Көктем «АстанаОпера» театры үшін табысты басталды. Талай жылғы тәжірибесін жемісті жалғап келе жатқан жаңашыл ұжым 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай тағы бірнеше жағымды өнер жаңалығын көпшілік назарына ұсынып, талғампаз театрсүйер қауымнан сүйінші сұрады.
Қазақстандықтарға театрмен дос болу ұсынылды
Әуелгі елеулі жаңалық – «Астана Опера» төрінде «Достар клубы» деп аталатын арнайы жобаның іске қосылуы. Айтулы шығармашылық бастама өткен аптада салтанатты жағдайда көзі қарақты көрермен мен ұлы өнерге ынтық талғампаз қауымға таныстырылды. Жоба тұсаукесеріне қатысқан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев театрдың бастамасын қолдап, өз сөзінде мұндай жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
– Бұл – шығармашылық орта үшін өте қажетті жоба. «Достар клубы» театрға оның көп қырлы қызметін егжей-тегжейлі зерттеп, алдағы дамуына өз ұсыныстарын білдіре алатын жаңа көрермендерді тартатынына сенімдімін. Клуб қатысушыларын көптеген қызықты кездесулер, жаңалықтар мен бастамалар күтіп тұр, себебі «Астана Опера» талғампаз көрерменге айрықша шығармашылық туынды сыйлайды. Жаңа жоба жемісті әрі ұзағынан болсын, театр мен оның труппасы өркендеп, дамып, көрермендерді ғажап қойылымдарымен қуанта берсін деп тілеймін, – деді министр. Сондай-ақ «Достар клубын» құру идеясын Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов те қолдап, мұндай тәжірибе әлемде бар екенін және бұл театр өнерін қолдауға септігін тигізетінін атап өтті.
Жаңа жобаның мәні – мүшелікке ниет білдірушілердің барлығы, сондай-ақ коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың, оның ішінде шетелдік компаниялар мен кәсіпорындардың «Достар клубына» қабылданатынымен түсіндірілді. Театрдың «Достар клубына» мүше болу – бұл «Астана Операның» қызметіне, еліміз бен елордамыздың мәдени игілігін сақтауға және арттыруға теңдессіз үлес қосуымен қатар, клуб мүшелері үшін де жағымды жаңалықтар мен бастамаларға бай. Атап айтсақ, клуб құрамына қабылданғандар үшін келешекте арнайы театрлық шаралар өткізіліп, «ниеттестік бағдарламалары» құрылады, сонымен қатар клуб мүшелері «Астана Операның» өміріне белсенді араласып, сахна сыртында өтетін экскурсияларға, әртістермен бірге шығармашылық кештерге қатысады және театрдың жобалары мен бағдарламаларын іске асыруға қолғабыс ете алады. Ең бастысы, «Астана Операны» еліміздің ірі мәдени орталықтарының бірі ретінде одан әрі дамыту жолында бірлесе атсалысу мүмкіндігіне ие болады.
– «Достар клубы» кез келген әлемдік театрда бар, сол себепті біз сәтті халықаралық тәжірибеден үлгі алып, қазақстандық театр саласын жаңаша дамытуға ұмтылудамыз. Әлбетте, көпшілік бұл бастамамызды қолдайды деген үміттеміз, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Театрдың «Достар клубына» мүшелікті арнайы пластикалық картамен растауға болады, ол тұтас театр маусымы бойы қолдануға жарамды. «Дос» санатына «Астана Операның» тұрақты қонақтары жатқызылады. Оларға арналған клуб карталарының жалпы саны – 70. Екінші санат – «Құрметті дос», оған 50 карта қарастырылған. Бұдан бөлек, ұйымдар мен коммерциялық компаниялар енген «серіктес» және «демеуші» деп аталатын тағы екі санат бар. Олар үшін клуб карталары қырық қырықтан әзірленді. Барлық санаттар үшін түрлі мүшелік жарна ұйғарылып отыр.
«Алты би» – астаналықтарға айрықша тарту
Халықаралық театр күніне орай «Астана Операда» тұсауы кесілген тағы бір ауқымды жоба – ХХ ғасыр аяғындағы еуропалық заманауи би қою жұмысында ең көп сұранысқа ие хореографтарының бірі, әйгілі чех балетмейстері кемеңгер Иржи Килиан қолтаңбасында қазақ сахнасына алғаш рет жол тартқан Моцарттың музыкасына қойылған «Алты би» балетінің премьерасы десек, титтей де артық айтқандығымыз емес. Жаһан тамсана қол соққан балеттің әлемдік премьерасы осыдан тура 36 жыл бұрын Амстердамда, Нидерланд музыкалық театрының сахнасында өткен болатын. Содан бері бұл спектакль Швейцария, АҚШ, Чехия, Жаңа Зеландия мен басқа да елдердің атақты театрлары афишасының сәнін келтірді. Әйгілі балеттің «Астана Опера» театры репертуарына қосылуы – ұлттық балет өнерінің зор табысы екендігі анық. Спектакльде аңыз Иржи Килианнан өзге заманауи классика жауһарының нидерландылық қоюшылары, маэстро ассистенттері – беделді би марапаттарының иегері жарық бойынша суретші Ширли Эссебуммен және қойылым бөлімінің меңгерушісі Юст Бигелардың жұмысы да жарқырай көрінді.
Балет аңызы Иржи Килианды желді Нидерландыдан шалғайда балеттер қоюға көндіру қашанда үлкен сәттілік екендігі сөзсіз. Сол қажырлы қайрат «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қолынан келді. Атақты балет жұлдызы Иржи Килиан секілді кәсіби мамандармен жұмыс істеудің театр труппасы үшін қаншалықты құнды екенін жасырмады.
– Осынау бірегей балетмейстермен, оның хореографиясымен қазақстандық көрермендерді бұрыннан таныстырғым келетін. Оның музыкалық қабілеті зор, балеттерінің барлығы өте нәзік талғаммен, шамасын сезіне отырып жасалған. Яғни бұл талантты жан, би өнерінің аңызы шын мәнісінде жоғары өнерді дүниеге әкелуде. Оған барлық хореографтарға бірдей қона бермейтін ерекше қабілет тән – ол спектакльдерді әзілмен қоя біледі. Таңғаларлық көрінгенімен, бұлай жасау кейде күрделі де. Бірақ Килиан қойылымдары сонысымен құнды. Иржидің біздің театрда «өмір сүргенін» қалайтын қойылымдары көп. Дегенмен шығармашылық одағымыздың әлқиссасын «Алты биден» бастауды құп көрдік. Өйткені «Алты би» – классика! Алда да жемісті жұмыстар жалғасады деп сенгім келеді. Ендігі кезекте осы сахнада оның «Кішкентай өлім» балетінің қойылғанын армандаймын, – деді Алтынай Асылмұратова.
Иржидің ерек иірімдері
Чех балетмейстері Иржи Килиан әлем бойынша өз балеттеріне ерекше толғаныспен қарайтын нағыз кәсіби мамандардың бірі саналады. Сол себепті де оның спектакльдерін көрсету құқығына ие болу – кез келген театр үшін зор мәртебе әрі труппаның жоғары шеберлігінің мойындалуы деп қабылданады. Оның еңбектеріне күллі әлем күліп әрі жылап қарайды. Себебі Иржидің ерек иірімдерінде күлдіріп отырып жылататын өмірдің боямасыз бейнесі жасырынған. Сонысымен де хореограф еңбегі елеулі, әлемдік балет кеңістігінде жоғары бағаға ие.
Жалпы, «Астана Операдағы» айтулы өнер оқиғасының маңыздылығын бағалау үшін әлемдік бидің көркем бейнесі – Иржи Килианның өмірбаянына зер салу жеткілікті деп ойлаймыз. Оның мансабы ойдағыдай әрі бас айналарлықтай тез қалыптасты. Иржи шығармашылық қызметін Штутгарт балетімен бастап, көп кешікпей оның солисі атанды. 1975 жылы Нидерланды би театрына әртістік директор қызметіне шақырылып, NDT труппасының ең бай репертуарын құрды. Қоюшыға әлемдік атақ 1978 жылы Сполето Халықаралық фестивалінде Леош Яначектің музыкасына оның «Симфониетта» балетінің көрсетілімінен кейін келді. Содан бастап даңқы үздіксіз өрлеген хас талант бүгінде заманауи балет өнерінің аңызына айналды.
Кәсіби ортада чех хореографын классика мен қазіргі заманды үйлестіре білгені, дененің батыл иілімділігі мен бұлшық етінің тірілігі үшін бағалайды. Ал айтулы балетте Иржи Килиан XVIII ғасырға деген өзінің комедиялық көзқарасын білдірді. Онда нақты сюжет жоқ, бірақ заманының кербез ханымдарының, есер де ессіз ғашықтардың, белдемше киген өзгеше ер-азаматтардың сауық-сайраны туралы қысқа хикая бар. Әр көрермен қисыннан алыс қиялдың осынау шексіздігінен де өзіне керегін табады, заманын таниды һәм бастысы қойылымнан ойланып шығады.
– Қойылымға Моцарттың музыкасын таңдап алдым. Себебі оның өмірі қамшының сабындай қысқа болса да, ол адам мүмкіндігі мен талант шексіздігінің асқан үлгісі болып табылады. Ол өмірді бар байлығымен, қиялымен, ойын-оспағымен және есалаңдығымен қоса түсіне білді. Моцарт өзінің «Неміс биін» жазған кезеңнен бізді екі ғасыр алыстатып тұр. Бұл – тарихтағы соғыстар, төңкерістер мен түрлі әлеуметтік толқулар өткен үлкен аралық. Осыны ескере отыра, мен әзіл мен композитордың музыкалық ғаламатын бейнелейтін қандай да бір би нөмірлерін ғана құру дұрыс емес деп санадым. Оның орнына бір қарағанда мағынасыз көрінетін алты композиция қойдым. Олардың айналадағы шындыққа жанаспайтыны анық. Алайда сол қисынсыз композицияда өмірдің бар шындығы жатыр. Шығармадағы әзіл өз құндылықтарымыздың салыстырмалығын көрсету құралы ретінде қызмет атқарды. «Астана Операның» балет әртістері айтулы хореографияны кедергісіз меңгеріп, мінсіз орындап шықты. Ең әуелі соған қуаныштымын деп ақтарылды өз ізденістері жөнінде хореограф Иржи Килиан.
Иә, «Алты би» балетінің ұзақтығы 15 минуттан аспайтыны ерекше жағдай, бірақ оның орындалуындағы күрделілік әртістерден аса үлкен физикалық және эмоционалдық төзімділік көрсетуді талап еткені сөзсіз. Қуантарлығы – бұл сынды «Астана опера» труппасы еш қиындықсыз еңсерді.
– Жеті жыл Мюнхенде жұмыс істеуімнің арқасында маған Иржи Килианның балеттерін, оның ішінде тек мюнхендік театрда ғана көрсетілетін Zugvögel-ді орындау бақыты бұйырды, сондай-ақ осынау керемет қоюшының хореографиясында Nuages па-де-десінде өнер көрсеттім. Стилистикасы «Алты биге» айтарлықтай ұқсас, балетте «бұлшықет жады» деген түсінік бар. Дайындыққа кіріскен кезде Килианның сол мәнерін бірден есіме түсірдім. Мұндағы дуэттер өте динамикалық және әрбір ым-ишараның өз нотасы бар, соған түсіп үлгеру керек, сонымен қатар бір мезгілде басқа да көптеген қимылдарды жасау қажет. Бұл балетті жақсы орындау үшін мазмұнды хореографияны мінсіз біліп, ол туралы сахнада ойламау, есесіне сезімге, актерлік шеберлікке, ишаратқа берілу керек. Труппаның алдында бізге дейін болғанды сол күйі қайталамау міндеті қойылды. Биді өз қалауымызша сезініп, түсіндіре білуіміз қажет. Жалпы, бұл әртістер үшін ашылуға және «қылмыңдау» кедергісін жеңуге өте жақсы материал. Біз классикалық балеттің әдемілігіне үйреніп қалдық, бірақ «Алты биде» ол мүлде басқаша сарапталды, – деп дайындық барысындағы өз әсерімен бөлісті театр солисі Олжас Тарланов.
Ақ-қара түсті балет
«Алты би» чех қоюшысының «ақ-қара» түсті балеттер топтамасына жатады. Осылайша, спектакльде қара жұмсақ декорациялар мен аяқтары доңғалақ жылжымалы кринолин көйлектер қолданылды. Бірақ жалпы алғанда, қойылым минималистік мәнерде сыннан сүрінбей өткен. Спектакльдегі аса маңызды рөл жарық пен көлеңкенің ойынында жатыр.
Сахнада небәрі сегіз әртіс өнер көрсетті. Кариннің партиясын Аделина Төлепова мен тәжірибелі балерина Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова жоғары деңгейде орындап шықты. Патриктің рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан мен Сұлтанбек Ғұмар керемет өнер көрсетіп қана қоймай, оны шынайы драмалық түрде сомдады. Классикалық биді шебер меңгерген Бақтияр Адамжан заманауи сахналық би мәнерінде де жетік екенін атап өткеніміз жөн. Ол өз партиясын онымен көп жылдар бойы сахнаға шығып жүргендей керемет орындады.
Олжас Тарланов Полдың партиясында ерекше жарқырады. Екінші күні бұл кейіпкерді бітімі бөлек Жәнібек Ахмедиев таныстырды. Сэйка Тоносаки мен Шұғыла Әдепхан мұңлы әрі қызба мінезді Каролинаның бейнесін жасады. Тентек әрі көрікті Йоханның бейнесін Александр Корнилов пен Данияр Жұматаев сомдады. Нұрай Нұрсафина мен Мөлдір Шәкімова Лизаның бейнесін тартымды етіп көрсетті. Нэнси партиясын орындаушылар Мәдина Қожамжарова, Анастасия Заклинская және Урци – Серік Нақыспеков, Айбар Тоқтар өз бейнелерін сомдау кезінде дененің иілімділігін ашудың шексіз мүмкіндіктеріне екпін жасады.
Балеттің ең басты ерекшелігі – Иржи Килиан барлық күрделі заманауи хореографияға толы балеттік монологтар мен дуэттерді небәрі 13 минутқа сыйдыра білген. Оны «Астана Операның» сахнасына хореографтың ассистенті Ширли Эссебум шынайы түрде алып шықты.
«Алты би» өмірге келген күннен бастап өткен уақыт аттай 36 жыл! Бірақ бұл уақыт спектакльге ешбір зиянын тигізген жоқ. Қайта керісінше қойылым кеше ғана жасалғандай түсінікті болды әрі елордалық көрермен оны зор таңданыспен қабылдады. Бұл, әлбетте, қойылымның қазақстандық сахнадағы ұзақ әрі баянды ғұмырының жаршысы екені анық.