• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Театр 24 Наурыз, 2022

Тірі өнердің құны төмен болмауға тиіс

278 рет
көрсетілді

Азық-түлік, киім, көмір, темір, жалпы өмір бағасының тым қымбаттап, ғарыштық жылдамдықпен өсіп бара жатқанын сырттай бақылап, іштен тынып отырған ел кенет «Бөрте» спектаклінің билет құны 25 000 теңге екен» деген сөзді құлағы шалғанда, өре түрегелді. Әлеуметтік желінің күшімен қоғам әдеттегідей шу ете түсті. Театр билетінің бағасы 25 000 болыпты дегенді бұрын-соңды кім естіп көрген дейсіз, жаңадан ашылған Түркістан облыстық музыкалық драма театрының мына тірлігі ерке баланың шолжаң әркетіне ұқсап, әлеуметтік желіден желдей ескен жазғырудан қоғам басын шайқап, ішегін тартты. Ақылға сыймайды, ә, расында? Бірақ қымбатсынған жоқ, барды. Бұл аз болса, Мәскеудің Үлкен театрының екі бишісін шақырып Алматы Опера және балет театры «Аққу көлі» спектаклін 45 000 теңгеге бағалағанда да, сыртта билет таппай сеңдей соғылысқан жұртты көріп «осы біз өнерді тым арзанға бағалап, қолдан қор етіп жүрген жоқпыз ба?» деген сауал өз-өзінен туындаған еді.

Көрерменге қарама-қарсы отырып өмір туралы тірі, тікелей, бетпе-бет сырласатын, өзімен өзі толғанып, өз ішіне үңілуге мүмкіндік беретін алаң керек. Ол – театр. Ал театр өнерінің құны қанша тұруы керек, осы? «Өнердің құны» дегенде Арбаттың бойында сатылымда тұратын түрлі-түсті картиналардың елестейтіні бар, бірақ құн мен бағаға байланысты сөз шығармашылығынан шедевр ғана сорғалайтын бейнелеу өнеріндегі шеберлердің туындыларына қатысты айтылмаса керек. Ат-атақ қалыптастырып, танымал болған қылқалам шеберінің картинасы 20-30 000 доллардан жоғары бағаланады. Өзегіне жан ғана сала алмайды, жан салатын Жаратушы, бірақ тас мүсіннен тірі адамды қашап шығаратын мүсін өнерінің шебері де туындысын тиын-тебенге сатып, өзін ешуақыт төмендеткен емес. Бағаға байланысты сөзге кино саласын кірістірмесек те болады, бұл өнерге бөлінетін миллиардтар осы саладағы ат төбеліндей аз ғана режиссерлердің өзін бір-біріне алакөз етіп, қоғамда түрлі пікірдің қалыптасуына түрткі болып жатады. Тіпті фонограммасын қосып қойып аузын жыбырлатқаны үшін 1000-2000 Америка ақшасын әп сәтте қақшып алатын эстрада әншілерінің де алаяқтығын қабылдауға мәжбүрміз, ал көпсалалы өнердің маңызды бір тармағы – театр әртісі сахнада екі сағат бойы терін шүмектетіп, жан алып, жан беріп «тірі» ойнаған өнері үшін өзін осынша сомаға бағаласа, ол айып па? Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Торғын Тасыбекова, Меруерт Өтекешова сияқты Қазақстанның халық әртістерінен бастап алғашқы қадамынан-ақ талантты екенін танытқан Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды сияқты сахна тарландарының көр кеудеге самаладай етіп жарық жағып, жанға, бәлкім бір адамның бүкіл өміріне бетбұрыс жасап, өзгеріс әкелетін рухты өнерінің құны бар болғаны бір қорап шайдың, жарты келі кәмпиттің бағасымен бірдей болғаны өкінішті ме, жоқ па?

Рас, барлық театрдың ең осал жері – билет бағасы. Мәдениет министрлігі бекіткен қаулыға сәйкес, Алматыдағы қос қазақ драма театрындағы билет бағасы 800 теңге, бірақ залдағы орынға, спектакль маңыздылығына қарай 1000 мен 2500 теңге арасында құбылып отырады. Билетті 800 теңгеге алғанмен, театрдың алыс түкпірінен, балконның бұрышынан сығалап отырып көруге тура келеді. Егер қателеспесек, бұл баға талай жылдардан бері тұрақты бағаға айналған. Әр жаңа спектакльдің премь­ерасы да басқа қойылымдарға қарағанда қымбаттау жүреді. Мектеп оқушылары мен студенттерді, қала жастарын қуалап әкеліп, көрермен қалыптастырып әрең жан бағып отырған театрлар бұдан артық бағаны көтере алмай келе жатқанына бірталай жылдың жүзі болды.

«Театр менеджменті қалыптасуы керек. Ол да өз өнерін сатып, өзін өзі асырап, өз күнін өзі көруі керек» деген әңгіме біздің экономикамызда нарық деген сөздің пайда болуымен бірге айтылып келеді. Рас, осыдан он-он бес жыл бұрын «Ақсарай», «Тазабеков театры» деген секілді алғашқы жекеменшік театрлар ашылып, жұмысын арынды, қарымды бастағанымен, түрлі себеппен ұзаққа самғай алмады. Ал жетпіс көрермен ғана сыятын камералық залы бар «Жас сахна», «АРТиШок» жекеменшік теа­тр- ­лары тым тәуір күн көріп отыр. Билет бағасының 3000-5000 теңге тұратынына қарамастан олардың өнерін ай сайын 1000-1500 көрермен тамашалап кетеді. Сирек те болса, бас сұғып қалғанда залда ине шаншыр орын болмай, көрерменге толып отыратынын байқаймыз. Өйткені жекеменшік театрдың актері бір шындықты анық түсініп алған – егер ол сахнада бүгін қара терін ағызып, шын кейіпкердің образын жасап ойнамаса, ертең бұл залда ешкім де отырмайды.

Ал мемлекеттік театрларда мұндай аншлагты тек премьералардан ғана көре­сің. Еліміздегі театр экономикасы мен менеджменті мемлекеттік қаржы­ландыруға тәуелді. Қанша айтылса да, осы отыз жылда толықтай театр нарығы қалыптаса алмады. Өйткені білім, ой, қуат бірлігімен жасалатын театр өнері жалпы нарық экономикасында әлсіз болып шықты. Өнер экономика, бизнес секторы сияқты «мен осыншама қаржы салдым, бес жылдан кейінгі қайтарымы мынандай, табысым осынша болады» деген нақты болжамға арқа сүйей алмайды. Дегенмен баға аспаннан алынбайды, билет құнын азайтып-көбейтетін белгілі бір тетіктері болмаса, Үкіметке ғана үміт артатын театр өнері біржола тұралайды. Осындайда «бұрыннан жағдайы мәз болмай келе жатқан мәдениет мекемелері шетелдік тәжірибені неге пайдаланбайды екен?» деген сауалдың оқта-текте оянып қалатыны рас. Олар тек премьералық спектакльдердің бағасын ғана емес, халықтың сүйіктісіне айналған әйгілі әртістер ойнайтын қойылымның және сахна туындысының өзектілігі мен маңызына қарай бағасын жиі көтереді. Оған арнайы жазылатын музыка, белгілі шеберлердің дизайнерлік костюмдері мен қымбат декорацияны қосыңыз. Мұны «премиум-класс спектакльдер» деп атайды. Жұлдыздар сахнаға шығатын күні спектакль билетінің бағасы да шарықтайды және қоғам бұған қарсылық танытпайды. Еуропа сахнасы мен көрерменін нысана етіп, елді дүрліктіріп жүрген «Бөрте» де осы схеманы пайдаланды.

«Ұлттық» мәртебесін иеленген М.Әуезов атындағы драма театрының директоры Еркін Жуасбектен еліміздегі ең басты өнер ордасының пандемия кезінде қалай күн көргені туралы сұрап, ахуалы туралы айтып беруін сұрағанымызда, әлемге орасан зор зардабын әкелген індеттің театрды тіпті де аямағанын қынжыла жеткізді. Қатаң тәртіпке бағынып, карантин талаптарын орындаған театр көрермен санын алдымен 20 пайыз, кейінірек 30 пайыз, жыл соңында жетпіс пайызға дейін жеткізгенімен, биылға жоспарлаған табыстың 50 пайызын да таба алмаған. Бұл театрдың жыртығына жамау болатын өз қаржысы болатын. Театрдағы жалақысы аз әлеуметтік топтағы қызметкерлерге көмек ретінде және театрдың өзіндік жұмысы секілді қосымша спектакльдерін қоятын қаржы еді. Пандемияның залалы осындай қосымша қаржы көзін қиды. Ең бастысы, Үкімет өз жоспары бо­йынша театрдың шығындарын жабатын қаржысын толықтай өтеген екен.

Театр – қымбат өнер. Анығында солай болуы керек. Жыл сайын 4-5 жаңа спектакль қою, актерлердің еңбегін лайықты бағалау, сахнаны безендіру, костюмдер тігу, күзетші, киім ілетін адамдардан бас­тап сахнаны қозғалысқа келтіретін, жарық беретін техникалық қызметкерлерге дейінгі ауқымды штат, коммуналдық шығындардың төлемі, ғимаратты ұстап отыру оңай емес. Тіпті екі актер ғана ойнайтын бір күнгі спектакльдің электр энергиясын да есептеп жатқан ешкім жоқ. Осы шығынның бәрі билет саясатына әсер етіп, баға өзгерісіне әкелуі керек еді. Ал театр баға көтеруге дәрменсіз...

Көрерменнің көпшілігі рухани ләззат сыйлайтын теңдессіз тірі өнер үшін қалтасындағы соңғы тиынын санап беріп спектакльге кірудің орнына, мүмкін болса, билетті арзандау бағаға алып, тіпті кейде танысы арқылы тегін тамашалап кеткісі келеді. Ал кейде артқы қатардағы ең арзан билетті сатып алып, спектакль басталғанда, қараңғыда бұқпантайлап, сүрініп-қабынып алдыңғы орындарға жайғасуға ұмтылып жүрген тірлігіне қарап не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Алайда театр өнеріне тап осындай көзқарас тұрғанда дүниенің қымбаттағаны – қымбаттаған, тайыз деңгейдің өспегені – өспеген.

Өміріңе өзгеріс әкелемін дейтін мо­тива­тор-коучтардың жиі айтатын сүй­кімді сөзі бар: кез келген адам мансабы мен қызметіне қарамастан құнын өзі белгілейді, ол өзін қалай бағаласа, оған деген қарым-қатынас соған лайық болады. Осы пайыммен қисындасақ, өнер мен оған қызмет ететін актер де өз қызметін осы өлшеммен бағалауы керек. Бәлкім, жаңа кезеңге бет бұрған қоғамның өнерге қарым-қатынасы сонда өзгерер...

 

АЛМАТЫ