• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Наурыз, 2022

Арыстар есімдері қайта жаңғыруда

1394 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысының аумағында елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен қайраткерлер өте көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығының негізінде еліміздің әр аймағында жүргізілген жұмыстар барысында ел үшін қан төккен сол ерлердің есімдері көптеп анықталып жатыр.

Солтүстік Қазақстан облыстық мемле­кеттік архивінің қорларындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құжат­тар, 1921-1922 жылдары шыққан «Мир труда» және 1924-1928 жылдары төте жазумен шыққан облыстық «Бостан­дық туы» газеттеріндегі деректерден жер­гілікті азаматтардың елдің болашағы мен тұтастығына алаңдаған, қазақ халқы мүд­десінің аяқасты етілуіне қарсы жазыл­ған талаптар мен ұсыныстарды көп табу­ға болады. Сол азаматтардың бәрі дер­лік ұсталып, «халық жауы» қатарына енгізілген.

Архив материалдарының негізінде біздің облыстың аумағында 1914 жылы Омбыда құрылған «Бірлік» мәдени-ағар­ту ұйымының мүшелігі қатарында бұрыннан белгілі Мағжан Жұмабаев, Сма­ғұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеровтен басқа Б.Айбасов, А.Баржақсин, М.Сеиітов, С.Әлжановтардың болғанын анықтадық. Ал 1917 жылы «Алаш» партиясына кірген М.Жұмабаев, Ж.Тілеулин, А.Баржақсин, М.Сеиітов, А.Жанталиндерден де бас­қа ондаған азамат анықталып отыр. Осы қатарға Е.Итбаев, А.Тұрлыбаев, Қ.Тор­санов, С.Күсемісовтерді қосуға болады. Осының ішіндегі Қази Торсанов «Алаш Орда» милициясының бастығы болып жүргенде оққа ұшқан. Әкесі Торсан Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романының кейіп­кері Ұлпан анамыздың күйеу баласы. Аға сұлтан Есенейдің жалғыз қызы Біжікенге үйленген. Біжікеннен бала қалмаған, Қази Торсанның екінші әйелінен туған. Өзі Петропавлдағы орыс гимназиясын бітіріпті.

Қызылжарда «Бірлік» ұйымы мен «Алаш» партиясынан басқа «Жас азамат» ұйымының бөлімшесі де 1918 жы­лы жұмыс істеген. Оның құрамына біздің жерлестеріміз С.Сәдуақасов, Қ.Ке­мең­геров, Б.Малдыбаев, М.Сеиітов, Г.До­сымбекова, М.Мырзаұлы енгені белгілі болып отыр. Жалпы алғанда, бұл деректер кейбір зерттеушілерге белгілі болғанымен, қазір тіпті белгісіз мүшелер де табылып отыр. Тек қана Петропавлда құрылған «Үш жүз» партиясының мүшелері де кейін қудалауға ұшырағаны белгілі. Оларды большевиктермен ауыз жаласты десе де, артынан Қызыл өкімет сатып кеткен.

1922 жылы Қызылжарда «Қазақстан зерттеу қоғамы» деген ұйым да тірке­ліпті. 1929 жылы тағы бір ЖАТ (жас төң­керісшілер сөзінен алынған) деген ұйым да құрылған. Бұған да жоғарыда аттары аталған біраз азамат және К.Ай­басов, Ұ.Құлымбетов, Ғ.Ғалымжанов, А.Байтасов, Ә.Темірбеков, Б.Құрманалин және т.б. енген. Өкінішке қарай, олардың бағдарламасы мен істеген жұмыстары жөнінде деректер әзірге табылған жоқ. Бірақ ұйымға кірген адамдардың бәрі кейін қудаланған.

Алаш қайраткерлері арасынан бұрыннан белгілі, көп зерттелген Мағжан Жұмабаев, Жұмағали Тілеулин, Смағұл Сәдуақасов, Айдархан Тұрлыбаевтардан басқа Біркей Айбасов, Әбілқайыр Досов, Жанұзақ Жәнібеков, Біләл Малдыбаев, Ахмет Баржақсин, Байбатыр Ержановтардың туған жерлері мен өмір сүрген жылдары, істеген қызметтері анықталды. Мысалы, Байбатыр Ержанов қазіргі Есіл ауданының Тауағаш ауылының тумасы екен, 1914 жылы Қазанда «Тұр, қазақ» атты өлеңдер жинағын да шығарыпты.

Жалпы айтқанда, соңғы зерттеулердің нәтижесінде осы күндерге дейін біз Солтүстік Қазақстан облысының аума­ғында туған немесе қызмет істеген Алаш Орданың 48 мүшесінің жаңа есімін анықтадық. Барлық мүшелердің туған жылы әртүрлі болғанымен, қайтыс болған жылдары тек 1937 мен 1938 жылдар.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментіндегі арнайы мемлекеттік архивтің «Ақтауға жатпайтын тұлғаларға қатысты қылмыстық істер» деп аталатын №15 қорын зерттеу нәтижелері барысында бірнеше азаматтың есімі анықталды. Мысалы, Қайролла Макенов деген ағамыз 1891 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Октябрь ауданының Социал колхозында туған. Қазақ. 23.10.1941 жылы тұтқындалып, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының көшпелі сессия үкімімен 02.09.1942 жылы 58-10 бабының 1 бөлімі, 58-11, 58-13 бабы бойынша мал-мүлкі тәркіленіп, өзі атылған. Бұл баптардың жазалайтын қылмысы «кеңес идеологиясына қарсы әрекет жасағаны үшін» деп аталады. Демек аңдаусызда бір сөз айтып қалып, оны ауылдағы бір сатқын көрсетіп қойса, осы баптың жазалау машинасына тап болады.

Осы ақталуға жатпайтындар қатарына Октябрь ауданының Бағанаты ауылының тұрғыны, 1941 жылы аталған баптармен сотталған Аққұр Есеновтің де ісі жатқызылыпты. Бұл ауыл – белгілі ғалым, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ебіней Бөкетовтің туған жері. Ал Совет ауданының Амангелді колхозында мектеп директоры болған Кәрім Бабасанов 1952 жылы осы баптармен сотталып, 25 жылға айдалып кеткен. Ауылдастары арасында жүріп ол жазған коммунизмнің орнайтынына күмән келтірген екен. Оны имансыз, жансыз жеткізе қойып, айдың-күннің аманында 25 жылға кете барған. Ал 1929 жылы туған татар азаматы Азат Гайнуллин «Петропавлстрой» тресінде істеп жүріп, 1956 жылы «Венгриядағы революцияны қолдаймын», деп айтқаны үшін 25 жылға айдалған. Бірақ ол 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімі бойынша ақталған.

Келесі, 16 қорда ақталған азаматтардың тізімі берілгенімен, қылмыстық істер «құпия» грифін сақтаған. Ақталған аза­маттардың қатарында 1880 жылы Сол­түстік Қазақстан облысында туған, Алаш Орда мүшесі Әлімбаев Аман­жол­дың, 1902 жылы туып, облыстық дайындау комитетінде қызмет істеп жүр­ген­де 9.02.1938 жылы антисоветтік ұлт­шыл ұйым мүшесі ретінде ату жазасына ке­сілген Сағындықов Қадырдың, 1903 жылы туған, ұлтшыл ұйым мүшесі деген айып тағылған Хакім Дүйсеновтің, 1899 жылы туып, ұлтшыл ұйым мүшесі деген айып тағылып, ату жазасына кесілген Аушахман Жамбыловтың және т.б. істері бар. Олардың кейбірінің ақталғаны туралы туыстарына хабар да жетпеген. Кейбір туыстардың өздері де «қауіпті қылмыс» жасаған ағаларынан бас тартқан секілді.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, Солтүстік Қазақстан облысы бойын­ша ату және жерлеу орындары анықталды. Ату орны қазіргі Сүтішев пен Пушкин көшелерінің орнында болған үш­қабатты, ауласы кең облыстық НКВД-ның ғимаратында болған. Осы жерде жазықсыз жандардың қаны төгіліп, азап пен қинауды бастарынан кешкен. Облыстың Құрметті азаматы Болат Сағындықов ақсақалдың бастамасымен бұл жерге «Қасірет» қабырғасы мен «Еске алу» мемориалы орнатылған. Оған облыста жазықсыз жапа шеккен 8 мың адамның есімі жазылды.

Ал жерлеу орны – 20-шағын ауданның етегіндегі «Бесінші шабындық» деген үлкен алап. Осы жердің тұрғындары 1934-1938 жылдардың айсыз қараңғы түндерінде арбалар келетінін күн сайын естиді екен. Адам дыбыстамаса да иттер үріп, жендеттердің жасырын істерін жария қылатын көрінеді. Бір күні тіпті мұнда НКВД өкілдері арнайы келіп, иттерді атқаны да тұрғындардың есінде қалған.

Міне, осылай қанды қырғын күн са­йын жалғасып, жазықсыз жандарды жер бетінен жасырын әкете берген. Тек қазір ғана олардың есімдері еске алынып жатыр. Соның ішінде қазақты ел қыламыз, басқалармен тең қыламыз деген Алаш Орда мүшелері болған арыс ағаларымыз да бар.

 

Сәуле МӘЛІКОВА,

зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты,

облыстық архивтің директоры

 

Солтүстік Қазақстан облысы