарға, жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі кісілерге, жалғызбасты аналарға, т.с.с. жандарға үй немесе жер телімін алып беру, үй салуына көмектесу ісі үздіксіз жалғасып келеді.
Дүниені дүрліктірген пандемия кезінде қарым-қатынас тоқтады. Бірақ «Харекет» қорының жұмысы тоқтаған жоқ. Еріктілер күн-түнге қарамай қиналған жандарға қолұшын созды. Шетелден тыныс алу құрылғыларын әкеліп дерт дендеген талай жанға дем бергеніне ел куә.
Қоғамдағы түйткілді мәселелерді астарлы әзілмен түйреп, қазақы қалыпқа сай шарапат жолын насихаттап жүрген «Өнер қырандары» театрының есімі «Харекет» қорымен қатар аталады. Қоғам қабылдауында бұл екеуі егіз ұғымға айналған. Себебі қор алғаш жұмысын бастағаннан оның жарнамасын жұртшылыққа жеткізіп келе жатқан өнер ұжымының өкілдері әр баспана кілті табысталған сайын көңілдерін керемет сезім кернейтінін айтады.
– Жаратылыстың ішінде адам ғана ертеңіне алаңдап өмір сүреді. Кейде бойымыздан торғайлардың тәуекеліндей тәуекел табылмай қалып жатады. «Харекет» қайырымдылық қорында қызмет ете жүріп сондай жандарды көрдік. Шынымен де дәл сол торғай секілді жаратқанға тәуекел етіп өмір сүретін жандарды көрдік. Жүрегі тыныш. «Қалай өмір сүріп жатырсыздар, бала-шағаларыңыздың ертеңі қалай болар екен?» деген сауалымызға: «Жалғыз сенеріміз – Құдай. Адамдар бізге қайтара алмайды деп қарыз бермейді, көршіге барсаң, сұрай береді деп көргісі келмейді, тұрмыстың тапшылығынан ағайын да алыстап кететін жағдайлар болады. Мұндайда тағы да бір Құдайға жалбарынып, келер күннен үміт күтеміз. Тірнектеп тапқанымызды жалдамалы пәтер иесінің қалтасына құйып отырмыз, қор жинап жеке баспанаға қол жеткізудің ауылы алыс» деп үн қатады. Солардың үміті ақталсын деген аппақ ниетпен «Харекет» қайырымдылық қоры ашылған болатын. Төрт жылда мыңдаған жанның арманы орындалды. Бәрі де ізгілікке іңкәр ағайынның ықыласы, халықтың қолдауы. Баспана кілтін табыстаған сәтте кішкентай жәудіркөздер жанарына жас алып, бізді құшақтап, алғысын айтады, – дейді «Өнер қырандары» театрының жетекшісі әрі «Харекет» қайырымдылық қоры құрылтайшыларының бірі Мадияр Серікбаев.
Әрбір келіп түскен өтінімді қордың комиссия құрамы саралай отырып нағыз көмекке зәру жандарды таңдап алады. Қордың құрылтайшылары қатысқан жалпы жиында келесі көмек кімге берілетіні анықталады. Сатып алынған үй немесе жер телімі әлеуметтік желіде жария түрде көрсетіліп отырады. Бұл қайырымдылыққа үн қосқан халықтың сенімі үшін қажет. Сауаптан үміт еткен әрбір азамат қордың шотына 1000 теңгеден салып отырады. Мүмкіндігіне сай ауқымды көмек көрсетіп жүрген атымтай жандар да баршылық.
Халқымыз асыға күтетін Наурыз мерекесінің түпкі мәнінде мейірбандық, жылылық, бауырмалдық жатыр. Сол сезім қайта келген көктеммен бірге бүр жарып жүректерге сәуле құйды. Сол сәуледен нәр алған ізгі шуақ жандар үн қосқан «Харекет» қоры тарапынан қайырым көрген қаншама ананың жүзіне шаттық ұялады, олардың жүректері жылы төсек, жылы үйде тыныштық тапты. Мыңдаған жеткіншек мәре-сәре болып шын қуанды. Олар бүгін өз үйінде алаңсыз өсіп жатыр. Талайлардың алыстағы арманын жақындатқан жақсылық жасағына жаңа жылда жаратқан жар болғай!
АЛМАТЫ