Әкімшілік әділет дегеніміз не? Бұл бір жағынан азамат немесе ұйым, екінші жағынан мемлекеттік басқару органы арасындағы жариялы-құқықтық дауларды шешудің ерекше процестік тәртібі. Құқықтық институт ретінде әкімшілік әділет атқарушы биліктің лауазымды адамдарының заңдар мен ережелерді сақтауын қамтамасыз ету үшін қоғамда және мемлекетте сот бақылауы функциясын орындайды.
Кез келген құқықтық мемлекетте заң үстемдігін бекіту маңызды. Ал демократиялық қоғамда мемлекеттік басқару органдарына, лауазымды адамдарға азаматтар үшін құқықтық салдар туғызатын әкімшілік актілер шығару құқығы беріліп қана қоймайды, сонымен қатар тиісті рәсім аясында әрекет ету, заңсыз әрекеттер үшін жауап беру және осындай әрекеттерден келтірілген залалды өтеу міндеті жүктеледі.
Әкімшілік әділет – бұл сот ісін жүргізу арқылы билік тарапынан бұзушылықтар мен теріс пайдаланулардан адам құқықтарын қорғаудың сот механизмі. Бұл оның құқықтық мемлекеттегі құндылығы. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде мұндай жүйе құрылған әрі құқықтық және «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты белгілерінің бірі. Әкімшілік әділет институтын отандық құқыққа енгізу идеясы алғаш рет 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясатты дамыту тұжырымдамасында көрініс тапты. Бұл тұжырымдамада Қазақстанда дербес әкімшілік әділет қалыптастыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы қысқаша түрде баяндалған. Кейіннен Қазақстан Президенті «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында әкімшілік әділет институтын енгізу қажеттілігін ерекше атап өтті. 2020 жылғы 29 маусымда ел Президенті 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске (ӘРПК) қол қойды. Жаңа кодексті қолданысқа енгізу шеңберінде жаңа мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылды. Салық, кеден, монополияға қарсы, экологиялық, инвестициялық, жер, тұрғын үй даулары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне (әкімшілік актілеріне) дау айту туралы өзге де талап қоюлар, яғни жария-құқықтық даулар енді осы соттарда қаралады. Бұрын бұл даулар мамандандырылған экономикалық және аудандық соттарда Азаматтық – процестік кодекстің 27-29-тарауларының тәртібімен қаралатын. Олар мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істер бойынша іс жүргізу тәртібін регламенттеді. Аталған тараулар ӘРПК күшіне енуіне байланысты жойылып, бұл даулар іс жүзінде әкімшілік соттарға ауысты, ал оларды қарау тәртібі енді әкімшілік соттың нормаларымен реттеледі.
Азаматтық процестік кодекс (АПК)бойынша негізінен жеке құқықтық және коммерциялық даулар қаралады және шешіледі. Ал жаңа кодекс – мемлекеттік органдардың әкімшілік рәсімдерін жүзеге асыру, жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу тәртібін реттейтін өзгеше заңнамалық акт. Сондықтан да ӘРПК қолданысқа енгендіктен «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңдардың күші жойылды.
Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу бірыңғай қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Олардың ішінде азаматтар мен бизнес субъектілері үшін құқықтар басымдығы мен сенім құқығын қорғау қағидаты ерекше тартымды. Яғни заңнамадағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер азаматтардың пайдасына түсіндіріледі және адал азамат, кәсіпкер әкімшілік орган қабылдаған шешімнің заңды екеніне сенімді бола алады. Олай болмаған жағдайда залал міндетті түрде өтеле отырып, заңсыз шешімнің күші жойылады. Сондай-ақ формалды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу мен анықтық презумпциясының алар орны ерекше. Бір сөзбен айтқанда, формалды негіздер бойынша жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын іске асырудан бас тартуға, шектеуге немесе тоқтатуға жол берілмейді. Ал анықтық презумпциясы бойынша әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған құжаттар әкімшілік орган, лауазымды адам теріс деп белгілемейінше, анық деп есептеледі. Тағы бір қағидат – соттың белсенді рөлі. Сот өз бастамасы бойынша дәлелдемелер жинайды, даудың мән-жайларын зерттейді, талаптардағы ресми қателіктерді жоюға көмектеседі. Бұл ретте дәлелдеу ауыртпалығы мемлекеттік органдарға жүктеледі, ал барлық күмәндар азаматтар мен бизнестің пайдасына түсіндіріледі.
Жеке және заңды тұлғалардың мүмкіндіктері мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейтіні анық. Сондықтан әкімшілік әділет осы айырмашылықты жоятын дауларды шешудің арнайы тетігін қарастырады. Азамат немесе заңды тұлға үшін билік органының немесе лауазымды адамның шешімімен келіспеу туралы талап қоюмен жүгіну жеткілікті.
Әкімшілік соттар бұл талаптарды мемлекеттік аппараттың кінәсінің презумпциясы қағидаты бойынша қарайды, ол өз шешімінің, әрекетінің не әрекетсіздігінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуге тиіс. Яғни сот рөлінің белсенділігімен бекітілген қағида «билік шабуылдарынан» сот қорғауын қамтамасыз етеді. Әкімшілік сот тарапынан сот шешімдерінің орындалуын қатаң бақылауды ӘРПК жаңалықтарына жатқызуға болады. Ал жауапкерді сот шешімін орындауға процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде ақшалай өндіріп алу қарастырылған, оны сот шешімі орындалғанға дейін бірнеше рет қолдануға болады (оның мөлшері 50-ден 100 АЕК-ке дейін өзгереді).
Шын мәнінде, бұл мемлекеттік органдардың азаматтық соттарда АПК тәртібінде шағымданған шешімдері, ал осы органдар мен лауазымды адамдардың әрекеттері (әрекетсіздігі) қазір әкімшілік деп аталады. Әкімшілік актіні қабылдаудың алдында міндетті түрде әкімшілік рәсімге қатысушыларға алдын ала шешім жіберу және олардың ұстанымдарын тыңдау болатыны маңызды.
Жалпы, ереже бойынша әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгіну сотқа дейінгі шағымданудан кейін мүмкін болады (яғни сотқа дейін акт немесе әрекет (әрекетсіздік) дауланып отырған сол органда реттеуге болады). Сондықтан егер азамат немесе заңды тұлға әкімшілік органның шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) қанағаттанбаған жағдайда, талаптар, дәлелдемелер және т.б. негізделген мән-жайларды көрсете отырып, үш ай ішінде оған жаңа шағыммен жүгіну қажет. Осыдан кейін әкімшілік органның өз шешімін қайта тексеру және қате болған жағдайда, артық әуре-сарсаңға салмай, бұзушылықты өз бетінше жою не жоғары тұрған органға шағым жіберу үшін үш жұмыс күні бар.
Егер өтініш беруші жоғары тұрған органның шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) келіспесе, ол дереу әкімшілік сотқа жүгіне алады, яғни бұл кезеңде әкімшілік рәсім аяқталып, біртіндеп келесі кезеңге – сот сатысына өтеді. Бұл ретте сотта талап қойылған әкімшілік орган немесе лауазымды адам жауапкер бола алады. Егер азамат талап қоюдың қандай түрін таңдауды білмесе, онда сот оған, оның ішінде талап қою талаптарын тұжырымдау немесе өзгерту арқылы көмектесуге міндетті.
Кодекс талап қоюды қабылдау және қарау рәсімін айтарлықтай жеңілдетті. Сот талап қоюды қараусыз қалдыра алмайды, талап қоюды қабылдаудан бас тарта алмайды не дау бойынша іс жүргізуді тоқтата алмайды. Сот талапты қайтаруға ғана құқылы, мысалы, егер дау сотқа дейін реттелмеген болса, талапты іс-әрекетке қабілетсіз адам берсе, осы соттың қарауына жатпаса, мемлекеттік баж төленбесе және т.б.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттардың (МАӘС) жалпы юрисдикция соттарынан айырмашылығы, талаптарды қараудың процестік мерзімдерімен байланысты емес. Талап қою ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап 3 айдан аспайтын мерзімде қаралады және шешіледі. Жаңа кодексте соттардың үш сатылы жүйесі сақталған. МАӘС-тің шешіміне ол шығарылған күннен бастап 2 ай ішінде апелляциялық тәртіппен, ал апелляция қаулысына Жоғарғы соттың кассациялық алқасына бір ай ішінде шағым жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайларда әкімшілік іс бойынша сот шешімі істі Жоғарғы сот қарағаннан кейін заңды күшіне енеді.
Кодекс аясында прокурордың өкілеттіктері де бекітілген. Әкімшілік әділет енгізілген көптеген елдерде прокурордың сотқа дейінгі сатыда қатысуы көзделмеген. Сонымен қатар азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру – прокуратура органдарының негізгі міндеттерінің бірі екені белгілі. Сондықтан прокурорлар әкімшілік рәсімдер сатысында да, әкімшілік сот ісін жүргізуде де ұсынылған. Яғни прокуратура шағымдарды қарайтын әкімшілік органдардың қатарына кіреді.
Бұл жерде прокурорлар өтініштерді «Прокуратура туралы» Заңда белгіленген шегінде ғана қарайтындығын атап өткен жөн. Сондай-ақ ӘРПК-ке сәйкес прокурор бұзылған құқықтарды қалпына келтіру және адамдардың мүдделерін қорғау үшін (қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын); қоғам мен мемлекет үшін, егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстанның қауіпсіздігі үшін орны толмас салдарлардың алдын алу үшін қажет болса, талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы. Орган немесе лауазымды адам әкімшілік актіге немесе іс-әрекетке прокурордың наразылығын қабылдамаған жағдайда, прокурор ӘРПК шеңберінде талап қою береді.
Прокурор салықтық, кедендік, бюджеттік, жер, экологиялық әкімшілік даулар бойынша, сондай-ақ сайлау құқықтарын қорғау және мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне шағым жасау туралы (мемлекеттен және мемлекет пайдасына өндіріп алу кезінде) істер бойынша қатысады және қорытынды береді. Прокурор істердің көрсетілген санаттары бойынша апелляциялық, кассациялық өтініш хаттар мен наразылықтар келтіре алады.
ӘРПК қолданысқа енгізілген сәттен бастап 8 ай өткеннен кейін мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастардың жаңа кезеңіне көшу туралы айтуға болады. Мәселен, есептік деректер бойынша республиканың әкімшілік соттары 2021 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін 4 161 істі қарап, шешім шығарған, 2004 іс бойынша немесе 48% жағдайда талаптар қанағаттандырылды. 822 әкімшілік акт заңсыз деп танылып, күшін жойды.
Ең көп шағым әкімдіктердің (3 025, оның ішінде қанағаттандырылғаны – 517), әділет органдарының (2 689, оның ішінде қанағаттандырылғаны – 288) және салық органдарының (475, оның ішінде қанағаттандырылғаны – 266) актілері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалды. Сондай-ақ 535 жеке ұйғарым шығарылды. 225 адамға қатысты 10 648018 теңге сомаға ақшалай өндіріп алу түрінде процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылса, оның 105-і лауазымды адамдарға қолданылған. Бұл сандар қазірдің өзінде осы институттың адамдардың құқықтық қорғалуының жаңа сапасын қамтамасыз ететіндігін және болашақта адам құқықтары саласындағы құқықтық реттеудің тиімді моделінің қалыптасуына түрткі болатындығын көрсетеді.
Сапарбек НҰРПЕЙІСОВ,
Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы