• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2014

Ұлт саулығын нығайтудың басты кілті

360 рет
көрсетілді

Орал қаласында «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы шеңберінде дене тәрбиесі мен спорт арқылы ұлттың денсаулығын нығайту» тақырыбында халықаралық ғы­лы­ми-тәжірибелік конферен­ция өткізілді. Оған Қазақ­стан, Ресей және Польша мем­ле­кет­терінен келген спорт ұйым­дары­ның жетекшілері мен жат­тық­тырушылары, ғылыми зерттеу­шілер мен спорт әдіскерлері қатысты. Пленарлық мәжіліс кезінде конференцияға қатысушылар бұқаралық спортты дамыту саласында қордаланып қалған өзекті мәселелерді талқылады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» де­гендей, бұл ретте әр елде бұ­қара­лық спортты дамытудың өзгешеліктері мен ерекшеліктері жөнінде жасалған баяндамалар барынша құнды болғаны анық. Айталық, Польшада дене­шынықтыру мен спортты дамыту жөнінде арнайы стратегия қабылданған. Онда қойыл­ған міндеттердің қалай орын­далып жатқаны жөнінде осы елдегі Экономика университетінің профессоры Александр Скалий айтып берді. Сонымен бірге, ол өз еліндегі спорттық жетістіктер жөніндегі бейнероликті де конфе­рен­цияға қатысушылардың назарына ұсынды. Польшалық ғылым докторы­ның айтуынша, мұндағы жаппай дамыған спорттың түрі – велоспорт. Сондықтан, бұл мемле­кет­тің барлық қалаларында автомобиль жолымен қатарлас, бір мезгілде велосипедшілерге ар­налған арнайы жолдар тұр­ғызылып келеді. Мұнда бұқара­лық спортты кеңінен дамыту үшін тек соңғы үш-төрт жылдың аралығында 1803 спорт кешені салынған екен. Оның жалпы құны 540 миллион АҚШ долларын құрайды. Осы орайда, рухани интегра­циялық байланыстар шеңберінде Польшадағы Быдгошь қаласы мен Қазақстандағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мем­лекеттік университеті ар­а­сында тығыз байланыс ор­на­ған. Осы арқылы олар бір-бірінен үйреніп, бірін бірі толықтырып отырады. Бұл ретте, әсіресе, дене тәрбиесі мен спорт саласына мамандар әзірлеу жөніндегі тәжірибелердің екі жаққа да бергені көп. Конференцияда спикер ретін­де Ресей Федерациясы жоға­ры білім беру ісінің құрметті қыз­меткері, Поволжье әлеуметтік гума­нитарлық академиясы дене тәрбиесі факультетінің деканы Валерий Беленов пен ресейлік педагогика ғылымдарының докторы Гарри Карнаухов және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақаралық мемлекеттік университетінің профессоры Төлеген Ботағариев сөз алып, өз ой-пікірлерін ортаға сал­ды. Бірқатар ғалым-әдіскерлер саламатты өмір салтын қалып­тас­­тыру жөніндегі ғылыми тұжы­рымдарын өз әріптестерімен бө­ліс­ті. Қазір қай елде де олим­пиа­далық резервтер әзірленетін оқу орындарында болашақ чемпиондарды дайындау жөнінде кейбір кереғарлықтар мен түйткілдер жоқ емес. Бұл мәселелер жөнінде де әр мемлекеттен келген шешендер осы мәселенің тінін тереңірек тар­­­қату жөнінде ортақ ұйғарымға келді. Түйіп айтқанда, әр елде ұлт саулығын жақсартуды мұрат тұтқан халықаралық конференция өз қатысушыларына ой-пікір­лер мен тәжірибе алмасу үшін үлкен мүмкіндіктер берді. Оның қорытындысы бойынша ортақ халықаралық қарым-қатынастар шеңберінде бұқаралық спортты дамытуды одан әрі жетілдіру жөнінде сындарлы шешімдер қабылданды. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.