Семей – қазақтың тарихи, рухани қаласы. Кешегі Кеңес заманында өндірістік қала болғаны да баршаға аян. Ең өкініштісі, 1997 жылы Шығыс Қазақстан облысымен біріккен соң өндірістік орындары жабылып, тұрғындарының бірі басқа жаққа ағылды, енді бірі жұмыс таппай сабылды. Қысқасы, осы уақыт ішінде Семейдің көсегесі көгере қойды дей алмаймыз. Мүмкін саяси жағынан, жалпы Шығыс өңірі өңірі үшін тиімді болған да шығар, ол жағын дөп басып біз айта алмаймыз.
Құлдыраған, құрыған өндіріс ошақтарын қайта-қайта айтып, жазғанмен май түспес. Ендігі кезекте Жаңа Қазақстан құру жолындағы шынайы, халық үшін тиімді ұсыныс-пікірлермен бөлісіп отырғанымыз жөн шығар.
Күні кеше семейліктердің тілегіне құлақ түрген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында Абай облысын құруды ұсынды. Орталығы Семей қаласы болатындығын шегелеп айтты. Құдай-ау, алаң-елең заманда мұндай жақсылық болады деп күтпеген едік. Шынын айту керек, бұл жолғы Жолдауды ұйып, алтын уақытты қиып тыңдадық. Халық сенімі ақталды. Көмескіленіп, сөніп бара жатқан семейліктердің қуанышында шек болмады. Әлеуметтік желіде тарап жатқан бейнероликтен көргендей, Президент қуанышты жаңалықты айтқанда сенер-сенбесімізді білмей абдырап қалдық. Бір-бірімізге қарастық. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, бір-бірімізбен құшақтастық. Көзімізге қуаныштың ыстық жасы іркілді.
Ел дұрыс түсінсін, кемеден ағытылған қайықтай, Шығыстан бөлініп бара жатқанымызға «алақайлаған» жоқпыз. Семейдің тамырына қан жүгіріп, тұралап қалған тіршіліктің қайта жанданатынына қуандық. Әйтпесе қазақтың қай пұшпағы болсын – өз жеріміз, өз еліміз.
Ендігі кезекте бәріміз бір кісідей қарт қаламызды қайтсек дамытамыз деген сұрақ төңірегінде ойлануымыз керек. Бар жүкті Президентке артып қоюға болмайды. Өзіміз әрекет етуіміз керек. Біріншіден, елге жанашыр, жарқын болашаққа жол бастайтындай басшыны сайлап алу керек шығар. Содан кейін әр сала мамандары өз ойларын ортаға салып, оны басшылық тыңдаса дейміз. Анау шұрық-тесік жолдар жөнделіп, қараңғы көшелерге жарық тартылады. Ол сөзсіз деп ойлаймын. Менің ойымша, ет өндірісі, тері илеу комбинаты қайта іске қосылып, ауыл шаруашылығын дамытуға қайта бір серпін берілуі тиіс.
Сонымен қатар Семей – танымдық туризмді дамытуға таптырмас өңір. Жидебай, Қоңыр әулиені айтпағанда, қала ішінде қаншама тарихи ғимарат бар. Кешегі алашордашылардың бас қосқан ғимараты, тұрған үйлеріне дейін сақтаулы. Атап айтсақ, бүгінде Бейбітшілік аралы деп жүрген жеріміздің өзі тарихқа тұнып тұр. Одан бері Невзоровтар музейінің қоры қандай бай?! Шоқан Уәлихановпен тонның ішкі бауындай дос болған Ф.Достоевскийдің музей үйі тұр. Абайдың әдеби-мемориалдық музейіне ат басын бұрсаңыз, хакімнің өмір жолымен толықтай дерлік танысып шығасыз. Тізе берсек, көп. Абай келіп жүрген кітапхана ғимараты да осы маңда. Міне, бай тарихымыздың бірегей бөлігі Семейде. Тоқетерін айтар болсам, жоғарыда атап өткен тарихи нүктелердің бәрі бір аумақта орналасқан. Алдағы уақытта туристік маршрут жасап қойып, сырттан келген қонақтарды алып өтуге болады. Бұл дегеніміз – шаһарымызға құйылатын қаржы. Семей серпіліп, қонақтар қаламызға ағылып жатар күн алыс емес деп ойлаймын. Сонымен қатар Абай облысы болғаннан кейін «Абай» орталығы ашылуы керек деп есептеймін.
Иә, семейліктер еңсе тіктеп, ертеңгі күнге нық сеніммен қарайтын уақыт жетті. Біз, Семей қаласының тұрғындары, Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз.
Мерей ҚАРТ,
ақын