Ұстаздық – адамзат өркениетінде қаншама мың сан мамандықтың ішіндегі ең ізгісі, құрметтісі. Осы ізгі мамандықтың атына қылаудай кір келтірмей, жарты ғасырға жуық өзі таңдаған саласына адал қызмет етіп, оның шыңын бағындырған, талай шәкірттің бағын ашқан ұлағатты ұстаз – Балғын Нұрбекова.
Балғын Бақбергенқызы – еліміздің «Білім беру ісінің үздігі», Ы.Алтынсарин және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгілерінің, «Тәуелсіздікке – 20 жыл» мерекелік медалінің иегері. Сондай-ақ республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсының ІІ дәрежелі дипломын алған ол – 2016 жылдан бергі халықаралық Edtech тест орталығының ҰБТ, колледждер мен 9-сыныптар үшін МАБ тапсырмалары жинақтарының авторы, жоғары санатты мұғалім, физика пәнінен жоғары деңгейдегі педагог-шебер. Ардақты ұстаз осы уақытқа дейін республикалық, халықаралық пән олимпиадаларына 20, республикалық, халықаралық ғылыми жоба жарыстарына 12 жүлдегер дайындап, 20-дан аса оқушысы Алматы қаласы әкімінің «Үркер» төсбелгісімен марапатталған.
Әр адамның өз алдына дара жолы бар. Балғын апай 1952 жылы Алатаудың сілемдерімен жалғасып жатқан Қоңыртөбе тауының етегіндегі Ақтерек ауылында дүниеге келген. Соғысқа қатысып, бір қолын майданда қалдырған «Отан соғысы» орденінің иегері, атасы Өзбек оқымаса да өз бетінше хат танып, кітап оқитын көкірегі зерек еді. Сүйікті немересіне дойбы ойнауды, ауызша есеп шығаруды үйрететін. Апасы Күлпанияның да көп тәрбиесін алды.
Өсе келе Балғын да шәкірт болып, ұстаз алдын көрді. Ең алғашқы көзін ашып көрген ұстазы – тарих пәнінен 40 жыл сабақ берген анасы Бинагүл апай. Одан кейінгі ұстаздары да өте керемет жандар еді. Әлі есінде, қазақ тілі мен әдебиетінен беретін Қапуза Есдәулетова апайы Абайдың төрт шумақ өлеңін беріп, шығарма жаздыратын. Ал Өкен Құлахметова апайының арқасында математикадан «Антоновтан» есеп шығарып жарысатын.
1969 жылы мектепті үздік тәмамдаған соң ЖенПИ-дің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны бітіргеннен кейін еңбек жолын Ақтерек орта мектебінде бастады. 1976 жылы Алматы қаласы Әуезов аудандық комсомол комитетінде қызмет істеп жүргенде Талдықорған облысының азаматы Жанат Тойшыбековке тұрмысқа шығып, Талдықорған ауданы Жалғызағаш ауылындағы орта мектепте ұстаздық қызметін жалғастырды. Кейіннен жұбайының қызметінің ауысуына орай сол облыстың Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентіндегі Қ.Сәтпаев атындағы гимназияда сабақ берді. Сол жылдары шәкірттері облыстық пән олимпиадаларында жүлделі орындарды иеленді.
Алматы қаласына да Жанаттың қызмет бабына байланысты көшіп келді. Жанат Алматы облысының бірнеше облыстық және облысаралық департаменттерінде басшылық қызмет атқарды. Ал ұстаздық жолында елеулі орын алған, ең мағыналы, жемісті еңбек еткен қаладағы атақты Дарынды балаларға арналған №173 физика-математика мектебінде он жылдай, сондай-ақ №126, 178 лицейлерінде дәріс берді. 2019 жылдан бері заманауи соңғы үлгімен салынған №200 мектеп-гимназияда физика пәнінен сабақ беріп жүр.
Математика – ғылымдар патшасы болса, физика – қоршаған әлемді фундаментальді зерттейтін ең маңызды білімнің көзі. Осылайша, Балғын Бақбергенқызы физика пәнін тереңінен оқытып, шәкірт тәрбиелеуді өмірінің бір бөлшегіне айналдырды. Сондай-ақ шығармашылық жұмыспен айналысып, анықтамалық құралдарын, тест тапсырмаларын, бақылау жұмыстарын, физикалық диктанттар, зертханалық және практикалық жұмыс дәптерлерін, элективтік оқу бағдарламаларын жасайды. Әсіресе жаңа Explorer GLX оқу спектрометр құралын меңгеріп, оны оқушыларының Алматы қаласы мен бүкіл республиканың алдыңғы қатарлы мұғалімдерінің алдында көрнекі іс-тәжірибе ретінде жасап көрсетуін мақтанышпен айтады.
Тәңірі Балғын Бақбергенқызына ұстаздың нағыз туабітті қасиеттерін дарытқан. Оның әміршісі – еңбек. Алғырлық ойы ішкі жан дүниесін нұрландырып тұрады. Бұл дегеніміз не? Біріншіден, өз мамандығын жақсы көруі. Екіншіден, оқыту мен тәрбиені бірге ұштастырып жүргізуі. Үшіншіден, не жасаса да бастаған істі аяқтайтыны, негізінен жүйелілікті басшылыққа алуы, әрбір ұғымның қасиетін түсіндіруге тырысуы. Төртіншіден, баланы өз баласындай көріп, мәпелей сенімге кіруі. Кейде мұндай қасиет ата-ананың да орнын алмастырып жатады. Бесіншіден, сабақты түсіндіргенде оқушыға түсінікті тілмен жан-тәнімен, бүкіл болмысымен беріліп, баланың ынтасына, оның жеңіл қабылдауына жұмыс істейді. Сөйтіп, мұғалім мен оқушы арасына тылсым жол салады. Оның ойынша, дарынды шәкірт ұстаздан озу керек. Сонда ғана баланың бойында ұстаз қалыптастырған із қалмақ.
– Мықты мұғалім болу көп ізденісті қажет етеді, – дейді ол. – Қазір оқушылар өте сауатты, мобильді. Сондықтан кез келген сұраққа дайын болуың керек. Ол үшін өзіңді өзің дамытып, ізденесің. Сабақты түсіндіргенде қысқа, нұсқа, нақты айтып, дәлелді сөйлеуге тырысуың керек. Ұстаз қай кезде рахаттанады? Шәкірттермен бірге сапалық сұрақтарды, күрделі есептерді талдау кезінде олардың ұтымды жауаптарын естігенде, тәжірибе барысында нәтижелерін көргенде, қиын есептердің шешімін өз бетімен тауып жатқанда ләззат алады. Мұндайда «Апай, сабақ күшті өтті, сау болыңыз!» деген сөзді естудің өзі бір ғанибет. Менің білгенім, ақылды оқушы қашанда мұғалімді қадірлеп, қастерлейді.
Тәжірибелі ұстаздың пікірлері мен ұсыныстары да көңілге қонымды. Қазір жылдан жылға жалпы білім беретін мектептерде физика пәнінің сағаты қысқаруда. Бұрын 10-сыныпта физика аптасына төрт сағат өтсе, қазір – екі сағат. Сондықтан 45 минутта тақырып көлемін толық қамтып, теорияны түсіндіріп, әрі есептерді шығарып, әрі баладан сабақ сұрап үлгеру мүмкін емес. Бор мен тақта – оқушының да, мұғалімнің де басты құралы. Сондықтан баланың тақтаға шығып, тапсырманы орындауы жадында сақтау қабілетін арттырады, әрі өзіне сенімділік әкеледі. Мұндайда ең болмаса түсінікті жазылған сапалы оқулық болса дейді. Оқулықтың ғылыми тілде жазылуы, есептердің қате берілуі баланың өз бетінше оқып түсінуіне қиындық туғызады. Оның үстіне әр баспадан шыққан оқулықтар әртүрлі. Қазір оқулық жазу бизнеске айналған сияқты. Енді ұстаздар Білім және ғылым министрінің оқулықтардың мазмұнын қайта қарап, тексеріп шығу керек деген ұсынысынан көп үміт күтуде.
Бір ғана ұстаздың еңбек жолында жиырмадан аса мемлекет қатысатын Жәутіков атындағы физика, математика және информатика пәндерінен өтетін халықаралық, сондай-ақ Президенттік олимпиадалардан, ғылыми жоба байқауларынан 32 оқушысы бәйгеден оза шауып келсе, ал 2011 жылы дарынды шәкірті, 11-сынып оқушысы Тайман Сабырғалиев дүниежүзінің 87 мемлекеті қатысқан Тайландтың астанасы Бангкок қаласында өткен 42-ші Халықаралық физика олимпиадасында күміс медальды иеленуі қандай ғанибет, қандай мерей десеңізші! Мұғалімнің бейнетін, жанкештілігін шәкірттері осылай өз еңбектерімен ақтап шықты. Оның қайтарымына Балғын Нұрбекова баланы одан әрі ынталандыру мақсатында мектеп ауласына жүлдегер шәкірттерінің әрқайсысына қарағай отырғызуды дәстүрге айналдырды. Бүгінде Тайманының, Саматының, Алдиярының, Мағауиясының, тағы басқа шәкірттерінің ағаштары жайқалып өсіп тұр.
– Қазір заң аясында мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатында «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» деген біліктілік санаты беріледі, – дейді 2 мыңға жуық бала оқып жатқан №200 мектеп-гимназия директоры Айнұра Нұрымқызы Балғын Бақбергенқызының еңбегін асқан құрметпен, ықыласпен атап өтіп. – Балғын апайдың сабағына оқушылар өте қызығушылықпен қатысады. Ата-ана тарапынан ешқандай ескерту, сөз болған емес. Оқушы да, ата-ана да риза. Апайдың ішкі күш-қуатына, жігеріне таңғаласың. Былтырғы түлектеріміздің екеуі де осы физика пәнін таңдап, 40-тың үстінде балл алып, Алтын белгілерін ақтап шықты. Бұл – мектеп үшін үлкен жетістік. Жалпы, оқушылардың математикаға, физикаға деген махаббаты мықты мұғалімдер арқылы ашылады. Оқу бітіріп келген жас мұғалімдерді осындай тәжірибелі ұстаздар қамқорлығына алып, пән сабақтарынан ғана емес, өмірлік те бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтса құба-құп емес пе? Бір қуанарлығы, қазір апай шәкірті, жас мұғалім Ақжолтайды баулу үстінде.
Әулеттің шырағын жақсы бала да жағады. Балғын – Нұрбековтер әулетін жалғастырушы, қара шаңырақтың шырақшысы. Ал Балғынның өз жұмағы – отбасы. Құдай қосқан қосағы Жанат жоғары қызметпен бірге кісілікті, адамгершілікті қоса алып жүрген айтулы азамат. Тағдырдың сынына сынбаған аналары Бинагүлді алақандарына салып, қырық жылға жуық бағып-қағып перзенттік міндеттерін адал атқарды. Сағындырып, ұзақ күткен балапандары Розаға ата-ана ретінде алдымен өздері осылай үлгі көрсетті. Бүгінде көзінің ағы мен қарасы Роза жоғары оқу орнын бітіріп, қызмет етуде.
Шығыстың ұлы ғалымы әл-Фараби «Маған жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» деген екен. Міне, Балғын Бақбергенқызы сол болашаққа қалтқысыз қызмет етіп, бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, бала жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз. Мерейіңіз үстем болсын, мәртебелі мұғалім...
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
журналист